77-ТАРАУ
Байлық жинауға қатысты ескерту
БАЙ КІСІ ЖАЙЛЫ АСТАРЛЫ ӘҢГІМЕ
ИСА ҚАРҒАЛАР МЕН ЛАЛАГҮЛДЕРДІ МЫСАЛҒА КЕЛТІРДІ
ПАТШАЛЫҚҚА КІРЕТІН “КІШКЕНЕ ОТАР”
Иса парызшылдармен ас ішіп отырғанда, сыртта мыңдаған адам жиналып қалды. Ғалилеяда да дәл осындай жағдай болған еді (Марқа 1:33; 2:2; 3:9). Яһудеяда көп адам Исаны көріп, тәлімін тыңдауға асық. Олардың ниеті Исамен дастарқан басында отырған парызшылдардікінен мүлдем өзгеше.
Иса сөзін шәкірттеріне өте қажет ескертуден бастап: “Парызшылдардың ашытқысынан, яғни екіжүзділіктен сақтаныңдар!”— деді. Мұны Иса бұрын да ескерткен болатын. Алайда қонақасындағы жағдай бұл кеңестің қаншалықты маңызды екенін көрсетті (Лұқа 12:1; Марқа 8:15). Парызшылдар іштеріндегі зұлымдықты құдайшыл кейіптерімен жасыруға тырысады. Олар ақжүрек адамдарға қауіп төндіргендіктен, әшкереленуге тиіс. Сондықтан Иса: “Жақсылап жасырылған нәрсенің бәрі ашылады, ал кез келген құпия мәлім болады”,— деді (Лұқа 12:2).
Исаның қасына жиналған адамдардың көбі Яһудеядан болғандықтан, Ғалилеядағы уағызын естімеген. Сол себепті Иса бұрын айтқан уағызының негізгі ойларын қайталады. Ол тыңдаушыларын: “Тәнді өлтірсе де, кейін басқа ештеңе істей алмайтындардан қорықпаңдар!”— деп шақырды (Лұқа 12:4). Сосын Құдайдың қамқорлайтынына ізбасарларының сенімді болу керектігіне баса назар аударды. Сондай-ақ Адам Ұлын мойындаудың қажеттілігін және Құдайдан дер кезінде көмек келетінін түсіндірді (Матай 10:19, 20, 26—33; 12:31, 32).
Жиналған жұрттың арасынан бір кісі Исаға: “Ұстаз, мұраны менімен бөліссін деп ағама айтыңызшы”,— деп жеке мәселесін айтты (Лұқа 12:13). Мұса Заңы бойынша тұңғыш ұл мұраны екі есе көп алатындықтан, таласуға еш негіз жоқ (Мұсаның 5-жазбасы 21:17). Алайда ол өзіне тиістісінен артық алғысы келгенге ұқсайды. Иса бұл іске араласудан бас тартып: “Кім мені екеуіңе қазы не төреші етіп қойды?”— деді (Лұқа 12:14).
Сосын Иса барлығына: “Байқаңдар, ашкөздік атаулыдан аулақ болыңдар. Себебі адамның өмірі дүниесінің молдығына байланысты емес”,— деп кеңес берді (Лұқа 12:15). Иә, адам байлығы қанша болмасын, ертелі-кеш ол өліп, бар жиған-тергені басқа біреуге қалады емес пе?! Кейін Иса есте қаларлық астарлы әңгіме айтып, осы ойды нықтай түсті және Құдай алдында жақсатқа ие болудың маңыздылығын көрсетті.
“Бір бай кісінің егіндік жері мол өнім береді. Ол ішінен: — Не істесем екен? Астығымды жинайтын жерім жоқ,— деп ойлайды да, мынадай шешімге келеді: — Былай істейін: қамбаларымды бұзып, үлкендеу етіп соғайын, сөйтіп, бар астығым мен дүниемді сонда жинайын. Сосын өзіме: “Көп жылға жететін мол қорың бар, енді демалып, ішіп-жеп, көңіліңді көтер”,— деймін. Бірақ Құдай оған: — Ей, түйсіксіз пенде, бүгін түнде жаның алынады. Сонда жиған-тергенің кімге қалады?— дейді. Өзі үшін байлық жинап, бірақ Құдайдың көз алдында бай болмаған адамның ақыры осындай болады” (Лұқа 12:16—21).
Исаның шәкірттері үшін де, оны тыңдауға жиналған адамдар үшін де байлық жинауға беріліп кетудің қаупі бар. Тұрмыс қамы да Ехобаға қызмет етуден алаңдатуы мүмкін. Сондықтан Иса бір жарым жыл бұрын Таудағы уағызында айтқан кеңесін қайталады.
“Не ішіп-жейміз деп жандарыңды, не киеміз деп тәндеріңді ойлап уайымдауды қойыңдар!.. Қарғаларға қараңдаршы: олар егін екпейді де, орып, қамбаға жинамайды да, әйтсе де көктегі Әкелерің оларды асырайды. Ал сендер құстардан әлдеқайда артық емессіңдер ме?! ...Лалагүлдердің қалай өсетініне қараңдаршы: олар еңбек те етпейді, жіп те иірмейді. Сендерге мынаны айтамын: тіпті Сүлеймен патша бар сән-салтанатында солардың біріндей киінген емес... Сондықтан не ішіп-жейтіндеріңді ойлап уайымдамаңдар. Сарыуайымға салынуды қойыңдар!.. Ал бұлардың сендерге қажет екенін Әкелерің біледі ғой. Қайта, оның Патшалығын іздей беріңдер, сонда сендерге бұлар қосылып беріледі” (Лұқа 12:22—31; Матай 6:25—33).
Құдай Патшалығын кім іздейтін болады? Иса оларды “кішкене отар” деп атады. Кейін бұл адал адамдардың саны 144 000 ғана екені белгілі болды. Оларды не күтіп тұр? Иса: “Әкелерің сендерге Патшалықты беруді ұйғарды”,— деп уәде берді. Олар ұры ұрлап әкететін жердегі байлықты жинауға ұмтылмайды. Қайта, бар жүректері Мәсіхпен билік ететін “көктегі таусылмайтын қазынада” болады (Лұқа 12:32—34).