Ехобаға ештеңеге алаңдамай қызмет ет
“Мәриям... Исаның сөзін ұйып тыңдады. Ал Мартаның әуре-сарсаңы көп болды” (ЛҰҚА 10:39, 40).
1, 2. Иса Мартаны неге жақсы көрген және Мартаның пендешілігі неден көрінді?
КИЕЛІ КІТАП кейіпкері Мартаны қандай адам деп елестетесің? Иса Мартаны досы ретінде жақсы көрген. Әрине, ол басқа да әйелдерді, мысалы анасы Мәриямды, Мартаның сіңлісі Мәриямды жақсы көріп, құрметтеген. Дегенмен Иса жақсы көрген әйелдердің ішінде Мартаның ғана есімі аталған (Жох. 11:5; 19:25—27). Неліктен Иса Мартаны жақсы көрді екен?
2 Иса оны қонақжайлылығы мен еңбекқорлығы үшін ғана емес, рухани адам болғаны үшін де жақсы көрген. Марта Исаның тәлімдерін шын жүректен қабылдаған. Оның уәде етілген Мәсіх екендігіне кәміл сенген (Жох. 11:21—27). Сөйткенмен Марта да біз сияқты пенде болған. Бірде Иса олардың үйінде қонақта отырғанда, Марта сіңлісі Мәриямға ренжіп, Исадан оны түзетуін сұрайды. Ол Исаға келіп: “Ием, сіңлімнің барлық жұмысты маған қалдырғанын көрмейсіз бе? Айтыңызшы, маған келіп көмектессін”,— дейді (Лұқа 10:38—42 оқы). Осы оқиғадан қандай сабақ аламыз?
МАРТА АЛАҢДАДЫ
3, 4. Қалай Мәриям “дұрыс нәрсені таңдады” және Марта өзіне қандай сабақ алды? (Мақаланың басындағы суретті қара.)
3 Марта мен Мәриямның қонақжайлылығына риза болған Иса осы кезді пайдаланып, құнды шындықтармен бөліскісі келген. Мәриям Ұлы Ұстаздан тікелей тәлім алудың сәтін қалт жібермей, “аяқ жағында отырып, сөзін ұйып тыңдады”. Мартаның да осылай етуіне болар еді. Сонда бар тірлігін тастап, тыңдағаны үшін Иса оны мақтар еді.
4 Алайда Марта басқа нәрсеге алаңдады: ол ерекше тамақ әзірлеп, қонағына мүмкіндігінше жақсы жағдай жасау үшін әуре-сарсаңға түсті. Мәриямның өзіне көмектеспей жатқанын көргенде, оған ашуы келді. Иса Мартаның әбігерге түскенін байқап, жұмсақтықпен: “Марта, Марта, сен көп нәрсені ойлап, уайымдайсың”,— деді. Сосын тек тамақтың бір ғана түрін дайындаса жеткілікті болатынын айтты. Кейін өзін ұйып тыңдап отырған Мәриямды мақтап: “Мәриям дұрыс нәрсені таңдады, одан оны ешкім де айыра алмайды”,— деді. Мәриям сол кеште не жегенін ұмытып қалса да, Исаның мақтау сөздері мен нәрлі рухани асын ешқашан ұмытпас еді. Осыдан 60 жылдан астам уақыт өткен соң елші Жохан: “Иса Мартаны, оның сіңлісін жақсы көретін”,— деп жазды (Жох. 11:5). Рухтың жетелеуімен жазылған осы сөздерден Марта Исаның түзетуін қабылдап, өмірінің соңына дейін Ехобаға адалдықпен қызмет еткенін көреміз.
5. Неліктен бүгінгі таңда маңызды нәрселерді назарда ұстау әсіресе қиын және қандай сұрақты қарастырамыз?
5 Киелі кітап жазылған заманға қарағанда, біздің күнімізде алаңдататын жайттар әлдеқайда көп. Осыдан 60 жыл бұрын Құрама Штаттардағы бір топ студентке келесідей сөздер айтылған: “Адамдар байланыс жүйесі, жоғары жылдамдықты баспалар, суретке толы журналдар, радио, фильмдер мен теледидар тарихта мұншалықты кең тараған емес деп мақтанады... Бұлар бізге көңіл алаңдататын нәрселерді қарша боратуда... Жуырда ғана біз өмір сүріп жатқан уақытымызды “ағарту дәуірі” деп ойлағанбыз. Бірақ ол күннен-күнге “алаңдату дәуіріне” айналып барады”. 1958 жылғы “Күзет мұнарасының” (ағ.) 15 қыркүйектегі санында: “Заманның ақыры жақындаған сайын алаңдатулар да көбеюі әбден мүмкін”,— делінген. Қалайша дәл айтылған сөздер! Осы ретте маңызды сұрақ туындайды: жөнсіз алаңдатуларға жол бермеу үшін және Мәриям сияқты рухани нәрселерді назарда ұстау үшін не істеуіміз керек?
ОСЫ ДҮНИЕНІ ТОЛЫҚ ПАЙДАЛАНБАУ
6. Ехобаның халқы технологияны қалай қолданып жатыр?
6 Ізгі хабарды тарату үшін Ехобаның халқы осы дүниедегі әртүрлі технологияны қолданып келеді. Мысалы, Бірінші дүниежүзілік соғыстың кезінде және оның алдында “Жаратылыс фотодрамасы” көрсетілген болатын. Бұл суретті слайдтар мен дыбысты әрі түрлі-түсті жылжымалы бейнелерден құралған бағдарлама еді. Оны көптеген елдерде миллиондаған адам көріп, өздеріне жұбаныш тапты. Өйткені фотодраманың соңында Иса Мәсіхтің мыңжылдық билігі кезінде орнайтын тыныш заман суреттелген еді. Кейінірек Құдайдың халқы ізгі хабарды шартарапқа тарату үшін радионы қолданды. Бүгінде біз дүниенің төрт бұрышына, тіпті шалғайдағы аралдарға, Патшалық хабарын айту үшін, компьютер мен интернетті қолданудамыз.
7. а) Осы дүние ұсынып отырған нәрселерді толық пайдалану неге қауіпті? ә) Не нәрседен сақ болуымыз керек? (Сілтемені қара.)
7 Киелі кітап бізге осы дүние ұсынып отырған нәрселерді толық пайдаланбау керектігін ескертеді (Қорынттықтарға 1-хат 7:29—31 оқы). Бұл нәрселердің өзінде тұрған ештеңе жоқ, бірақ олар алтын уақытымызды ұрлап алуы мүмкін. Бұларға біздің айналысатын сүйікті ісіміз, кітап оқу, теледидар көру, қызықты жерлерге қыдыру, дүкен аралау, соңғы үлгідегі электронды құрылғыларды іздеу не көңіл көтеру жатады. Әлеуметтік желілер, СМС-хабарлама жазу, электронды поштамен хат тарату, жиі соңғы жаңалықтар мен спорттан хабардар болып отыру да уақытымызды жеп қоюы мүмкін. Кейбіреулер мұны істеуге тіпті құнығып кетуі ықтималa (Уағ. 3:1, 6). Егер маңызды емес істерге бөлетін уақытымызды шектемесек, аса маңызды іске — Ехобаға ғибадат етуге — атүсті қарап кетуіміз мүмкін (Ефестіктерге 5:15—17 оқы).
8. Осы дүниедегі нәрселерді сүймеуге қатысты кеңеске құлақ асқанымыз неге маңызды?
8 Шайтан бізді Құдайға қызмет етуден алаңдату үшін, осы дүниені тартымды етіп көрсетеді. Ол бірінші ғасырда осылай еткен, бүгінде одан бетер тырысып бағуда (Тім. 2-х. 4:10). Сондықтан Киелі кітаптағы: “Осы дүниені де, ондағы еш нәрсені де сүймеңдер”,— деген кеңеске құлақ асуымыз керек. Осы дүниедегі нәрселерге деген көзқарасымызды үнемі тексеріп, қажет болса түзетіп отырсақ, ештеңеге алаңдамай, көктегі “Әкемізге деген сүйіспеншілігімізді” арттыра аламыз. Сонда Құдайдың еркін орындау жеңіл болып, оның ықыласына мәңгі бөлене аламыз (Жох. 1-х. 2:15—17).
“КӨЗІҢДІ БІР-АҚ НӘРСЕГЕ ТІК”
9. Иса бейнелі көзімізге қатысты не айтты және бұл орайда өзі қандай үлгі көрсетті?
9 Исаның мейіріммен Мартаға берген жоғарыдағы кеңесі оның берген тәлімдері мен өз үлгісінен көрініс тапқан. Иса шәкірттерін ештеңеге алаңдамай, бейнелі көздерін Патшалықтың мүддесіне тігуге шақырды (Матай 6:22, 33 оқы). Иса дүние-мүлік жинамаған, оның үйі де, жері де болған жоқ (Лұқа 9:58; 19:33—35).
10. Иса бізге қандай үлгі көрсетті?
10 Қызметінен алаңдататын жайттар көп болса да, Исаның оларға көңілі бөлінбеді. Мәселен, қызметін енді бастағанда, ол Қапарнаумда жұртқа тәлім беріп, кереметтер жасады. Жұрт одан сол жерден кетпеуін өтінді. Сонда Иса не істеді? Ол негізгі тапсырмасынан алаңдамай: “Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды басқа қалаларда да жариялауым керек. Өйткені мен сол үшін жіберілдім”,— деді (Лұқа 4:42—44). Ол айтқанына сай әрекет етіп, Палестинаның о шетінен бұ шетіне дейін уағыздап, тәлім берді. Иса кемелді болғанмен, адамға тән қажеттіліктері болды. Кейде ол қызметте жүріп шаршаған (Лұқа 8:23; Жох. 4:6).
11. Жеке мәселесімен келген кісіге Иса не деді және қандай ескерту айтты?
11 Тағы бір жолы Иса ізбасарларына қарсылыққа қалай төтеп беру керектігін үйретіп жатқанда, бір кісі оның сөзін бөліп: “Ұстаз, мұраны менімен бөліссін деп ағама айтыңызшы”,— деді. Бірақ Иса ол кісінің жеке мәселесін шешуге тырыспады. Оған: “Кім мені екеуіңе қазы не төреші етіп қойды?”— деп жауап берді. Ол бұған алаңдамастан, шәкірттеріне тәлім беруін жалғастырды. Иса, қайта, осы мүмкіндікті пайдаланып, дүние-мүлікке үйір болу Құдайға деген қызметтерінен алаңдататынын ескертті (Лұқа 12:13—15).
12, 13. а) Құтқарылу мейрамына келген кейбір гректер неге Исаға таңғалды? ә) Філіп гректермен жолығуды айтқанда, неге Иса бұған алаңдамады?
12 Исаның жердегі өмірінің соңғы аптасы өте қиын болды (Мат. 26:38; Жох. 12:27). Ол өзін ауыр сынақ пен масқара өлім күтіп тұрғанын білді. Бұған қоса, оның әлі де атқаратын ісі көп еді. Мысалы, 33 жылы 9 нисанда, жексенбі күні, не болғанын көрейік. Пайғамбарлыққа сай, Иса тайқарға мініп, Иерусалимге кіреді. Жұрт оны “Ехобаның атынан Патша ретінде” қарсы алады (Лұқа 19:38). Келесі күні Иса ғибадатханаға кіріп, ашкөз саудагерлерді батылдықпен қуып шығады. Өйткені олар Құдайдың үйін халықтың ақшасын тонау үшін қолданып жатқан еді (Лұқа 19:45, 46).
13 Иерусалимге Құтқарылу мейрамын тойлауға келген кейбір гректер Исаның не істегенін көріп, таңғалады. Содан олар елші Філіпке барып, Исамен жолықтыруын өтінеді. Алайда Иса өзін қолдап-қолпаштайтын әрі жауларының қолынан құтқаратын қолдаушыларды іздеп жүрген жоқ еді. Ол ненің әлдеқайда маңызды екенін білгендіктен, еш нәрсеге алаңдамады. Иса бар көңілін Ехобаның еркін орындауға, яғни өмірін құрбандыққа беруге аударды. Сондықтан өзінің жуырда өлетінін түсіндірген соң, ол соңынан еретіндердің бәрі өмірлерін құрбан етуге дайын болу керектігін айтып, Әндір мен Філіпке: “Кім өз жанын жақсы көрсе, оны құртады. Ал кім осы дүниеде өз жанын жек көрсе, оны сақтап қалады және мәңгілік өмірге ие болады”,— деді. Сондай-ақ: “Кім маған қызмет етсе, Әкем оны құрметтейді”,— деп уәде етті. Бұл жақсы хабарды Філіптің әлгі гректерге айтып барғаны шүбәсіз (Жох. 12:20—26).
14. Иса уағыз ісін басты орынға қойғанмен, қалай байсалдылық танытқан?
14 Иса басты мақсатынан, яғни ізгі хабарды уағыздау ісінен алаңдамағанмен, оның бар ойы тек қызмет болған жоқ. Ол, кем дегенде, бір үйлену тойына барып, суды шарапқа айналдырған (Жох. 2:2, 6—10). Сонымен қатар жақын достарының және болашақ шәкірттерінің үйіне қонақасына барған (Лұқа 5:29; Жох. 12:2). Бұдан да маңыздысы — Иса дұға етуге, оңашада ой жүгіртуге және тынығуға уақыт бөлген (Мат. 14:23; Мар. 1:35; 6:31, 32).
“АУЫРТПАЛЫҚ БОЛАТЫН КЕЗ КЕЛГЕН НӘРСЕДЕН АРЫЛАЙЫҚ”
15. Елші Пауыл қандай кеңес берді және бұл орайда өзі қандай үлгі қалдырды?
15 Елші Пауыл мәсіхшілердің өмірін ұзақ қашықтыққа жүгірумен теңеген, сондықтан олар жүгіргенде “ауыртпалық болатын кез келген нәрседен” арылулары керек (Еврейлерге 12:1 оқы). Бұл орайда Пауылдың өзі жақсы үлгі қалдырды. Оның яһудилердің діни көсемі болып, байлыққа белшеден батып, атақ-даңққа бөленуіне болар еді. Бірақ ол “маңыздырақ” нәрсеге көз тігу үшін, мұндай мансаптан бас тартты. Пауыл Құдайға аянбай қызмет етіп, Сирия, Кіші Азия, Македония және Яһудея өлкелеріне сапар шекті. Ол көкте мәңгі өмір сүру сыйы туралы былай деп жазды: “Өткенді ұмыт қалдырып, алдағы нәрселерге ұмтылудамын, Құдайдың сыйына, яғни... көктегі өмірге жетуді мақсат етіп, жүгіріп келемін” (Філіп. 1:10; 3:8, 13, 14). Салтбасты болғаны Пауылға “ештеңеге алаңдамай, әрдайым Иесіне бар жүрегімен қызмет етуге” көмектесті (Қор. 1-х. 7:32—35).
16, 17. Салтбасты не отбасын құрған болайық, қалай Пауылдың үлгісіне еліктей аламыз? Мысал келтір.
16 Пауыл секілді, бүгінде кейбір мәсіхшілер де өмірлерін Патшалық ісіне көбірек арнау үшін, салтбасты болып қалуды шешкен (Мат. 19:11, 12). Салтбасты бауырластардың ерлі-зайыптыларға қарағанда отбасылық міндеттері аздау. Алайда мейлі салтбасты не отбасын құрған болайық, бәріміз де Ехобаға алаңсыз қызмет етуге кедергі жасайтын кез келген нәрседен арыла аламыз. Бұл үшін әуестенетін істерімізге кететін уақытты қысқартып, Құдайға қызмет етуге көбірек уақыт бөле алатын шығармыз.
17 Мысалы, Уэльсте тұрған ерлі-зайыпты Марк пен Клэрді алайық. Екеуі де ізашарлық қызметті мектепті бітірген соң бастаған. Үйленгеннен кейін де олар ізашарлықтарын жалғастырды. “Біз халықаралық құрылыс ісіне қатыса алу үшін, үш бөлмелі үйімізді сатып, жарты күндік жұмысымызды тастадық”,— дейді Марк. Соңғы 20 жыл бойы олар Африканы аралап, Патшалық сарайларын соғуға көмектесті. Бірде олардың есепшотында 15-ақ доллар қалады. Бірақ Ехоба ешқашан оларды тастамады. Әйелі Клэр: “Әрбір күнімізді Ехобаға арнағанымыз бізге зор қанағат береді. Жүрген жерімізде көптеген достар таптық, бізде қажеттінің бәрі бар. Барған кішкене құрбандығымыз Ехобаға толық уақыт қызмет еткенде келетін бақытпен салыстырғанда түк те емес!”— дейді. Көптеген толық уақытты қызметшілердің бұл сөздерге қосылары анық!b
18. Қандай сұрақ туралы ойланған жөн?
18 Көңіліңді алаңдататын жайттардың кесірінен Ехобаға бұрынғыдай құлшыныспен қызмет етпей жүргеніңді байқайсың ба? Онда не істеуіңе болады? Бәлкім, Киелі кітапты оқуды және зерттеуді жақсарта аларсың. Келесі мақалада мұны қалай істей алатынымыз жөнінде сөз қозғаймыз.
a Осы журналдағы “Аңғал әрбір сөзге сенеді” деген мақаланы қара.
b “Біз дұрыс нәрсені білдік және істедік” деген мақаладан Хейден және Мелоди Сандерсондардың өмірбаянын қара. Олар толық уақытты қызметті бастау үшін Австралиядағы табысты жұмыстарын тастаған. Үндістанда миссионер болып қызмет етіп жүргенде, ақшалары таусылып қалған кезде не болғанын оқып көр (“Күзет мұнарасы” (ор.), 2006 жыл, 1 наурыз).