16-ТАРАУ
Өмірде ең маңызды не?
БІРДЕ Исаға бір кісі жолықты. Ол Исаның өте дана екенін білетін, сондықтан оған: “Ұстаз, дүние-мүлкін менімен бөліссін деп ағама айтыңызшы”,— деген өтініш айтады. Өйткені ол ағасының мүлкін алуға қақым бар деп ойлады.
Егер сен Исаның орнында болсаң, сол кісіге не дер едің? ~ Иса оның маңызды бір жайтты түсінбей тұрғанын байқады. Негізінде, ол ағасының мүлкіне мұқтаж емес еді. Ол өмірде ненің ең маңызды екенін түсінбеген болатын.
Өмірде ең маңыздысы не болу керектігі жайлы ойланып көрейік. Сен үшін не маңызды болу керек? Ойыншықтарың, жаңа киімдерің немесе басқа заттарың ба? ~ Жоқ, бұдан әлдеқайда маңызды бірдеңе бар. Иса әлгі кісіге соны түсіндіргісі келіп, Құдайды ұмытқан бір кісі туралы оқиға айтып берді. Саған соны айтып берейін бе? ~
Ол кісі өте бай болыпты. Иелігінде жері мен қамбалары бар екен. Бір жылы еккен егінінің мол шыққаны сонша — оны сақтайтын қамбаларда орын қалмапты. Сонда ол не істеді? Ойлана келе, ол: “Қамбаларымды бұзып, үлкендеу етіп соғайын, сөйтіп, бар астығым мен дүниемді сонда жинайын”,— деген шешімге келді.
Бай кісі осы шешімін дұрыс деп ойлап, байлығын сақтаудың жақсы жолын тауып кеткеніне қуанды. Өзіне риза болған ол: “Көп жылға жететін мол қорым бар. Енді демалып, ішіп-жеп, көңіл көтерейін”,— деді. Бірақ оның бұл ойында бір қателік бар еді. Сеніңше, бұл қандай қателік? ~ Ол тек өзін және өз рақатын ойлады. Ал Құдайды мүлдем ұмытып кеткен еді.
Сонда Құдай бай кісіге: “Ей, ақылсыз пенде, бүгін түнде өмірің алынады. Сонда жиған-тергенің кімге қалады?”— деді. Шынында да, бай кісі өліп қалса, дүние-мүлкінің пайдасын көре алар ма еді? ~ Әрине, жоқ, онысы басқа біреуге қалар еді. Сондықтан Иса: “Өзі үшін байлық жинап, бірақ Құдайдың көз алдында бай болмаған адамның ақыры осындай болады”,— деді (Лұқа 12:13—21).
Сен осы кісі сияқты болғың келмейді ғой, солай емес пе? ~ Оның басты мақсаты байлық жинау болатын. Бұл дұрыс емес еді. Өйткені “Құдайдың көз алдында бай болудың” орнына, ол үнемі дүние-мүлік жинауды ойлайтын.
Бүгінде көп адам осы бай кісіге ұқсайды. Олар өздеріндегі барды аз көріп, тағы жинай берсем дейді. Бірақ бұл дұрыс емес. Айтшы, сенің ойыншықтарың бар ма? ~ Қандай ойыншықтарың бар? ~ Егер сенде жоқ қуыршақпен не доппен досыңның ойнап жүргенін көрсең, ата-анаңа: “Маған да дәл сондай ойыншық әпер”,— деп тұрып алғаның дұрыс бола ма? ~
Кейде саған ойыншығыңнан артық ештеңе жоқ болып көрінуі мүмкін. Бірақ үнемі солай бола бере ме? ~ Уақыт өте келе ойыншық ескіреді, тіпті сынады. Сөйтіп, сенің онымен ойнағың келмей қалады. Алайда ойыншықтардан әлдеқайда бағалы нәрсе бар. Оның не екенін білесің бе? ~
Бұл — сенің өмірің. Өмір бәрінен де бағалы, онсыз сен ештеңе істей алмайсың. Ұзақ өмір сүруің Құдайды тыңдап жүргеніңе байланысты, солай емес пе? ~ Сондықтан Құдайды ұмытқан ақымақ бай кісі сияқты болма.
Әлгі бай кісіге ұқсап, ақымақтықты балалар ғана жасамайды, үлкендер де жасауы мүмкін. Олардың кейбіреуі өздерінде барды қанағат етпей, көп нәрсе алғысы келіп жатады. Күнделікті тамағы, киетін киімі және тұратын үйі болса да, олар бұдан да көп киім алғысы, үлкенірек үйде тұрғысы келеді. Мұның бәріне ақша керек. Ал ақша табу үшін көп жұмыс істеу керек. Ақшасы көп болған сайын, олар одан да көп табуға тырысады.
Кейбір үлкен адамдар ақша табу үшін өте көп жұмыс істейді. Мұның кесірінен отбасына уақыты жетпей жатады. Тіпті Құдай жайлы ойлауға да қолы тимейді. Қалай ойлайсың, тапқан ақшасы олардың өмірін сақтай ала ма? ~ Жоқ. Өлген соң ақшасын жұмсай ала ма? ~ Жоқ. Өйткені өлгендер ештеңе істей алмайды (Екклесиаст 9:5, 10).
Сонда ақшаның болғаны жаман ба? ~ Жоқ, олай емес. Ақшаға біз тамақ және киім сатып аламыз. Киелі кітапта ақшаның қорғаныш беретіні айтылған (Екклесиаст 7:12). Алайда ақшаны жақсы көрсек, үлкен қиындықтарға тап боламыз. Сондай-ақ Құдайдың көз алдында бай болмай, өз рақаты үшін дүние-мүлік жинаған ақымақ бай кісіге ұқсап кетеміз.
Құдайдың көз алдында бай болу деген нені білдіреді? ~ Бұл өмірімізде Құдайды бірінші орынға қоюды білдіреді. Кейбіреулер Құдайға сенеміз, бізге сол да жетеді деп ойлайды. Бірақ олар шынымен Құдайдың көз алдында бай ма? ~ Жоқ, олар Құдайды ұмытқан бай кісіге ұқсайды.
Иса көктегі Әкесін еш ұмытқан емес. Ол көп ақша табуға тырыспаған, дүние-мүлік те жинамаған. Өйткені өмірде шынымен ненің маңызды екенін жақсы білген. Мұның не екенін сен білесің бе? ~ Бұл — Құдайдың көз алдында бай болу.
Құдайдың көз алдында бай болу үшін не істеуіміз керек, айтшы? ~ Құдайға ұнайтын нәрселерді істеуіміз керек. Иса: “Мен әрқашан оған ұнайтынды істеймін”,— деген (Жохан 8:29). Құдайға ұнайтын нәрселерді істесек, ол қуанады. Сенің не істегенің Құдайға ұнайды? ~ Дұрыс, Киелі кітап оқығаның, қауым кездесулеріне барғаның, дұға еткенің және Құдай туралы адамдарға айтқаның ұнайды. Бұлардың бәрі — өмірдегі ең маңызды нәрселер.
Иса Құдайдың көз алдында бай болғандықтан, Ехоба оның қамын ойлаған және оған мәңгі өмір сыйлаған. Исаға ұқсайтын болсақ, Ехоба бізді де жақсы көріп, қамымызды ойлайтын болады. Сонымен, Исаға еліктейік. Ал Құдайды ұмытқан бай кісіге ешқашан ұқсамайық.
Келесі тармақтар дүние-мүлікке қатысты дұрыс көзқарас сақтауға көмектеседі: Нақыл сөздер 23:4; 28:20; Тімөтеге 1-хат 6:6—10 және Еврейлерге 13:5.