Көптің пікіріне тәуелді болмаңдар
НЕНІҢ дұрыс, ненің бұрыс, ненің мақтаулы, ал ненің ұятты екеніне қатысты әр мәдениеттің өз түсінігі қалыптасқан. Уақыт өте келе, қалыптасқан көзқарастар өзгеріп те жатады. Сондықтан Жазбалардан ежелде болып кеткен оқиғаларды оқығанда, өзімізше ой түймей, сол кездегі кең тараған ой-пікір мен құндылықтарды ескергеніміз абзал.
Мысалы, Грек жазбаларында құрметке бөлену мен ұятқа қалу жайында жиі айтылады. Осы екі ұғым кездесетін жерлерді жете түсіну үшін, сол заманда өмір сүргендердің ой қалпын біліп алған жақсы.
I ғасырдағы құндылықтар
“Грек, Рим және Яһуди халықтарының мәдениетінде құрмет пен ұятқа көп мән берілген. Адамдар атақ-даңқ, абырой, бедел, құрмет дегенде ішер асын жерге қоятын”,— дейді бір профессор. Осындай құндылықтар адамды өзгелердің көзқарасына тәуелді етті.
Қоғамда адамның дәрежесі мен беделінің маңызы зор еді. Құлдан ақсүйекке дейін тапқа бөліну — осының бір дәлелі. Біреудің құрметке лайық не лайық еместігі өзінің ғана емес, басқалардың да пікіріне байланысты болған. Мысалы, жұрттың көңілінен шыққан адам зор құрметке бөленетін. Сондай-ақ адамға байлығы, жоғары дәрежесі мен тегіне қарап, ерекше құрмет көрсетілетін. Игі іс жасаған не басқалардан асып түскен адамды да құрмет тұтқан. Ал халық қорлап, келеке-мазақ еткен адам ұятқа қалып, масқара болған. Мұндайда адамның ұят сезінуіне ішкі сезімдері не ар-ұжданы емес, елдің сөгуі түрткі болған.
Исаның дастарқан басындағы “құрметті орын” не “ең төменгі орын” жайлы айтқанынан сол заманда құрметке ерекше мән берілгені көрінеді (Лұқа 14:8—10). Исаның шәкірттері, кем дегенде, екі рет “қайсымыздың жолымыз үлкен” деп дауласқан (Лұқа 9:46; 22:24). Бұдан сол кездегі кең тараған көзқарастың оларға да ықпал еткені көрінеді. Менмен, өктем дінбасылары болса Исаның тәлімі беделдерін түсіреді деп әбден титықтаған еді. Олар көптің көзінше Исамен сөз таластырып, оны жеңуге қанша тырысқанмен, бұларынан түк шықпады (Лұқа 13:11—17).
I ғасырдағы яһудилер, гректер мен римдіктердің ұғымы бойынша, “ұсталып, ел алдында сотталған адам” масқараланған болып саналатын. Оның қылмысы дәлелденсе де, дәлелденбесе де достарының, туыстарының және бүкіл қауымның алдында абыройы айрандай төгілген. Адамның атына осылай кір келгені өзін түкке тұрғысыз сезінуіне және басқалармен қарым-қатынасының бұзылуына әкеп соғатын. Адамды қол-аяғына бұғау салғаннан гөрі, шешіндіріп тастаған не дүре соққан қатты ұятқа қалдыратын. Мұндай әрекеттер оны қадір-қасиетінен айырып, жұрттың жеккөрінішін тудыратын.
Ал ең сорақы жаза адамның азап бағанасына шегеленіп өлтірілуі болған. Ғалым Мартин Хенгельдің айтуынша, “әдетте құлдар осылай жазаланған. Бұл құлдың мүлдем жер болып, абыройы аяққа тапталғанын білдіретін”. Жұрт мұндай адамның туыстары мен достарына қысым көрсетіп, одан бас тартуға мәжбүр еткен. Иса Мәсіх те азап бағанасында өлгендіктен, бірінші ғасырдағы мәсіхшілердің бәріне мазаққа шыдауға тура келген. Сол заманда жұрт масқара болып өлген адамның шәкірті болуды ақымақтық санаса керек. Елші Пауыл: “Біз Мәсіхті айқышқа шегеленіп, жанын қиды деп жариялаймыз. Бұл хабар яһудилерге жеккөрінішті, ал басқа ұлт адамдарына ақымақтық болып көрінеді”,— деді (Қор. 1-х. 1:23). Алғашқы мәсіхшілер осындай қиындыққа қалай төтеп берді екен?
Өзге құндылықтарды ұстанғандар
І ғасырдағы мәсіхшілер мемлекеттік заңды бұзып ұятқа қалудан аулақ болған. Елші Петір: “Қайсыбіреулерің азап шексеңдер, бұл, әрине, кісі өлтіріп, ұрлық не өзге қылмыс жасаудың немесе басқаның шаруасына қол сұғудың зардабы болмауға тиіс!”— деп жазды (Пет. 1-х. 4:15). Алайда Иса ізбасарларының өзінің есімі үшін қудаланатынын айтқан (Жох. 15:20). “Мәсіхші болғандарың үшін жәбірленсеңдер,— деді Петір,— одан ұялмаңдар, керісінше, Мәсіхтің атынан соған төзіп, Құдайды мадақтаңдар” (Пет. 1-х. 4:16). Мәсіхтің жолын қуғаны үшін жәбір көрген адамның ұят сезінбеуі оның қоғамда қалыптасқан көзқарастарды елемегенін көрсетеді.
Мәсіхшілер көпшіліктің ығына жығылудан аулақ болған. Мысалы, І ғасырдағы қоғам бағанаға шегеленген адамды Мәсіх санау нағыз ақымақтық деп ойлаған. Осы кең тараған көзқарас мәсіхшілерді ұялтуы әбден мүмкін еді. Алайда Исаның Мәсіх екеніне сенгені мәсіхшілерге келеке-мазаққа төзуге күш беру керек-тін. “Кім мен үшін және менің сөздерім үшін ұялса, Құдай тағайындаған Билеуші де Өзінің, Әкесінің және қасиетті періштелердің салтанатты ұлылығымен көктен қайтып келген кезінде сол адам үшін ұялады”,— деді Иса (Лұқа 9:26 сілт.)
Бүгінде адамдар бізді жолдан тайдыру үшін жиі қысымшылық көрсетеді. Мысалы, сыныптастарымыз, көршілеріміз не әріптестеріміз бізді әдепсіз, арам не басқа да күмәнді істерге итермелеуі мүмкін. Олар Құдайдың әділ принциптерін ұстанғанымыз үшін қысылып-қымтырылғанымызды қалайды. Бұған қалай қарауымыз керек?
Қорлықты елемегендерді үлгі етіңдер
Ехобаға адал болып қалу үшін Исаның адам айтқысыз қорлыққа шыдауына тура келді. Ол азап бағанасына “шегеленудің қорлығын елемей, соған төзді” (Евр. 12:2). Жаулары оның бетінен ұрып, түкірді, киімін шешіп тастап, дүре соқты, ақырында бөренеге шегелеп, келеке-мазақ етті (Мар. 14:65; 15:29—32). Олар Исаның көпшіліктің алдында қорланып, ұят сезінгенін қалады. Алайда Иса мұны елемеді. Неліктен? Ол мұндай қорлықтың мысын басып тастауына жол бермеді. Иса Ехобаның көзінде құрметті болып қалғанын білді әрі адамның көңілінен шығуды ойламады. Құл сияқты өлсе де, Ехоба оны қайта тірілтіп құрметке бөледі әрі өзінің жанындағы ең сыйлы орынды берді. Філіпіліктерге 2:8—11 (ЖД) былай делінген: “[Иса Мәсіх] өзін төмен тұтып, өле-өлгенше, тіпті азап бағанасында өлгенше, мойынсұна білді. Сондықтан Құдай оны одан бетер жоғарылатып, барлық есімдерден жоғары есім берді. Исаның есімінің алдында көктегі, жердегі және жер астындағылардың бәрі тізе бүгу үшін және тіл атаулы Иса Мәсіхті Иеміз деп ашық мойындап, Құдай Әкені мадақтау үшін осылай болды”.
Қалай өлетіні Иса үшін бәрібір болған жоқ. Ол Құдайға тіл тигізді деп айыпталғаны Әкесінің атына кір келтіреді деп уайымдады. Сондықтан Әкесінен мұндай масқараға жол бермеуін сұрап: “Мына тостағанды Маған жолатпай алып кете гөр”,— деп дұға етті. Сөйтсе де Иса Құдайдың қалауын орындады (Мар. 14:36). Ол қысымға берілмей, “қорлықты елемеді”. Ал сол кездегі құндылықтарға тәуелді адам мұндайда қорланып қалар еді. Исаның бұндай адам болмағаны шүбәсіз.
Қарсыластар Исаның шәкірттерін де тұтқындап, аямай дүре соғатын. Осылайша жұрт алдында олардың намысын таптайтын. Сондықтан көпшілігі оларды менсінбей, жек көретін. Бірақ шәкірттердің жігері жасымады, өйткені олар ұятқа қалудан қорықпады. Иә, көптің пікірі оларға тұсау болмады (Мат. 10:17; Ел. іс. 5:40; Қор. 2-х. 11:23—25). Олар Исаның соңынан еріп, “азапты өлімге күн сайын дайын болу” керектігін білген еді (Лұқа 9:23, 26).
Ал біз жайлы не деуге болады? Осы дүниеде әлсіз, ақымақ және түкке тұрғысыз саналатындарды Ехоба күшті, дана және құрметке лайық деп қарастырады (Қор. 1-х. 1:25—28). Олай болса, көптің соңынан ергеніміз ақымақтық болып, ой-өрісіміздің таяз екенін көрсетеді емес пе?
Жұрт алдында құрметке бөленгісі келген адам олардың өзі жайлы не ойлайтынына көп мән беруі керек. Алайда Иса мен оның I ғасырдағы шәкірттері сияқты біз Ехобаның досы болуды қалаймыз. Сондықтан оның көзінде құрметке лайық не ұятты нәрселерді біз де құрметке лайық не ұятты санаймыз.
[4-беттегі сурет]
Исаға ұятқа қатысты кең тараған көзқарастар әсер етпеген