87-тарау
Болашағыңды даналықпен ойластыр
ИСА жаңа ғана халыққа жоғалған ұл туралы әңгімесін айтып берген болатын. Олардың арасында өзінің шәкірттері, әділетсіз салықшылар мен өзге күнәкарлар, сондай-ақ дін мұғалімдері мен парызшылдар бар. Енді ол әңгімесін шәкірттеріне бұрып, оларға өзінің үй басқарушысы туралы жаман хабар естіген бір бай кісі туралы мысал айтып берді.
Оның айтуынша, әлгі бай кісі үй басқарушысын шақыртып, оны жұмыстан босататындығын хабарлайды. “Енді не істесем екен, қожайыным мені жұмыстан босатып тастамақ. Жер қазу қолымнан келмейді, қайыр сұрауға ұяламын. Бірақ дәл қазір не істеу керек екенін білемін, сонда үй басқарудан босаған кезімде жұрттың есігі мен үшін айқара ашық болады”,— дейді басқарушысы өзіне-өзі.
Сонда не істемек? Басқарушы қожасына қарыздар адамдардың бәрін жеке-жеке шақырып алады.
— Қожайыныма қанша борышың бар? — деп сұрайды ол.
— Жүз күбі [2 200 литр] май,— деп жауап береді біріншісі.
— Борыш қағазыңды ал да, отыра қалып, елу күбі [1 100 литр] деп жаза сал! — дейді басқарушы.
Содан кейін басқасынан:
— Ал сенің қанша борышың бар? — деп сұрайды.
— Жүз қап [22 000 литр] бидай.
— Борыш қағазыңды алып, сексен деп жаза ғой!
Басқарушы әлі де қожайынының қаржы-қаражат істеріне жауапты болғандықтан, борыш қағаздарын өзгертуге құқы бар. Ол қарыздарын азайту арқылы жұмысынан айырылған кезде, өзіне қол ұшын беретін достар табады.
Басқарушының бұл ісін білгенде қожайыны қатты таңқалады. Тіпті “қожайыны өтірікші басқарушысының ақыл тауып кеткендігін мақтайды”. Сонда Иса: “Себебі осы күнәкар дүниенің адамдары өзі сияқтылармен араласқанда, Құдайдың нұрлы жолымен жүргендерден гөрі әлдеқайда ақылдырақ әрекет жасайды”,— деп толықтырды.
Содан соң ол бұл әңгімеден өзінің шәкірттері не нәрсеге үйрене алатындығын көрсетіп: “Осы күнәкар дүниелік байлықтарыңмен жақсылық жасап, өздеріңе достар табыңдар! Сонда бұ дүниеден қайтқан кездеріңде көктегі мәңгілік мекендердің есігі сендер үшін айқара ашық болады”,— деді.
Иса басқарушыны арамдығы үшін емес, ақыл тауып кеткендігі үшін мақтады. Жиі “осы күнәкар дүниенің адамдары” ақшаларын немесе дәрежелерін ертеңгі күні өзіне қол ұшын беретін достар табуға қолданады. Демек, Құдайдың қызметкерлері, ‘нұрлы жолмен жүргендер’, өздерінің меншіктерін, ’күнәкар дүниелік байлықтарын’, ақылмен өз пайдаларына асырулары қажет.
Алайда Иса айтқандай, бұл байлықтың көмегімен олар ‘мәңгілік мекендерге’ қабылдайтындармен достасулары керек еді. Кішкентай қораның мүшелері үшін бұл мекен көкте, ал “басқа қойлар” үшін жердегі жұмақта. Бұл мекендерге қабылдайтын тек Ехоба Құдай мен оның Ұлы болғандықтан, біз олармен достығымызды барынша нығайтуымыз керек. Сондықтан ‘күнәкар дүниелік байлығымызды’ Патшалықтың мүдделерін қолдауға пайдалануымыз керек. Сонда біздің материалдық байлығымыз таусылса да, немесе құндылығын жоғалтса да, біздің мәңгілік болашағымыз қамтамасыз етіледі.
Содан кейін Иса материалдық жағынан, немесе кішкентай істерде, сенімді болғандардың үлкен істе де сенімді болатындығын айтты. Ол былай деп жалғастырды: “Сондықтан, егер бұ дүниелік байлықтарың барда сенімді болмасаңдар, сендерге көктегі шынайы байлықты [яғни рухани немесе Патшалықтың мүдделерін] кім сеніп тапсырады? Және егер түпкілікті меншік болмайтын мал-мүліктеріңді дұрыс қолданбасаңдар [яғни Құдай сеніп тапсырған Патшалықтың мүдделеріне], мәңгі өздеріңдікі болатын байлықты [яғни мәңгілік мекендерде өмір сүру сыйын] сендерге кім табыс етпек?”
Иса қорытындылағандай, біз бір мезгілде Құдайдың адал қызметшісі және осы дүниелік материалдық байлықтың құлы бола алмаймыз. “Ешбір қызметші екі қожайынға бірдей қызмет ете алмайды. Ол біреуін екіншісінен артық көріп, соған бағышталады, ал екіншісіне немкетті қарайды. Сол сияқты сендер де Құдайға және байлыққа бірдей бағышталып қызмет ете алмайсыңдар!” — деді Иса. Лұқа 15:1, 2; 16:1—13; Жохан 10:16.
▪ Исаның астарлы әңгімесіндегі басқарушы қалай кейінірек өзіне қол ұшын беретін достарды табады?
▪ ‘Күнәкар дүниелік байлық’ дегеніміз не және оның көмегімен қалайша достар табуға болады?
▪ Кім бізді ‘мәңгілік мекендерге’ қабылдай алады және бұл қандай мекендер?