87-ТАРАУ
Алдағыны ойлап, ақылмен әрекет ету
ӘДІЛЕТСІЗ ҮЙ БАСҚАРУШЫ ТУРАЛЫ АСТАРЛЫ ӘҢГІМЕ
БАЙЛЫҚТЫ ДОСТАР ТАБУ ҮШІН ЖҰМСАУ
Исаның әлгінде ғана айтқан адасқан ұл туралы астарлы әңгімесінен салық жинаушылар, дін мұғалімдері мен парызшылдар Құдайдың шын өкінген күнәкарларды кешіруге дайын екенін түсінулері керек еді (Лұқа 15:1—7, 11). Енді Иса сөзін шәкірттеріне арнап тағы бір астарлы әңгіме айтып берді. Бұл — бай кісі мен оның шаруасын дұрыс атқармаған үй басқарушысы жайлы оқиға.
Біреулер бай кісіге үй басқарушысының дүние-мүлікті шашып жатқанын жеткізеді. Сонда қожайын үй басқарушысын шақырып алып, жұмыстан шығаратынын айтады. Сонда ол ертеңгі күнін ойлап: “Қожайыным мені жұмыстан босатпақ, енді не істесем екен? Жер қазуға күшім жетпейді, ал қайыр сұрауға ұяламын”,— дейді. Ақырында амалын тапқан ол іштей: “Жұмыстан босап қалғанымда, жұрттың есігі маған ашық болу үшін не істеу керектігін білемін”,— деді. Сөйтіп, қожайынына қарыз болғандарды бір-бірден шақырып: “Қожайыныма қанша қарызсың?”— деп сұрай бастайды (Лұқа 16:3—5).
Біріншісі: “2200 литр зәйтүн май қарызбын”,— деп жауап берді. Қарыз болған бұл кісі үлкен зәйтүн бағының иесі немесе май сататын саудагер болса керек. Содан оған үй басқарушы: “Келісімшартыңды ал да, отыра қалып, 1100 деп жаз”,— деді (Лұқа 16:6).
Басқа біреуінен: “Сен қанша қарызсың?”— деп сұрағанда, ол: “1000 пұт бидай”,— деп жауап берді. Сонда үй басқарушы: “Келісімшартыңды ал да, 800 деп жаз”,— деді. Осылайша ол қарызды 20 пайызға азайтады (Лұқа 16:7).
Үй басқарушысы қожайынының қаржысына әлі де жауапты болғандықтан, басқалардың қарызын азайтуға құқығы бар еді. Ол осы мүмкіндікті қолданып, өзіне достар тауып алды. Өйткені жұмысынан айырылған кезде, жасаған жақсылығы өзіне қайтар еді.
Бұл қожайынның құлағына жеткенде, ол таңғалды. Сөйтіп, қандай да бір шығын көрсе де, әділетсіз үй басқарушысын ақыл тауып кеткені үшін мақтады. Иса сөзін жалғап: “Осы дүниенің адамдары замандастарымен араласқанда, жарықтың адамдарына қарағанда ақылдырақ әрекет етеді”,— деді (Лұқа 16:8).
Үй басқарушының әрекетін Иса құптаған жоқ, әрі іскерлік мәселеде қулық жасауға шақырған жоқ. Олай болса, Иса не айтқысы келді? “Әділетсіз байлықпен өздеріңе достар табыңдар, сонда байлықтарың таусылғанда, олар сендерді мәңгілік мекендерге қабылдайды”,— деді ол (Лұқа 16:9). Демек, Иса шәкірттерін көрегендікпен және ақылмен әрекет етуге шақырып тұр. Құдайдың қызметшілері, яғни “жарықтың адамдары”, болашақтағы мәңгі өмір сыйын есте ұстай отырып, дүние-мүліктерін ақылмен қолданулары керек.
Көктегі Патшалыққа кім кіретінін немесе жерде орнайтын жұмақта кім өмір сүретінін шешетін — тек Ехоба Құдай мен оның ұлы Иса. Ал біз Патшалық ісін дүние-мүлкімізбен қолдау арқылы олармен достық қарым-қатынас дамытуымыз керек. Сонда алтын, күміс не басқа да дүниемізден айырылсақ та, мәңгілік болашағымыздан айырылмаймыз.
Сондай-ақ Иса ақша мен дүние-мүлікті жұмсауда адал болған адамдар әлдеқайда маңызды істе де адал болатынына назар аударды. Содан кейін ол: “Әділетсіз байлықты қолдануда сенімді болмасаңдар, кім сендерге шынайы байлықты [Патшалықтың мүддесін] сеніп тапсырады?!”— деген сұрақ қойды (Лұқа 16:11).
Иса мұнымен не айтқысы келді? Шәкірттер “мәңгілік мекендерге қабылданғысы” келсе, олардан көп нәрсе талап етіледі. Адам “әділетсіз байлықтың”, яғни дүние-мүліктің құлы бола тұра, Құдайға адал қызмет ете алмайды. Сондықтан Иса: “Ешбір қызметші екі қожайынға бірдей құл бола алмайды: біреуін жек көріп, екіншісін жақсы көреді, немесе біреуін жақын тартып, ал екіншісіне немкетті қарайды. Сендер Құдайға және байлыққа бірдей қызмет ете алмайсыңдар”,— деп тұжырымдады (Лұқа 16:9, 13).