88-ТАРАУ
Бай кісі мен Елазардың жағдайы өзгерді
БАЙ КІСІ МЕН ЕЛАЗАР ТУРАЛЫ АСТАРЛЫ ӘҢГІМЕ
Иса шәкірттеріне дүние-мүлікке қатысты жақсы кеңес беріп жатыр. Тыңдаушыларының арасында парызшылдар да бар. Олар ақшақұмар болғандықтан, Исаның кеңесіне ден қоюлары керек. Алайда олар тыңдамақ түгілі, Исаны “мазақ етіп, мұрындарын тыжырайтты” (Лұқа 15:2; 16:13, 14).
Иса бұған мән берместен, парызшылдарға былай деді: “Сендер адамдар алдында әділ болғансисыңдар, бірақ Құдай жүректеріңде не барын біледі. Адамдар жоғары бағалайтын нәрсе Құдайдың көз алдында жеркенішті болып табылады” (Лұқа 16:15).
Ұзақ уақыттан бері парызшылдардың жұрт алдындағы мәртебесі биік болып келді. Бірақ енді, жағдайлары өзгеріп, олар төрден түседі. Осы дүниенің байлығына шалқып, саяси және діни жағынан ықпалды болған олар төмендетіледі. Ал Құдайды танып-білгісі келген қарапайым жандар жоғарылатылады. Осындай үлкен өзгерістің орын ала бастағанын Иса ашық айтты.
Ол былай деді: “Жақияға дейін Мұса Заңы мен пайғамбарлар жазбасы болған. Ал Жақияның кезінен бастап Құдай Патшалығы туралы ізгі хабар жарияланып келеді, әрі әртүрлі адамдар оған кіруге барынша тырысуда. Мұса Заңының кішкене бір сызығы орындалмай қалғаннан гөрі, аспан мен жердің құрып жоқ болуы оңайырақ” (Лұқа 3:18; 16:16, 17). Бұл сөздерден өзгерістің болып жатқаны қалай көрінеді?
Яһуди дінбасылары Мұса Заңын ұстанып жүрміз деп көкірек керетін. Бірде Иса бір зағиптың көзін ашқанда, парызшылдар: “Біз Мұсаның шәкіртіміз! Біз Құдайдың Мұсамен сөйлескенін білеміз”,— деп мақтанған болатын (Жохан 9:13, 28, 29). Мұса Заңының бір мақсаты кішіпейіл адамдарды Мәсіхке, яғни Исаға, жетелеу еді. Жақия сол Исаны “Құдайдың Тоқтысы” деп атады (Жохан 1:29—34). Жақияның қызметі басталғалы кішіпейіл яһудилер, әсіресе кедей халық, “Құдай Патшалығы” туралы хабарды естумен болды. Бұл “ізгі хабар” Құдай Патшалығының азаматтары болып, оның игілігін көргісі келетіндердің бәріне арналған еді.
Мұса Заңына келсек, ол орындалмай қалған жоқ. Заң халықты Мәсіхке әкелгендіктен, мақсатына жетіп, өз күшін жоғалтты. Мұның бір дәлелін қарастырайық. Мұса Заңында түрлі себеппен ажырасуға рұқсат берілген еді. Иса болса: “Әйелін тастап, өзгеге үйленген әркім неке адалдығын бұзады. Сондай-ақ күйеуінен кетіп қалған әйелге үйленген адам да неке адалдығын бұзады”,— деп түсіндірді (Лұқа 16:18). Мұндай сөздер ереже орнатуға әдеттенген парызшылдарды қатты ызаландырды.
Иса сөзін жалғап, орын алып жатқан өзгерістің ауқымын көрсететін астарлы әңгіме айтып берді. Оның басты кейіпкерлері — дәрежесі немесе жағдайы түбегейлі өзгерген екі кісі. Әңгімені қарастыру барысында адамдардың алдында мәртебесі биік парызшылдардың да тыңдап тұрғанын есте ұстайық.
“Бір бай адам күлгін түсті қымбат киім киіп, күн сайын көңіл көтеріп, шалқып өмір кешіпті. Оның қақпасының алдына жұрт үсті-басын жара басқан Елазар есімді бір қайыршыны әкелетін. Ол байдың дастарқанынан түскен қалдықтарды жеп тойсам деп аңсайтын. Тіпті иттер келіп, жараларын жалап кететін” (Лұқа 16:19—21).
Парызшылдар ақшақұмар болғандықтан, Исаның “бай кісі” деп кімге меңзегенін анықтау қиын емес. Үлде мен бүлдеге оранып, күлгін және аппақ зығыр киім киетін байға яһуди дінбасылары ұқсайды. Өйткені олар, дүние-мүлкі аз-көп болсын, түрлі артықшылықтар мен мүмкіндіктерге бай еді. Расында да, бай кісінің патша киетін күлгін киімі дінбасыларының мәртебелі дәрежелерін, ал аппақ зығыр киімі өз көздерінде әділ болғандарын бейнеледі (Даниял 5:7).
Яһудилердің бай әрі менмен дінбасылары кедей де қарапайым халыққа қалай қарады? Оларды Заңды білмейтін, білуге де тұрмайтын “ам-хаарец”, яғни “жер адамдары” деп төмендетті (Жохан 7:49). Бұл жағдай “байдың дастарқанынан түскен қалдықтарды жеп тойсам деп аңсайтын” Елазар есімді қайыршының жағдайына қатты ұқсайды. Елазар үсті-басын жара басқан бейшара болғанындай, қарапайым халық та Құдайға ұнамсыз деп қарастырылған бейшара еді.
Халық ұзақ уақыттан бері осындай мүшкіл жағдайда болатын. Ал енді, Исаның сөзіне сай, бай кісі мен Елазарға теңелген екі топтағы адамдардың жағдайы өзгеретін кез келген еді.
БАЙ КІСІ МЕН ЕЛАЗАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫНЫҢ ӨЗГЕРУІ
Иса үлкен өзгерісті былай суреттеді: “Бір күні қайыршы қайтыс болып, періштелер оны Ыбырайымның қасына алып барады. Бай да өліп, жерленеді. Көрде жатып қиналған ол басын көтеріп қарағанда, алыста тұрған Ыбырайым мен оның қасындағы Елазарды көреді” (Лұқа 16:22, 23).
Исаның тыңдаушылары Ыбырайымның баяғы заманда қайтыс болып, көрде жатқанын білетін. Көрде ешкімнің көре де, сөйлей де алмайтыны Киелі жазбаларда анық айтылған (Уағыздаушы 9:5, 10). Ендеше, дінбасылары Исаның астарлы әңгімесінің мәнін түсінді ме екен? Оның қарапайым адамдар мен ақшақұмар жетекшілерге қандай қатысы бар?
Иса әлгінде ғана өзгеріске нұсқап: “Жақияға дейін Мұса Заңы мен пайғамбарлар жазбасы болған. Ал Жақияның кезінен бастап Құдай Патшалығы туралы ізгі хабар жарияланып келеді”,— деген еді. Демек, Жақия мен Иса Мәсіхтің уағызы, былайша айтқанда, Елазар мен бай кісінің өлгеннен кейінгі Құдай алдындағы дәрежелерінің өзгеруіне себеп болды.
Нақтырақ айтқанда, кішіпейіл не кедей адамдар ұзақ уақыт бойы рухани ас-суға жарымай келген. Алайда олар Жақияның, сосын Исаның уағыздаған Патшалық туралы хабарын қабылдап, жағдайлары өзгерді. Бұрын олар дінбасыларының “дастарқанынан түскен қалдықтармен” өлместің күйін кешсе, енді, Киелі жазбалардағы құнды шындықтарды, Иса түсіндірген керемет жайттарды естіп, рухани ас-суға тоятын болды. Осылайша олар Ехоба Құдайға ұнамды дәрежеге көтерілгендей болды.
Ал бақуатты да ықпалды дінбасылары болса Жақияның, сосын Исаның бүкіл елге жариялаған Патшалық туралы хабарына құлақ аспады (Матай 3:1, 2; 4:17). Бұл хабар Құдайдың сотына нұсқайтындықтан, оларды ызаландырды, былайша айтқанда, от секілді қинап, азапқа салды (Матай 3:7—12). Иса мен оның шәкірттері Құдай хабарын жариялау қарқынын бәсеңдетсе, дінбасылары жеңілдік сезінер еді. Өйткені соларды бейнелеген бай кісі: “Ыбырайым ата, маған рақым етіп, Елазарды жібере көріңіз. Ол бармағының ұшын суға малып алып, тілімді салқындатсыншы. Мына жалындаған отта қатты қиналып жатырмын”,— деп жалынды (Лұқа 16:24).
Бірақ дінбасыларына мұндай жеңілдік берілмеді. Себебі олардың басым көпшілігі ешқашан өзгермейтінін көрсетті. Қалай? Исаны Мәсіх әрі Патша ретінде қабылдауға көмектесетін Мұса мен өзге пайғамбарлардың жазбаларына құлақ аспады (Лұқа 16:29, 31; Ғалаттықтарға 3:24). Олар еш кішіреймеді және Исаны қабыл алған әрі Құдайдың ықыласына бөленген кедей адамдарға еліктемеді. Дінбасыларының қалауын орындау үшін немесе азабын жеңілдету үшін, Исаның шәкірттері уағыз ісін бәсеңдете алмайтын. Екі топтың кейінгі жағдайын Иса “Ыбырайым атаның” сөзімен түсіндірді.
“Балам,— деді Ыбырайым ата, — есіңе алшы, сен өмірдің бар игілігін көрдің, ал Елазар бар азабын тартып өтті. Енді ол мұнда жұбаныш тапса, сен қиналып жатырсың. Оның үстіне, сендер мен біздің арамызға терең шыңырау орнатылған. Бұл жерден сендерге барғысы келгендер өте алмайды, ар жақтан да бізге өтіп келе алмайды” (Лұқа 16:25, 26).
Мұндай өзгерістің болғаны әділдіктің орнағаны емес пе?! Осылайша көкірек көтеретін дінбасыларының және Исаның мойынтұрығын алып, жандары сергіген әрі рухани ас-суға тойынған бейшаралар мен момындардың жағдайы түбегейлі өзгерді (Матай 11:28—30). Бұл бірнеше айдан соң, Заң келісімі күшін жоғалтып, жаңа келісім жасалғанда, бұрынғыдан да айқын бола түспек (Еремия 31:31—33; Қолостықтарға 2:14; Еврейлерге 8:7—13). Б. з. 33 жылының Елуінші күн мейрамында Құдайдың киелі рухы төгілген күні, Құдайдың ықыласына парызшылдар мен олардың діни одағы емес, Исаның шәкірттері ие болғаны дәлелденді.