99-тарау
Исаның Иерихонда тәлім беруі
КӨП кешікпей, Иса мен оның соңынан ергендер Иерусалимнен бір күндік жердегі Иерихон қаласына келіп жетті. Иерихон, шамасы, екі бөліктен тұрады: ескі яһуди қаласы римдік жаңа қаладан бір жарым шақырымдай қашықтықта орналасқан. Көпшілік ескі қаладан шығып, жаңасына жақындап қалғанда, жол жиегінде отырған екі кедей зағип кісі олардың дауыстарын естіп, елең ете қалды. Олардың біреуінің есімі Бартімей.
Бартімей мен оның жолдасы өтіп бара жатқандардың арасында Исаның бар екенін біле салысымен: “Тақсыр, Дәуіттің Ұрпағы, бізге рақым ете көріңіз!” — деп айқайлады. Халық оларға ұрсып, үндемеуді бұйырды, алайда олар одан да қатты айқайлап: “Дәуіттің Ұрпағы, бізге рақым ете көріңіз!” — деді.
Иса айғайды естіп тоқтады. Ол серіктерінен әлгі дауыстап айғайлағандарды өзіне алып келуін өтінді. Олар кедей зағиптардың жанына барып, оның біреуіне: “Көтер еңсеңді, түрегел! Ол сені шақырып жатыр”,— деді. Зағип кісі қатты толқып, жамылғысын шеше ұшып тұрып, Исаның қасына келді.
— Өздеріңе не істегенімді қалайсың? — деп сұрады Иса.
— Тақсыр, көзімізді аша көріңіз! — деп өтінді олар.
Иса оларға жаны ашып, көздеріне қолын тигізді. Марқа жазғандай, Иса олардың біреуіне: “Жүре бер, сен сенімің арқылы құтқарылдың”,— деді. Кедей зағиптардың көздері сол сәтте-ақ ашылды және олардың Құдайды мадақтағаны шүбәсіз. Мұны көрген жұрт та Құдайды мадақтады. Бартімей мен оның жолдасы кідірместен Исаның соңынан ерді.
Иса Иерихон арқылы өтіп бара жатқанда, адамдардың үлкен тобы жиналды. Барлығы да зағиптарды айықтырған кісіні көргісі келеді. Адамдар Исаны жан-жақтан қаумалап алғандықтан, кейбіреулері оны тіпті көре де алмады. Соның бірі — Зақай. Ол — Иерихон мен оның төңірегінде салық жинаушылардың бастығы. Аласа бойлы болғандықтан ол ештеңені көре алмады.
Зақай алға жүгіріп барды да, Иса келе жатқан жолдың бойындағы тұт ағашына шығып алды. Жоғарыдан ол бәрін жақсы көріп отыр. Адамдар әлгі ағашқа жақындағанда, Иса Зақайды шақырып: “Зақай, тез төмен түс! Бүгін Мен сенің үйіңде болуым керек”,— деді. Зақай ағаштан түсіп, осындай ерекше қонаққа дастарқан дайындау үшін қуана үйіне қарай асыға жүріп кетті.
Алайда мұны бақылап тұрғандар күңкілдесе бастады. Олар мұндай адамның үйіне Иса қонаққа бармау керек деп есептейді. Өйткені Зақай салық жинау арқылы адамдардың ақшасын күштеп алып, соның есебінен байып отыр ғой.
Көптеген адамдар Исаның соңынан ілесті. Иса Зақайдың үйіне кіргенде, олар: “Мынау күнәкардың үйіне қонаққа барды”,— деп қатты ашуланды. Бірақ та Иса Зақайдың өз істеріне өкінетін адам екенін көріп тұр. Исаның үміті ақталды, себебі Зақай орнынан тұрып, былай деп жариялады: “Мырза, мал-мүлкімнің жартысын кәріп-қасерлерге үлестіріп бермекпін. Егер біреуді алдап, ақысын жеген болсам, оны төрт есе артығымен қайтарамын”.
Зақай өзінің шын көңілмен өкінетіндігін мал-мүлкінің жартысын кедейлерге беріп, ал қалған жартысын алдаған адамдарының төлемін қайтаруға жұмсауды шешкенімен көрсетті. Бәлкім, онда жинаған салықтарының тізімі бар болса керек. Ол алдаған адамдарына қанша қайтару керектігін есептей алады. Егер біреу бір қой ұрласа, онда ол үшін төртеуін төлесін деген Құдайдың заңына жүгініп, Зақай бәрін төрт есе етіп қайтаруға ант берді.
Зақайдың мал-мүлкін қалай жұмсағалы жатқанына Иса қатты қуанды. Мұны Исаның: “Бүгін осы үй-іші құтқарылды! Бұл адам да Ыбырайым атаның ұрпағынан. Өйткені Мен тура жолдан адасып кеткендерді іздеп, құтқаруға келдім”,— деген сөздерінен көруге болады.
Жақында ғана Иса ‘адасып кеткендердің’ жағдайын жоғалған ұл туралы астарлы әңгімесінде сипаттаған еді. Қазір біз адамның қалай жоғалып-табылғандығын көрсететін өмірден алынған нақты мысалды көріп отырмыз. Дінбасылары мен ізбасарлары Зақай сияқты адамдарға көңіл аударғанына наразы болып күңкілдесе де, Иса Ыбырайымның жоғалған ұлдарын іздестіруді және оларды тура жолға салуды тоқтатпады. Матай 20:29—34; Марқа 10:46—52; Лұқа 18:35—19:10; Мысырдан шығу 22:1.
▪ Иса кедей зағиптарды қай жерде кездестірсе керек және оларға не істеді?
▪ Зақай деген кім және ол неліктен тұт ағашына шықты?
▪ Зақай өзінің өкінгендігін қалай көрсетті?
▪ Исаның Зақаймен қарым-қатынасынан не нәрсеге үйренеміз?