100-тарау
Қадақ күмістер туралы астарлы әңгіме
ИСА Иерусалимге бара жатқан жолда тоқтаған Зақайдың үйінде болса керек. Шәкірттері Иса өзін Иерусалимде Мәсіхпін деп жариялап, Патшалықты орнатады деп ойлайды. Олардың осындай ойын түзету үшін және де Патшалықтың әлі алыс екенін көрсету үшін Иса мынадай астарлы әңгіме айтып берді:
“Бір ақсүйек алыс елге барып, сол жерде өз елінің патшалығына тағайындалып, қайтып келу үшін сапарға шықпақшы болыпты”. “Ақсүйек” кісі — Исаны, ал “алыс ел” — көкті білдіреді. Иса көкке барғанда, Әкесі оған патшалықтың билігін береді.
Сапарға шығарының алдында ақсүйек кісі қол астындағы он қызметшісін шақырып алып, әрқайсысына бір-бір қадақ күміс береді де: “Мен қайтып келгенше осы қаражатпен жұмыс істеңдер!” — дейді. Алғашқы орындалуында он қызметші Исаның ертедегі шәкірттерін бейнелейді. Кең мағынада олар көктегі Патшалықта Исамен бірге патшалық ететіндерді бейнелейді.
Күмістер — өте құнды теңгелер; бір қадақ күміс ауыл шаруашылығындағы жұмысшының үш айлық жалақысы. Олай болса бұл қадақ күмістер нені білдіреді? Сондай-ақ қызметшілер ол күмістерімен не істеулері керек еді?
Күміс теңгелер — өзі уәде еткен Патшалықтың Патшасы ретінде қайтып келгенге дейін, осы Құдай Патшалығын мұра ететіндердің санын арттыру үшін, Исаның рухтан туылған шәкірттері қолданатын барлық тәсілдерді білдіреді. Иса қайта тіріліп, шәкірттеріне көрінгеннен кейін, олардың көптеген шәкірт дайындап, көктегі Патшалыққа кіретіндерді жинаулары үшін оларға бейнелі түрдегі күміс теңгелерді береді.
Иса әңгімесін әрі қарай былай деп жалғастырды: — Ал өз елінің азаматтары сол ақсүйекті жек көреді екен. Сондықтан артынан өкілдерін жіберіп: “Оның бізге патша болуын қаламаймыз”,— деп сәлем жолдайды. Азаматтар — Исаның шәкірттерін қоспағандағы исраилдіктер, яғни яһудилер. Иса көкке көтерілгеннен кейін яһудилер оның шәкірттерін қудалауы арқылы Исаның өздерінің патшасы болғанын қаламайтынын көрсетті. Осылайша, олар ақсүйек кісінің соңынан өкілдерін жіберген азаматтар сияқты іс-әрекет жасайды.
Он қызметші өздерінің күміс теңгелерін қалай жұмсайды? Иса былай деп түсіндірді: “Бірақ та әлгі кісі патша болып, қайта оралды. Күміс берген қызметшілерінің қайсысы қанша табыс тапқанын білу үшін оларды өзіне шақыртады. Сонда біріншісі келіп: — Тақсыр, сіздің бір қадақ күмісіңіз он қадақ табыс келтірді,— деп есеп береді. Патшасы оны мақтап: — Жарайсың, жақсы қызметшім! Кішкене істе сенімді болдың, енді он қаланың үстінен билеуші бол,— дейді. Екіншісі келіп: — Сіздің бір қадақ күмісіңіз бес қадақ табыс келтірді,— деп есеп бергенде, патшасы: — Ендеше сен бес қаланың билеушісі бол”,— деп бұйырады.
Он қадақ күмісі бар қызметші б. з. 33 жылының Алғашқы өнім мейрамынан бастап, біздің күнімізге дейінгі шәкірттердің тобын көрсетеді. Бұл топқа елшілер де кіреді. Бес қадақ күміс пайда көрген қызметші сол уақытта өмір сүріп, патшасының меншігін жер бетінде өзінің мүмкіндіктері мен қабілеттеріне сәйкес көбейтіп отырған топты білдіреді. Бұл екі топ та ізгі хабарды құлшына уағыздап, нәтижесінде көптеген жүрегі ашық адамдар мәсіхшілер қатарына қосылады. Тоғыз қызметшісі жұмыстарын жемісті атқарып, өздеріне берілгенді көбейтті.
Иса әрі қарай жалғастырып: “Ал үшіншісі келіп былай дейді: — Тақсыр, мінеки, сіздің қадағыңыз, оны орамалға түйіп сақтап қойдым. Сізден қорықтым, өйткені қатал адамсыз: өзіңіз салмаған қаржыны иемденіп, екпеген өнімді орасыз. Патшасы оған: — Әй, оңбаған қызметші! Сені өз аузыңнан шыққан сөздеріңмен айыптаймын! Менің салмаған қаржыны иемденіп, екпеген өнімді оратын қатал адам екенімді білдің ғой? Олай болса, неге күмісімді айналымға жібермедің? Сонда мен қайтып келгенде оны өсімімен қайтарып алатын едім,— деп жауап беріп, қасындағы нөкерлеріне: — Одан қадағын алып, он қадағы барға беріңдер!” — деп бұйырады,— деді.
Оңбаған қызметші өзінің бейнелі түрдегі қадағынан айырылып қалады. Бұл оның көктегі Патшалықтағы орыннан айырылатынын білдіреді. Иә, ол бейнелеп айтқанда он немесе бес қаланың үстінен билік ете алмайды. Бұл қызметшінің қандай да бір жаман іс істегені үшін емес, қожайынының байлығын көбейтпегені үшін оңбаған аталғанын да ескере кеткен жөн.
Ол қызметшінің күмісін алып, бірінші қызметшіге бергенде, әлдекім қарсыласып: “Тақсыр, соның өзінің он қадағы бар ғой!” — деді. Бірақ Иса: “Кімде бар болса, соған тағы беріледі, ал кімде жоқ болса, оның қолында бар азы да одан алынып қойылады. Ал мені өздеріне патша қылуды қаламаған жауларым болса, оларды осында алып келіп, көз алдымда қырып салыңдар!” — деп жауап берді. Лұқа 19:11—27; Матай 28:19, 20.
▪ Исаның қадақ күміс туралы астарлы әңгіме айтуына не түрткі болды?
▪ Ақсүйек кісі кім және ол қандай елге аттанады?
▪ Қызметшілер дегеніміз кімдер және күміс теңгелер нені білдіреді?
▪ Азаматтар дегеніміз кімдер және олар өздерінің ақсүйек кісіні жек көретіндігін қалай көрсетеді?
▪ Неліктен қызметшілердің біреуі оңбаған деп аталады, сондай-ақ оның қадақ күмісінен айырылып қалғандығы нені білдіреді?