14-ТАРАУ
Иса шәкірт жинай бастады
ИСАНЫҢ АЛҒАШҚЫ ШӘКІРТТЕРІ ЖИНАЛДЫ
Иса шөл далада 40 күн болғаннан кейін, Ғалилеяға оралмай тұрып, шомылдыру рәсімінен өткізген Жақияға қайтадан барды. Исаның келе жатқанын көргенде, Жақия қасында тұрғандардың назарын оған аударып, былай деп жар салды: “Қараңдар, мынау — дүниені күнәдан арылтатын Құдайдың Тоқтысы! “Менен кейін келе жатқан менің алдыма шықты, өйткені ол маған дейін бар болған” дегенімде, сол туралы айтқан едім” (Жохан 1:29, 30). Жақия Исадан бірнеше ай үлкен болса да, Исаның жерде туылмай тұрып рухани тұлға ретінде көкте өмір сүргенін білді.
Бірнеше апта бұрын, Иса шомылдыру рәсімінен өтуге келгенде, Жақия оның Мәсіх екеніне сенімді болмаса керек. Сондықтан ол: “Өзім де оны білмейтінмін. Бірақ Исраил халқы оның кім екенін білсін деп, шомылдыру рәсімін жасап жүрмін”,— деді (Жохан 1:31).
Сосын Жақия тыңдаушыларына Исаны шомылдыру рәсімінен өткізгенде не болғанын айтып берді: “Мен көктен көгершін іспетті киелі рухтың түсіп, оның үстіне қонғанын көрдім. Мен оны білмейтін едім. Бірақ суға шомылдыру рәсімін орындауға жіберген Құдай маған: —Киелі рухтың көктен түсіп, кімге қонғанын көрсең, міне, сол киелі рухпен шомылдырады,— деген еді. Мен осыны көріп, оның Құдай Ұлы екеніне куәлік еттім” (Жохан 1:32—34).
Келесі күні Иса Жақияға барғанда, оның қасында екі шәкірті бар еді. Жақия оларға: “Қараңдар, мынау — Құдайдың Тоқтысы!”— деді (Жохан 1:36). Сонда екеуі де Исаға ерді. Біреуінің есімі — Әндір. Екіншісі осы оқиғаны жазған Жохан болғанға ұқсайды. Жохан Исаның бөлесі, Мәриямның сіңлісі Салома мен Зебедейдің ұлы болса керек.
Иса бұрылып, Әндір мен Жоханның өзіне еріп келе жатқанын көріп: “Сендер не іздеп жүрсіңдер?”— деді.
—Равви, қайда тұрып жатырсыз?— деп сұрады олар.
—Жүріңдер, өздерің көріңдер,— деп жауап берді Иса (Жохан 1:37—39).
Бұл оқиға түстен кейінгі сағат төрт шамасында орын алды. Әндір мен Жохан кешке дейін Исаның қасында болды. Әндірдің қуанғаны сонша — Петір деп те аталатын бауыры Шимонды тауып, оған: “Біз Мәсіхті таптық”,— деді (Жохан 1:41). Сөйтіп, оны Исаға ертіп келді. Бұдан кейін болған оқиғаларға қарағанда, Жохан да өзінің бауыры Жақыпты тауып, оны Исаға әкелген. Бірақ бұл жайтты Жохан өз кітабында жазбаған.
Келесі күні Иса Бетсайдада тұратын Філіпті кездестірді. Бетсайда Ғалилея теңізінің солтүстік жағалауында орналасқан. Әндір мен Петір де сол жақтан. Иса Філіпке: “Менің ізбасарым бол!”— деді (Жохан 1:43).
Сосын Філіп Барталамай деп те аталатын Натанайылды тауып алып: “Біз Мұса Заңында және пайғамбарлар жазбаларында айтылған адамды таптық. Ол — Жүсіп ұлы назареттік Иса”,— деді. Натанайыл болса сенімсіздік білдіріп, Філіпке: “Сол Назареттен не жақсылық шығар дейсің?”— деді.
Сонда Філіп: “Жүр, өзің көр”,— деп шақырды. Иса келе жатқан Натанайылды көріп: “Мынау — шынымен қулық-сұмдығы жоқ исраилдік”,— деді.
— Сіз мені қайдан білесіз?— деп сұрады ол.
— Філіп шақырмай тұрып, сені інжір ағашының астынан көрдім,— деп жауап берді Иса.
— Ұстаз, сіз Құдай Ұлысыз, Исраилдің Патшасысыз,— деп Натанайыл таңғалғанын жасырмады.
Иса оған: “Сені інжір ағашының астынан көрдім дегендіктен, маған сендің бе? Әлі бұдан да зор нәрселерді көресің”,— деді. Сосын: “Сендерге нағыз шындықты айтамын, көктің ашылғанын және Құдай періштелерінің Адам Ұлына түсіп, қайтадан көкке көтеріліп жатқанын көресіңдер”,— деп уәде берді (Жохан 1:45—51).
Шамалы уақыттан кейін Иса жаңа жиналған шәкірттерімен Иордан аңғарынан кетіп, Ғалилеяға бет алды.