30-тарау
Айып тағушыларға берілген жауап
ДІНИ демалыс күніне қатысты заңды бұзды деп айып таққан яһуди дінбасыларына Иса: “Әкем еңбектен қол үзбейді, сондықтан Мен де үздіксіз еңбек етемін”,— деп жауап берді.
Парызшылдар наразылық білдіргенімен, Исаның істеген ісі діни демалыс күніне қатысты заң бойынша тыйым салынған істердің қатарына жатпайды. Уағыздау ісі мен адамдарды ауруларынан айықтыру жұмысын оған Құдай тапсырды және ол мұны Құдайға еліктеп әр күні істейді. Алайда яһудилер оның берген жауабына бұрынғыдан бетер ашуланып, оны өлтірмекші болды. Неге?
Себебі, олардың ойынша, Иса діни демалыс күніне қатысты заңды бұзып қана қойған жоқ, сонымен қатар өзін Құдайдың Ұлымын деп Құдайға тіл тигізді. Бірақ Иса қорықпастан өзінің Құдаймен ерекше қарым-қатынасы туралы былай деді: “Әкесі Оны [Ұлын] сүйеді, сондықтан Өзі істегенінің бәрін Оған көрсетеді”.
“Әкенің өлімнен тұрғызып тірілтетіні сияқты,— деп жалғастырды ол,— Ұлы да өз қалағандарын тірілтеді”. Иә, Ұлы рухани өлілерді қазірдің өзінде-ақ тірілтіп жатыр! “Кімде-кім сөзімді тыңдап, мені жібергенге сенсе... өлімнен өмірге өтті” деді де, былай жалғастырды: “Рухани өлілер Құдайдың рухани Ұлының даусын естіп, Оған сенетін уақыт болады, тіпті сол уақыт келді де; ал даусына құлақ салғандар тіріледі”.
Киелі кітапта Исаның бұған дейін әлдекімді сөздің тура мағынасында өлімнен қайта тірілткені туралы айтылмағанымен, ол өзіне айып тағушыларға мұндай қайта тірілудің болатындығын айтуда. “Бұған таңданбаңдар,— деді ол,— өйткені қабірдегілердің бәрі Құдайдың рухани Ұлының даусын еститін уақыт болады”.
Иса Құдайдың ниетіндегі өзінің маңызды рөлін осы уақытқа дейін бір де бір рет осылайша нақты әрі ашық суреттемеген болатын. Бірақ Исаға айып тағушылар үшін айғақ болатын оның жеке куәлігі ғана емес. “Сендер Жақияға өкілдеріңді жібердіңдер,— деп естеріне салды Иса,— ол Мен жөніндегі шындықтың куәсі болды”.
Осыдан бар болғаны екі жыл бұрын, шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия бұл яһуди дінбасыларына өзінен кейін кімнің келе жатқанын айтқан еді. Қазір түрмеде отырған Жақияны бір кезде қалай сыйлағандарын естеріне сала отырып, Иса былай деді: “Сендер біраз уақыт оның нұрында шаттанғыларың ғана келді”. Иса мұны өзі үшін емес, оларға көмектескісі келгендіктен, яғни құтқарғысы келіп, естеріне салып отыр. Өйткені Жақияның куәлігі оған қажет емес-тін.
“Менің істеп жүрген игі істерім [оның қазір ғана жасаған кереметін қоса алғанда], Мені Соның [Әкемнің] жібергендігіне айғақ”. “Мені жіберген Әкемнің Өзі де Мен туралы куәлік етті”,— деді ол. Мысалы, Иса шомылдыру рәсімінен өтіп жатқан кезде, Құдай: “Бұл Менің сүйікті рухани Ұлым, Оған толықтай ризамын!” — деп куәлік еткен болатын.
Исаны қабылдамай, оған айып тағып жатқандар үшін расында да кешірім жоқ. Тіпті олар өздерінше зерттеп жүрміз деп есептейтін Киелі Жазбалардың өзі де Иса туралы куәлік етеді! “Егер де шынымен Мұсаға сенсеңдер, онда Маған да сенер едіңдер, өйткені ол Мен туралы жазып кеткен. Алайда Мұсаның жазбаларына шындап сенбейсіңдер, ендеше Менің сөздеріме қалай сене аласыңдар?” — деп Иса сөзін аяқтады. Жохан 5:17—47; 1:19—27; Матай 3:17.
▪ Неліктен Исаның істеген ісі діни демалыс күніне қатысты заңды бұзған жоқ?
▪ Иса Құдайдың ниетіндегі өзінің маңызды рөлін қалай суреттеді?
▪ Құдайдың Ұлы екендігіне дәлел ретінде Иса тағы кімнің куәлігіне нұсқады?