Пайғамбарлықтың мәні Мәсіхте
“Иса туралы куәлік ету — пайғамбарлықтардың мәні” (АЯН 19:10, ЖД).
1, 2. а) Б. з. 29 жылынан бастап исраилдіктер қандай шешім қабылдаулары керек еді? ә) Бұл мақалада не талқыланады?
ИСРАИЛ. Б. з. 29 жылы. Бүкіл елде уәде етілген Мәсіх туралы қызу әңгіме жүруде. Шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия қызметін бастағалы Исраил елі әсіресе даурыға түскен (Лұқа 3:15). Жақия өзінің Мәсіх емес екенін ашық айтып, назареттік Исаға нұсқап: “Мен... Оның Құдайдың рухани Ұлы екеніне куәгер болдым”,— деді (Жохан 1:20, 34). Көп ұзамай, тәлімдерін тыңдап, әрі айыққысы келген қалың тобыр Исаға ілесіп жүрді.
2 Кейінгі айларда Ехоба өзінің ұлына қатысты көптеген куәлік берді. Жазбаларды зерттеген және Исаның істерін көрген адамдардың оған сенім білдіруге толық негіздері болды. Алайда Құдай келісім жасаған халық, жалпы алғанда, Исаға сенім білдірмеді. Исаның Мәсіх әрі Құдай Ұлы екенін аз ғана адам мойындады (Жохан 6:60—69). Сол уақытта өмір сүргеніңде не істер едің? Исаны Мәсіх ретінде қабылдап, оның адал ізбасары болар ма едің? Исаның діни демалыс күнге қатысты заңды бұзды деп айып таққанда өзінің кім екенін дәлелдеу үшін және шәкірттерінің сенімін нығайту үшін келтірген айғақтарын қарастырайық.
Исаның дәлел келтіруі
3. Исаның өзінің кім екенін дәлелдеуіне қандай жағдай түрткі болды?
3 Б. з. 31 жылының Құтқарылу мейрамы. Иса Иерусалимде жүр. Жаңа ғана ол 38 жыл бойы ауырған адамды емдеді. Алайда адамды діни демалыс күні емдегені үшін яһудилер Исаны қуғындауда. Сондай-ақ Әкем деп атағаны үшін Құдайға тіл тигізді деп, Исаны өлтірмекші (Жохан 5:1—9, 16—18). Иса өзін қорғап, шын мәнінде кім екеніне кез келген ақ жүректі яһудидің көзін жеткізетін үш түрлі бұлтартпас дәлел келтіреді.
4, 5. Жақияның қызметінің мақсаты не болған және ол бұл қызметін қаншалықты табысты атқарып шықты?
4 Алдымен, Иса өзінен бұрынғы Жақияның куәлігіне жүгініп, былай дейді: “Сендер Жақияға өкілдеріңді жібердіңдер, ол Мен жөніндегі шындықтың куәсы болды. Жақия айналасын рухани нұрландырып, жанып тұрған шырақ іспетті еді, ал сендер біраз уақыт оның нұрында шаттанғыларың ғана келді” (Жохан 5:33, 35).
5 Шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия ‘айналасын нұрландырып, жанып тұрған шырақ іспетті еді’, себебі Ирод әділетсіздікпен қамап тастағанға дейін, ол Мәсіхке жол дайындау арқылы Құдай тапсырған істі атқарған. Ол былай деген: “[Мәсіхті] Исраил халқына таныстырып, адамдарды шомылдыру рәсімінен өткізу үшін осы жерге келдім... Мен Киелі Рухтың көгершін бейнесінде көктен түсіп, Исаға қонғанын көрдім. Исаны бұрын шынымен танымайтын едім; бірақ мені шомылдыру рәсімін орындауға жіберген Құдай маған:— Киелі Рухтың Біреуге қонғанын көргенде, Киелі Рухқа Шомылдырушының Соның Өзі екенін білесің,— деген болатын. Мен Киелі Рухтың Исаға қонғанын көріп, Оның Құдайдың рухани Ұлы екеніне куәгер болдым”a (Жохан 1:26—37). Жақия Исаның Құдай Ұлы, яғни уәде етілген Мәсіх екенін нақты айтқан. Оның куәлігінің айқын болғаны сонша, ол өлген соң, шамамен сегіз ай өте көптеген жүрегі ашық яһудилер: “Оның мына Кісі туралы айтқандарының бәрі де шындық!”— деп мойындаған (Жохан 10:41, 42).
6. Неге халық Исаның істеріне қарап, оны Құдай қолдап отырғанына көздері жетулері керек еді?
6 Бұдан кейін Иса өзінің Мәсіх екенін дәлелдеп, басқа да айғақ келтіреді. Құдайдың өзін қолдайтынының дәлелі ретінде ол игі істеріне жүгінеді. “Менің Жақия берген куәліктен де үлкенірек куәлігім бар: Әкем Маған орында деп тапсырған, Менің істеп жүрген игі істерім Мені Соның жібергендігіне айғақ” (Жохан 5:36). Исаның көптеген ғажайыптарын қоса алғанда, игі істерін тіпті жаулары да жоққа шығара алмаған. Кейінірек олар: “Біз не істейміз? Мына Кісі көп кереметтер жасап жүр”— деген (Жохан 11:47). Алайда: “Құтқарушы Мәсіх келгенде, Ол Бұдан артық кереметтер көрсетер деймісің?”— деп, жақсы ықылас білдіргендер де болды (Жохан 7:31). Исаның тыңдаушыларының Ұлы арқылы Әкесінің қасиеттерін танитын керемет мүмкіндіктері болған (Жохан 14:9).
7. Қалай Еврей жазбалары Иса туралы куәлік етеді?
7 Ең соңында Иса бұлтартпайтын дәлелге көңіл аударады. Ол: ‘Киелі жазбалар... Мен туралы куәлік етеді!’— дейді. Одан соң: “Егер де шынымен Мұсаға сенсеңдер, онда Маған да сенер едіңдер, өйткені ол Мен туралы жазып кеткен”,— деп қосады (Жохан 5:39, 46). Әрине, Мұса мәсіхшілерге дейінгі Мәсіх туралы жазған көптеген куәгерлердің біреуі ғана болатын. Олардың жүздеген пайғамбарлықтары мен егжей-тегжейлі шежірелері бар жазбалары Мәсіхтің кім екенін анықтауға көмектесу керек еді (Лұқа 3:23—38; 24:44—46; Елшілердің істері 10:43). Ал Мұса жазған заң туралы не деуге болады? Елші Пауыл: “Таурат заңы “тәрбиелеушіміз” болып бізді Мәсіхке әкелді”,— деп жазған (Ғалаттықтарға 3:24). Иә, “Иса туралы куәлік ету — пайғамбарлықтардың мәні [немесе басты мақсаты]” (Аян 19:10, ЖД).
8. Неге көп яһудилер Мәсіхке сенім білдірмеген?
8 Осының бәрі: Жақияның айқын куәлігі, Исаның құдіретті істері мен Құдайдың болмысын білдіретін қасиеттері және көптеген Жазба орындары Исаның Мәсіх екеніне көзімізді жеткізеді емес пе? Құдай мен оның Сөзін шын сүйетін кез келген адамға мұны байқау және Исаға уәде етілген Мәсіх ретінде сенім білдіру қиынға соқпайды. Алайда исраилдіктерге осындай сүйіспеншілік жетіспеген. Қарсыластарына Иса: “Жүректеріңде Құдайға деген сүйіспеншіліктің жоқ екенін білемін”,— деген (Жохан 5:42). ‘Жалғыз Құдайдан болатын шынайы құрметті іздеудің’ орнына, олар ‘бір-бірінен құрмет күткен’. Сондықтан Әкесі сияқты мұндай ой-қалыпты жек көрген Исамен олардың тіл табыса алмағанына таңғалмаса да болады (Жохан 5:43, 44; Елшілердің істері 12:21—23).
Пайғамбарлық көрініс арқылы нығайғандар
9, 10. а) Неге Исаның өзгеріске түсуі сол кезде шәкірттері үшін маңызды болды? ә) Иса шәкірттеріне қандай керемет уәде берді?
9 Иса өзінің Мәсіх екенін дәлелдеп, жоғарыда айтылған айғақтарды келтіргеніне жылдан аса уақыт өтті. Жақында ғана б. з. 32 жылының Құтқарылу мейрамы болып өткен. Исаға сенім білдірген көп адам қуғын-сүргіннің, дүниеқорлықтың және осы дүниенің қамын ойлаудың әсерінен оған ермей тастап кеткен. Басқалар болса өзін таққа отырғызуға Исаның қарсы болғанын түсінбеген немесе көңілдері қалып қалған болуы мүмкін. Сондай-ақ ол өзін даңқтау үшін яһуди дінбасыларына көктен керемет көрсетуден бас тартқан (Матай 12:38, 39). Кейбір адам Исаның бұл ісін де түсінбей қалған болуы мүмкін. Оның үстіне, Иса шәкірттеріне түсіну қиынға соғатын нәрсе, яғни ‘Иерусалимге баруға, ол жерде рубасылар, бас діни қызметкерлер мен дін мұғалімдерінен көп азап шегуге тиіс’ екенін айтады (Матай 16:21—23).
10 Тағы да тоғыз-он ай өткен соң, Исаның ‘дүниеден кетіп, Әкесіне баратын күні’ келу керек (Жохан 13:1). Адал ізбасарларының қамын ойлаған Иса сенім білдірмеген яһудилерге көрсетпеген нәрсені, көктен келген кереметті, олардың кейбіреулеріне көрсетуді уәде етеді. Иса: “Сендерге шын айтамын: осында тұрған кейбіреулерің Менің Құдай тағайындаған Билеуші ретінде Патшалығымның салтанатымен келуімді өз көздеріңмен көрмей, өлмейсіңдер”,— дейді (Матай 16:28). Әрине, Иса кейбір шәкірттерінің 1914 жылы Мәсіхтің Патшалығы орнаған кезге дейін өмір сүретінін айтпаған. Ол ең жақын үш шәкіртіне Патшалық салтанатымен көрінетінін айтқысы келген болатын. Шәкірттеріне Патшалық салтанатын алдын ала көрсетуі Исаның өзгеріске түсуі деп аталды.
11. Исаның өзгеріске түсуін суреттеп беріңдер.
11 Алты күн өткен соң, Иса Петір, Жақып және Жоханды ертіп, Хермон тауының жотасына болса керек, биік тауға келеді. Онда Иса “үш елшісінің көз алдарында өзгеріске түсті: бет-әлпеті күндей жарқырап, киімі нұрланып аппақ сәуле шашты”. Мұса мен Ілияс пайғамбарлар пайда болып, онымен сөйлесіп тұрды. Бұл керемет жағдай түнде болуы мүмкін, сол себепті көрініс әсіресе жарқырап көрінген болу керек. Оның шын болып көрінгені сонша, Петір Исаға, Мұсаға және Ілиясқа арнап үш күрке құруды ұсынады. Петір сөйлеп тұрғанда, оларға нұрлы бұлт көлеңкесін түсіріп, бұлт ішінен: “Бұл — Менің сүйікті рухани Ұлым, Оған ризамын. Оны тыңдаңдар!”— деген дауыс шығады (Матай 17:1—6).
12, 13. Исаның өзгеріске түсуі үш шәкіртке қандай әсер қалдырды және неге?
12 Рас, Петір жақында ғана Исаға: “Сіз Мәсіхсіз, мәңгі тірі Құдайдың рухани Ұлысыз!”— деп куәлік еткен (Матай 16:16). Ал енді Құдайдың өзі майланған Ұлының кім екенін және оның атқаратын рөлін растап, куәлік етіп тұр! Петір, Жақып және Жохан үшін бұл, шынында да, сенімді нығайтатын оқиға болды! Енді олар алдағы болатын жағдайларға және болашақ қауымда атқаратын істеріне әлдеқайда дайын.
13 Исаның өзгеріске түсуі шәкірттеріне қатты әсер етеді. Отыз жылдан аса уақыт өткен соң, Петір: “Иеміз Иса Мәсіхпен бірге қасиетті тауда болғанда көктен шыққан бір дауысты естідік. Сонда шексіз ұлылықтың Иесі, Құдай Әке, Мәсіхке арнап:— Бұл — Менің сүйікті Ұлым, Мен Оған ризамын,— деп дауыстап, Оны құрмет пен салтанатты ұлылыққа кенелтті”,— деп жазған (Петірдің 2-хаты 1:17, 18). Бұл Жоханға да осындай әсер қалдырды. Осы жағдайдан кейін алпыс жылдан аса уақыттан соң, ол келесі сөздерін осы оқиғаға қатысты айтқан болу керек: “Біз Әкенің жалғыз рухани Ұлының асқан ұлылығын көрдік” (Жохан 1:14). Дегенмен Исаның өзгеріске түсуі шәкірттерінің көрген соңғы көрінісі болған жоқ.
Құдайдың адал қызметшілерінің әрі қарай да түсініктерінің артуы
14, 15. Қай мағынада елші Жохан Иса келгенге дейін ‘осында болған’?
14 Қайта тірілген соң, Иса Ғалилея көлінің жанында шәкірттеріне көрінеді. Сол жерде ол Петірге: “Қаласам, Мен қайтып келгенше ол [Жохан] осында болады, онда сенің не шаруаң бар?”— деген (Жохан 21:1, 20—22, 24). Бұл сөздер Жохан басқа елшілерге қарағанда ұзақ өмір сүреді дегенді білдірді ме? Солай болса керек, себебі ол бұдан кейін де жетпіс жылдай өмір сүріп, Ехобаға адал қызмет еткен. Бірақ Иса бұдан да маңызды жайтты айтқысы келген.
15 “Мен қайтып келгенше” деген сөз Исаның ‘Патшалығының салтанатымен келетіні’ туралы айтқанын есімізге салады (Матай 16:28). Жохан кейінірек Исаның Патшалық салтанатымен келе жатқаны туралы аян көрген, ол осы мағынада Иса келгенше ‘осында болған’. Патмос аралына жер аударылған Жохан қайтыс боларынан біраз уақыт бұрын ,“Иеміздің күнінде” болатын оқиғаларды білдіретін керемет пайғамбарлық аян көреді. Осы әсерлі көріністердің Жоханды тебіренткені сонша, Иса: “Жуырда келемін!”— деген кезде, “Аумин!— Иеміз Иса, келе гөр!”— деп дауыстап жібереді (Аян 1:1, ЖД, 10; 22:20).
16. Сенімімізді әрі қарай да нығайта беру неге маңызды?
16 Бірінші ғасырда өмір сүрген ақ жүректі адамдар Исаны Мәсіх ретінде қабыл алып, оған сенім білдірген. Алайда көпшілік сенім білдірмегендіктен, атқаратын жұмыстары мол болғандықтан және алда сынақтарға кезігетіндіктен, шәкірттердің сенімін нығайту керек болды. Иса өзінің адал ізбасарларын жігерлендіру үшін Мәсіх екенін дәлелдейтін көптеген айғақтар келтірді және пайғамбарлық мәні бар аян берді. Бүгін біз ‘Иеміздің күні’ аяқталып қалған уақытта өмір сүріп жатырмыз. Жақында Мәсіх Шайтанның бүкіл зұлым дүниесін жойып, Құдай халқын құтқарады. Сондықтан біз де Ехобаның рухани күйіміз үшін жасап отырған шараларын барынша пайдаланып, сенімімізді нығайтуымыз керек.
Түнек пен азаптан аман шыққандар
17, 18. Бірінші ғасырда Исаның ізбасарлары мен Құдайдың еркіне қарсыласқандардың қандай үлкен айырмашылықтары болды және бұл жағдай екі топқа да қалай әсер етті?
17 Иса өлгеннен кейін шәкірттері оның “Иерусалимде, бүкіл Яһудея мен Самария аймақтарында және жердің шетіне дейін” куәлік етіңдер деген өсиетін батыл орындайды (Елшілердің істері 1:8). Көптеген қуғын-сүргінге қарамастан, Ехобаның батасымен жаңа пайда болған мәсіхшілер қауымының рухани түсінігі артып, шәкірттердің саны көбейе береді (Елшілердің істері 2:47; 4:1—31; 8:1—8).
18 Ал ізгі хабарға қарсылық көрсеткендердің жағындағы түнек қоюлана түседі. Нақыл сөздер 4:19-да: “Қылмыскерлер жолы түнекке ұқсайды,— деп айтылған,— неден сүрініп, құлағандарын ұқпайды”. Римдіктер б. з. 66 жылы Иерусалимді қоршап алғанда, “түнек” қоюлана түсті. Белгісіз себептермен уақытша шегініп кеткен римдіктер б. з. 70 жылы қайтып келеді де, қаланың күл-талқанын шығарады. Еврей тарихшысы Иосиф Флавийдің айтуынша, миллионнан аса яһудилер қаза болады. Алайда адал мәсіхшілер аман қалады. Қалайша? Олар римдіктер шегініп кеткенде, Исаның қашыңдар деген бұйрығына бағынған (Лұқа 21:20—22).
19, 20. а) Осы дүние жойылғалы тұрғанымен, неге Құдайдың халқы қорықпау керек? ә) 1914 жыл келмей тұрып-ақ Ехоба өз халқына қандай керемет шындықтарды ашты?
19 Біздің жағдаймыз да осыған ұқсас. Күн санап жақындап келе жатқан ауыр азап Шайтанның бүкіл зұлым дүниесінің ақыры келетінін білдіреді. Бірақ Құдайдың халқы қорықпау керек, себебі Иса: “Естеріңде болсын: Мен бұл дүниенің ақыр соңына дейін әр күні өздеріңмен бірге болып, сендерге жар боламын!”— деп уәде еткен (Матай 28:20). Жердегі шәкірттерінің сенімін нығайтып, әрі алдағы оқиғаларға дайындау үшін Иса оларға өзінің Патшалық салтанатын көрсетті. Бүгінгі таң жайында не деуге болады? 1914 жылы сол көрініс іс жүзінде орындалды. Бұл Құдай халқының сенімін, шынында да, нығайтады. Солай емес пе! Уақыт өткен сайын Ехобаның қызметшілері бұл көріністің нені білдіретінін және оның үміттерімен қандай байланысы бар екенін көбірек түсіне бастады. Бүгінгі қараңғы түнек басқан дүниеде “әділдің жолы таң шапағы іспетті, тал түс болғанша жарқырай түседі” (Нақыл сөздер 4:18).
20 Майланған мәсіхшілердің кішкене тобы 1914 жылға дейін-ақ Иеміздің қайта келуі туралы маңызды шындықты түсіне бастаған. Мысалы, олар Иса б. з. 33 жылы көкке көтерілгенде пайда болған екі періштенің шәкірттерге айтқанындай, Иеміздің көзге көрінбей келетінін білген. Бұлт Исаны шәкірттерінің көзінен таса қылған соң, періште: “Қастарыңнан көкке көтеріліп, Құдай қабылдаған Иса көз алдарыңнан көкке қалай кетсе, тура солай қайтып келеді”,— деді (Елшілердің істері 1:9—11).
21. Келесі мақалада не талқыланады?
21 Исаның көкке көтерілуін өзінің адал ізбасарлары ғана көрген. Оның өзгеріске түскені сияқты, бұл жағдай да көпшілікке аян болмаған; жалпы алғанда, әлем тіпті не болғанын сезбей де қалған. Мәсіх Патшалық билігімен қайта келгенде де осылай болу керек еді (Жохан 14:19). Оның тақта отырғанын майланған адал шәкірттері ғана білулері керек еді. Келесі мақалада осыны түсінгендері оларға қалай терең әсер еткенін және ақырында бұның миллиондаған басқа қойлардың жиналуына қалай ықпал еткенін қарастырамыз (Аян 7:9, 14).
[Сілтеме]
a Иса шомылдыру рәсімінен өткенде, Құдайдың даусын Жақия ғана естіген болса керек. Ал яһудилер Иса айтқандай, ‘ешқашан Оның [Құдайдың] даусын естіп, бейнесін көрген емес’ (Жохан 5:37).
Естеріңде ме?
• Исаға сенбі күні туралы ережені бұздың және Құдайға тіл тигіздің деген айып тағылғанда, ол өзінің Мәсіх екеніне қандай дәлел келтірді?
• Исаның өзгеріске түсуінің алғашқы шәкірттеріне қандай пайдасы тиді?
• Жохан өзі келгенге дейін болады дегенде, Иса не айтқысы келді?
• 1914 жылы қандай көрініс іс жүзінде орындалды?
[3-беттегі суреттер]
Иса өзінің Мәсіх екеніне дәлелдер келтірген
[4-беттегі сурет]
Исаның өзгеріске түсуі сенімді нығайтқан
[5-беттегі сурет]
Жохан Иса келгенге дейін осында болды