55-тарау
Көптеген шәкірттерінің Исадан бас тартуы
ҒАЛИЛЕЯ теңізінің шығыс жақ жағалауынан қайта оралған, керемет түрде күлшемен, балықпен тамақтанған адамдар Исаны тапқан кезде, көктен түскен нан туралы әңгіме басталып кеткен болатын. Қазір Иса осы әңгімені жалғастырып, өзінің көктен түскен шынайы нан екендігі туралы Қапарнаумның мәжілісханасында тәлім беруде.
Ол былай деп түсіндірді: “Бұл “нан” — Менің тәнім, оны адамзат шынайы өмірге ие болсын деп құрбан етемін”. Осыдан екі жыл бұрын, б. з. 30 жылының көктемінде, Иса Нікөдемге Құдайдың адамзатты өте қатты сүйгендіктен оларды құтқару үшін өзінің Ұлын жібергендігін айтқан болатын. Енді Иса, бейнелеп айтқанда, өзінің денесін жейтін, яғни оның көп ұзамай құрбан болатынына сенетін әркімнің мәңгілік өмірге ие болуына мүмкіндіктері бар екендігін көрсетіп отыр.
Алайда Исаның сөздерін халық түсінбеді. “Бұл қалайша біздің “жеуіміз” үшін өз тәнін қиып бере алады?” — десті олар. Иса тыңдаушыларына тәнді бейнелі түрде жеу керектігін түсіндірмекші. Сондықтан ол тура мағынасында түсінсе жағымсыз болып естілетін мынадай сөздер айтты:
“Егер көктен келген Билеушінің тәнін “жеп”, қанын “ішпесеңдер”, сендерде шынайы өмір болмайды. Кімде-кім Менің тәнімді “жеп”, қанымды “ішсе”, ол мәңгілік өмірге ие болады, Мен оны ақырғы күні қайта тірілтемін. Себебі тәнім — шынайы рухани “азық”, ал қаным — шынайы рухани “сусын”. Тәнімді “жеп”, қанымды “ішкен” әркім Менімен тығыз байланыста тұрады, Мен де онымен солай тұрамын”.
Егер Иса адам жеуге шақырып отырса, шынында да ілімін жиіркенішті деуге болар еді. Бірақ Иса тура мағынасында тәнді жеп, қанды ішуді ұсынып отырған жоқ. Ол тек мәңгілік өмірге ие болу үшін өзінің кемелді тәнін беріп, қанын төгу арқылы әкелетін құрбандығына сену керектігін атап айтып отыр. Сөйтсе де, оның шәкірттерінің көпшілігі оның айтқандарын түсінуге тырыспады. Олар: “Мынау жанға батар сөз екен, оны кім тыңдай алады?” — деп наразылық білдірді.
Шәкірттерінің көпшілігінің наразылығын біліп, Иса: “Осы шымбайларыңа батып тұр ма? Ал билеуші ретінде көктен келген Менің бұрын болған сол жеріме көтерілгенімді көрген кезде не айтасыңдар... Сендерге айтқан сөздерім — рух және өмір. Бірақ іштеріңдегі кейбіреулерің сенбейсіңдер”,— деді.
Кейін ол: — “Әкем қабілет бермесе, ешкім Маған келе алмайды” деп мен сендерге сондықтан айттым,— деп жалғастырды. Осыдан кейін шәкірттерінің көпшілігі Исадан бас тартып, бұдан былай оның соңынан ермей қояды. Сонда Иса өзінің он екі елшісіне бұрылып: “Сендердің де кеткілерің келе ме?” — деді.
Сонда Петір: “Жоқ, Ием, Сізден кетсек, кімге бармақпыз? Мәңгілік өмірге жеткізетін сөздер Сізде. Біз Сіздің Мәсіх — мәңгі тірі Құдайдың рухани Ұлы екендігіңізге сеніп, соған көзіміз жетті”,— деп жауап берді. Қандай адалдық! Петір мен өзге елшілердің де Исаның айтқан нәрселерін толық түсінбеген болуы әбден мүмкін ғой.
Петірдің жауабы қуантқанымен, Иса былай деді: “Ал осы он екіңді Мен таңдап алған жоқпын ба? Сонда да іштеріңдегі біреуің шайтанның жетегінде”. Иса Яһуда Исқариот туралы айтып отыр. Яһуданың адал жолдан тая бастағанын ол сол уақытта байқаған болуы мүмкін.
Жақында ғана Иса өзін патша еткісі келген халықтың көңілін қалдырған болатын. Енді олар былай ойласа керек: “Егер Мәсіх отыруы тиіс орынға отырғысы келмейтін болса, ол қалайша Мәсіх бола алады?” Бұл — халықты мазалайтын тағы бір сұрақ. Жохан 6:51—62, 63 (сілтемені қара), 64—71; 3:16.
▪ Иса өзінің тәнін кімдер үшін береді және олар оның тәнін қалай ‘жеулері’ керек?
▪ Исаның қандай сөздерін халық толық түсінбеді, бірақ Исаның не айтқысы келіп отыр?
▪ Көпшілігі Исадан бас тартқанда, Петір не деді?