69-тарау
Әкелікке қатысты мәселе
ИСА мен яһуди дінбасыларының арасындағы мейрам кезіндегі әңгіме шиеленісіп барады. “Сендердің Ыбырайымның ұрпағы екендеріңді білемін,— деді Иса,— Алайда Мені өлтірмексіңдер, себебі айтқандарыма жүректеріңнен орын бермедіңдер. Мен Әкемнің көрсеткендері туралы айтып тұрмын, ал сендер өз түп аталарыңнан көргендеріңді істейсіңдер”.
Иса олардың әкесінің атын атамағанымен, олардың әкесінің басқа екендігін анық көрсетіп отыр. Исаның кім туралы айтып тұрғанын түсінбеген яһудилердің дінбасылары: “Біздің түп атамыз — Ыбырайым ғой”,— деді. Олар Құдайға оның досы болған Ыбырайым сияқты сенеміз деп ойлайды.
Алайда олар Исадан өздері мүлдем күтпеген жауап естіді: “Сендер шынымен Ыбырайымның ұрпағы болсаңдар, Ыбырайым секілді әрекет етер едіңдер”. Шынында да ұлы әкесіне еліктейді. “Алайда,— деді Иса,— Құдайдан естіген ақиқатты сендерге жеткізген Мені өлтіргілерің келеді. Ондай нәрсені Ыбырайым істеген жоқ”. Сосын оларға тағы да: “Сөйтіп рухани аталарың не істесе, соны істеп жүрсіңдер”,— деді.
Сөйтсе де, Исаның кім туралы айтып тұрғанын түсінбеген олар: “Біз некесіз туғандар емеспіз!” — деп өздерін Ыбырайымның заңды ұлдарымыз деуін қояр емес. Өздерін Ыбырайым секілді Құдайдың шынайы қызметшісі санайтын дінбасылары: “Біздің бір ғана рухани атамыз бар, Ол — Құдай!” — деді.
Бірақ шын мәнінде Құдай олардың Әкесі ме? “Рухани аталарың Құдай болса,— деді Иса,— Мені жақсы көрер едіңдер. Өйткені Мен осында Құдайдан келдім. Өз бетімше келген жоқпын, Мені Құдай жіберді. Менің айтып тұрғанымды неге түсінбейсіңдер?”
Иса бұл дінбасыларына өзінен бас тартқанның неге әкеп соғатынын көрсетуге тырысты. Бірақ ол енді: “Сендердің рухани аталарың — әзәзіл, соның құмарлықтарын орындағыларың келеді”,— деп ашып айтты. Әзәзіл қандай әке? Иса оны “кісі өлтіруші”, “өтірікші, өтіріктің бастауы” деп, мынадай қорытынды жасады: “Кімде Құдайдың рухани өмірі болса, сол Оның айтқандарына құлақ асады. Сендерде Құдайдың рухани өмірі болмағандықтан, Оның айтқандарына құлақ аспайсыңдар”.
Осылай соттағаны үшін ашу кернеген яһудилер Исаға: “Самариялық екенсің, ішіңде жының бар деп айтып тұрғанымыз дұрыс емес пе?” — деді. Яһудилер самариялықтарды жек көреді, әрі әлдекімді самариялық деп атау арқылы олар өздерінің әлгі адамды тіптен сыйламайтындықтарын және жек көретіндіктерін білдіреді.
Олардың қорлауына мән бермеген Иса: “Ішімде жын жоқ! Тек Әкемді құрметтеймін, ал сендер Мені қорлайсыңдар”,— деп жауап қатты. Сосын ол: “Менің сөзімді берік ұстанатын кісі мәңгі өлмейді”,— деп таңғаларлық сөздер айтты. Иса өзінің ізбасарлары тура мағынада ешқашан өлмейді деп отырған жоқ. Оның бұл сөздері ізбасарларының мәңгіге жойылып кетпейтінін немесе қайта тірілу болмайтын ‘екінші өліммен’ өлмейтінін білдіреді.
Бірақ яһудилер Исаның сөздерін тура мағынасында түсінді. Сол себепті олар: “Ішіңде жынның бар екеніне көзіміз жетті. Ыбырайым да, пайғамбарлар да өлген, ал Сен “Менің сөзімді берік ұстанатын кісі мәңгі өлмейді” дейсің! Әлде Сен өліп қалған түп атамыз Ыбырайымнан да құдіреттімісің? Пайғамбарлар да өліп қалған. Өзіңді кіммін деп тұрсың?” — деді.
Осы пікірталас басталғалы Иса өзінің уәде етілген Мәсіх екендігінің айғақтарын келтіргендігі көрініп-ақ тұр. Бірақ Иса өзінің кім екендігіне қатысты олардың сұрағына тікелей жауап бермей: “Менің Өзімді құрметтеуім түк болмас еді; Мені құрметтеуші — өз Әкем. Сендер Оны “біздің Құдайымыз” десеңдер де, Оны білмейсіңдер; ал Мен Оны білемін. Егер Оны білмеймін десем, сендер сияқты өтірікші болар едім”,— деді.
Иса тағы да Құдайға адал болған Ыбырайым туралы айтып: “Түп аталарың Ыбырайым Менің дүниеге келетін күнімді көретініне шаттанды; ол сол күнді көріп, қуанды да”,— деді. Иә, Ыбырайым уәде етілген Мәсіхтің келетінін сенім көзімен көрді. Өздерінің сенімнен жұрдай екендіктерін көрсетіп яһудилер: “Сен әлі елуге де келген жоқсың, Ыбырайымды көрдім дейсің бе?” — деді.
Иса оларға: “Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Ыбырайым тумастан бұрын-ақ Мен бар болатынмын!” — деп жауап берді. Иса бұл сөздерімен өзінің жерге келгенге дейін құдіретті рухани жаратылыс болғанына әрі көкте өмір сүргеніне нұсқап тұр.
Исаның бұл сөздеріне ашынған яһудилер оны ұрмақ болып, қолдарына тас алды. Бірақ Иса сытылып, ғибадатханадан шығып кетті. Жохан 8:37—59; Аян 3:14; 21:8.
▪ Өзінің және жауларының әкесі бір емес екендігін Иса қалай көрсетті?
▪ Неліктен яһудилер Исаны самариялық деп атады?
▪ Ізбасарлары мәңгі өлмейді дегенде, Иса нені айтып отыр?