15-тарау
Исаның алғашқы кереметі
ӘНДІР, Петір, Жохан, Філіп, Натанайыл және бәлкім, Жақып болар, бұлардың Исаның шәкірттері болғанына не бары бір-екі күн өтті. Қазір олар өздері туып-өскен Ғалилея аймағына аттанып барады. Алған беттері Иса өскен Назарет қаласына жақын жердегі қыратты аймақта орналасқан Натанайылдың туған жері — Қана қаласы. Олар сонда үйлену тойына шақырылған болатын.
Бұл үйлену тойына Исаның шешесі де келген. Мәриям олардың отбасымен жақсы таныс болғандықтан, оларға көп қонақты күтуге көмектесіп жатқан болса керек. Сондықтан ол не нәрсенің жетпей жатқанын дереу байқап, Исаға: “Олардың шарабы қалмады”,— деді.
Мәриям, шын мәнінде, мұнысымен Исаға шараптың жетіспеушілігіне байланысты қандай да бір шара қолдануына кеңес берді. Бірақ Иса: “Апа, Маған оны не үшін айтасыз? — деп алғашында шешесіне қарсылық білдірді. Құдай тағайындаған Патша болғандықтан, оған отбасы мүшелері де, достары да басшылық жасамауы тиіс. Сондықтан Мәриям парасаттылықпен бұл істі ұлының қолына тапсырып қызметшілерге жай ғана: “Ол не айтса, соны істеңдер”,— деді.
Сол жерде көлемі қырық литрден астам су құятын үлкен алты тас күбі бар. Иса қонақ күтушілерге: “Күбілерді суға толтырыңдар”,— деді. Олар күбілерді суға ернеулете толтырды да, кейін Иса оларға: “Аздап алып, асабаға апарыңдар”,— деді.
Шараптың дәмін татып, оның сапасына таңданған асаба оның кереметтің арқасында дайындалғанын білмеді. Содан, күйеу жігітті шақыртып алып: “Әркім алдымен жақсы шарабын құяды, қонақтар қызып алған кезде оның төмендеу түрін береді. Ал сен ең жақсысын осы уақытқа дейін сақтап қойыпсың”,— деді.
Бұл Исаның бірінші кереметі еді, әрі бұл керемет оның алғашқы шәкірттерінің сенімдерін күшейтті. Осыдан соң Иса шешесі және інілерімен бірге Ғалилея теңізіне жақын жердегі Қапарнаум қаласына кетті. Жохан 2:1—12.
▪ Қанадағы үйлену тойы Исаның қызметінің қай кезеңінде болды?
▪ Неге Иса шешесінің айтқан ұсынысына қарсылық білдірді?
▪ Иса қандай керемет жасады және бұл адамдарға қалай әсер етті?