Бір Бағушы, біртұтас отар
“Сендер де он екі тақта отырып, Исраилдің он екі руына билік жүргізетін боласыңдар” (МАТ. 19:28).
1. Ехоба Ыбырайымның ұрпағына қалай қараған және бұл оның басқа ұлт адамдарын елемегенін білдірді ме?
ЕХОБА Ыбырайымды жақсы көрді, сол себепті оның ұрпағына да айнымас сүйіспеншілік көрсетті. Он бес ғасыр бойы ол Ыбырайымнан тараған Исраил халқына өзінің таңдап алған немесе “жеке иелігіндегі” халқы ретінде қарады (Заңды қайталау 7:6 оқыa). Ехоба басқа ұлт адамдарына да көңіл бөлді ме? Иә, көңіл бөлді. Ол исраилдік еместерге өзінің ерекше халқына қосылып, шынайы ғибадат етулеріне жол берді. Осылайша яһуди дініне кіргендер Құдай халқының бір бөлігі болып есептелді. Исраилдіктер оларға өз бауырларындай қарау керек-тін (Леуі. 19:33, 34). Сондай-ақ кірме халық Ехобаның заңына толық мойынсұнуға тиіс еді (Леуі. 24:22).
2. Иса қандай таңғаларлық жайтты мәлімдеді және бұған қатысты қандай сұрақтарды қарастырамыз?
2 Алайда Иса яһудилерге: “Құдай өз Патшалығын сендерден тартып алып, басқа бір халыққа тапсырмақ! Олар оның өнімін беріп тұратын болады”,— деп таңғаларлық жайтты мәлімдеді (Мат. 21:43). Жаңа халық кімдерден құралмақ еді? Бұл өзгерістің бүгінде бізге қандай қатысы бар?
Жаңа халық
3, 4. а) Елші Петір жаңа халыққа қандай анықтама берді? ә) Жаңа халық кімдерден құралады?
3 Елші Петір жаңа халыққа анықтама беріп, мәсіхшілерге: “Сендер өздеріңді қара түнектен тамаша нұрына шақырған Тәңірдің қасиеттілігі мен ұлы істерін мадақтап жариялауға таңдалған нәсілсіңдер. Патшаның діни қызметкерлері, қасиетті ұлт — Құдайдың меншікті халқы болдыңдар!”— деп жазды (Пет. 1-х. 2:9). Алдын ала айтылғандай, Исаны Мәсіх ретінде қабылдаған яһудилер жаңа халықтың алғашқы мүшелері бола алды (Дан. 9:27а; Мат. 10:6). Бұл халыққа кейінірек исраилдік еместер де қосылды, себебі әрі қарай Петір: “Бір кезде біртұтас халық емес едіңдер, ал қазір Құдайдың халқысыңдар”,— деген (Пет. 1-х. 2:10).
4 Бұл сөздерді Петірдің кімге айтқанын қарастырайық. Хатының басында ол былай деп жазды: “[Құдай] бізге зор мейірім көрсетіп, рухани қайта туғызып, жаңа өмір сыйлады және Иса Мәсіхті өлімнен қайта тірілтуімен бізді сөнбес үмітке кенелтті. Сондықтан да Құдайдың өз халқына сақтаған мол игілігін иемденуімізді күтеміз. Ешқашан шіріп бұзылмайтын, өшіп-солып қалмайтын сол мұраларың сендер үшін көкте дайын тұр” (Пет. 1-х. 1:3, 4). Демек, жаңа халық көкте өмір сүруге үміттенетін майланған мәсіхшілерден құралады. Олар — “Құдайдың рухани Исраил халқы” (Ғал. 6:16). Елші Жохан аянда рухани исраилдіктердің саны 144 000 екенін көрген. Олар — “Құдайға және Тоқтыға бағышталған алғашқы сый-тарту”, әрі “Мәсіхпен бірге мың жыл бойы патша” және “діни қызметкерлер” болатындар (Аян 5:10; 7:4; 14:1, 4; 20:6; Жақ. 1:18).
Исраил тағы кімді бейнелейді?
5. а) “Құдайдың рухани Исраил халқы” деген тіркес кімдерге нұсқайды? ә) Неге “Исраил” деген сөз майланғандарға ғана қатысты емес?
5 Ғалаттықтарға 6:16-дағы “Құдайдың рухани Исраил халқы” деген тіркестің тек майланған мәсіхшілерге қатысты айтылғаны анық. Алайда Ехоба Исраил халқын майланғандарды ғана бейнелеу үшін қолданды ма? Жауабын Исаның адал елшілеріне айтқан сөздерінен табамыз. Ол былай деген: “Әкемнің Мені Патша болуға тағайындағаны сияқты, Мен де сендерді билік жүргізуге тағайындаймын. Менің Патшалығымда дастарқанымнан ішіп-жеп, тақтарыңа отырып, Исраилдің он екі руына билік жүргізетін боласыңдар” (Лұқа 22:28—30). Бұл жайт Мәсіхтің мыңжылдық билігі кезінде ‘әлем жаңарғанда’ орын алады (Матай 19:28 оқы).
6, 7. Матай 19:28 бен Лұқа 22:30-дағы “Исраилдің он екі руы” кімдерді бейнелейді?
6 Патшалықтың мыңжылдық билігі кезінде 144 000 майланған мәсіхші көкте сот, діни қызметкер және патша болады (Аян 20:4). Олар кімді соттайды және кімге билік жүргізеді? Матай 19:28 бен Лұқа 22:30-дан олардың “Исраилдің он екі руына” билік жүргізетінін білеміз. “Исраилдің он екі руы” бұл жазба орындарында кімді бейнелейді? Олар — Исаның құрбандығына сенім артатын, бірақ патша әрі діни қызметкерлер табына жатпайтын жердегі мәңгілік өмірге үміттенетін адамдар (Леуі руы Исраилдің он екі руының тізіміне кірмеген). Олар 144 000 майланған мәсіхшілердің діни қызметінің игілігін көреді. Исраилдің он екі руы ретінде бейнеленгендер діни қызметкерлер тобына жатпаса да, Құдайдың қабыл алған әрі сүйікті халқы болып есептеледі. Сонымен, олардың ежелгі Құдай халқына теңелгені орынды.
7 Осыған орай, елші Жохан 144 000 рухани исраилдіктерге ауыр азаптың алдында біржола таңба салынғанын, сонан соң барлық ұлттан жиналған ‘өте үлкен тобырды’ көрді (Аян 7:9). Бұл үлкен тобыр ауыр азаптан аман өтіп, Исаның мыңжылдық патшалығына кіреді. Оларға миллиардтаған қайта тірілгендер қосылады (Жох. 5:28, 29; Аян 20:13). Солардың бәрі Иса мен 144 000 билеушінің қол астындағы бейнелі “Исраилдің он екі руын” құрайды (Ел. іс. 17:31; 24:15; Аян 20:12).
8. Ұлы кешірім күніндегі құрбандықтар 144 000 майланғандар мен қалған адамзаттың арасындағы байланысты қалай көрсетеді?
8 Ұлы кешірім күні шалынатын құрбандықтар 144 000 майланған мен адамзаттың қалған бөлігінің арасындағы байланысты бейнелейді (Леуі. 16:6—10). Бас діни қызметкер алдымен “өзін және өз үйін” күнәдан тазарту үшін бір өгізді құрбандыққа шалу керек болған. Сол сияқты, Исаның құрбандығының құны алдымен діни қызметкерлер болатын әрі көкте өзімен бірге қызмет ететін үй-ішіндегілерге қолданылады. Сондай-ақ Ұлы кешірім күні діни қызметкерлер руына жатпайтын басқа исраилдіктердің күнәсі үшін екі ешкі құрбандыққа шалынатын. Сонымен діни қызметкерлер руы 144 000 майланғанды, ал басқа исраилдіктер жердегі мәңгі өмірге үміті бар адамзатты бейнелейді. Осы түсінікке сай, Матай 19:28-дегі “Исраилдің он екі руы” деген тіркес Исаның киелі рухпен майланған діни қызметкерлерін емес, оның құрбандығына сенетін барлық адамды бейнелейдіb.
9. Езекиелдің аянындағы діни қызметкерлері мен басқа рудан шыққан исраилдіктер кімді бейнелейді?
9 Тағы бір мысалды қарастырайық. Езекиел пайғамбар Ехобаның ғибадатханасы мен ондағы көп жайттар туралы аян көреді (Езек. 40—48 тарау). Аянда ғибадатханадағы діни қызметкерлері Ехобадан кеңестер мен басшылық алып, халыққа нұсқаулар беріп жатады (Езек. 44:23—31). Сондай-ақ әртүрлі рудан шыққан адамдар ғибадат етуге және құрбандық шалуға келеді (Езек. 45:16, 17). Мұндағы діни қызметкерлері майланғандарды, ал басқа рулардан шыққан исраилдіктер жерде мәңгі өмір сүру үмітіне ие болғандарды бейнелейді. Бұл аян екі топтың бір-бірімен үйлесімді қызметіне және діни қызметкерлері табының таза ғибадатта басшылықты қолға алатынына баса назар аударады.
10, 11. а) Иса айтқан сөздер қалай орындалуда? ә) Басқа қойларға қатысты қандай сұрақ туындайды?
10 Иса майланған мәсіхшілерден тұратын “кішкентай қораға” жатпайтын басқа қойлардың барын айтқан (Жох. 10:16; Лұқа 12:32 сілт.). Ол: “Олар даусымды естіп таниды, сонда барлығы бір-ақ Бағушысы бар біртұтас отар болады”,— деді. Осы сөздердің орындалып жатқанын көру сенімімізді нығайтады емес пе?! Майланғандардың шағын тобы мен басқа қойлардың үлкен тобыры біртұтас халықты құрайды (Зәкәрия 8:23 оқыc). Басқа қойлар бейнелі ішкі аулада қызмет етпесе де, олар ғибадатхананың сыртқы ауласында қызмет ету мәртебесіне ие.
11 Ехоба діни қызметкерлердің руына жатпайтын ежелгі исраилдіктерді басқа қойлар деп бейнелеген болса, Еске алу кешінде жерде мәңгі өмір сүру үміті барлар да рәміздерден дәм татуы керек пе? Қазір осы сұрақтың жауабын қарастырамыз.
Жаңа келісім
12. Ехоба қандай жаңа шара ұйымдастыратынын алдын ала хабарлады?
12 Ехоба өзінің халқына жаңа шара ұйымдастыратынын алдын ала айтып, былай деді: “Сол өткен күндерден соң Исраил әулетімен Мен жасасатын шарт міне... Өз заңымды олардың жан сарайына орнатамын және жүрек түкпірлеріне хаттап жазып қоямын, сөйтіп, олардың Құдайына айналамын, ал олар Менің халқым болады” (Ерм. 31:31—33). Осы жаңа келісімнің арқасында Ехобаның Ыбырайымға берген уәдесі керемет түрде әрі мәңгілікке орындалуы керек-тін (Жаратылыс 22:18 оқы).
13, 14. а) Жаңа келісімге кімдер кіреді? ә) Келісімнің игілігін көретіндер кімдер және олар қалайша жаңа келісімді “берік ұстанады”?
13 Иса өлімге кесілер түні осы жаңа келісімге нұсқап: “Мына тостаған — сендер үшін төгілмек қаныммен бекітілген Жаңа келісім”,— деді (Лұқа 22:20; Қор. 1-х. 11:25). Жаңа келісім барлық мәсіхшілермен жасалды ма? Жоқ. Жаңа келісімге кіретіндер — сол түні тостағаннан ішкен елшілермен қоса, кейбір мәсіхшілер ғанаd. Сондай-ақ Иса олармен Патшалықта бірге билік жүргізуге де келісім жасасты (Лұқа 22:28—30). Олар Исамен Патшалықтағы билікті бөліседі (Лұқа 22:15, 16).
14 Патшалықтың билігі жүретін жер бетінде мәңгі өмір сүретіндер кімдер? Олар — жаңа келісімнің игілігін көретін адамдар (Ғал. 3:8, 9). Жаңа келісімге кірмегенімен, олар оны “берік ұстанады”, яғни оның талаптарына мойынсұнады. Бұл жайлы Ишая мынадай пайғамбарлық айтқан: “Егер басқа ұлт адамдары өздерін Маған ғибадат етіп, Мені сүйіп, қызметшілерім болуға түбегейлі арнаса және демалыс күн ережелерін сақтап, келісімімді берік ұстанса, онда Мен олардың Өзіме бағышталған қасиетті Сион төбесіне келулеріне жол беремін. Маған сиынуға арналған ғибадатханада оларды қуанышқа кенелтемін. Сол басқа ұлттан шыққан сенушілердің Өзімнің құрбандық үстелімде шалып, өртеген құрбандықтарына және өзге де сый-тартуларына риза боламын. Себебі Менің киелі үйім барлық ұлттардың Өзіме сиынатын үйі деп аталатын болады” (Ишая 56:6, 7).
Рәміздерден кім дәм татады?
15, 16. а) Елші Пауыл жаңа келісімді қандай жайттармен байланыстырды? ә) Жердегі мәңгі өмірге үміттенетіндер неге рәміздерден дәм татпайды?
15 Жаңа келісімнің мүшелері ‘еш қысылмастан ең қасиетті орынға кіреді’ (Еврейлерге 10:15—20 оқы). Олар ‘шаңырағы ешқашан шайқалмайтын Патшалықтан үлес алады’ (Евр. 12:28). Олай болса, Иса Мәсіхпен бірге көкте патша және діни қызметкер болатындар ғана жаңа келісімді бейнелейтін “тостағаннан” дәм татуы керек. Сондай-ақ жаңа келісімнің мүшелері Тоқтының үйленетін қалыңдығы болып табылады (Қор. 2-х. 11:2; Аян 21:2, 9). Еске алу кешіне келген басқа адамдардың бәрі рәміздерден дәм татпай, тек болып жатқан жайтты құрметпен бақылайды.
16 Елші Пауыл да жерде мәңгі өмір сүру үмітіне ие болғандардың Еске алу кешінде неге рәміздерден дәм татпайтынын түсінуге көмектеседі. Ол майланған мәсіхшілерге: “Сендер осылай нан жеп, тостағаннан ішкен сайын, Иеміз қайтып келгенше, Оның құрбандық өлімін жариялай бересіңдер”,— деп жазды (Қор. 1-х. 11:26). Иеміз ‘қайтып келетін’ қай кез? Бұл Иеміздің қалыңдық табына жататын соңғы майланған мәсіхшіні көктегі үйіне алып кету үшін келетін кезі (Жох. 14:2, 3). Демек, Иеміздің кешкі асын атап өту мәңгілік жалғаса бермейді. Әйел ұрпағының жерде “қалғандары” көктегі сыйларын алмайынша рәміздерден дәм татуды жалғастыра береді (Аян 12:17 ЖД). Ал егер жерде мәңгі өмір сүретіндер рәміздерден дәм татса, Еске алу кешін мәңгілік бойы атап өту керек болар еді.
“Олар Менің халқыма айналады”
17, 18. Езекиел 37:26, 27-дегі пайғамбарлық қалай орындалды?
17 Ехоба өз халқының бірлігі туралы былай пайғамбарлық етті: “Олармен бейбітшілік шартын жасасамын, бұл олармен жасасқан мәңгілік шартқа айналады. Және де оларды қоныстандырамын да, оларды көбейтемін, сөйтіп, солардың арасына Өзімнің киелі мекенімді [киелі шатырды] мәңгілік орнатамын. Және де Менің киелі мекенім мәңгілік солардың арасында болады, сөйтіп, олардың Құдайы боламын, ал олар Менің халқыма айналады” (Езек. 37:26, 27).
18 Бүгінде Құдайдың халқы осы керемет уәденің, яғни бейбітшілік шартының, игілігін көру мәртебесіне ие болып отыр. Иә, Ехоба барлық мойынсұнғыш қызметшілерінің тыныштықта өмір сүретініне кепілдік береді. Құдай рухының жемісі болып табылатын қасиеттер олардың арасында анық көрініп тұр. Мәсіхшілердің таза ғибадатын бейнелейтін киелі шатыр солардың арасында. Олар пұтқа табынушылықтың барлық түрінен бас тартып, тек қана Ехобаға ғибадат еткендіктен, Құдайдың шынайы халқына айналды.
19, 20. Ехобаның “менің халқым” дегендерге кім кіреді және жаңа келісім қандай баталарға мүмкіндік ашты?
19 Осы екі топтың бірлігінің куәсі болу қандай бақыт! Күн санап өсіп жатқан үлкен тобыр көктегі өмірге үміттенбесе де, осы үмітке ие болғандармен қарым-қатынастарын мақтан тұтады. Олар Құдайдың рухани Исраил халқының қатарына қосылды. Сондықтан олар Ехоба “менің халқым” дейтіндердің ортасынан табылды. Осылайша келесі пайғамбарлық орындалды: “Көптеген халықтар Жаратушы Иені табады да, Менің халқым болады: Мен сенің ортаңнан барып орын аламын” (Зәк. 2:11; 8:21; Ишая 65:22; Аян 21:3, 4 оқы).
20 Жоғарыда айтылған мүмкіндіктердің бәріне Ехоба жаңа келісім арқылы жол ашып отыр. Түрлі халықтан жиналған миллиондаған адам Ехоба жарылқаған халыққа айналды (Миха 4:1—5). Олар жаңа келісімнің талаптарына мойынсұну арқылы оны берік ұстана беруге бел буған (Ишая 56:6, 7). Сондықтан олар Құдайдың рухани Исраил халқымен бірге тыныштыққа кенеліп, мәңгілік батаға ие болды. Осы баталарды қазір де, мәңгілік бойы да көре беріңдер!
[Сілтемелер]
a Заңды қайталау 7:6: “Өйткені сен Жаратушы Иенің, өз Құдайыңның қасиетті халқысың; Жаратушы Ие, өз Құдайың сені жер бетінде тұрып жатқан барлық халықтардың арасынан Оның жеке иелігіндегі халқы болуларың үшін таңдап алған болатын”.
b Сол сияқты, “қауым” деген сөз негізінен майланған мәсіхшілерге қатысты айтылады (Евр. 12:23). Алайда бұл сөз басқа мағынада, яғни көктегі және жердегі өмірге үміті бар барлық мәсіхшілерге қатысты қолданыла береді (“Күзет мұнарасының” 2007 жыл 1 мамыр санының 9—14 беттерін қара).
c Зәкәрия 8:23: “Жаратушы Ие Саваоф айтады: сол күндері былай болады: әр тілді халықтардан он адам жиналып, Иудеяның етегіне жармасып: — Біз сенімен бірге барамыз, өйткені біз Құдай сендер жағында екенін естідік,— деседі”.
d Иса бұл келісімге кірмейді, өйткені ол оның Келістірушісі. Сол себепті ол рәміздерден дәм татпаған болса керек.
Қалай жауап берер едіңдер?
• 144 000 билеушінің қол астындағы бейнелі “Исраилдің он екі руын” кім құрайды?
• Майланғандардың және басқа қойлардың жаңа келісімге қандай қатысы бар?
• Еске алу кешінде рәміздерден мәсіхшілердің бәрі дәм тата ма?
• Біздің уақытымызда қандай бірліктің орын алатыны алдын ала айтылған?
[25-беттегі график/суреттер]
(Толық мәтінді басылымнан қара)
Бүгінде миллиондаған адам Құдайдың рухани Исраил халқымен бірге қызмет етуде
7 313 173
4 017 213
1 483 430
373 430
1950 1970 1990 2009