90-тарау
Қайта тірілуге деген үміт
ИСА Иерусалимнен үш шақырымдай жердегі Бетания ауылына жақындады. Елазардың өліп, қабірге қойылғанына бірнеше күн болған. Оның бауырлары Мәриям мен Марта қайғы үстінде және де көптеген адамдар оларға көңіл айтуға келіп жатыр.
Апалы-сіңлілер жылап отырғанда, әлдекім Мартаға Исаның келгендігін хабарлады. Марта асыға үйінен шықты. Ол сіңлісіне ештеңе айтпай кеткен болса керек. Исаның алдынан шығып, ол: “Ием, Сіз осында болсаңыз, бауырым өлмес еді”,— деді. Бәлкім, бұл сөзді олар соңғы төрт күнде әлденеше рет қайталаған болса керек.
Ағасына септігі тиетіндігіне сенімін білдіріп, Марта Исаға:
— Бірақ не сұрасаңыз да, Құдайдың оны қазір де Сізге беретінін білемін,— деді.
— Бауырың қайта тіріледі,— деп жауап берді Иса.
Иса келешекте болатын Ыбырайым және өзге де Құдайдың қызметшілері күткен қайта тірілу туралы айтып тұр екен деп ойлап, Марта:
— Ақырғы күнгі қайта тірілуде, оның да тірілетінін білемін,— деді.
Алайда Исаның “Қайта тірілу мен шынайы өмір — Менмін” деген жауабы оның қазір көмектесетіндігіне үміт береді. Ол Құдайдың өзіне өлімнің де үстінен билік бергендігін Мартаға ескертіп: “Маған сенім білдіретін адам өлсе де, тіріледі; Осылай өмір сүріп, Маған сенім білдірген әрбір адам ешқашан да... өлмейді”,— деді.
Иса бұл жерде сол кездегі Құдайға сенетін адамдар ешқашан өлмейді деп отырған жоқ. Ол Мартаға өзіне деген сенімнің мәңгілік өмір беретіндігін көрсетіп отыр. Адамдардың көпшілігі бұл өмірге ақырғы күнгі қайта тірілудің нәтижесінде ие болады. Дегенмен жер бетіндегі осы зұлым дүниенің соңы келгенде аман қалатындар да болып, олар үшін Исаның сөздері тура мағынасында орындалады. Олар ешқашан өлмейді! Осындай таңғаларлық сөздерді айтып, Иса Мартаға:
— Бұған сенесің бе? — деп сұрады.
— Иә, Ием,— деп жауап берді Марта.— Сіздің пайғамбарлар дүниеге келеді деп алдын ала айтқан Мәсіх, Құдайдың рухани Ұлы, екеніңізге сенемін.
Ол Мәриямды шақыру үшін асығыс оралды да, қасына барып өзіне ғана естірте:
— Ұстаз осында, сені шақырып жатыр,— деді.
Осыны естісімен Мәриям далаға атып шықты. Мұны көргендер оны қабірдің басына кетті деп ойлап, соңынан ере шықты.
Мәриям Исаға келіп, оның аяғына жығыла:
— Ием, Сіз осында болсаңыз, бауырым өлмес еді,— деп жылады.
Иса Мәриям мен оған ергендердің жоқтау айтқанын көргенде, іштей қатты қайғырып, толқып кетті. Олардан:
— Оны қай қабірге қойдыңдар? — деп сұрады.
— Иеміз, келіп көріңіз,— деді олар.
Иса да көзіне жас алды. Мұны көрген яһудилер: “Қараңдар, Ол Елазарды қалай жақсы көрген!” — десті.
Кейбіреулері Исаның осыдан бірнеше ай бұрын, “Шыбық күрке” мейрамы кезінде, зағип болып туылған жас жігітті сауықтырғанын естеріне түсіріп: “Соқырдың көзін ашқан Ол ананы да ажалдан арашалап алып қала алмас па еді?” — деді. Жохан 5:21; 6:40; 9:1—7; 11:17—37.
▪ Иса Бетанияға қай кезде келді және онда қандай оқиға болды?
▪ Мартаның қайта тірілуге сенуіне қандай себептер бар?
▪ Елазардың өлімі Исаға қалай әсер етті?