91-тарау
Елазардың қайта тірілуі
ИСА жанындағы адамдармен бірге Елазардың қабіріне келді. Дәлірек айтсақ, бұл — аузы таспен жабылған үңгір. “Тасты алып тастаңдар!” — деп бұйырды Иса.
Марта Исаның не істейін деп жатқанын әлі де түсінбей: “Ием, ол иістеніп барады, жатқанына төрт күн болды”,— деп қарсылық білдірді.
Иса оған: “Егер Маған сенсең, Құдайдың құдіретті ұлылығын көресің деп саған айтпап па едім?” — деді.
Сонда олар тасты үңгірдің аузынан алып тастады. Иса көзін көкке қадап, былай деп дұға етті: “Әке, тілегімді қабыл алғаның үшін Саған ризамын! Тілегімді ылғи қабыл алатыныңды білемін. Алайда айнала қаумалаған жұрт Мені өзіңнің жібергеніңе сенсін деп мұны айтып тұрмын”. Иса өзінің кереметін Құдайдың күшінің арқасында істейтінін адамдар білсін деген ниетпен дұғасын дауыстап айтты. Кейін қатты дауыстап: “Елазар, шық!” — деп бұйырды.
Сонда Елазар қабірден шықты. Оның қол-аяғы кебінге оралып, бет-аузы да орамалмен байланған. Иса: “Кебінін шешіп жіберіңдер, жүре берсін”,— деді.
Марта мен Мәриямға көңіл айтуға келген яһудилердің көбісі Исаның керемет ісін көріп, Оған сене бастады. Ал кейбіреулері болған жағдайды парызшылдарға жеткізуге кетті. Парызшылдар мен бас діни қызметкерлер тез арада Жоғарғы кеңестің мәжілісін шақырды.
Жоғарғы кеңестің құрамына сол кездегі діни қызметкер болған Қаяфа, сондай-ақ парызшылдар, саддукейлер, басты діни қызметкерлер мен бұрынғы діни қызметкерлер кіреді. Олар: “Біз не істейміз? Мына Кісі көп кереметтер жасап жүр. Оны осылай қалдырсақ, бәрі Соған сенетін болады. Сонда римдіктер келіп, киелі үйіміз бен ұлтымызды біздің қолымыздан тартып алып жүрер!” — десті.
Дінбасылары Исаның ‘көп керметтер жасап жүргенін’ мойындағандарымен, өздерінің дәрежесі мен билігін қалай сақтап қалуды уайымдап жүр. Елазардың қайта тірілгені әсіресе саддукейлер үшін қатты соққы болды. Өйткені олар қайта тірілуге сенбейді.
Қаяфа, саддукей болса керек, сөз алып былай деді: “Сендер түк білмейсіңдер ме? Бүкіл ұлтымыздың құрып кетуінен гөрі, бізге халық үшін бір Адамның өлгенінің жақсы екенін ойламайсыңдар ма?”
Оған бұл сөздерді Құдай айтқызды, себебі кейінірек елші Жохан: “Бұл сөзді ол өздігінен айтқан жоқ”,— деп жазды. Шын мәнінде Қаяфа өздерінің беделі мен билігіне зиян келтірмеуі үшін Исаны өлтіру керек деп айтқысы келген еді. Алайда Жоханның айтуынша, Иса “Исраил халқы үшін ғана емес, сондай-ақ жер жүзіне таралған басқа халықтардың енді Құдайдың рухани балалары болғандары үшін де” өлуге тиісті. Шынында да, Құдай Ұлының бүкіл адамзаттың азаттық төлемін төлеу үшін өлетіндігі — Құдайдың еркі.
Қаяфаның ықпалымен Жоғарғы кеңес Исаны өлтіру туралы шешім қабылдады. Иса бұл жөнінде өзіне достық сыңаймен қарайтын Жоғарғы кеңестің мүшесі Нікөдемнен білді де, ол жерден кетіп қалды. Жохан 11:38—54.
▪ Неліктен Елазарды қайта тірілтер алдында Иса дауыстап дұға айтты?
▪ Қайта тірілуді өз көздерімен көргендерге ол қалай әсер етті?
▪ Жоғарғы кеңес мүшелерінің зұлым пиғылдары неден көрінді?
▪ Қаяфаның не айтқысы келді, бірақ Құдай ол арқылы пайғамбарлығын қалай жеткізді?