101-тарау
Бетанияда Шимонның үйінде
ИСА Иерихоннан Бетанияға аттанды. Жол жарты күннен аса уақытты алады. Себебі он тоғыз шақырымдай жерді үнемі жоғары өрлеп жүріп өту керек. Иерихон теңіз деңгейінен шамамен екі жүз елу метрдей төмен, ал Бетания жеті жүз алпыс метр жоғары орналасқан. Бетанияда Елазар мен оның екі бауыры тұратындығы, мүмкін, сенің есіңде шығар. Бұл шағын ауыл Зәйтүн тауының шығыс баурайында, Иерусалимнен шамамен үш шақырымдай жерде орналасқан.
Иерусалимге Құтқарылу мейрамына көптеген адамдар жиналған. Бұл адамдар мейрам алдындағы діни тазару салтын орындау үшін ертерек келген. Бәлкім, олар өлі денені ұстап немесе басқа да бір себептермен арамдалған болса керек. Сондықтан да Құтқарылу мейрамын тойлай алулары үшін, олар тазару салтын орындады. Осы ғибадатханаға жиналған адамдардың көпшілігі мейрамға Иса келер ме екен деген ойда.
Иерусалим Иса туралы айтыстың негізгі ошағына айналған. Дінбасыларының оны ұстап алып, өлтірмекші болып отырғанын бәрі де біледі. Олар тіпті Исаның тоқтаған жерін білген адам келіп хабарласын деп жарлық шығарып қойған. Соңғы үш айда бұл басшылар оны өлтірмек болып үш рет әрекеттенген еді: Шыбық күрке мейрамы кезінде, Киелі үй мейрамында және Елазарды қайта тірілткеннен кейін. Сондықтан бәрін қызықтыратын мәселе: Иса халық алдына ашық шыға ма екен? Олар: “Қалай ойлайсыңдар?” — деп бір-бірінен сұрасуда.
Яһудилердің күнтізбесіне сәйкес Құтқарылу мейрамы он төртінші нисанда аталып өтеді. Иса Бетанияға мейрамнан алты күн бұрын, жұма күні кешкісін, яғни сегізінші нисан басталар алдында келді. Ол Бетанияға сенбі күні жүріп кете алмайды, себебі яһудилердің заңы діни демалыс күні — жұма күнгі күннің батысынан сенбі күні күн батқанға дейін — жол жүруге тыйым салады. Иса, шамасы, бұрынғысындай Елазардың үйіне барып, жұмадан сенбіге қараған түні сол жерде түнеді.
Сенбі күні Иса мен серіктерін Шимон деген Бетанияның басқа бір тұрғыны кешкі асқа шақырды. Бұл кісі бұрын алапеспен ауырған, Иса айықтырған адам болса керек. Марта өзіне тән қамқорлықпен қонақтарға қызмет көрсетуде. Ал Мәриям болса, әдеті бойынша бар ықыласын Исаға аударды. Алайда оның бұл жолғы іс-әрекеті дау тудырды.
Мәриям ішінде жарты килограмға жуық таза нард өсімдігінен жасалған иісмайы бар мөлдір тас құтысын ашты. Бұл иісмай өте құнды. Оның құны бір жылдық жалақыға тең. Мәриям иісмайды Исаның басына және аяқтарына құйып, оны шашымен сүрткен кезде, үйдің іші жұпар иіске толды.
Мұны көрген шәкірттері наразылық білдіріп: “Мұндай ысыраптың қажеті қанша?” — деді. Сонда Яһуда Исқариот: “Оны бір жылдық жалақыдан да көп ақшаға сатып, түскен ақшаны мүсәпірлерге үлестіруге болатын еді ғой!” — деді. Алайда шын мәнісінде Яһуда кедейлердің жағдайын ойлап тұрған жоқ, өйткені ол өзінің қолындағы шәкірттердің ортақ қаржы салатын әмиянындағы ақшаға қол сұғып жүрген.
Иса Мәриямды қорғап: “Бұл кісіге тимеңдер! — деп бұйырды.— Оны неге мазалайсыңдар? Ол Маған ерекше жақсылық жасады. Мүсәпірлер әрдайым қастарыңда ғой, оларға қалаған кезде қайырым көрсете аласыңдар. Ал Мен ұдайы қастарыңда бола бермеймін. Бұл әйел қолынан келгенін істеп, Менің денеме қабірге қоярдағы майлау салтын алдын ала орындады. Сендерге шын айтамын: қай жерде болмасын бүкіл дүние жүзінде осы Ізгі хабар уағыздалғанда бұл әйелді де еске алып, істегенін айтатын болады”.
Исаның Бетанияда болғанына екінші күн, әрі оның осында екендігі туралы хабар барлық жерге тарады. Сондықтан көптеген адамдар Исаны және сол жерде отырған Елазарды көру үшін Шимонның үйіне келді. Иса тірілткен адамды өз көздерімен көргендер Оған сене бастағандықтан, басты діни қызметкерлер тек Исаны ғана емес, Елазарды да өлтіруді шешті. Бұл діни басшылар неткен зұлым еді! Жохан 11:55—12:11; Матай 26:6—13; Марқа 14:3—9; Елшілердің істері 1:12.
▪ Иерусалимде ғибадатханада қандай пікірталас болуда және неліктен?
▪ Неліктен Иса Бетанияға сенбі емес, жұма күні келді?
▪ Иса Бетанияда діни демалыс күнін қай жерде өткізген болуы мүмкін?
▪ Мәриямның қандай ісі дау тудырды және Иса оны қалай қорғады?
▪ Басты діни қызметкерлердің өшпенділігі неден көрінеді?