104-тарау
Құдайдың даусының үшінші рет естілуі
ҒИБАДАТХАНАДА болған кезінде Иса өлімінің таяп қалғанын ойлап, мазасы кетті. Бәрінен де бұрын оны қатты мазалайтыны — өлімінің Әкесінің ұлылығына қалай әсер ететіндігі, сондықтан да ол дұғада: “Әке, атыңды ұлылыққа жеткізе гөр!” — деп сұрады.
Сонда көктен: “Мен оны ұлылыққа жеткіздім және одан әрі де жеткізе беремін”,— деп жар салған қатты дауыс естілді.
Исаны қоршап тұрған халық абдырап қалды. Біреулері: “Оған бір періште тіл қатқан шығар”,— десе, ал басқалары күн күркіреді деді. Алайда бұл шын мәнісінде, Ехоба Құдайдың даусы! Исаның қызметінің барысында адамдар Құдайдың даусын бірінші рет естіп тұрған жоқ.
Осыдан үш жарым жыл бұрын, Иса шомылдыру рәсімінен өткен кезінде, шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия Құдайдың ол туралы: “Бұл Менің сүйікті рухани Ұлым, Оған толықтай ризамын!” — деген даусын естіген болатын. Осыдан бір жыл бұрын, Құтқарылу мейрамынан кейін көп ұзамай, Исаның түрінің өзгеруінің куәсі болған Жақып, Жохан және Петір Құдайдың: “Бұл — Менің сүйікті рухани Ұлым, Оған ризамын. Оны тыңдаңдар!” — деп жариялағанын естіген еді. Қазір де, яғни оныншы нисан күні, Исаның өлімінен төрт күн бұрын, жұрт Құдайдың даусын тағы да естіді. Алайда бұл жолы Ехобаның даусын көп адам ести алды!
Иса: “Көктегі үн Мен үшін емес, сендер үшін естілді”,— деп түсіндірді. Дауыстың бұл айтқандары Исаның шын мәнінде Құдайдың Ұлы, уәде етілген Мәсіх екенін дәлелдейді. “Енді осы күнәкар дүние сотталады! — деп жалғастырды Иса.— Енді осы дүниенің әміршісі қуылады”. Өзінің адал өмір сүруімен Иса осы дүниенің әміршісі Шайтан Ібілістің ‘қуылуға’, яғни өлуге, лайық екендігін дәлелдеді.
Иса өзінің өлімінің арқасында неге қол жететінін былай көрсетті: “Ал Мені айқышқа көтеріп қойғаннан [“жерден көтеріп қойғаннан”, ЖД] кейін, адамдардың бәрін Өзім арқылы құтқарылуға шақырамын”. Исаның өлімі ешқандай да жеңіліс емес, қайта ол осының арқасында мәңгі өмір сүре алулары үшін басқаларды өзіне жақындатады.
Ал жиналған жұрт: — Таурат заңынан біз “Мәсіх мәңгі өмір сүреді” деп үйрендік. Қалайша көктен келген Билеушіні айқышқа көтеріп қою [“жерден көтеріп қою”, ЖД] керек дейсіз? Сіз айтып тұрған “көктен келген Билеуші” кім? — деп наразылық білдірді.
Барлық дәлелдерге қарамастан, соның ішінде олардың Құдайдың даусын естігендері де бар, адамдардың көпшілігі Исаның нағыз Билеуші, уәде етілген Мәсіх екендігіне сенбеді. Әйтсе де, осыдан жарты жыл бұрынғы Шыбық күрке мейрамы кезіндегідей, Иса өзін тағы да “Нұр” деп атап, тыңдаушыларын былай деп жігерлендірді: — Қастарыңда “Нұр” барда Соған сеніңдер, сонда “Нұрдың адамдары” боласыңдар. Өміріне қауіп төніп тұрғанын байқаған болса керек, осыны айтқаннан кейін Иса тасаланып кетіп қалды.
Яһудилер Исаға сенбеді, осылайша көздері соқыр, жүректері қасарысқан сезімсіз, сондай-ақ рухани дерттен сауығу үшін теріс жолдарынан қайтпайтын халық жөніндегі Ишаяның пайғамбарлығы орындалды. Ишая Ехобаның көктегі киелі үйі туралы аян көргенде, Ехобаны және салтанатты ұлылыққа кенелген, жерге адам болып келгенге дейінгі Исаны көрген. Бірақ, Ишая алдын ала айтып кеткендей, яһудилер қасарысып Исаның уәде етілген Құтқарушы екендігінің дәлелдерін мойындамады.
Ал екінші жағынан, көптеген адамдар, сондай-ақ тіпті басшылардың кейбіреулері де (жоғарғы кеңестің мүшелері болса керек), Исаға сенді. Мұндай басшылардың екеуі — Нікөдем мен Ариматеядан шыққан Жүсіп. Алайда олар сол кезде өздерінің сенімдері туралы ашық айтпады, себебі мәжілісханадағы өздерінің беделінен айырылып қалудан қорықты. Олар қанша нәрседен құр қалады десеңші!
Иса әрі қарай жалғастырып: “Маған сенген кісі Өзіме ғана емес, Мені Жібергенге де сенеді. Мені көрген кісі Мені Жібергенді де көреді... Кім хабарымды естіп, оны ұстанбаса, ондайды қазір соттап жатпаймын; Мен адамзатты соттау үшін емес, құтқару үшін дүниеге келдім... Мен білдірген хабар оларды қиямет күні айыптайтын болады”,— деді.
Ехобаның адамзатқа деген сүйіспеншілігі өзіне сенушілерді құтқару үшін Исаны жерге жіберуіне түрткі болды. Бірақ та адамдардың құтқарылуы — олардың Құдайдың Иса арқылы айтқан сөздерін қаншалықты орындайтындығына байланысты. Сот “соңғы күні”, яғни Мәсіхтің мыңжылдық Патшалығы кезінде болады.
Иса соңында: “Себебі Мен өздігімнен айтқан жоқпын, нені және қалай айтуға тиісті екенімді Мені жіберген Әкем Маған тапсырды. Ол Маған тапсырған сөздердің мәңгілік өмір сыйлайтынын білемін. Мен не айтсам да, Әкемнің тапсырғанындай айтамын”,— деп аяқтады. Жохан 12:28—50; 19:38, 39; Матай 3:17; 17:5; Ишая 6:1, 8—10.
▪ Исаның қызметінің барысында қандай үш жағдайда Құдайдың даусы естілді?
▪ Ишая пайғамбар қалайша Исаның ұлылығын көрген?
▪ Басшылардың ішінде кімдер Исаға сенді және неліктен олар сенімдерін ашық көрсетпеді?
▪ “Соңғы күн” дегеніміз қай уақыт және ол кезде адамдарды соттауға не негіз болады?