116-тарау
Елшілерін өзінің кетуіне дайындауы
ЕСКЕ алу кешінің асы бітті, бірақ Иса мен елшілері әлі жоғарғы бөлмеде отыр. Исаның олардың қасынан кететін уақыты таяп қалды, әйтсе де оның оларға айтары әлі де көп. “Көңілдерің толқымасын! — деді Иса оларды жұбатып,— Құдайға сеніңдер”. Сонан соң: “Маған да сеніңдер!” — деп қосты.
“Көктегі Әкемнің үйінде тұратын орын көп,— деп жалғастырды Иса.— Енді сол жерден сендер үшін орын дайындауға бара жатырмын... Өзім болатын жерде сендерді де болсын деп қасыма алып кетемін. Қайда бара жатқанымды да, сонда апаратын жолды да білесіңдер”. Елшілері Иса өзінің көкке кететіндігі жөнінде айтып тұрғанын түсінбеді, сондықтан Тома: “Ием, қайда бара жатқаныңызды білмейміз. Онда біз жолды қалай білеміз?” — деп сұрады.
“Жол, шындық және шынайы өмір Менмін”,— деп жауап берді Иса. Иә, Исаны қабылдап, оның өмір салтына еліктеген жағдайда ғана адамдар Әкенің көктегі үйіне кіре алады. Сол себепті Иса: “Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге бара алмайды”,— деді.
“Мырзам, бізге Әкені көрсетіңіз, бізге сол да жеткілікті”,— деп өтінді Філіп. Філіп Исаның Құдайды ертедегі Мұса, Ілияс, Ишая пайғамбарлар сияқты аянда көрсеткенін қаласа керек. Ал шын мәнінде, елшілері мұндай аяндардан да артық нәрсеге ие еді. “Мен көптен бері қастарыңдамын, сонда да Мені шынымен білген жоқсың ба, Філіп? Кім Мені көрсе, соның Әкені де көргені”,— деді сонда Иса.
Иса Әкесінің қасиеттерін дәл қайталайтыны сонша, Исамен бірге өмір сүріп, оны танып-білу — Әкені көргенмен бірдей. Алайда әкесі ұлынан жоғары, Иса мұны мойындайды да. Ол: “Сендерге айтып жүрген сөзім Өзімдікі емес, Әкемдікі”,— деген болатын. Иса өзінің уағыздап жүрген тәлімдеріне деген құрметтің бәрін тиісті иесіне, яғни Әкесіне таңды.
Исаның: “Мен жасаған кереметтер сияқтыларды Маған сенуші де істейді, тіпті одан да зорларын істейді”,— деген сөздері елшілерін қалай жігерлендірді десеңші! Бұл жерде Иса ізбасарлары өзінен де үлкен кереметтер жасайды дегісі келген жоқ-тын. Ол шәкірттерінің қызметі ұзағырақ, уағыздайтын аумағы үлкенірек, тыңдайтын адамдары да көбірек болатынын айтып отыр.
Иса кеткеннен кейін де шәкірттерін тастамайды. Ол: “Менің атымнан Әкемнен не сұрасаңдар да, орындаймын”,— деп уәде етті. Сонымен қатар Иса оларға: “Мен көктегі Әкемнен сендермен мәңгі бірге болатын Қамқоршыны [“көмекшіні”, ЖД] жіберуін өтінемін”,— деді. Кейінірек, көкке көтерілген соң, Иса өзінің шәкірттеріне киелі рухты, өзі айтқан көмекшіні, жіберді. Исаның кететін уақыты таяп қалды, ол: “Енді аз уақыт қалды, содан кейін осы күнәкар дүние Мені көрмейді”,— деді. Иса адамның көзіне көрінбейтін рухани тұлға болады. Ол елшілеріне: “Ал сендер Мені көресіңдер. Мен қайта тірілемін, сондықтан сендер де мәңгілік өмірге ие боласыңдар”,— деп тағы да уәде етті. Иә, қайта тірілгеннен кейін Иса оларға тек қана адам кейпінде көрініп қоймайды, уақыты келгенде, өзімен бірге көкте рухани жаратылыс ретінде өмір сүрулері үшін оларды қайта тірілтеді.
Содан кейін Иса оларға: “Өсиеттерімді көңілдеріне сақтап, орындап жүргендер — Мені сүйетіндер. Оларды Әкем де сүйеді. Мен де соларды сүйіп, Өзімді оларға жақынырақ таныстырамын”,— деген қарапайым ереже берді.
Мұны естіп, Тадей деп те аталатын елші Яһуда оның сөзін бөліп: “Мырзам, Сіз қалайша осы дүниеге емес, тек бізге ғана Өзіңізді таныстырмақсыз?” — деп сұрады.
Иса: “Кім Мені сүйсе, айтқандарымды берік ұстанады және Әкем оны сүйеді... Мені сүймегендер сөздерімді берік ұстанбайды”,— деп жауап берді. Исаның тіл алғыш ізбасарларынан осы дүниедегілердің ерекшелігі: олар оның тәлімдеріне мән бермеді. Сондықтан да Иса оларға өзін таныстырмады.
Жердегі қызметінің барысында Иса елшілерін көп нәрсеге үйреткен болатын. Мұның бәрін олар қалай естеріне түсірмек, оның үстіне әлі де түсінбейтіндері көп емес пе? Қуанышқа орай, Иса оларға: “Ал Әкем Менің атымнан Қамқоршыларың [“көмекшілерің”, ЖД] — Киелі Рухты жібереді. Ол Менің сендерге айтқан сөздерімнің бәрін естеріңе салып, рухани өмірлеріңе керектің бәрін үйретеді”,— деп уәде етті.
Иса: “Мен сендерге амандық пен тыныштық сыйлаймын... сондықтан көңілдерің қобалжып, қорықпаңдар”,— деп оларды тағы да жұбатты. Исаның кететіндігі рас, бірақ ол былай деді: “Егер Мені шын көңілмен сүйсеңдер, Әкеме барып, құрметке бөленетініме қуанар едіңдер; себебі Әкем Менен ұлы”.
Жақын арада Иса елшілерін тастап кетеді. “Енді сендерге көп айтпақ емеспін,— деді ол.— Осы күнәкар дүниенің әміршісі... жақындап келе жатыр”. Күнәкар дүниенің әміршісі — Яһуданың бойын билеп алған Шайтан Ібіліс. Алайда Исаның бойында Шайтан оны Құдайға қызмет етуден тайдыратындай күнәкар әлсіздігі болмаған.
Тығыз қарым-қатынаста болу
Еске алу кешінен кейін Иса елшілерімен іш тарта әңгімелесіп, оларды сергітті. Түн ортасы ауған кез болуы мүмкін. Сондықтан Иса: “Енді тұрыңдар, бұл жерден кетейік”,— деді. Алайда үйден шығар кезде, шәкірттерін қатты жақсы көрген Иса жігерлендіретін көрнекі мысал айтып берді.
“Мен “шынайы жүзім бұтасымын”, ал Әкем “жүзім өсіруші”,— деп бастады ол әңгімесін. Ұлы Жүзім өсіруші Ехоба Құдай бейнелі түрдегі жүзім бұтасын б. з. 29 жылының күзінде Исаны шомылдыру рәсімі кезінде киелі рухпен майлағанда отырғызған болатын. Бірақ бұтаның тек өзін ғана бейнелемейтіндігін Иса былайша көрсетті: “Маған ілінген, бірақ рухани жеміс бермейтін әр “сабақты” Әкем кесіп тастайды, ал өнім беретіндерін молырақ берсін деп тазартады... Сабақ өздігінен емес, бұтасымен байланыста тұрса ғана жеміс бере алады. Сол секілді сендер де Менімен тығыз байланыста тұрмасаңдар, рухани өнім бере алмайсыңдар. Мен “бұтамын”, ал сендер “сабақтарымсыңдар”.
Елшілері мен басқа да шәкірттері 51 күннен кейін, яғни Алғашқы өнім мейрамында киелі рух қонған кезде бұтаның сабақтары болады. Ең соңында 144 000 адам бейнелі жүзім бұтағының сабақтары болады. Олар діңімен, яғни Иса Мәсіхпен, бірге Құдай Патшалығының өнімін беретін бейнелі жүзім бұтасын құрайды.
Иса мұндай өнімді ненің арқасында бере алатындықтарын түсіндіріп: “Менімен тығыз байланыстағылармен Өзім де тығыз байланыста тұрамын, сонда олар мол өнім бермек. Ал Менен бөлініп сендер ешбір игілік істей алмайсыңдар”,— деді. Егер кімде-кім өнім бермесе, онда ол Иса айтқандай, “кесіліп тасталған сабақтар іспетті “сыртқа лақтырылып, кеуіп қалады”. Кепкен сабақтар кейін жиналып, отқа жағылып, жанып кетеді”. Екінші жағынан, Иса: “Ал егер сендер Менімен тығыз байланыста тұрсаңдар, әрі сөздерім өздеріңмен болса, қалағандарыңның бәрін көктегі Әкемнен сұраңдар, сонда аласыңдар”,— деп уәде етті.
Әрі қарай ол елшілеріне: “Мол жеміс берсеңдер, Менің шәкірттерім боласыңдар, сол арқылы Әкемнің ұлылығы анық көрінеді”,— деді. Құдайдың сабақтардан күтетін өнімі — олардың Мәсіх танытқандай қасиеттерді, әсіресе сүйіспеншілікті, танытуы. Бұдан басқа, Иса Құдай Патшалығының жариялаушысы болғандықтан, олардың шәкірт дайындау істері де өнімге жатады.
“Сүйіспеншілігімді қабылдай беріңдер!” — деп шақырды Иса елшілерін. Мұны олар қалай істеуі мүмкін? “Менің Әкемнің өсиеттерін орындап, сүйіспеншілігін қабылдап жүргенімдей, сендер де Менің өсиеттерімді орындасаңдар, сүйіспеншілігімді қабылдап жүресіңдер”,— деді Иса. Сонан соң ол: “Сендерге айтатын өсиетім мынау: бір-біріңді Менің өздеріңді сүйгенімдей сүйіңдер! Адамның достарына көрсететін ең зор сүйіспеншілігі — олар үшін өмірін құрбан етуі”,— деп түсіндірді.
Бірнеше сағаттан кейін, Иса елшілері мен өзіне сенім білдіретіндер үшін өмірін қию арқылы осы мінсіз сүйіспеншіліктің үлгісін көрсетті. Исаның үлгісі елшілерін бір-біріне деген жанқиярлық сүйіспеншілікті дамытуға талпындыруы керек. Дәл осы сүйіспеншілік арқылы оларды тануға болады, себебі Иса бұрынырақта: “Менің шәкірттерім екендіктеріңді елдің бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады”,— деген еді.
Енді Иса: “Егер Менің тапсырғандарымды орындасаңдар, Маған доссыңдар. Сендерді бұдан былай құл демеймін, құл иесінің не істеп жүргенін білмейді. Қайта, сендерді достарым деп атадым, өйткені Әкемнен естігендерімнің бәрін сендерге білдірдім”,— деп кімді өзінің достары деп есептейтінін көрсетті.
Исамен жақын дос болу — қаншалықты баға жетпес қарым-қатынас десеңші! Алайда мұндай қарым-қатынастан әрі қарай да қуаныш таба білулері үшін, Исаның шәкірттері “өнім берулері” керек. Егерде олар осылай етсе, Исаның “Менің атымнан не сұрасаңдар, Әкем соның бәрін де береді” деп айтқаны орындалады. Бұл — Патшалықтың өнімін беретіндер үшін теңдесі жоқ сый екендігі сөзсіз! Елшілерін ‘бір-бірін сүюге’ тағы да шақыра отырып, Иса осы дүниенің оларды жек көретінін айтты. Бірақ оларды: “Күнәкар дүние сендерді жек көрсе, оның сендерден бұрын Мені жек көргенін біліңдер”,— деп жұбатты. Кейін ол күнәкар дүниенің неліктен жек көретінін түсіндіріп: “Осы дүниелік емессіңдер, керісінше, Мен сендерді күнәкар дүниенің ішінен таңдап, айырып алдым. Сондықтан да ол сендерді жек көреді”,— деді.
Иса осы дүниенің жек көруінің себебін тереңірек ашып, былай деді: “Осының бәрін Менің атымды мойындағандарың үшін сендерге істейді; себебі олар Мені Жібергенді танымайды”. Исаның жасаған кереметтері, негізінде, өзін жек көрушілерді айыптайды, себебі Иса: “Егер Мен басқа ешкім жасамаған кереметтерімді араларыңда жасамаған болсам, олар айыпты болмас еді. Бірақ олар кереметтерімді көргенімен Өзімді де, Әкемді де жек көреді”,— деген. Осылайша, Иса айтқандай, “Олар мені себепсіз жек көрді” деген пайғамбарлық орындалды.
Ілгеріде айтқанындай, Иса елшілеріне көмекшіні — киелі рухты, немесе Құдайдың әрекет етуші күшін, жіберуді уәде етіп, оларды жұбатты. “Сол Киелі Рух Әкемнен келіп, Мен туралы куәлік береді. Сендер де куәлік бересіңдер”,— деді ол.
Кетер алдында берген өсиеттері
Иса мен елшілері жоғары бөлмеден шықпақшы. Иса: “Сендерге осының бәрін Маған деген сенімдеріңнен таймауларың үшін айттым”,— деді. Содан кейін оларға өте маңызды нәрсені ескертті: “Діндар яһудилер сендерді қауымдарынан шығарып жіберетін болады. Тіпті көздеріңді құртатын әркім Құдайға қызмет көрсетіп жатырмын деп ойлайтын күн де туады”.
Бұл ескерту елшілерді қатты мазаласа керек. Иса бұдан бұрын да осы дүниенің жек көретінін айтса да, оларды өлтіретіндігін бұлай тікелей айтпаған еді. “Мен сендерге қызметімнің басында бұларды айтқан жоқпын, себебі өздеріңмен бірге болдым ғой”,— деп түсіндірді Иса. Кетерінде мұның бәрін алдын ала айтып қойғаны қандай жақсы!
“Енді Мен,— деп жалғастырды Иса,— Өзімді Жібергенге қайтып кетемін. Ал бірде-біреуің Менен: “Қайда барасыз?” — деп сұрамайсыңдар”. Осы кештің алдында олар Исадан қайда баратынын сұраған еді. Ал енді болса, оның сөздеріне таңданғандары соншалық, бұл туралы қайта сұрамады. Иса: “Менің айтқандарымнан көңілдерің жабырқап, мұңайып тұрсыңдар”,— деді. Елшілерінің көңілдері өздерін күтіп тұрған сұмдық қуғын-сүргінді білгендіктен ғана емес, Иелерінің кететіндігінен де жабырқаулы.
Сондықтан Иса оларға: “Менің кететінім сендер үшін жақсы! Себебі Мен кетпесем, сендерге Қамқоршыларың [“көмекшілерің”, ЖД] келмейді; ал Мен барған соң, Оны сендерге жіберемін”,— деді. Иса адами өмірінде бір мезгілде бірнеше жерде бола алмайды. Ал көкке барса, жер шарының кез келген жеріндегі ізбасарларына киелі рухты, Құдайдың рухын, жібере алады. Сондықтан да Исаның кеткені игі.
Иса киелі рух ‘осы дүниенің күнәкарлығына, Менің әділдігіме және Құдай сотының қандай екендігіне адамдардың көздерін жеткізеді’ деді. Осы дүниенің күнәсі, яғни оның Құдай Ұлына сенім білдіруден бас тартуы әшкереленетін болады. Сондай-ақ Исаның көкке Әкесіне көтерілуі оның әділдігінің қалтқысыз дәлелі болып табылады. Ал Шайтан мен оның зұлым дүниесінің Исаны адалдығынан тайдыра алмауы осы дүниенің әміршісіне үкім шығарылғандығын дәлелдейді.
“Сендерге айтарым әлі көп,— деді Иса,— бірақ қазір оның бәрін тыңдауға төзімдерің жете қоймас [“түсіне алмайсыңдар”, ЖД]”. Сондықтан да Иса киелі рухты, Құдайдың әрекет етуші күшін, төккенде, олардың әрқайсысы қабілеттеріне сай түсінетіндігін уәде етті.
Елшілерге әсіресе Исаның өлетіндігін, кейін қайта тіріліп, оларға көрінетіндігін түсіну қиын. Сондықтан да олар бір-бірінен: — Ол бізге “Біраз уақыттан кейін Мені көрмейсіңдер, тағы біраздан кейін Мені қайта көресіңдер” дегенде не айтқысы келеді? Әрі “Мен Әкеме барамын” дегені нені білдіреді? — деп сұрасты.
Иса олардың нені сұрағысы келгендерін түсініп, былай деді: “Сендерге өте маңызды шындықты айтайын: сендер жылап, жоқтау айтып, ал күнәкар дүние қуанатын болады. Сендер қайғырасыңдар, бірақ қайғыларың қуанышқа айналады”. Сол күні түстен кейін Иса өлтірілген кезде, дінбасылары қуанады да, Исаның шәкірттері қайғырады. Ал Иса қайта тірілгеннен кейін олардың қайғылары қуанышқа ұласады! Алғашқы өнім мейрамында Иса өзіне куәгер болуды сеніп тапсырып, Құдайдың киелі рухын төккенде, шәкірттері тағы да қуанышқа кенеледі!
Елшілерінің жағдайын босанайын деп жатқан әйелдің жағдайымен салыстырып, Иса: “Әйел босанатын кезде қайғырады, себебі оның қиналатын уақыты жетті”,— деді. Алайда нәресте дүниеге келгеннен соң, әйел қиналғанын ұмытып кетеді. Сондықтан Иса елшілерін жігерлендіріп: “Сендер де қазір солай қайғылысыңдар. Бірақ Мен сендерді қайта көремін [қайта тірілгеннен соң], сонда қатты қуанасыңдар, қуаныштарыңды ешкім тартып ала алмайды”,— деді.
Осыған дейін шәкірттері Исаның атынан ешқашан ештеңе сұраған емес еді. Ал енді Иса былай деді: “Бұған дейін Менің атымнан ештеңе сұраған жоқсыңдар. Енді сұраңдар да алыңдар... өйткені Әкенің Өзі сендерді сүйеді. Себебі Мені сүйіп, Құдайдан келгеніме сенесіңдер. Мен Әкеден жерге келдім, кейін жерді тастап, Әкеге қайта ораламын”.
Исаның сөздері елшілерін қатты жігерлендірді. “Құдайдан келгеніңізге сенеміз”,— деді олар. “Енді сенесіңдер ме? — деп сұрады Иса.— Сендер жан-жаққа бытырап, әрқайсыңның өз үйіне кететін уақыттарың келеді, тіпті жетіп те қалды, Сонда Мені жалғыз қалдырасыңдар”. Исаның айтқандары қаншалықты мүмкін еместей болып көрінгенмен, бұл сөздер таң атпай-ақ орындалады!
“Мен бұларды сендер Менімен тығыз байланыста тұрып, тыныштыққа кенелсін деп айттым”,— деді Иса. Сонан соң әңгімесін мынадай сөздермен аяқтады: “Күнәкар дүниеде қысымшылық көресіңдер; алайда батыл болыңдар; Мен осы дүниені жеңіп шықтым”. Иса осы дүниені жеңді, себебі Шайтан мен оның дүниесінің қысымына қарамастан адалдығынан таймай, Құдайдың еркін адал орындады.
Жоғарғы бөлмеде айтылған соңғы дұға
Өзінің кететін уақыты жақындап қалғандықтан, шәкірттерін өте жақсы көрген Иса оларды осыған дайындады. Ол елшілеріне өсиеттерін айтып, оларды жұбатқан еді. Ал қазір ол аспанға қарап, Әкесіне дұға етіп, былай деді: “Рухани Ұлыңды ұлылыққа бөлей гөр, сонда Мен Сенің ұлылығыңды көрсете аламын. Себебі берген адамдарыңның бәріне мәңгілік өмір сыйлауым үшін күллі адамзаттың билігін Менің қолыма тапсырдың”.
Мәңгілік өмір — қандай жан тебірентерлік тақырып! Исаға “күллі адамзаттың” үстінен билік жүргізу құқығы берілген, ол өзінің төлем құрбандығын құрып бара жатқан адамзаттың игілігіне жұмсай алады. Алайда ол “мәңгілік өмірді” тек Әкесі қолдағандарға ғана береді. Осы тақырыпты жалғастыра отырып, Иса былай деп дұға етті:
“Мәңгілік өмір, бұл — жалғыз шынайы Құдайды және Өзің жерге жіберген Мені, Иса Мәсіхті, жақыннан тану”. Иә, біздің құтқарылуымыз Құдай мен оның Ұлы туралы ақиқат білімді алуымызға байланысты. Алайда жалғыз білім жеткіліксіз.
Олармен жақын танысып, достасу керек. Әр нәрсеге солардай баға беріп, солар сияқты көзқараста болуды үйрену керек. Бәрінен де бұрын, олардың басқалармен қарым-қатынасында танытатын теңдессіз қасиеттеріне еліктеуге талпыну керек.
Кейін Иса: “Маған тапсырған ісіңді аяқтап, жерде ұлылығыңды көрсеттім”,— деді дұғасында. Иса осы уақытқа дейін өзінің тапсырмасын қалтқысыз орындап келді және ойдағыдай аяқтайтынына да сенімді. Сондықтан ол Әкесінен: “Әке, әлем жаратылмай тұрып Өзіңмен бірге болғанымда ұлылыққа кенелген едім. Енді Мені өз қасыңда сол ұлылыққа қайтадан кенелте гөр”,— деп сұрады. Иә, қазір Иса қайта тірілу арқылы өзінің бастапқы көктегі ұлылығына кенелтуді сұрап тұр.
Жер бетінде атқаруы тиісті негізгі ісін қорытындылап, Иса: “Сені Өзің күнәкар дүниенің ішінен айырып берген адамдарға таныттым [“есіміңді таныттым”, ЖД]. Олар сенікі еді, Сен Маған оларды бердің. Олар сөзіңді берік ұстанып келеді”,— деді. Иса қызметінде Құдайдың Ехоба деген есімін қолданып, оның дұрыс айтылуын көрсетті. Бұл есімді елшілеріне таныту үшін ол одан да көп нәрсе істеді: оларға Ехоба жайлы, оның қасиеттері мен ниеттері туралы терең білім берді.
Иса Ехобаны өзінің Билеушісі екенін және соның басшылығына мойынсұнып, қызмет ететіндігін мойындап, кішіпейілділікпен: “Мен Өзің тапсырған хабарды оларға жеткіздім, олар оны қабыл алды. Сенен келгенімді шәкірттерім шынымен түсініп, Мені Өзіңнің жібергендігіңе сенді”,— деді.
Содан соң өзінің ізбасарлары мен қалған адамдардың арасындағы айырмашылықты көрсетіп, Иса: “Саған бағынбайтын дүние үшін емес, Өзің берген шәкірттерім үшін өтініп жатырмын... Қастарыңда болған кезімде оларды Маған берген құдіретіңмен қорғап, аман сақтап жүрдім. Құрып кетуге тиісті адамнан басқа бірде-біреуін жоғалтқан жоқпын”,— деп дұға етті. ’Құрып кетуге тиісті адам’ — Яһуда Исқариот. Ол бұл кезде өзінің зұлым ниетін іске асыруда еді. Осылайша, Яһуда өзі де аңғармай, Киелі кітаптағы пайғамбарлықты орындайды.
“Күнәкар дүние оларды жек көріп келеді... — деп жалғастырды Иса дұғасында.— Сен оларды осы дүниеден әкет деп емес, шайтаннан қорғай гөр деп сұрап тұрмын. Менің осы дүниелік еместігім сияқты, бұлар да осы күнәкар дүниенің адамдары емес”. Исаның ізбасарлары осы дүниеде, Шайтан басқарған адамзат қоғамында, өмір сүреді. Алайда олар осы дүние мен оның зұлым істерінен аулақ жүреді және де барлық уақытта солай істеулері керек.
“Оларды шындығың арқылы Өзіңе бағыштап, таза жүргізе гөр. Сенің сөзің — шындық”,— деп жалғастырды Иса. Ол “шындық” деп өзі сан рет үзінді келтірген Еврей Жазбаларын айтып отыр. Бірақ оның шәкірттеріне үйреткендері, сондай-ақ шәкірттерінің кейіннен киелі рухтың жетелеуімен жазғандары, яғни Грек Жазбаларының бәрі де — “шындық”. Бұл шындық адамды тазартып, өмірін түгелімен өзгертеді және оған осы дүниеден бөлінуге көмектеседі.
Енді Иса “бұлар үшін ғана емес, олардың айтқандары арқылы Маған сенетін барлық адамдар үшін де өтініп тұрмын” деп дұға етті. Демек, Иса ‘біртұтас отарға’ жиналатын болашақта өзінің киелі рухымен майланатын ізбасарлары мен өзге де шәкірттері үшін дұға етіп отыр. Олар үшін не сұрады?
“Менің Сенімен тығыз байланыста тұрғанымыздай, сенушілер де Екеумізбен тығыз байланыста тұрып, бәрі де біртұтас болсын деп өтінемін. Солар да Біз сияқты біртұтас болсын”,— деп сұрады Иса. Иса мен Әкесі тура мағынада біртұтас емес, олардың арасында толық келісушілік бар. Иса осындай бірліктің ізбасарларының арасында да болуын айтты. Сондықтан Ол: ‘Мені Өзіңнің жібергеніңе, Мені қалай сүйсең, оларды да солай сүйетініңе адамзаттың көзін жеткіз’,— деп сұрады.
Сонан соң Иса өзінің Әкесінен болашақта майланатын ізбасарлары үшін өтінді. Не жөнінде? “Маған тапсырған адамдарыңның Өзім болатын жерде болуларын, әрі Өзің Маған сыйлаған салтанатты ұлылығымды көрулерін қалаймын. Өйткені Сен Мені әлем жаратылмастан бұрын сүйген едің”. Яғни Құдай кейінірек Иса Мәсіх болған жалғыз ұлын Адам мен Хауаның балалалары болмай тұрып, тіпті көп уақыт бұрын жақсы көрген.
Дұғасының соңында Иса тағы да: “Маған деген сүйіспеншілігің солардың ішінде де болсын және Өзім де олардың өмірлерінен орын алайын деп оларға Сенің есіміңді білдірдім және білдіре беремін де”,— деді. Елшілер үшін Құдайдың есімін білу дегеніміз Оның сүйіспеншілігін өз өмірлерінде сезіп-білуді білдіреді. Жохан 14:1—17:23, 24 (ЖД), 25, 26; 13:27, 35, 36; 10:16; Лұқа 22:3, 4; Мысырдан шығу 24:10; Патшалықтар 3-жазба 19:9—13; Ишая 6:1—5; Ғалаттықтарға 6:16; Забур 35:19; 69:4; Нақыл сөздер 8:22, 30.
▪ Иса қайда бармақшы және Тома өзінің сол жаққа баратын жол туралы сұрағына қандай жауап алды?
▪ Філіп Әкені көрсет деп сұрағанда, Исаның не істегенін қалаған болса керек?
▪ Исаны көрген адам неліктен оның Әкесін де көргені?
▪ Қай жағынан ізбасарлары Исадан да көп істер жасай алады?
▪ Қай мағынада Шайтан Исаға ешқандай да әсер ете алмады?
▪ Ехоба бейнелі жүзім бұтағын қашан отырғызды; өзгелер қашан және қалай жүзім бұтағының бөлігі болды?
▪ Түбінде бейнелі жүзім бұтағының қанша сабағы болады?
▪ Сабақтардан Құдай қандай өнім күтеді?
▪ Біз қалай Исаның досы бола аламыз?
▪ Неліктен Исаның ізбасарларын осы дүние жек көреді?
▪ Исаның қандай ескертуі елшілерді мазасыздандырды?
▪ Неліктен елшілері Исадан қайда кететіндігін сұрамады?
▪ Елшілерге әсіресе нені түсіну қиын?
▪ Иса елшілердің қайғылары қуанышқа ұласатынын көрнекі түрде қалай көрсетті?
▪ Исаның айтуынша, елшілері жақында не істейді?
▪ Иса қалайша осы дүниені жеңді?
▪ Қай мағынада Исаға “күллі адамзаттың” үстінен билік жүргізу құқығы берілген?
▪ Құдай мен оның Ұлы туралы тура білім алу деген нені білдіреді?
▪ Иса Құдайдың есімін қалайша танытты?
▪ “Шындық” дегеніміз не және ол мәсіхшіні қалай “тазартады”?
▪ Қай мағынада Құдай, оның Ұлы және барлық адал мәсіхшілер біртұтас?
▪ “Әлем жаратылысы” қашан пайда болған?