‘Мол жеміс беріңдер’
“Мол жеміс берсеңдер, Менің шәкірттерім боласыңдар” (ЖОХАН 15:8).
1. а) Иса елшілерімен сөйлесіп отырып, шәкірттерге қойылатын қандай талапты атап өтті? ә) Өзімізге қандай сұрақтар қоюымыз керек?
КЕШ. Исаның өлімінің қарсаңы. Ол шәкірттерімен ұзағынан сырласып, жігерлендіріп отыр. Қазір уақыт түн ортасынан ауып барады, бірақ жақын достарына деген сүйіспеншілігі оны әлі сөйлетіп отыр. Сөзінің арасында Иса өзінің шәкірті болуды жалғастыра беру үшін қажетті тағы бір талапты атап өтеді. Ол: “Мол жеміс берсеңдер, Менің шәкірттерім боласыңдар, сол арқылы Әкемнің ұлылығы анық көрінеді”,— деді (Жохан 15:8). Біз шәкірттерге арналған осы талапқа сай келеміз бе? ‘Мол жеміс беру’ деген нені білдіреді? Мұны білу үшін сол кеште болған әңгімеге қайта оралайық.
2. Өлер күні кешке Иса жеміс беру туралы қандай астарлы әңгіме айтып берді?
2 Исаның жеміс беру туралы айтқан кеңесі, елшілеріне келтірген астарлы әңгімесінің бір бөлігі болатын. Ол былай деді: “Мен “шынайы жүзім бұтасымын”, ал Әкем “жүзім өсіруші”. Маған ілінген, бірақ рухани жеміс бермейтін әр “сабақты” Әкем кесіп тастайды, ал өнім беретіндерін молырақ берсін деп тазартады. Сол сияқты сендер де Менің өздеріңе айтқан сөздеріме сеніп, рухани таза болыңдар. Менімен тығыз байланыста тұрыңдар, сонда Мен өздеріңмен тығыз байланыста тұрамын. Сабақ өздігінен емес, бұтасымен байланыста тұрса ғана жеміс бере алады. Сол секілді сендер де Менімен тығыз байланыста тұрмасаңдар, рухани өнім бере алмайсыңдар. Мен “бұтамын”, ал сендер “сабақтарымсыңдар”... Мол жеміс берсеңдер, Менің шәкірттерім боласыңдар, сол арқылы Әкемнің ұлылығы анық көрінеді. Әкем Мені қалай сүйсе, Мен де сендерді солай сүйемін. Сүйіспеншілігімді қабылдай беріңдер! Менің Әкемнің өсиеттерін орындап, сүйіспеншілігін қабылдап жүргенімдей, сендер де Менің өсиеттерімді орындасаңдар, сүйіспеншілігімді қабылдап жүресіңдер” (Жохан 15:1—10).
3. Жеміс беру үшін Исаның шәкірттері не істеулері керек?
3 Астарлы әңгімеде Ехоба — Жүзім өсіруші, Иса жүзім бұтасы да, ал сөзін арнаған елшілері — сабақтары. Елшілері Исамен “тығыз байланыста” тұрған уақыттың бәрінде жеміс бере берген болар еді. Иса осындай аса маңызды байланысты қалай сақтауға болатынын түсіндірді: “Менің өсиеттерімді орындасаңдар, сүйіспеншілігімді қабылдап жүресіңдер”. Кейінірек елші Жохан да бауырластарына осыған ұқсас сөздер жазған: “Кім оның [Мәсіхтің] өсиеттерін орындаса, онымен бірлікте болады”a (1 Жохан 3:24, ЖД). Осылайша, Мәсіхтің өсиеттерін орындаса, ізбасарлары онымен тығыз байланыста болады, ал осындай байланыстың арқасында олар жеміс береді. Олар қандай жеміс берулері керек?
Өсудің мүмкіндігі
4. Ехобаның жеміс бермейтін әр сабақты ‘кесіп тастайтынынан’ біз қандай сабақ аламыз?
4 Жүзім бұтағы туралы астарлы әңгімеде Ехоба жеміс бермейтін сабақты “кесіп тастайды”. Бұл бізге не айтады? Бұл шәкірттердің бәрі жеміс берулері керек екендігі жөнінде ғана емес, жеміс беру қиыншылықтарға қарамастан, бәрінің де қолдарынан келетіні жөнінде де айтады. Әрине, сүйіспеншілікке толы Әке Ехоба қолынан келмейтінді істемегені үшін Мәсіхтің шәкіртін ‘кесіп тастамас’ еді, яғни одан бас тартпас еді (Забур 102:14; Қолостықтарға 3:23; 1 Жохан 5:3).
5. а) Исаның астарлы әңгімесінен біздің мол жеміс бере алатынымыз қалай көрінеді? ә) Жемістің қандай екі түрін қарастырамыз?
5 Сонымен қатар жүзім бұтасы туралы астарлы әңгімеден жағдайымызға қарай әрі қарай да өсе берудің, яғни Исаның шәкірттері ретіндегі әрекетіміздің аясын кеңейтудің, мүмкіндіктерін іздей беруге тиіс екендігіміз көрінеді. Исаның осыған қалай нұсқағанына көңіл бөлейікші: “Маған ілінген, бірақ рухани жеміс бермейтін әр “сабақты” Әкем кесіп тастайды, ал өнім беретіндерін молырақ берсін деп тазартады” (Жохан 15:2). Астарлы әңгімесінің аяғында ол шәкірттерін “мол жеміс” беруге шақырған (8-тармақ). Бұл нені білдіреді? Біз, Мәсіхтің шәкірттері, ешқашан дандайсымауымыз керек (Аян 3:14, 15, 19). Оның орнына, молырақ жеміс берудің жолдарын іздеген дұрыс. Біз қандай жемісті молынан беруіміз керек? Бұлар: 1) киелі рухтың жемісі және 2) Патшалықтың жемісі (Ғалаттықтарға 5:22, 23; Матай 24:14).
Мәсіхшілердің қасиеттерінің жемісі
6. Қалай Иса киелі рухтың бірінші жемісінің маңыздылығын ерекше атап өткен?
6 “Киелі рухтың жемісінің” құрамына кіретін қасиеттердің біріншісі — сүйіспеншілік. Құдайдың киелі рухы мәсіхшілердің бойында сүйіспеншілік дамытады, өйткені олар Исаның жемісті мол беретін жүзім бұтасы туралы айтқан астарлы әңгімесінен аз уақыт бұрын айтқан өсиетіне мойынсұнады. Иса елшілеріне: “Сендерге бір жаңа өсиет айтамын: біріңді бірің жақсы көріңдер!” — деді (Жохан 13:34). Жердегі өмірінің соңғы түні елшілерімен әңгімелесіп отырып, Иса олардың осы қасиетті танытулары керек екенін бірнеше рет естеріне салған (Жохан 14:15, 21, 23, 24; 15:12, 13, 17).
7. Қалай елші Петір жеміс берудің Мәсіхке тән қасиеттерді танытумен байланысы бар екенін көрсеткен?
7 Сол күні түнде Исамен бірге болған Петір Мәсіхтің шынайы шәкірттері сүйіспеншілік танытуда оған еліктеулері және сүйіспеншілікпен байланысы бар қасиеттерді де танытулары қажет екенін түсінген. Біраз жылдар өткен соң, Петір ұстамдылық, бауырластарға деген ізгі ниеттілік және сүйіспеншілік дамытуға шақырған. Сондай-ақ ол осылай етер болсақ, ‘пайдасыз, өнімсіз болып қалмайтынымызды’ айтқан (2 Петір 1:5—8). Жағдайымыздың қандай екеніне қарамастан, киелі рухтың жемісін таныту бәріміздің де қолымыздан келеді. Сүйіспеншілік, мейірімділік, ілтипаттылық және Мәсіхке тән басқа қасиеттерді бұрынғыдан да молырақ етіп дамыта берейік, өйткені ‘ешбір заң бұндайларға қарсы тұрмайды’, немесе шектеулер қоя алмайды (Ғалаттықтарға 5:23). ‘Өнімді молырақ’ бере берейік!
Патшалықтың жемісі
8. а) Киелі рухтың жемісі мен Патшалықтың жемісінің арасында қандай байланыс бар? ә) Қандай сұрақ біздің көңіл қоюымызға тұрарлық?
8 Көз тартатын, шырыны мол жемістер өсімдікке көрік береді. Алайда жемістің құнын арттыратын ең алдымен оның тартымдылығы емес. Ұрықты жемістер өсімдіктің көбеюінде маңызды орын алады. Сол сияқты киелі рухтың жемісінің рөлі мәсіхші ретіндегі болмысымызды көркейтумен ғана шектелмейді. Сүйіспеншілік, сенім сияқты қасиеттер де Құдай Сөзіндегі Патшалық туралы хабардың тұқымын себуге талпындырады. Елші Пауылдың осындай маңызы зор байланысқа қалай нұсқағанына көңіл аударайықшы. Ол былай деді: “Сенеміз [ал бұл — киелі рухтың жемісінің құрамдас бөлігі], сондықтан Ол туралы айта береміз” (2 Қорынттықтарға 4:13). Осылайша, Пауылдың өзге бір хатындағы сөздерден көрінетіндей, біз ‘Құдайды үнемі мадақтап сый-тартуымызды ұсынып, Оның “Жаратқан Ие” деген атағын ауызбен де мойындап, дәріптейміз’. Бұл — біз беруге тиіс жемістің екінші түрі (Еврейлерге 13:15). Құдай Патшалығының жариялаушылары ретінде “мол жеміс” беруге мүмкіндігіміз бар ма?
9. Жеміс беру мен шәкірт дайындау бір нәрсені білдіреді деуге бола ма? Түсіндіріңдер.
9 Бұл сұраққа дұрыс жауап табу үшін, алдымен Патшалықтың жемісіне не кіретінін түсініп алу қажет. Жеміс беруді шәкірт дайындау деп есептеген дұрыс па? (Матай 28:19). Біз беруге тиіс жеміс, ең алдымен, өзіміз суға шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба Куәгері болуларына көмектескен адамдарды білдіре ме? Жоқ. Әйтпесе бұл әдетте адамдар Патшалық туралы хабарға немқұрайды қарайтын жерлерде адал қызмет етіп жүрген бауырластарымыздың ұнжырғасын түсірген болар еді. Өзіміз беріп жүрген Патшалықтың жемісі жаңа шәкірттерді ғана білдіретін болса, сол еңбекқор Куәгерлер Исаның астарлы әңгімесіндегі жеміс бермейтін сабақтар іспетті болар еді! Әрине, олар ондай емес. Онда қызмет еткенде, өзіміз беретін Патшалықтың жемісіне ең алдымен не кіреді?
Патшалықтың тұқымын шашып, жеміс беру
10. Қалай Исаның диқан мен әр түрлі топырақ туралы астарлы әңгімесінен Патшалықтың жемісі нені білдіріп, нені білдірмейтіні көрінеді?
10 Исаның диқан мен әр түрлі топырақ туралы астарлы әңгімесінен анағұрлым “құнарсыз” жерлерде куәлік етіп жүргендерге жұбаныш болатын жауап табуға болады. Иса тұқым Құдай Сөзіндегі Патшалық туралы ізгі хабарды, ал топырақ адамдардың бейнелі жүректерін білдіретінін айтқан. Тұқымның “кейбіреулері құнарлы топыраққа түседі. Бұлар өсіп, жүз еседен өнім береді” (Лұқа 8:8). Қандай өнім немесе жеміс береді? Бидайдың сабағы өсіп, жетіледі де жеміс ретінде жаңа сабақтар емес, жаңа тұқым береді. Тап сол сияқты мәсіхшінің беретін жемісі де міндетті түрде жаңа шәкірттер емес, Патшалықтың жаңа тұқымы.
11. Патшалықтың жемісіне қандай анықтама беруге болады?
11 Сонымен бұл жағдайдағы жеміс — жаңа шәкірттер де, мәсіхшіні көркейте түсетін қасиеттер де емес. Себілетін тұқым Патшалық туралы хабарды білдіретін болғандықтан, оның жемісі де тап сондай, көптеген тұқым болу керек. Бұл жағдайдағы жеміс — Патшалық туралы хабарды айту (Матай 24:14). Жағдайымыз қандай болмасын, Патшалықтың жемісін беру, яғни Патшалық туралы хабарды жариялау, қолымыздан келе ме? Әрине, келеді! Тап сол астарлы әңгімесінде Иса бұның неге қолымыздан келетінін де түсіндірген.
Құдайды дәріптеу үшін ең жақсысын береміз
12. Барлық мәсіхшілер Патшалықтың жемісін бере ала ма? Түсіндіріңдер.
12 “Ал құнарлы топыраққа себілген тұқым болса,— дейді Иса,— өнімді болады. Ол жүз, алпыс немесе отыз еседен өнім береді” (Матай 13:23). Танапқа себілген әрбір тұқымның қанша өнім беретіні әр түрлі жағдайларға байланысты. Сол іспетті ізгі хабарды жариялауда біздің қанша еңбек ете алатынымыз жағдайымызға байланысты, әрі Иса мұны түсінетінін көрсеткен. Әлдекімнің жағдайы көбірек қызмет етеуге мүмкіндік береді: денсаулығы да мықтырақ, қауқары да көбірек. Міне, сондықтан қолымыздан келгенді істеп, мейлі, өзгелердікіне қарағанда, аз болсын, көп болсын, Ехобаға өзімізде бардың ең жақсысын берер болсақ, ол риза болады (Ғалаттықтарға 6:4). Тіпті кәрілік немесе жанымызға батып жүрген ауру уағыздау ісіне көбірек қатысуға кедергі болып жүрген болса да, мейірімді Әкеміз Ехобаның бізді “мол жеміс” әкелетіндер ретінде қарастыратыны күмәнсіз. Неге? Өйткені біз оған шын жүректен қызмет етіп, өзімізде бардың ‘бәрін аямастан беріп’ жүрмізb (Марқа 12:43, 44; Лұқа 10:27).
13. а) Біздің “барып”, Патшалықтың жемісін беретініміздің басты себебі неде? ә) Адамдар немқұрайдылық танытатын жерлерде уағыз айтып, жеміс беруімізге не көмектеседі? (31 беттегі қоршауды қараңдар.)
13 Не себепті Патшалықтың жемісін беретінімізді әрқашан есте ұстар болсақ, қолымыздан келгенше ‘барып, рухани жеміс беруге’ талпынатын боламыз (Жохан 15:16). Иса мұндай себептердің бастысын атап өткен: “Мол жеміс берсеңдер... сол арқылы Әкемнің ұлылығы анық көрінеді” (Жохан 15:8). Иә, уағыздау ісіміз бүкіл адамзаттың алдында Ехобаның есімін дәріптейді (Забур 108:30). Ехобаның адал куәгері жетпістен асып қалған Онор: “Құдіреті күшті Құдайдың өкілі болу — адамдардың немқұрайдылығына қарамастан — зор мәртебе”,— деді. 1974 жылдан бері Құдайға адал қызмет етіп жүрген Клаудиодан не себепті адамдардың немкеттілігіне қарамастан уағыз айтып жүргенін сұрағанда, Жохан 4:34-тегі сөздерді келтірді. Онда Исаның мынадай сөздері бар: “Өзімді Жібергеннің еркін іске асырып, Оның тапсырғанын толық орындау Маған нәр болады”. Клаудио: “Патшалықты жариялаушы ретіндегі ісімді бастап қана қоймай, Иса сияқты мен де оны аяқтағым келеді”,— деп қосты (Жохан 17:4). Дүние жүзіндегі Ехоба Куәгерлері осы сөздермен келіседі. (31-беттегі ‘Шыдамдылықпен өнім беру’ қоршауын қараңдар.)
Уағыздау және тәлім беру
14. а) Шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия мен Иса Мәсіхтің атқарған істерінің қандай екі мақсаты болған? ә) Бүгінгі таңдағы мәсіхшілердің істерін қалай суреттер едіңдер?
14 Ізгі хабарларға сәйкес, Патшалық туралы бірінші болып жариялаған — шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия (Матай 3:1, 2; Лұқа 3:18). Оның басты мақсаты ‘куәлік’ ету болып, ол мұны ‘барлық адамдарды сендіру’ үмітімен жүзеге асырған (Жохан 1:6, 7). Жохан уағыздағандардың кейбіреулері расында да Мәсіхтің шәкірті болды (Жохан 1:35—37). Осылайша, Жақия уағыздаған әрі шәкірт дайындаған. Иса да уағыздаушы әрі тәлімгер болған (Матай 4:23; 11:1). Сол себепті ізбасарларына Исаның Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздап қана қоймай, оны қабыл алғандардың шәкірт болуларына көмектесуді бұйырғаны таңқаларлық нәрсе емес (Матай 28:19, 20). Бүгінгі таңда біз де уағыз айтамыз әрі тәлім береміз.
15. Бірінші ғасыр мен қазіргі уақытта адамдардың уағыздау ісін қалай қабылдайтындығында қандай ұқсастық бар?
15 Бірінші ғасырда Пауылдың уағызын тыңдағандардың ‘кейбіреулері айтылғанға сенсе, басқалары сенбей қалды’ (Елшілердің істері 28:24). Бүгінде де адамдар хабарды әр түрлі қабылдайды. Өкінішке орай, Патшалық тұқымының көбісі құнарсыз жерге түсіп жатады. Сөйткенмен де Иса алдын ала айтқандай, тұқымның кейбіреулері құнарлы топыраққа түсіп, тамырлап көктеп шығады. Мысалы, дүние жүзі бойынша апта сайын 5 000-ға жуық адам Исаның шынайы шәкірті болуда! Бұлар көптеген өзгелер сияқты емес, ‘айтылғанға сенгендер’. Олардың жүректерінің Патшалық туралы хабарды қабылдауға бейім болуына не әсер етті екен? Жиі Ехоба Куәгерлерінің бейнелеп айтқанда, жаңа себілген тұқымымды суғарып, адамға шын көңілден қызығушылық танытқаны маңызды орын алып жатады (1 Қорынттықтарға 3:6). Екі ғана мысалды қарастырып көрейік.
Шын көңілден қызығушылық танытқанның маңызы зор
16, 17. Неге қызметте кезіккен адамдарға жеке қызығушылық танытқанның маңызы зор?
16 Бірде Бельгияда тұратын Каролина деген жас Ехоба Куәгері бір егде әйелге уағыз айтады, бірақ ол Патшалық туралы хабарға қызығушылық білдіре қоймайды. Әйелдің қолы ораулы екенін көрген Каролина мен серігі көмектерін ұсынады, алайда әйел бас тартады. Екі күннен кейін сол екі Куәгер қайта оралып келіп, әйелдің қал-жағдайын сұрайды. “Мұнымыз елеусіз қалмады,— деді Каролина.— Ол шын көңілден қызығушылық танытқанымызға қайран қалды. Әйел бізді үйіне кіргізіп, Киелі кітапты зерттеуді бастап кеттік”.
17 Құрама Штаттарда тұратын Сэнди деген Куәгер де уағыз айтқан адамдарына жеке қызығушылық танытады. Ол жергілікті газеттен балалардың туылуы туралы хабарландыруларды іздейді де, балалы болған үйге “Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым”c басылымын алып келеді. Әдетте анасы баласымен үйде отырып, келген қонақтарға қуана-қуана бөпесін көрсететін болғандықтан, жиі әңгіме де басталып кетеді. “Мен сәбиге оқып беру арқылы қарым-қатынаста болудың маңызы зор екенін түсіндіремін,— дейді Сэнди.— Кейінірек қазіргі ортада бала тәрбиелеудің ауыр екеніне көңіл бөлемін”. Жақында осындай әрекеттің арқасында бір әйел алты баласымен Ехобаға қызмет етуін бастады. Қызметімізде бірінші болып әрекет ету және жеке қызығушылық таныту арқылы осындай қуанышқа бөленуімізге болады.
18. а) Неге “мол жеміс беріңдер” деген бұйрықты орындау бәріміздің қолымыздан келеді? ә) Жоханның Ізгі хабарында келтірілген шәкірттерге қойылатын қандай үш талапқа сай болуға бел буамыз?
18 “Мол жеміс беріңдер” деген бұйрықты орындау қолымыздан келетінін түсіну зор жігер береді! Жас не кәрі, денсаулығымыздың жақсы не жаман, адамдарың жақсы тыңдайтынына не немқұрайды қарайтынына қарамастан — бәріміз мол жеміс бере аламыз. Қалайша? Киелі рухтың жемісін бұрынғыдан да көбірек таныту және мүмкіндігімізше Құдай Патшалығы туралы хабарды құлшына жариялау арқылы. Солай ете отырып, Исаның ‘айтқандарын есте сақтайтын’ және ‘өзара сүйіспеншілікте’ болуға тырысатын боламыз. Жохан жазған Ізгі хабардағы шәкірттерге қойылатын осы үш талапқа сай келуімізбен ‘шынымен [Мәсіхтің] шәкірттері екенімізді’ дәлелдейміз (Жохан 8:31; 13:35).
[Сілтемелер]
a Бұл астарлы әңгімедегі жүзім бұтасының сабақтары Исаның елшілері мен Құдайдың Көктегі патшалығын мұра ететін басқа да мәсіхшілерді білдіретін болғанмен, онда Мәсіхтің бүгінгі таңда өмір сүріп жатқан ізбасарлары үшін де пайдалы принциптер бар (Жохан 3:16; 10:16).
b Кәріліктің не аурудың салдарынан үйінен шыға алмайтындар хат немесе телефон арқылы (осыған рұқсат етілген жерлерде) куәлік ете алатын болар. Сондай-ақ ізгі хабарды үйлеріне келген адамдарға жеткізулеріне болады.
c Ехоба Куәгерлері басып шығарған.
Қайталауға арналған сұрақтар
• Біз қандай жемісті молынан беруіміз керек?
• Неге ‘мол жеміс беру’ мақсатына бәріміз қол жеткізе аламыз?
• Жоханның Ізгі хабарында жазылған шәкірттерге қойылатын қандай маңызды үш талапты қарастырдық?
[31-беттегі қоршау/сурет]
‘ШЫДАМДЫЛЫҚПЕН ӨНІМ БЕРУ’
ПАТШАЛЫҚ туралы ізгі хабарға адамдар немқұрайды қарайтын жерлерде адалдықпен уағыздауды қалай жалғастыра беруге болады? Төменде бірнеше пайдалы кеңестер бар.
— Исаның бізге толықтай көмектесіп отырғанын ұғыну, учаскедегі адамдардың қалай қабылдайтынына қарамастан, дем беріп, шыдамды болуға көмектеседі (Харри, 72 жаста. 1946 жылы шомылдыру рәсімінен өткен).
— Мені үнемі 2 Қорынттықтарға 2:17-де жазылған сөздер жігерлендіреді. Онда біздің “Мәсіхпен тығыз байланыста тұрып, Құдайдан жіберілгендер ретінде” қызмет ететініміз жазылған. Қызметте жүрген уақытта, менің екі ең жақсы досым қасымда (Клаудио, 43 жаста. 1974 жылы суға шомылдыру рәсімінен өткен).
— Ашығын айтқанда, уағыздау маған оңайға түспейді. Бірақ менің Забур 17:30-дағы айтылған сөздердің растығына көзім жетті: “Құдаймен қабырғаға шыға аламын” (Джерард, 79 жаста. 1955 жылы суға шомылдыру рәсімінен өткен).
— Қызмет етіп жүргенде, ең болмағанда Киелі кітаптың бір тармағын оқуға мүмкіндігім болса, мен қуанамын, өйткені осы арқылы әлдебіреудің жүрегі Киелі кітап арқылы сыналды ғой (Элеонора, 26 жаста. 1989 жылы суға шомылдыру рәсімінен өткен).
— Мен үнемі әр түрлі ұсыныстарды қолданып көремін. Бірақ олар сондай көп, бәрін қолдануға менің қалған өмірім де жетпес (Пол, 79 жаста. 1940 жылы суға шомылдыру рәсімінен өткен).
— Адамдардың жағымсыз сөздері жеке басыма айтылды деп қабылдамаймын. Адамдармен әңгімелесіп, олардың көзқарасының қандай екенін тыңдау арқылы еркін сөйлесіп, достық қарым-қатынаста болуға тырысамын (Дэниел, 75 жаста. 1946 жылы суға шомылдыру рәсімінен өткен).
— Кейбір жаңадан шомылдыру рәсімінен өткендердің менің уағыз айтқанымның арқасында Куәгер болдым дейтіндерін кездестірдім. Кейінірек, өзге біреулер барып, олармен Киелі кітапты зерттеп, рухани өсулеріне көмектескен екен. Қызметіміздің ортақ жұмыс екенін ұғыну қуанышты-ақ! (Джоан, 66 жаста. 1954 жылы суға шомылдыру рәсімінен өткен).
Сенің ‘шыдамдылықпен өнім беруіңе’ не нәрсе көмектеседі? (Лұқа 8:15).
[28-беттегі суретер]
Киелі рухтың жемісін беру және Патшалық туралы хабарды тарату арқылы мол өнім береміз
[32-беттегі сурет]
Елшілеріне: ‘Мол жеміс беріңдер’,— деуімен Иса не айтқысы келген?