Ехобаның сөзі тірі
Жохан кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар
КИЕЛІ рухтың жетелеуімен Мәсіхтің өмірі мен қызметі туралы жазған адамдардың ең соңғысы ‘Исаның жақсы көретін шәкірті’ Жохан болатын (Жох. 21:20). Б. з. 98 жылы жазылған осы кітапта басқа үш ізгі хабарда жазылған мәліметтер сирек кездеседі.
Кітапты жазғанда Жохан белгілі бір мақсатты көздеген болатын. Ол жазған нәрселеріне қатысты былай дейді: “Исаның Құтқарушы Мәсіх, Құдайдың рухани Ұлы, екендігіне сендер сеніп, сенімдерің арқылы Онымен тығыз байланыста тұрып, шынайы өмірге ие болсын деген мақсатпен жазылған” (Жох. 20:31). Расында да, бұл хабардың біз үшін маңызы өте зор (Евр. 4:12).
“ҚАРАҢДАР, МЫНАУ ҚҰДАЙДЫҢ... “ТОҚТЫСЫ”
Шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия Исаны көргенде сенімділікпен былай деді: “Қараңдар, Мынау Құдайдың құрбандыққа жіберген “Тоқтысы”! Ол адамзаттың күнәсын өз мойнына артып, сол үшін жанын қияды” (Жох. 1:29). Иса уағыз айтып, тәлім беріп және үлкен кереметтер жасай жүріп, Самария, Ғалилея, Яһудеяны, сондай-ақ Иордан өзенінің шығысындағы елдерді аралап шықты. Нәтижесінде оған көптеген адам келіп, сенім білдірді (Жох. 10:41, 42).
Исаның ең зор кереметтерінің бірі — Елазарды тірілтуі. Өлгеніне төрт күн болған адамның қайта тірілгенін көргенде, көп адамда Исаға деген сенім пайда болды. Алайда басты діни қызметкерлер мен парызшылдар Исаны өлтіруді ойлады. Сондықтан ол шөл далаға “жақын жердегі Ефрем деген қалашыққа” кетіп қалды (Жох. 11:53, 54).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
1:35, 40. Шомылдыру рәсімін жасаушы Жақияның қасында Әндірден басқа тағы кім болды? Жоханның есімі оның өзі жазған ізгі хабардың еш жерінде кездеспейді. Сондықтан аты аталмаған шәкірт Жоханның өзі болса керек.
2:20. Ғибадатхананың қайсысы “қырық алты жыл бойы салынды”? Яһудилер мұнда Яһудея патшасы Ирод қалпына келтірген Зоробабелдің ғибадатханасы жайлы айтқан. Тарихшы Иосиф Флавийдің айтуынша, жөндеу жұмыстары Иродтың билігінің 18-ші жылы, яғни б. з. б. 18—17 жылдары, басталды. Ғибадатхананың өзі және басқа да негізгі ғимараттар сегіз жылдың ішінде соғылып бітті. Алайда б. з. 30 жылындағы Құтқарылу мейрамында яһудилер ғибадатхананың 46 жыл бойы соғылғанын айтқанда, құрылыс ісі әлі жүріп жатқан болатын.
5:14. Жасаған күнәсінің кесірінен адам дертке шалдыға ма? Міндетті түрде олай болмайды. Иса сауықтырған адам 38 жыл бойы мұра етілген кемелсіздіктің кесірінен ауырған болатын (Жох. 5:1—9). Исаның ол адамға айтқан сөздері мынаны білдіреді: Құдайдың рақымына ие болған ол адам енді аурудан да жаман нәрсеге душар болмау үшін құтқарылуға жетелейтін жолмен жүруі қажет және біле тұра күнә жасаудан аулақ болуы керек. Ол кешірілмейтін күнә жасап қоюы мүмкін еді, ал ондай адам өлім жазасына ұшырайды және ешқашан қайта тірілмейді (Мат. 12:31, 32; Лұқа 12:10; Евр. 10:26, 27).
5:24, 25. Кім ‘рухани өлімнен шынайы өмірге өтеді’? Мұнда бір кездері рухани өлі болған, бірақ Исаның сөзін естіген соң, оған сенім білдіріп, күнәкар өмір салтын тастаған адамдар жайлы айтылған. Өлім жазасына ұшырамайтындықтан және Құдайға сенгендерінің арқасында мәңгі өмір сүру үмітіне ие болғандықтан олар рухани өлімнен шынайы өмірге өтті деуге болады (Пет. 1-х. 4:3—6).
5:26; 6:53. Қай мағынада Иса “өмірдің қайнары” және қай мағынада шынайы өмір оның шәкірттерінде болады? Құдай Иса Мәсіхке, біріншіден, адамзатқа Өзінің алдында жақсы атқа ие болуға көмектесетін және екіншіден, өлілерді қайта тірілтетін құдірет берді. Осы мағынада Иса өмірдің қайнар көзі болып табылады. Ал шынайы өмір Исаның шәкірттерінде болады деген олардың мәңгілік өмірге ие болуын білдіреді. Майланған мәсіхшілер оған көкте өмір сүруге қайта тірілгенде ие болады. Жерде өмір сүруге үміті бар адал адамдар болса Мәсіхтің Мыңжылдық билігі аяқталған соң көп ұзамай болатын соңғы сынақтан өткеннен кейін ғана мәңгі өмір сүре алатын болады (Қор. 1-х. 15:52, 53; Аян 20:5, 7—10).
6:64. Иса Яһуда Исқариотты шәкірті ретінде таңдаған кезде, оның сатқындық жасайтынын білді ме? Білмеген сияқты. Алайда б. з. 32 жылының бір күнінде Иса елшілеріне: “Іштеріңдегі біреуің шайтанның жетегінде”,— деп айтқан болатын. Бәлкім, сол кезде Иса Яһуданың бұрыс бағыт ала бастағанын байқаған болар. Осы мағынада Иса “әуел бастан” білді (Жох. 6:66—71).
Біз үшін сабақ:
2:4. Иса Мәриямға шомылдыру рәсімінен өткен Құдайдың майланған Ұлы ретінде өзіне басшылықты көктегі Әкесі ғана беру керек екенін білдірген. Ол қызметін жақында ғана бастағанымен, өмірін құрбан етуін қоса алғанда, Құдайдың тапсырмасын орындауға өзіне қанша уақыт берілгенін жақсы түсінген. Құдай еркін орындауға келгенде Исаның істеріне ешкімнің, тіпті Мәриям сияқты жақын адамының да, араласуына болмайтын. Біз де Ехоба Құдайға Иса сияқты қызмет етуіміз керек.
3:1—9. Яһудилердің басшысы Нікөдемнің мысалынан екі нәрсеге үйренуімізге болады. Біріншіден, ол қарапайым ағаш ұстасының баласын Құдай жіберген “Ұстаз” деп танып, өзін кішіпейіл, түсінігі мол әрі рухани мұқтаждықтарын мойындайтын адам ретінде танытты. Бүгінгі шынайы мәсіхшілер де кішіпейіл болулары керек. Екіншіден, Иса жерде қызмет еткен кезінде Нікөдем оның шәкірті болмады. Ол адамдардан қорыққандықтан, Жоғарғы кеңестегі беделін ойлағандықтан не дүние-мүлікке жаны байлаулы болғандықтан тартыншақтаған болуы мүмкін. Бұдан маңызды сабақ алуымызға болады: осындай нәрселердің ‘айқышын арқалаған кісідей азапты өлімге күн сайын дайын болып [Исаның] жолымен жүруге’ кедергі болуына жол бермеуіміз керек (Лұқа 9:23).
4:23, 24. Ғибадатымыз Құдайға ұнамды болу үшін Оған Киелі кітаптағы шындыққа сай және киелі рухтың басшылығымен ғибадат етуіміз керек.
6:27. ‘Мәңгілік өмір беретін рухани нәрге ұмтылу’ деген “рухани мұқтаждықтарымызды” қанағаттандыру үшін күш салуды білдіреді. Осылай ететіндер бақытты (Мат. 5:3, ЖД).
6:44. Ехоба әрқайсымыздың қамымызды ойлайды. Ол әрбірімізге шындықты жеткізу арқылы және оны түсініп, өмірімізде қолдануға киелі рухымен көмектесу арқылы өзінің Ұлына жақындатып тартады.
11:33—36. Сезімді ашық білдіру — әлсіздіктің белгісі емес.
ОНЫҢ ‘ЖОЛЫМЕН ЖҮР’
Б. з. 33 жылындағы Құтқарылу мейрамының қарсаңында Иса Бетанияға оралды. Ол 9 нисан күні Иерусалимге тайқарға мініп кірді. Ал 10 нисанда тағы да ғибадатханаға барды. Иса Әкесінің есімінің ұлылыққа жетуін сұрап дұға еткенде, көктен: “Мен оны ұлылыққа жеткіздім және одан әрі де жеткізе беремін”,— деген үн естілді (Жох. 12:28).
Құтқарылу мейрамында тамақтанып отырғанда, Иса шәкірттеріне соңғы өсиетін айтып, олар үшін дұға етті. Ал тұтқындалып, тергеліп, ағашқа шегеленіп өлтірілгеннен кейін, ол қайта тірілді.
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
14:2. Иса қалайша адал шәкірттеріне көкте ‘орын дайындамақ’ болды? Бұл Исаның Құдай алдына барып, оған өз қанының құнын ұсыну арқылы жаңа келісімді бекітуін білдіреді. Сондай-ақ оның патшалық билікке ие болуына нұсқайды. Осыдан кейін оның майланған шәкірттері көктегі өмірге қайта тірілуі керек еді (Сал. 1-х. 4:14—17; Евр. 9:12, 24—28; Пет. 1-х. 1:19; Аян 11:15).
19:11. Иса Пилатқа өзін ұстап беретін адам жайлы айтқанда, Яһуда Исқариотқа меңзеді ме? Иса Яһудаға не нақты басқа бір адамға емес, өзінің өліміне кінәлі болған адамдардың барлығына нұсқаса керек. Демек оның өліміне Яһуда да, “басты діни қызметкерлер мен бүкіл Жоғарғы кеңес” те, тіпті Бараббаны босатуды сұраған ‘халық тобыры’ да кінәлі (Мат. 26:59—65; 27:1, 2, 20—22).
20:17, сілт. Неге Иса мағдалалық Мәриямға: “Маған жармаспа!”— деп айтты? Мәриям: “Иса көкке көтерілейін деп жатыр, оны енді қайтып көре алмаймын”,— деп ойласа керек. Сондықтан әлі кетпейтініне сендіру үшін Иса Мәриямға өзіне жармаспай, елшілеріне барып, қайта тірілгенін айтуды тапсырды.
Біз үшін сабақ:
12:36. “Нұрдың адамдары”, немесе нұрды жеткізуші, болу үшін Құдай Сөзі Киелі кітаптағы тура білімді алуымыз қажет. Сосын, алған білімімізді адамдарға рухани түнектен Құдайдың жарығына шығуға көмектесу үшін қолдануымыз керек.
14:6. Біз Иса Мәсіх арқылы ғана Құдайдың ықыласына ие бола аламыз. Исаға сенім білдіріп, оның үлгісі бойынша өмір сүрсек қана, Ехобаға жақындай түсеміз (Пет. 1-х. 2:21).
14:15, 21, 23, 24; 15:10. Құдайдың еркіне мойынсұнатын болсақ, оның және Ұлының сүйіспеншілігіне бөленіп жүреміз (Жох. 1-х. 5:3).
14:26; 16:13. Ехобаның киелі рухы бізге тәлім беріп, үйренген нәрселерімізді еске түсіреді. Сондай-ақ ол бізге шындықты ашады. Осының арқасында бізде білім, даналық, ақыл-парасат пен түсінік молайып, ойлау қабілетіміз дами түседі. Ал ол үшін Ехобаның киелі рухын сұрап, табандылықпен дұға етуіміз керек (Лұқа 11:5—13).
21:15, 19. Иса Петірден “мыналарға”, яғни алдында тұрған балықтарға, қарағанда өзін көбірек жақсы көретін-көрмейтінін сұрады. Осылайша ол Петірдің балық аулау ісін біржола тастап, өзінің соңынан ергені дұрыс болатынын көрсетті. Жохан жазған ізгі хабардағы мәліметтер көңілімізді аулаған нәрселерден гөрі Исаны көбірек жақсы көруге деген шешімімізді нығайта түссін. Шәкірт жолынан таймауға жан-тәнімізбен тырысалық.
[31-беттегі сурет]
Нікөдемнің мысалынан не нәрсеге үйренеміз?