Ол Құдай туралы шындықты үйретті
“Әкенің кім екенін жалғыз рухани Ұлы ғана біледі, әрі Ол Әкесін кімдерге білдіргісі келсе, солар да Оны жақыннан таниды” (ЛҰҚА 10:22).
ҚҰДАЙДЫҢ тұңғыш жаратылысы Иса адам болып жерде туылмас бұрын көкте миллиардтаған жыл бойы оның жанында болған (Қолостықтарға 1:15). Сондықтан ол Жаратушысының ойын, сезімдерін және іс-әрекеттерін жақсы біледі. Кейінірек жерге адам болып келгенде, адамдарды Құдай туралы шындыққа үйретуге тырысты. Олай болса, Исаны тыңдау арқылы Құдай туралы көп біле аламыз.
Құдайдың есімі. Құдайдың Ехоба деген есімі Иса үшін бәрінен де маңызды болған. Ол Құдай есімін адамдардың білгенін және қолданғанын қалады. Исаның есімі “Ехоба Құтқарушы” дегенді білдіреді. Өлер алдындағы түні Ехобаға айтқан дұғасында ол: “Сенің есіміңді [адамдарға] білдірдім”,— деген (Жохан 17:26 сілтеме). Олай болса, Иса пайғамбардың Құдай есімін қолданып, оны адамдарға білдіргені бізді таңғалдырмайды. Исаның тыңдаушылары Құдайдың есімін және оның мағынасын түсінбесе, ол жайлы шындықты қалай біле алар еді?a
Құдайдың зор сүйіспеншілігі. Бірде Құдайға айтқан дұғасында Иса Мәсіх: “Сен әлемді жаратудан бұрын да Мені сүйгенсің”,— деген (Жохан 17:24 Тт). Көкте өмір сүргенде Құдайдың зор сүйіспеншілігін сезінген Иса жерге келген кезінде, сол сүйіспеншілікті жан-жақты көрсете алды.
Иса адамдарға Ехобаның сүйіспеншілігі шексіз екенін көрсетіп: “Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей, мәңгілік өмірге ие болады”,— деді (Жохан 3:16). Құдайдың адамзатқа деген сүйіспеншілігінің шексіз болғаны сонша, ол адал адамдардың күнә мен өлімнен құтылып, мәңгі өмір сүру үмітіне ие болулары үшін өзінің сүйікті рухани Ұлын құрбан етті. Құдай сүйіспеншілігінің құдіреті сонша, жұмыр басты пенде оны толықтай ұға алмас (Римдіктерге 8:38, 39).
Иса Мәсіхтің адамдарға айтқан тағы бір шындығы — Ехоба Құдайдың әрбір қызметшісін жақсы көретіні. Сондықтан Иса Құдайды әрбір қойын жақсы білетін әрі бағалы деп санайтын бағушыға теңеді (Матай 18:12—14). Сондай-ақ ол кішкентай торғайдың құлағаны Құдайдың назарынан тыс қалмайтынын айта келе: “Тіпті бастарыңдағы шаштарыңның саны да Оған белгілі!”— деп түсіндірді (Матай 10:29—31). Егер құлап қалған торғайды да Ехоба назарынан тыс қалдырмаса, онда әрбір қызметшісінің қамын қаншалықты ойлайды десеңші! Оның үстіне, Құдайға басымыздағы шашымыздың саны белгілі болса, ол өміріміздің барлық тұстарын — мысалы қажеттіліктерімізді, қиыншылықтарымыз бен уайымдарымызды — біледі емес пе?!
Көктегі Әке. Алдыңғы мақаладан көргеніміздей, Иса — Құдайдың жалғыз рухани Ұлы. Сондықтан сүйікті Ұлы дұға еткенде Ехобаны “Әке” деп атағаны қисынды. Исаның алғаш рет Ехобаны “менің Әкем” дегені он екі жасында ғибадатханаға барғандағы оқиғада жазылған (Лұқа 2:49). Інжілде “Әке” деген сөз шамамен 190 рет кездеседі. Иса бұл сөзді әртүрлі жақта қолданып, “Әкелерің”, “Әкеміз” және “Әкем” деп айтқан (Матай 5:16; 6:9; 7:21). Бұл сөзді емін-еркін қолдануымен Иса Мәсіх кемелсіз әрі күнәкар адамдар үшін де Құдаймен жылы және тығыз қарым-қатынаста болу мүмкін екенін көрсетті.
Рақымды әрі кешіруге дайын. Иса Мәсіх кемелсіз адамдардың Құдайдың мол рақымына мұқтаж екенін түсінген. Адасқан ұл туралы астарлы әңгімесінде ол Ехоба Құдайды күнәсіна өкінген ұлын құшақ жая қарсы алған жанашыр да кешірімшіл әкеге теңеді (Лұқа 15:11—32). Құдай күнәкар адамның жүрегінен рақымдылық танытуға негіз болатын қандай да бір өзгерісті іздейді. Себебі ол бұрыс жолынан бет бұрған күнәкарды кешіруді қатты қалайды. Мұны Иса Мәсіх былай деп түсіндірді: “Сендерге шындығын айтайын: “Маған теріс жолдан қайтудың қажеті жоқ” дейтін тоқсан тоғыз “әділ” кісіден гөрі, теріс жолдан қайтқан бір күнәкарға көктегілер көбірек қуанады!” (Лұқа 15:7). Осындай рақымы мол Құдайға кім жақындағысы келмейді дейсің?!
Дұғаларды тыңдаушы. Иса Мәсіх жерге келмес бұрын Ехоба Құдайдың адал қызметшілерінің дұғасын шын ықыласпен тыңдайтынының куәсі болған (Забур 64:3). Сондықтан жердегі қызметі кезінде ол тыңдаушыларына қалай және не туралы дұға ету керектігін үйретті. Ол: “Құдайға сиынғанда... құр сөз сөйлей бермеңдер!”— деп кеңес берді, әрі Құдай “еркінің көкте орындалғанындай, Жер бетінде де орындала беруі” жайлы сиынуға талпындырды. Сондай-ақ ол тыңдаушыларын күнделікті қажеттілікті, күнәларының кешірілуін және азғыруларға қарсы тұруға күш беруін сұрап дұға айтуға шақырды (Матай 6:5—13). Иса Құдайдың қызметшілерінің дұғасына әкелік мейіріммен ықылас қоятынын және сеніммен айтқан өтініштеріне жауап беретінін түсіндірді (Матай 7:7—11).
Иса пайғамбар Ехоба туралы шындықты жариялауға және оның қандай Құдай екенін түсіндіруге бар ықыласымен тырысқанында күмән жоқ. Бұдан басқа ол өте маңызды хабарды жариялаған. Бұл — Ехобаның жер бетіне және адамзатқа қатысты ниетін орындау үшін дүниежүзінде керемет өзгерістер жасайтыны жайлы хабар. Осы ізгі хабар Иса Мәсіх айтқан уағыздың басты тақырыбы болып табылады.
[Сілтеме]
a Киелі кітаптың түпнұсқасында Ехоба деген есім шамамен 7 000 рет кездеседі. Оның мағынасы “Мен кім болсам Сол боламын” дегенді білдіреді (Мысырдан шығу 3:14 сілтеме). Яғни, Құдай өз ниетін жүзеге асыру үшін кім болу керек болса, сол бола алады. Сондықтан бұл есім — Құдайдың әрқашан шыншыл екенінің және уәделерін орындайтынының кепілі.