11-ТАРАУ
Жақия жол дайындады
МАТАЙ 3:1—12 МАРҚА 1:1—8 ЛҰҚА 3:1—18 ЖОХАН 1:6—8,15—28
ЖАҚИЯ УАҒЫЗДАДЫ ЖӘНЕ ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІН ЖАСАДЫ
ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН КӨП АДАМ ӨТТІ, БІРАҚ БӘРІ ЕМЕС
Ғибадатханада он екі жасар Исаның ұстаздарға сұрақтар қойған кезінен бері 17 жылдай уақыт өтті. Қазір б. з. 29 жылының көктемі. Исаның туысы Жақия Иорданның батыс өлкесін аралап, уағыз айтып жүр. Бұл хабар күллі жұртқа тарады.
Жақия сырт көрінісімен де, айтқан сөзімен де қатты ерекшеленді. Ол түйе жүнінен киім киіп, белін қайыс белбеумен буып жүрді. Жейтін азығы шегіртке мен жабайы араның балы болды. Айтып жүрген хабарына келсек, ол: “Күнәларыңа өкініңдер, өйткені Көк Патшалығы таяп қалды!”— деп жариялады (Матай 3:2).
Жақияның хабары адамдарға қатты әсер етті. Олардың көбісі өкіну керектігін, яғни көзқарастары мен іс-әрекеттерін өзгертіп, бұрынғы өмір салттарынан бас тарту керектігін түсінді. Оған адамдар “Иерусалим мен бүкіл Яһудея аймағынан және Иордан өзенінің барлық өңірінен” ағылып келіп жатты (Матай 3:5). Келгендердің көбісі өкініш білдірді. Жақия оларды суға толығымен батырып шығару арқылы шомылдыру рәсімінен өткізді. Бұл не үшін қажет болды?
Шомылдыру рәсімі — Құдай Заңының келісімін бұзғандарын мойындаудың және шын жүректен өкінудің белгісі (Елшілердің істері 19:4). Алайда бұған бәрі бірдей лайық болмады. Жақия өзіне келген кейбір дінбасыларын — парызшылдар мен саддукейлерді — “улы жыланның ұрпағы” деп атады. Сосын оларға: “Өкінетіндеріңді лайықты жемістеріңмен көрсетіңдер. Сендер “біздің бабамыз — Ыбырайым” деп ойламаңдар. Мен сендерге мынаны айтамын: Құдай мына тастардан да Ыбырайымға ұрпақ жасап бере алады. Қазірдің өзінде ағаш түбінде балта жатыр. Сондықтан жақсы жеміс бермейтін әрбір ағаш шабылып, отқа тасталады”,— деді (Матай 3:7—10).
Зор хабар айтып, шомылдыру рәсімінен өткізіп жатқан Жақияға көп адамның назары ауғандықтан, діни қызметкерлер мен леуіліктер одан: “Сен кімсің?”— деп сұрады.
—Мен Мәсіх емеспін,— деп жауап берді Жақия.
—Сонда кімсің? Ілияссың ба?— деп сұрағанда,
—Жоқ, ол емеспін,— деді Жақия.
Мұса айтқан ұлы пайғамбарға меңзеп: “Мүмкін, келетіні алдын ала айтылған пайғамбар шығарсың?”— деді (Мұсаның 5-жазбасы 18:15, 18). Сонда Жақия: “Жоқ”,— деп жауап берді.
Алайда олар: “Бізді жібергендерге жауап беруіміз үшін кім екеніңді айтшы. Өзің жайлы не айтасың?”— деп тұрып алған соң, Жақия: “Ишая пайғамбардың сөздеріне сай, “Ехобаның жолын тегістеңдер!” деп, шөл далада жар салып жатқан дауыс менмін”,— деді (Жохан 1:19—23).
“Егер Мәсіх те, Ілияс та, пайғамбар да болмасаң, онда неге шомылдыру рәсімін жасап жүрсің?”— деп сұрады. Жақия оларға: “Мен суға шомылдыру рәсімін жасаймын. Бірақ араларыңда сендер танымайтын біреу бар. Ол менен кейін келе жатыр”,— деп, маңызды жайтты түсіндірді (Жохан 1:25—27).
Халық алдын ала айтылған Мәсіхті, болашақ Патшаны, қабыл алулары үшін, Жақия олардың жүректерін дайындау керек екенін түсінді. Мәсіх туралы ол былай деді: “Менен кейін келе жатқан кісі менен құдіретті. Мен оның сандалын шешуге де татымаймын” (Матай 3:11). Сондай-ақ Жақия: “Менен кейін келе жатқан менің алдыма шықты, өйткені ол маған дейін бар болған”,— деді (Жохан 1:15).
Ендеше, Жақияның: “Күнәларыңа өкініңдер, өйткені Көк Патшалығы таяп қалды”,— деп хабарлағаны орынды еді (Матай 3:2). Осылайша Ехобаның атынан келе жатқан Патшаның, яғни Иса Мәсіхтің, қызметі жақында басталатыны көпшілікке жарияланды.