118-тарау
Сатқындық және тұтқындалу
ТҮННІҢ бір уағында Яһуда жасақшылары, басты діни қызметкерлері, парызшылдары және тағы басқалары бар бір топ адамды Гетсимани бағына ертіп келді. Діни қызметкерлер Яһудаға Исаны ұстап бергені үшін 30 күміс теңге төлеуге келіскен болатын.
Ілгеріректе, Құтқарылу мейрамының асынан кетіп қалған кезде, Яһуда тіке басты діни қызметкерлерге барса керек. Олар тез арада қызметшілері мен жасақшыларын жинады. Яһуда оларды алдымен Иса елшілерімен бірге Құтқарылу мейрамын тойлаған жерге апарған болуы мүмкін. Ол жерде ешкім болмаған соң, Яһуда мен жанындағы алау мен шам ұстаған қарулы адамдар Иерусалимнен Қидрон сайы арқылы шықты.
Яһуда оларды Зәйтүн тауына ертіп барды. Ол Исаны сол жерден табатынына сенімді. Өткен апта бойы Иса мен елшілері Бетаниядан Иерусалимге ары-бері жүргенде, тынығып, әңгімелесу үшін осында жиі тоқтайтын. Ал қазір егер Иса қараңғыда зәйтүн ағаштарының арасына жасырынған болса, жасақшылар оны қалай таниды? Мүмкін олар бұрын Исаны бірде-бір рет көрмеген шығар. Сондықтан Яһуда оларға белгі беретінін айтып: “Кімнің бетінен сүйсем, Ол — Соның Өзі. Сол Адамды ұстап алып, абайлап әкетіңдер”,— деді.
Яһуда қасындағылардың бәрін баққа алып келді. Ол Иса мен елшілерін көргенде, тіке Исаға барды да:
— Ұстаз, амансыз ба? — деп, оның бетінен сүйді.
— Достым, сен не үшін келдің? — деді оған Иса қатал дауыспен. Сонан соң өз сұрағына өзі жауап беріп: “Яһуда! Сен көктен келген Маған бетімнен сүйіп тұрып та опасыздық жасайсың ба?” — деді.
Сатқынмен әрі қарай сөйлесудің мәнісі жоқ. Иса алға қарай жанып тұрған алаулар мен шамдардың жарығына шығып:
— Кімді іздеп жүрсіңдер? — деп сұрады.
— Назареттік Исаны! — деп жауап берді олар.
— Ол Менмін! — деді Иса тайсалмай. Оның батылдығына таңғалып, одан не күтерін білмей, олар кейін шегініп, жерге жығыла кетті.
— Мен Солмын деп сендерге айттым ғой! — деді Иса байсалды үнмен.— Егер Мені іздеп жүрсеңдер, онда мыналарға тиіспеңдер, кете берсін!
Осының алдында ғана Иса жоғарғы бөлмеде айтқан дұғасында Әкесіне адал елшілерін аман сақтап, “құрып кетуге тиісті адамнан” басқа бірде-біреуін жоғалтпадым деген болатын. Міне, осы сөздер орындалу үшін, ол ізбасарларын қоя беруін сұрап тұр.
Жасақшылар бойларын жиып, орындарынан тұрды да, Исаны байлай бастады. Елшілері не болып жатқанын енді түсінді. “Мырза, семсермен шауып тастайық па?” — деп сұрады олар. Иса жауап бермей жатып, алып келген екі семсердің бірін ұстаған Петір бас діни қызметкердің малайы Мәлікке тұра ұмтылды. Петір малайдың басын шауып алуды көздеді, бірақ қолы мүлт кетіп, оның оң құлағын шауып түсірді.
— Тоқтатыңдар, жетер енді! — деп, Иса араға түсті. Мәліктің құлағына қолын тигізіп, оны сауықтырып жіберді. Сонан соң Иса: “Семсеріңді қынабына сал! Семсеріне сенген семсерден өлер. Мен қазір Әкемнен сұрасам, Ол Маған дереу он екі әскери бөлімнен астам періштелерін жібереді! Әлде солай болмайды деп ойлайсың ба?” — деп Петірге бұйыра отырып, Иса өте маңызды сабақ берді.
Иса өзінің тұтқындалуға дайын екендігін түсіндіріп: “Киелі жазбалардағы осы оқиғалар болуға тиіс деп алдын ала айтылғандар қалай жүзеге асар еді?!” — деді. Сонан соң: “Әкем Маған белгілеп қойған азапты тартуым керек екендігін білмеуші ме едің?” — деп толықтырды. Ол өзіне қатысты Әкесінің еркімен толық келіседі!
Осыдан кейін Иса келген тобырға қарап: “Қарақшыға қарсы аттанғандай, Мені ұстауға семсер мен сойыл алып шыққандарың қалай? Күн сайын ғибадатханада тағылым беріп отырғанымда Мені ұстап алған жоқсыңдар. Бірақ Пайғамбарлар жазбаларында алдына ала айтылғандардың жүзеге асуы үшін осылай болды”,— деді.
Сонда әскер тобы мен мыңбасы, сондай-ақ яһуди басшыларының сақшылары Исаны ұстап алып, бұғаулады. Мұны көрген елшілері оны тастап, қаша жөнелді. Алайда бір жас жігіт қана, Марқа деген шәкірті болса керек, тобырдың арасында қалып қойды. Ол мүмкін Иса Құтқарылу мейрамын тойлаған үйде болып, сол жерден тобырдың соңынан ілесіп келсе керек. Қалай болған күнде де, қазір оны танып қойып, ұстап алмақшы болды. Ол үстіндегі кенеп жамылғысын тастай сала, қашып кетті. Матай 26:47—56; Марқа 14:43—52; Лұқа 22:47—53; Жохан 17:12; 18:3—12.
▪ Неліктен Яһуда Исаны Гетсимани бағынан табатындығына сенімді?
▪ Иса елшілеріне деген қамқорлығын қалай көрсетті?
▪ Петір Исаны қорғау үшін не істеді және Иса оған не деді?
▪ Иса Әкесінің өзіне қатысты еркімен толық келісетіндігін қалай көрсетті?
▪ Елшілері қашып кеткенде, Исаның қасында кім қалды және онымен не болды?