-
Құдай Патшалығы деген не?Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз! (интерактивті Киелі кітап сабақтары)
-
-
31-САБАҚ
Құдай Патшалығы деген не?
Құдай Патшалығы — Киелі жазбалардың басты тақырыбы. Ехоба осы Патшалық арқылы өзінің әуел бастағы жерге байланысты ниет-қалауын орындайды. Олай болса, Патшалық деген не? Оның қазір билік етіп жатқанын қайдан білеміз? Ол осы уақытқа дейін нені жүзеге асырды? Ал болашақта не істейді? Осы және келесі екі сабақта бұл сұрақтардың жауабын табамыз.
1. Құдай Патшалығы деген не және оның Патшасы кім?
Құдай Патшалығы деген — Ехоба Құдай орнатқан үкімет. Оның Патшасы — Иса Мәсіх. Ол көктен билік жүргізеді (Матай 4:17; Жохан 18:36). Киелі кітапта Иса туралы: “Мәңгілік бойы Патша ретінде билік етеді”,— делінген (Лұқа 1:32, 33). Құдай Патшалығының Патшасы ретінде Иса жержүзіндегі барлық адамзаттың үстінен билік етеді.
2. Исамен бірге кімдер билік етеді?
Иса жалғыз билік етпейді. “Әрбір рудан, тілден, халықтан және ұлттан шыққан адамдар” жер бетіне билік жүргізеді (Аян 5:9, 10). Сонда Мәсіхпен бірге билік ететіндердің саны қанша? Иса жерге келгеннен бастап, миллиондаған адам оның ізбасары болды. Бірақ олардың 144 000-ы ғана көкке барып, Исамен бірге билік етеді (Аян 14:1—4 оқыңыз). Ал қалған мәсіхшілер сол Патшалықтың жердегі азаматы болады (Зәбүр 37:29).
3. Құдай Патшалығы адамдардың үкіметтерінен қай жағынан асып түседі?
Үкімет билеушілері игі істер жасағысы келеді-ақ, бірақ соның бәрін істеуге олардың шамалары жетпейді. Бұдан қалса, ерте ме, кеш пе, олардың орнын басқа адамдар басады. Ал бұл билеушілер халықтың мүддесін ойлағысы келмеуі мүмкін. Құдай Патшалығының билеушісі Исаны болса ешкім, ешқашан алмастырмайды. Өйткені Құдай “ешқашан жойылмайтын патшалық орнатады” (Даниял 2:44). Иса бүкіл жержүзіне билік етеді және ол біреуді біреуден артық көрмей, бәріне бірдей қарайды. Оның сүйіспеншілігі, мейірімі мен әділдігі мол. Ол адамдарға да бір-біріне сүйіспеншілікпен, мейіріммен, әділдікпен қарауды үйретеді (Ишая 11:9 оқыңыз).
ТЕРЕҢІРЕК ҮҢІЛІҢІЗ
Құдай Патшалығы неліктен адамдардың үкіметтерінен артық екенін қарастырайық.
4. Құдай Патшалығы бүкіл жер бетіне билік етеді
Иса Мәсіхтің қолында орасан зор билік бар. Тарихта оған тең келетін ешқандай билеуші болмаған. Матай 28:18 оқып, мына сұрақты талқылаңыздар:
Исаның билігі адамдардың билігінен қай жағынан асып түседі?
Адамдардың үкіметтері жиі ауысып отырады, әрі олар жердің белгілі бір аумағына ғана билік етеді. Ал Құдай Патшалығы жайында не деуге болады? Даниял 7:14 оқып, келесі сұрақтарды талқылаңыздар:
Құдай Патшалығының “ешқашан жойылмайтыны” неге жақсы?
Ал оның бүкіл жер бетіне билік жүргізетіні несімен жақсы?
5. Адамдардың билігі алмастырылу керек
Неге Құдай Патшалығы адамдардың үкіметтерін ауыстырмаса болмайды? БЕЙНЕРОЛИКТІ көріп, келесі сұрақты талқылаңыздар:
Адамдар билігінің нәтижесі қандай болды?
Уағыздаушы 8:9 оқып, мына сұрақтарды талқылаңыздар:
Құдай Патшалығы адамдардың үкіметтерін алмастыру керек деп ойлайсыз ба? Неге?
6. Құдай Патшалығының билеушілері бізді жақсы түсінеді
Патшамыз Иса адам болып өмір сүріп көргендіктен, “біздің әлсіздіктерімізге жаны ашиды” (Еврейлерге 4:15). Исамен бірге билік ететін 144 000 адал ер мен әйел адамдарды Ехоба “әрбір рудан, тілден, халықтан және ұлттан” таңдап алған (Аян 5:9).
Иса және онымен бірге билік ететіндер біздің жан-дүниемізді, қиындықтарымызды түсінетінін білу сізді қуанта ма? Неге?
7. Құдай Патшалығының заңдары әлдеқайда жақсы
Үкіметтер азаматтарының пайдасына асатын, оларды қорғайтын заңдар шығарып жатады. Құдай Патшалығы да өз азаматтары үшін заңдар орнатқан. Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11 оқып, мына сұрақтарды талқылаңыздар:
Қалай ойлайсыз, адамдардың бәрі Құдайдың заң-талаптарына сай жүріп-тұрса, өмір қандай болады?a
Патшалықтың азаматтары осы заң-талаптарды орындайды деп күтуге Ехобаның құқы бар ма? Неге?
Осы заң-талаптармен жүрмейтін адамдар өзгере алатыны неден көрінеді? (11-тармақты қараңыз.)
БІРЕУ СҰРАСА: “Құдай Патшалығы деген не өзі?”
Сіз қалай жауап берер едіңіз?
ТҮЙІНДЕМЕ
Құдай Патшалығы — көкте орналасқан үкімет, әрі ол бүкіл жержүзіне билік етеді.
Қайталау
Құдай Патшалығының билеушілері кімдер?
Құдай Патшалығы адам үкіметтерінен қай жағынан асып түседі?
Ехоба Құдай Патшалығының азаматтарынан не күтеді?
ҚОСЫМША ІЗДЕНІҢІЗ
Патшалықтың қайда екеніне қатысты Исаның не деп үйреткенін қарастырыңыз.
“Құдай Патшалығы адамның жүрегінде ме?” (jw.org сайтындағы мақала)
Неге Ехоба куәгерлері адам үкіметтеріне емес, Құдай Патшалығына адал болуды шешеді?
Исамен бірге билік ететін 144 000 туралы Киелі кітапта не айтылғанын оқып көріңіз.
Түрмеде отырған әйелді дүниеде Құдай ғана әділдік орната алатынына не сендірді?
“Мен әділдіктің жеңіп шығатынын білдім” (“Ояныңдар!” (ор.), қараша, 2011)
-
-
Бейтарап болу деген не?Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз! (интерактивті Киелі кітап сабақтары)
-
-
45-САБАҚ
Бейтарап болу деген не?
Иса шәкірттеріне “осы дүниелік” болмау керектігін үйреткен (Жохан 15:19). Бұған бейтарап болу да жатады. Бұл дегеніміз — саяси істерде, соғыстарда ешкімнің жағына шықпау. Шыны керек, бейтарап болып қалу әр кезде оңай емес. Сол үшін жұрттың күлкісіне қалуымыз мүмкін. Бірақ қалайша біз бейтарап болып, Ехоба Құдайға адалдық сақтай аламыз?
1. Шынайы мәсіхшілердің үкіметке көзқарасы қандай?
Мәсіхшілер үкіметтерді құрметтейді. Біз Исаның айтқанын тыңдап, “патшанікін патшаға береміз”, яғни салық төлеу сияқты еліміздің заңдарына бағынамыз (Марқа 12:17). Киелі кітаптың үйретуінше, адамдардың үкіметтері Ехоба жол бергендіктен ғана билік етіп отыр (Римдіктерге 13:1). Сондықтан олардың билігі шексіз емес, шектеулі екенін түсінеміз. Адамзаттың барлық қиындығын шешеді деп біз Құдайға және оның көктегі Патшалығына үміт артамыз.
2. Бейтарап екенімізді қалай көрсетеміз?
Исаға ұқсап біз де саясатқа араласпаймыз. Бірде Исаның бір кереметін көргенде, адамдар оны жерде патша етпекші болады, бірақ ол бұдан бас тартады (Жохан 6:15). Оның себебін ол кейін бір сөзінде айтты: “Менің Патшалығым осы дүниелік емес” (Жохан 18:36). Исаның шәкірті болған біздер бейтараптығымызды бірнеше жолмен көрсете аламыз. Мысалы, біз соғысқа бармаймыз (Миха 4:3 оқыңыз). Ту секілді мемлекеттік рәміздерді құрметтегенімізбен, оларға тағзым етпейміз (Жоханның 1-хаты 5:21). Бұдан бөлек, ешқандай саяси партияларды не үміткерлерді қолдамаймыз. Осы және басқа да жолдармен біз Құдай үкіметіне, яғни оның Патшалығына толығымен адал екенімізді көрсетеміз.
ТЕРЕҢІРЕК ҮҢІЛІҢІЗ
Бейтараптығымыз сыналатын бірнеше жағдайды қарастырайық және сондай кезде Ехобаға ұнайтын шешімдерді қалай қабылдай алатынымызды көрейік.
3. Шынайы мәсіхшілер бейтарап
Иса мен оның ізбасарлары біз үшін үлгі қалдырды. Римдіктерге 13:1, 5—7 және Петірдің 1-хаты 2:13, 14 оқыңыздар. Сосын БЕЙНЕРОЛИКТІ көріп, мына сұрақтарды талқылаңыздар:
Неге біз адами үкіметтерді құрметтеуіміз керек?
Оларға бағынатынымызды қандай жолдармен көрсетеміз?
Соғыс кезінде кейбір елдер “біз ешкімді жақтамаймыз” дегенімен, қақтығысып жатқан екі тарапқа да қолдау көрсетеді. Бірақ бұл шын бейтараптық па? Жохан 17:16 оқыңыздар. Сосын БЕЙНЕРОЛИКТІ көріп, мына сұрақты талқылаңыздар:
Бейтарап болу деген не?
Үкіметтің талабы Құдай заңына қайшы келсе, не істеу керек? Елшілердің істері 5:28, 29 оқыңыздар. Сосын БЕЙНЕРОЛИКТІ көріп, мына сұрақтарды талқылаңыздар:
Адамның заңы мен Құдайдың заңы бір-біріне қайшы келгенде, біз кімнің заңына мойынсұнуымыз керек?
Мәсіхшілер үкіметке бағынбайтын жағдайларды мысалға келтіре аласыз ба?
4. Ойымыз да, ісіміз де бейтарап болсын
Жоханның 1-хаты 5:21 оқыңыздар. Сосын БЕЙНЕРОЛИКТІ көріп, мына сұрақтарды талқылаңыздар:
Айендж деген ер кісі неліктен саяси партияның мүшесі болудан және мемлекеттік рәміздерді, мысалы, туды дәріптеуден бас тартты?
Ол дұрыс әрекет етті деп ойлайсыз ба?
Тағы қандай жағдайларда бейтараптығымыз сыналуы мүмкін? БЕЙНЕРОЛИКТІ көріп, мына сұрақтарды талқылаңыздар:
Халықаралық спорт ойындарын көргенде, қалай біз бейтарап болып қала аламыз?
Саясаткерлердің шешімі бізге әсер етсе де, қалай бейтарап болып қала аламыз?
Жаңалықтар я біз араласатын адамдар бейтараптығымызға қалай әсер етуі мүмкін?
БІРЕУ СҰРАСА: “Осы сендер неге туды дәріптемейсіңдер, әнұран айтпайсыңдар?”
Қалай жауап берер едіңіз?
ТҮЙІНДЕМЕ
Мәсіхші іштей, сөзімен, әрекетімен де саясатта ешкімді жақтамай, бейтарап болып қалу үшін көп күш салады.
Қайталау
Мемлекеттің алдында біздің қандай міндетіміз бар?
Неге біз саясатта бейтарап болып қаламыз?
Қандай жағдайларда бейтараптығымыз сыналуы мүмкін?
ҚОСЫМША ІЗДЕНІҢІЗ
Бейтарап болып қалу үшін кейде қандай құрбандықтарға бару керек болады?
Бейтараптықпен байланысты қиындықтарға отбасылар қалай алдын ала дайындалса болады?
Ер адам үшін Отанды қорғаудан да ұлы мәртебе бар ма?
Жұмысқа қатысты шешім қабылдағанда, осы дүниелік емес болып қалуға не көмектесетінін оқып көріңіз.
“Әркім өз жүгін өзі көтереді” (“Күзет мұнарасы”, 1 сәуір, 2006)
-