Ехоба — шындықтың Құдайы
“Уа, Тәңір, шындықтың Құдайы, Сен мені құтқардың” (ЗАБУР 30:6).
1. Өтірік атымен болмаған уақытта көк пен жерде жағдай қандай болған?
БАСТАПҚЫ уақытта өтірік атымен болмаған. Көзге көрінбейтін көк әлемінде кемелді рухани жаратылыстар мекендеп, олар өздерін Жаратқан ‘шындықтың Құдайына’ қызмет еткен (Забур 30:6). Өтірік те, алдап-арбау да атымен болмаған. Ехобаның өз рухани ұлдарына беріп отырған мәліметі тек қана шындық болған. Өйткені Оның сүйіспеншілігі және олардың игіліктеріне деген терең қызығушылығы осылай етуге талпындырды. Жер бетінде де жағдай осыған ұқсас еді. Ехоба алғашқы еркек пен әйелді жаратып, өзінің арнасы арқылы олармен әрдайым нақты, ашық және шыншыл қатынаста болған. Сірә, бұл қандай тамаша кезең болған десеңші!
2. Өтірікті бірінші болып қолданған кім және не үшін?
2 Алайда уақыт өте келе, Құдайдың бір рухани ұлы құдай болғысы келіп, өрескел түрде Ехобаға қарсы шығады. Шайтан Ібіліс деген атпен әйгілі болған осы рухани жаратылыс өзгелердің өзіне ғибадат еткенін қалады. Өзінің мақсатына жетіп, адамдарды өз құзырына бағындыру үшін Ібіліс бірінші болып өтірікке барды. Осылай ол ‘өтірікші, өтіріктің бастауына’ айналды (Жохан 8:44).
3. Шайтанның өтірігін Адам мен Хауа қалай қабылдады және оның нәтижесі қандай болды?
3 Шайтан жыланды қолданып, ең алғашқы әйелге егерде Құдайдың бұйрығына бағынбай, тыйым салған жемістен жесең өлмейсің деп айтқан. Бұл өтірік еді. Әрі қарай жемісті жеген соң Құдай сияқты жамандық пен жақсылықтың не екендігін білетін боласың дегенді айтты. Бұл да сол тәрізді өтірік еді. Бұның алдында Хауаға ешкім өтірік айтпағанымен, жыланның сөздері Құдайдың Адамға айтқан сөздеріне қарама-қайшы екендігін ол түсінген болу керек. Сөйтсе де, ол Ехобаға емес, Шайтанға сенуді ұйғарады. Толығымен ол өтірікке иланып, жемісті алып, оны жейді. Кейінірек жемістен Адам да жейді (Жаратылыс 3:1—6). Адам да Хауа сияқты бұрын-соңды өтірікті естіген емес еді, сондай-ақ ол Хауа сияқты алданған емес-тін (1 Тімотеге 2:14). Адам өзінің іс-әрекетімен Жаратушысынан бас тартқандығын көрсетті. Ақырында бұл адамзат ұрпағына қайғылы зардабын тигізді. Адамның тілазарлығы оның бүкіл үрім-бұтағына күнә мен өлім әкелді, сондай-ақ бұзылу мен сан жетпейтін қайғы-қасіретке ұшыратты (Римдіктерге 5:12).
4. а) Едемде айтылған өтіріктің мәні неде еді? ә) Шайтанның алдауына түсіп қалмау үшін не істеуіміз керек?
4 Өтірік кеңінен үдей түсті. Біз Едем бағында айтылған өтірік Ехобаның әділдігін тікелей қаралау екендігін терең түсінуіміз керек. Шайтан Құдай адамзаттың алғашқы жұбын алдап, бір жақсы нәрседен айырып отыр деп мәлімдеді. Әрине, бұл олай емес еді. Тілазарлық Адам мен Хауаға ешқандай да пайда әкелген жоқ. Ехобаның ескерткеніндей, олар өлді. Сөйтсе де, Шайтан Ехобаға қарсы шығып қаралауын доғарған жоқ, бірнеше ғасыр өткен соң елші Жохан Құдай рухының жетелеуімен: ‘Шайтан бүкіл әлемді алдап келеді’,— деп жазған (Аян 12:9). Шайтан адастырып жібермеу үшін біз Ехобаның шыншыл екендігіне және оның Сөзіне толық сенім артуымыз керек. Сен қалай Ехобаға деген сеніміңді жетілдіріп, нығайта аласың, сондай-ақ оның қарсыласы Шайтанның өтірігі мен алдап-арбауынан өзіңді қалай қорғай аласың?
Ехоба шындықты біледі
5, 6. а) Ехобаның білімінің тереңдігі қандай? ә) Құдайдың білімімен салыстырғанда адамдардың білімі туралы не айтуға болады?
5 Киелі кітапта Ехоба жөнінде “әлемді Жаратқан” деп әлденеше рет айтылады (Ефестіктерге 3:9). Ол “көк пен жерді, теңізді және олардағы нәрселердің бәрін жаратқан” (Елшілердің істері 4:24). Ехоба Жаратушы болғандықтан, әрбір нәрсе туралы шындықты біледі. Мысалы, үйдің ақырғы бөлшегіне дейін өзі жобалап, содан соң басынан аяғына дейін үйді өзі тұрғызған адам туралы не айтуға болады? Ол өзге кез келген сырттағы адамға қарағанда, тұрғызған үйін бес саусағындай біледі және осы үйге қатысты барлық жағдайды да жетік түсінеді. Расында да, адамдар өз қолдарымен жасап шығарған заттарын өте жақсы біледі. Сол сияқты Жаратушы да өз жаратқандарын аса жақсы біледі.
6 Ишая пайғамбар Ехобаның білімі қаншалықты ауқымды екендігін керемет түрде сипаттаған. Біз былай деп оқимыз: “Кім теңізді алақанмен сарқып өлшеген, аспанды қарысымен қамтып белгілеген? Кім жердің топырағын себетке салған, тау-төбені де таразыға тартқан? Кім Тәңірдің ақыл-парасатын ұққан, кеңесшісі боп бағыт берді Оған? Жаратқан Ие кіммен ақылдасқан, кім түсінік беріп те еді Оған? Кім Тәңір Иені білімге үйреткен, Оған даналық жолын да нұсқаған?” (Ишая 40:12—14). Шындығында да, ‘Тәңір бәрін біліп тұрады’ сондай-ақ Ехобаның ‘білімі кемелді’ (1 Патшалықтар 2:3; Әйүп 36:4; 37:16). Ехобамен салыстырғанда біз қаншалықты аз білеміз десеңші! Адамзаттың жинаған таңдандыратын білім қорына қарамастан, материялық жаратылыс туралы біздің түсінігіміз ‘Оның жолдарының шетін’ де қамти алмайды. Мұны Құдайдың ‘күркіреген құдіретімен’ салыстырар болсақ, бұл жай ғана ‘сыбыр’ болып қалады (Әйүп 26:14, ЖД).
7. Ехобаның біліміне қатысты Дәуіт нені түсінген және осыған байланысты нені мойындауымыз керек?
7 Ехоба бізді өзі жаратқандықтан, бізді өте жақсы біледі. Мұны Дәуіт Патша мойындап, былай деп жазған: “Уа, Тәңірім, мені сынап тексердің, Сен мені толығынан танып білдің: Отырғаным, тұрғаным да Саған аян, ойларымды да танисың алыстан. Жүрейін не демалайын, көз алдыңдамын, жолдарымның барлығы да Саған айқын. Сөз шықпай тұрып-ақ менің аузымнан оны толық білесің, уа, Жаратқан!” (Забур 138:1—4). Әрине, Дәуіт адамдарда ерік бостандығы бар екендігін түсіне білген. Құдай өз сөзін тыңдаймыз ба, жоқ па, бізге таңдау жасауға еркіндік берген (Заңды қайталау 30:19, 20; Ешуа 24:15). Дегенмен де, өзімізден гөрі Ехоба бізді өте жақсы біледі ғой. Ол бізге барлық жақсылықты тілейді, сондай-ақ біздің жолымызға бағыт беруге қабілеті де жетеді (Еремия 10:23). Ехобадан артық ешқандай ұстаз, білікті маман немесе кеңес беруші бізді шындыққа үйретіп, сондай-ақ даналық пен бақытқа кенелте алмайды.
Ехоба шыншыл
8. Ехобаның шыншыл екендігін қайдан біле аламыз?
8 Шындықты білген бір басқа, ал шыншыл болып, әрдайым шындықты айтқан бір басқа. Мәселен, Шайтан ‘ақиқат жағында тұрмауды’ таңдады (Жохан 8:44). Одан Ехобаның айырмашылығы ол “әрдайым сөзінде тұрады” (Мысырдан шығу 34:6). Жазбада әлденеше рет Ехобаның шыншыл екендігі айтылады. Пауыл былай деп жазған: “Құдайдың өтірік айтуы еш мүмкін емес” сондай-ақ Ехоба — “жалған сөйлемейтін” Құдай (Еврейлерге 6:18; Титке 1:2). Шыншылдық — Құдай болмысының маңызды бір бөлігі. Біз Ехобаға арқа сүйеп, әрі сенім арта аламыз, өйткені ол шыншыл, ешқашан өзінің адал қызметшілерін алдамайды.
9. Ехобаның есімінің шындықпен қандай байланысы бар?
9 Ехобаның есімінің өзі оның шыншыл екендігіне нұсқайды. Құдайдың есімі “Ол болдырады” деген мағынаны береді. Бұл Ехобаның біртіндеп өз уәделерінің барлығының Орындаушысы болып табылатындығын айқындайды. Бұндай нәрсе басқа ешкімнің де қолынан келмейді. Сол себепті, Ехоба Әлемнің Әміршісі болғандықтан, оның ниетінің орындалуына еш нәрсе кедергі жасай алмайды. Ехоба — жай ғана шыншыл емес, сондай-ақ ол өз сөзінде тұрып, уәделерін орындау үшін қажетті құдіретке және даналыққа ие жалғыз тұлға.
10. а) Қалай Ешуа Ехобаның шыншылдығының куәсі болды? ә) Сендер Ехобаның орындалған қандай пайғамбарлығын бақыладыңдар?
10 Ешуа Ехобаның шыншылдығын дәлелдейтін таңдандыратын керемет оқиғаларды көріп, куә болған көптеген адамдардың бірі болған. Ехоба әрбір жазаны алдын ала ескертіп, мысырлықтарға он жаза жіберген кезінде Ешуа Мысырда болатын. Бұдан басқа Ехобаның өз уәдесін іске асырып, исраилдіктерді Мысырдан босатқанын, сонымен қатар қарсылық көрсеткен күшті Қанахан әскерін жеңдіру арқылы оларды жеңіске жеткізіп, Уәде етілген жерге қалай алып келгендігін де Ешуа көрген болатын. Өмірінің соңы таяп қалғанда, Ешуа исраил ақсақалдарына былай деген: “Сендер болсаңдар шын жүректеріңмен және жан-тәндеріңмен білесіңдер, Тәңір Құдайларың сендерге айтқан ізгі сөзінің бірі де бекер болған жоқ; бәрі айтқанындай болып, бір сөзі де орындалмай қалған жоқ” (Ешуа 23:14). Сен Ешуа көрген сол кереметтерді көрмесең де, өз өміріңде Ехобаның уәделерінің шын екендігінің куәсі болдың ба?
Ехоба шындықты ашады
11. Ехобаның адамдармен шындықты бөліскісі келетіндігі неден көрінеді?
11 Көз алдыңа көп білімді меңгерген, бірақ өз балаларымен аз әңгімелесетін ата-ананы елестетші. Ехобаның осындай ата-анаға ұқсамайтындығына сен риза емессің бе? Ехоба сүйіспеншілігінің арқасында өз білімін адамдармен жомарттықпен бөліседі. Жазбаларда Ол “Ұлы Ұстаз” деп аталған (Ишая 30:20, ЖД). Өзінің сүйіспеншілікке толы мейірімділігінің арқасында Ол тіпті өзін тыңдауға ыңғай танытпайтындармен де сөйлесуге әзір. Мысалы, Ехоба адамдардың қабылдамайтындығын білсе де, Езекиелді оларға уағыздауға жіберген. Ехоба былай деген: “адам ұлы, тұр да Исраил үйіне бар және оларға Менің сөздерімді айт”. Осыдан кейін ол былай деп ескертті: “Ал Исраил үйі сені тыңдағылары келмейді, себебі олар Мені тыңдағанды қаламайды, өйткені Исраил үйінің бәрі де тас маңдай және тас жүрек”. Бұл өте қиын тапсырма еді, бірақ Езекиел Ехобаның жанашырлығын таныта отырып, оны адалдықпен орындады. Егерде сен уағыздау қызметінде қиыншылықтарға кезіккенде, Ехобаға сенім артатын болсаң, өз пайғамбары Езекиелге күш бергендей саған да күш беретіндігіне сенімді бол (Езекиел 3:4, 7—9).
12, 13. Құдай адамдармен шындығын қалай бөліседі?
12 Ехоба “барлық адамдардың құтқарылып, шындықты біліп алуларын қалайды” (1 Тімотеге 2:4). Ол хабарын пайғамбарлар және періштелер арқылы, тіпті өзінің сүйікті Ұлы Иса Мәсіх арқылы да жеткізіп отырған (Еврейлерге 1:1, 2; 2:2). Иса Пилатқа: “Мен... Шындықты ашық жариялау үшін осы дүниеге келдім. Шындықты жақтаушы әркім Менің үніме құлақ салады”,— деген. Ехобаның құтқару үшін не ойластырғандығы жөніндегі шындықты Пилаттың Құдай Ұлының нақ өзінен білуге деген ерекше мүмкіндігі болған еді. Десе де, Пилат шындықты жақтаған жоқ, сонымен қатар оның Исадан үйренуге ықыласы да болмады. Ол еш шімірікпестен: — Шындық деген не? — деп жауап берді (Жохан 18:37, 38). Қандай өкінішті жағдай десеңші! Әйтсе де, көп адам Исаның уағыздаған шындығына құлақ түрген. Өзінің шәкірттеріне ол былай деген: “Ал сендер бақыттысыңдар: көздерің көріп, құлақтарың естиді” (Матай 13:16).
13 Ехоба шындығын Киелі кітапта сақтап, оны жер жүзіндегі барлық адамдардың қолы жететіндей кеңінен таралуына жағдай жасаған. Киелі кітап барлық нәрсені шынайы түрде көрсетеді. Ол Құдайдың қасиеттерін, ниетін және заңдарын сипаттап, сонымен қатар дүниедегі болып жатқан жағдайлардың мән-жайын суреттейді. Ехобаға мінажат етіп, Иса былай деген: “Сенің сөзің — шындық” (Жохан 17:17). Киелі кітапты айрықша ететін осы нәрсе. Тек қана осы кітап бәрін білетін Құдайдың рухының жетелеуімен жазылған (2 Тімотеге 3:16). Бұл — Құдайдың адамдарға берген құнды сыйы, сондықтан Құдайдың қызметкерлері мұны қазына сияқты бағалайды. Мұны күнделікті оқығанымыз даналық болар еді.
Шындықты берік ұстаныңдар
14. Ехоба нендей нәрселерді орындауға уәде береді және неліктен оған сенуге болады?
14 Біз Ехобаның өз Сөзінде айтқандарын бар ықыласымызбен қабыл алуымыз қажет. Ол өзі туралы қалай сипаттап айтқан болса, дәл соның нақ өзі және Ол не уәде етсе, соны шын мәнінде орындайды. Құдайға сенім артуымызға толық негіз бар. Ехоба өзі айтқанындай: “Ол Өзінің Ізгі хабарына құлақ аспай, Құдайды танымай жүргендерді жазаламақ”,— деген сөздеріне сене аламыз (2 Салониқалықтарға 1:8). Сонымен қатар Ехобаның шындық жолымен жүргендерді сүйетіндігі, сенім білдіргендерге мәңгілік өмір беретіндігі және аурудың, зар еңіреу мен өлімнің болмайтындығы туралы айтқан сөздеріне де сене аламыз. Ехоба Жоханға: “Мұны жазып қой, бұл сөздер сенуге тұрарлық шынайы!” — деп бұйыруымен, бұл уәделерге сенім артуға болатындығына ерекше көңіл аударды (Аян 21:4, 5; Нақыл сөздер 15:9; Жохан 3:36).
15. Шайтан қандай жалған сезім тудырғысы келеді?
15 Шайтан — Ехобаға мүлдем қарама-қайшы тұлға. Ол шындықты айтудың орнына, адамдарды адастырып, теріс жолға түсіреді. Ол көздеген мақсатына жетіп, адамдарды шынайы ғибадаттан алып кету үшін үнемі өтірікті қолданады. Мысалы, Шайтан жер бетіндегі қайғы-қасіреттерге Құдай немқұрайды қарайды және қамымызды ойламайды деп, бізді сендіргісі келеді. Әйтсе де, Киелі кітап Ехоба өзінің жаратылыстарына немқұрайды қарамайтындығын, оның зұлымдықты, сонымен қатар ол тудыратын қайғы-қасіретті айыптайтындығын көрсетеді (Елшілердің істері 17:24—30). Оның үстіне, Шайтан рухани істермен шұғылдану, уақытты босқа өткізу, бос әурешілік деген сезім тудырғысы келеді. Керісінше, Киелі жазба бізді былай сендіреді: “Құдай әділетсіз емес. Ол жасаған игі істеріңді, өз адамдарына берген, әлі де беріп жатқан көмектерің арқылы Өзіне де көрсеткен сүйіспеншіліктеріңді ешқашан есінен шығармайды”. Сондай-ақ “Өзін іздеп, жақыннан танығысы келгендерді Құдайдың жарылқайтындығы” да онда анық айтылған (Еврейлерге 6:10; 11:6).
16. Неліктен мәсіхшілер қырағы болып, шындықты берік ұстанулары керек?
16 Шайтанға қатысты Пауыл былай деп жазған: “Бұлар оған сенбейді осы күнәкар дүниенің “тәңірі” (әзәзіл шайтан) Мәсіхтің салтанатты ұлылығы туралы Ізгі хабардың нұрын оларға көрсетпеу үшін саналарын соқыр қылып қойған. Ал Мәсіх Құдайдың қандай екенін айқын көрсетеді” (2 Қорынттықтарға 4:4). Кейбіреулер толығымен Шайтан Ібіліске алдануда. Ал өзге біреулері Адам іспетті алданбаса да, біле тұра әдейі тілазарлықтың жолын ұстануда (Яһуда 5, 11). Сондықтан мәсіхшілердің қырағы болғандары және шындықты берік ұстанғандары өте маңызды.
Ехоба “шынайы сенімді” талап етеді
17. Ехобаның шапағатына ие болу үшін не істей аламыз?
17 Ехоба өзінің әрбір жолында шыншылдық танытатындықтан, өзінің қызметшілерінен де шыншыл әрекет етеді деп күтеді. Забур жыршысы былай деп жазды: “Уа, Тәңір! Сенің тұрағыңда кім өмір сүре алады? Сенің киелі тауыңда кім тұрақтай алады? Мінсіз жүріп, әділдік жасайтынды және шындықты жүрегінен айтқан ғана тұрақтай алады” (Забур 14:1, 2). Сол Забурды жырлаған яһудилерге ондағы айтылған Ехобаның киелі тауы олардың естеріне Сион тауын салғандығы шүбәсіз. Кезінде Дәуіт патша шатыр тігіп, Ехобаның келісім сандығын сонда апарған (2 Патшалықтар 6:12, 17). Сол тау мен шатыр Ехобаның бейнелі тұрағы болып есептелетін. Сол жерде адамдар Құдайға жақындап, сондай-ақ оның шапағатын сұрап мінажат ететін.
18. а) Құдайдың досы болу үшін не талап етіледі? ә) Келесі мақалада не талқыланатын болады?
18 Кімде-кім Құдайдың досы болуды қалайтын болса, ол шындықты жай аузымен ғана емес, “жүрегінен” айтуы қажет. Құдайдың шын достары жүректерінде адал болулары қажет, сондай-ақ адалдық жүректен шығатын болғандықтан, ‘шынайы сенімдері’ де болу керек (1 Тімотеге 1:5; Матай 12:34, 35). Құдайдың достарында арамдық не болмаса жалғандық атымен болмау керек, өйткені “зұлымдық жасаушыдан [“өтірікке барушыдан”, ЖД], Тәңір жеркенеді” (Забур 5:7). Дүние жүзіндегі Ехоба Куәгерлері бар ынталарымен өз Құдайларына еліктеуге, сондай-ақ шыншыл болуға тырысады. Келесі мақалада осы тақырып қарастырылатын болады.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Неліктен Ехоба жаратқан әрбір нәрселерін біледі?
• Ехобаның шыншыл екендігі неден көрінеді?
• Ехоба шындығын қалай ашады?
• Шындыққа қатысты бізден не талап етіледі?