Шынайы мәсіхшілер рухпен және шындықпен ғибадат етеді
“Құдайдың өзі — Рух. Сондықтан оған ғибадат етушілер рухпен және шындықпен ғибадат ету керек” (ЖОХАН 4:24, ЖД).
1. Құдайға қандай ғибадат ұнамды?
ЕХОБАНЫҢ жалғыз Ұлы Иса Мәсіх көктегі Әкесіне қандай ғибадаттың ұнамды екендігін анық көрсетті. Сихар қаласының аймағында самариялық бір әйелге көңіл толқытатын шындық сөздерін айта отырып, Иса былай дейді: “Сендер өздерің білмейтін нәрсеге ғибадат етіп жүрсіңдер, ал біз білетінге ғибадат етіп жүрміз. Өйткені құтқарылу яһудилер арқылы болады. Құдайдың Өзі — Рух. Сондықтан оған ғибадат етушілер рухпен және шындықпен ғибадат ету керек” (Жохан 4:22—24, ЖД). Бұл сөздерді қалай түсінуге болады?
2. Самариялықтардың ғибадаттары не нәрсеге негізделген еді?
2 Самариялықтар бұрыс діни көзқарастарды ұстанатын. Олар Киелі жабалардың тек алғашқы бес кітабын, оның өзінде Самариялықтардікі деп аталатын өз тілдеріне транслитерацияланғанды ғана, Құдайдың рухының жетелеуімен жазылған деп мойындайтын. Шындығына келгенде самариялықтар Құдайды білмейтін, ал яһудилерге Киелі кітаптағы білім сеніп тапсырылған (Римдіктерге 3:1, 2). Осының арқасында адал яһудилер мен өзгелер Ехобаға ұнамды болуға мүмкіндік алған. Алайда бұл үшін қандай талап қойылды екен?
3. Құдайға “рухпен және шындықпен” ғибадат ету үшін қандай талап қойылады?
3 Бұрын өмір сүрген яһудилердің, самариялықтар мен өзге де адамдардың Ехобаға ұнамды болу үшін не істеулері керек еді? “Рухпен және шындықпен” ғибадат етулері керек болатын. Бізден де осы талап етіледі. Біз Құдайға рухымыз жалындап, зор құлшыныспен қызмет етуге тиіспіз, әрі бұған бізді сүйіспеншілік пен сенімге толы жүрегіміз талпындыруы керек. Десе де Ехобаға рухпен ғибадат еткенде Құдайдың киелі рухына кенеліп, оның жетекшілігіне мойынсұнғанымыздың маңызы ерекше зор. Құдай Сөзін зерттеу және білгенімізді ұстану арқылы өз рухымызды, немесе ой бағытымызды, Құдайдың ой бағытына сәйкес етуіміз керек (1 Қорынттықтарға 2:8—12). Сонымен қатар ғибадатымыз Ехобаға ұнамды болу үшін шындықпен атқарылуға тиіс. Ғибадатымыз Құдай Сөзінде, яғни Киелі кітапта, айтылған Құдай және оның еркі туралы мәліметке сай атқарылуы керек.
Шындықты табуға болады
4. Шындыққа қатысты қандай көзқарас бар?
4 Пәлсапа саласын зерттеген кейбір адамдар абсолютті шындықты табу адамзаттың қолынан келмейді деген пікірге келген. Швед авторы Альф Альберг: “Негізінде, көптеген пәлсапалық сұрақтарға нақты жауап беру мүмкін емес”,— деп жазған. Кейбіреулер шындық тек салыстырмалы болады дейді, сол рас па? Исаның сөздеріне қарағанда олай емес.
5. Иса осы дүниеге не үшін келген?
5 Келесі бір оқиғаның куәсі болдық делік: б. з. 33 жыл. Иса Рим әміршісі Понти Пилаттың алдында тұр. Ол Пилатқа: “[Мен] шындыққа куәлік ету үшін осы дүниеге келдім”,— дейді. Пилат: “Шындық деген не?” — деп сұрайды. Бірақ сұрағына жауап күтпейді (Жохан 18:36—38, сілтемені қара).
6. а) “Шындық” деген сөзге қандай анықтама беріледі? ә) Иса өзінің ізбасарларына қандай іс тапсырды?
6 “Шындық” деген сөз “расында да болған нәрселер, шынайылық” деп түсіндіріледі (Webster’s Ninth New Collegiate Dictionary). Алайда Иса жалпы “шындық” деген түсінік жөнінде куәлік етті ме? Жоқ. Ол нақты шындық жөнінде айтқан. Шәкірттеріне сол шындықты уағыздауды тапсырып жатып, ол: “Күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіп, Құдай Әкенің, рухани Ұлының және Киелі Рухының [“киелі рухтың”, ЖД] атымен шомылдыру рәсімінен өткізіңдер, әрі сендерге өсиет еткендерімнің бәрін де ұстануға үйретіңдер!” — деген (Матай 28:19, 20). Осы заман аяқталар алдында Исаның шынайы ізбасарлары дүние жүзі бойынша ‘Ізгі хабардың шындық жолын’ жариялайды (Ғалаттықтарға 2:14). Осылайша Исаның: “Құдай Патшалығы туралы осы Ізгі хабар барлық ұлттарға паш етілу үшін күллі әлемге уағыздалатын болады. Содан кейін бұл заманның ақыры келеді”,— деген сөздері жүзеге аспақ (Матай 24:14). Сол себепті Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздап, халықтарды шындыққа үйретіп жүрген кімдер екенін анықтап алғанның маңызы зор.
Шындықты қалай біле аламыз
7. Ехобаның шындықтың қайнар көзі екенін қалай дәлелдеп берер едіңдер?
7 Рухани нәрселер туралы шындықтың қайнар көзі — Ехоба. Забур жыршысы Дәуіт Ехобаны “шындықтың Құдайы” деген (Забур 30:6; 42:3). Иса Әкесінің сөзінің шындық екенін мойындаған, сонымен қатар ол: “Пайғамбарлар жазбаларында “Құдай олардың бәрін үйретеді” делінген. Әкемді тыңдап, Одан тәлім алған әркім Маған келеді”,— деген (Жохан 6:45; 17:17; Ишая 54:13). Бұдан шындықты іздегендер “Ұлы Ұстаз” Ехобадан тәлім алатыны анық көрінеді (Ишая 30:20, 21, ЖД). Шындықты іздейтіндер ‘Құдай туралы білім’ алулары керек (Нақыл сөздер 2:5). Ал Ехоба сүйіспеншілікпен тәлім беріп, түрлі жолдармен шындықты жеткізіп отыр.
8. Қандай жолдармен Құдай шындыққа үйретіп және оны жеткізіп отырған?
8 Мысалы, Құдай Таурат заңын періштелер арқылы берген (Ғалаттықтарға 3:19). Рубасылары Ыбырайым мен Жақыпқа түстерінде аян беру арқылы батасын төгетінін уәде еткен (Жаратылыс 15:12—16; 28:10—19). Тіпті Құдайдың өзі көктен сөйлеген кездер де болған; Иса шомылдыру рәсімінен өткенде көктен көңіл толқытатын: “Бұл Менің сүйікті рухани Ұлым, Оған толықтай ризамын!” — деген сөздер естілген (Матай 3:17). Сонымен қатар Киелі кітапты жазған кісілер арқылы да Құдайдың бізге шындықты жеткізгеніне ризашылығымызды білдіруімізге болады (2 Тімотеге 3:16, 17). Сонымен, Құдай Сөзін зерттеу арқылы ‘шындыққа сенетін’ боламыз (2 Салониқалықтарға 2:13).
Шындық және Құдай Ұлы
9. Қалай Құдай өзінің Ұлы арқылы шындықты ашып отырған?
9 Әсіресе Құдай шындықты адамзатқа өзінің Ұлы Иса Мәсіх арқылы ашты (Еврейлерге 1:1—3). Шындықты Иса сияқты ешкім айтқан емес (Жохан 7:46). Тіпті көкке көтерілгеннен кейін де ол Әкесінен бастау алатын шындықты ашып отырған. Мысалы, Жоханға ‘Иса Мәсіх көрініп, Құдайдың құпия жоспарын ашып, аян берген’ (Аян 1:1—3).
10, 11. а) Иса куәлік еткен шындық немен байланысты? ә) Қалай Иса шындықтың шынайы екендігін іс жүзінде көрсетті?
10 Понти Пилатқа Иса өзінің жер бетіне шындық туралы куәлік ету үшін келгенін айтқан. Иса қызметінің барысында сол шындықтың Ехобаның билігінің Патшасы Мәсіх болатын Патшалық арқылы ақталуымен байланысты екенін ашқан. Алайда Иса үшін шындық туралы куәлік ету уағыз айту мен тәлім беруден көбірек нәрсені білдіретін. Ол шындықтың шынайы екенін іс жүзінде көрсеткен. Сол себепті Пауыл: “Сондықтан ешкім сендерді белгілі тағамдар мен сусындарды ішкендерің, немесе бір мерекені, жаңа туған айды, я болмаса діни демалыс күнін сақтамағандарың үшін айыптамасын! Өйткені осындай ережелер — келуге тиісті нәрсенің әлсіз нұсқасы ғана: шынайы жарылқауды [“шындықты іс жүзінде”, ЖД] Мәсіхтің Өзі алып келді”,— деп жазған (Қолостықтарға 2:16, 17).
11 Мысалы, Иса алдын ала айтылғандай Бетлехемде туылғанда шындықтың шынайы екендігі іс жүзінде көрінген (Миха 5:2; Лұқа 2:4—11). Даниялдың Мәсіх 69 ‘аптадан’, немесе жылдық аптадан кейін пайда болады деген пайғамбарлығы орындалғанда да шындықтың шынайы екендігі іс жүзінде көрінді. Бұл оқиға тұпа-тура пайғамбарлықта айтылғандай б. з. 29 жылы Иса өзін Құдайға бағыштап суға шомылдыру рәсімінен өтіп, сосын киелі рухпен майланғанда орындалды (Даниял 9:25; Лұқа 3:1, 21, 22). Иса Патшалықтың жариялаушысы ретінде адамдарға Құдайдың нұрын жеткізгенде, шындықтың шынайы екендігі іс жүзінде көріне түсті (Ишая 9:1, 2, 6, 7; 61:1, 2; Матай 4:13—17; Лұқа 4:18—21). Сондай-ақ шындықтың шынайы екендігі Иса өліп, қайта тірілгенде іс жүзінде көрінді (Забур 15:8—11; Ишая 53:5, 8, 11, 12; Матай 20:28; Жохан 1:29; Елшілердің істері 2:25—31).
12. Неге Иса: “Шындық... Менмін”,— дей алды?
12 Құдайдың шындығында Иса ең маңызды рөлді атқаратын болғандықтан, ол: “Жол, шындық және шынайы өмір Менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге бара алмайды”,— деді (Жохан 14:6). Құдайдың ниетіндегі Исаның рөлін мойындап, ‘шындықты жақтаушылар’ рухани жағынан азаттыққа жетеді (Жохан 8:32—36; 18:37). Қой іспетті адамдар шындықты қабылдап, Исаға сенім артып, соңынан ереді, сондықтан мәңгілік өмірге ие болады (Жохан 10:24—28).
13. Қандай үш мәселеге қатысты Киелі кітаптағы шындықтың неден тұратынын талқылаймыз?
13 Иса және киелі рухқа кенелген оның шәкірттері үйреткен бүкіл шындық шынайы мәсіхшілердің сенімін құрайды. Сондықтан ‘сенімге мойынсұнғандардың’ ‘шындық жолымен жүргені’ (Елшілердің істері 6:7, ЖД; 3 Жохан 3, 4). Бүгінде шындық жолымен кімдер жүр екен? Барлық халықтарды шындыққа үйретіп жүргендер кімдер? Осы сұрақтарды қарастыру барысында ертедегі мәсіхшілердің әрекеттеріне ерекше ден қойып, келесі үш мәселеге, яғни 1) ілімге, 2) ғибадатқа, 3) жүріс-тұрысқа қатысты Киелі кітаптағы шындықтың неден тұратынын көрейік.
Шындық және ілім
14, 15. Ертедегі мәсіхшілер мен Ехоба Куәгерлерінің Киелі кітапқа деген көзқарасы жөнінде не айтар едіңдер?
14 Ертедегі мәсіхшілер Ехобаның жазбаша Сөзін жоғары бағалайтын (Жохан 17:17). Олар үшін Киелі кітап діни ілімдер мен діни өмір салтына қатысты үлгілі құрал болған. І—ІІ ғасырларда өмір сүрген Александриялық Климент былай деген: “Мінсіз болуға ұмтылатындар, сеніп жүргендерінің Жазбаларда бар екеніне дәлел таппайынша, шындықты іздеулерін тоқтатпайды”.
15 Ертедегі мәсіхшілер сияқты Ехоба Куәгерлері де Киелі кітапты жоғары бағалайды. Олар “Киелі жазбалардың бәрі Құдай Рухының жетелеуімен жазылып, тәлім беру” үшін тиімді екеніне сенеді (2 Тімотеге 3:16). Олай болса, негізгі оқулық ретінде Киелі кітапқа сүйене отырып, Ехобаның қызметшілерінің бүгінде не білгенінің тұрғысынан ертедегі мәсіхшілердің кейбір ілімдерін қарастырып көрейік.
Жан туралы шындық
16. Жан туралы шындық қандай?
16 Алғашқы мәсіхшілер Киелі жазбаларда жазылғандарға сенетін, сондықтан жан туралы шындықты үйрететін. Олар Құдай адамды жаратқан кезде оның ‘тірі жан болып шыға келгенін’ білген (Жаратылыс 2:7). Сонымен қатар адамның жаны өлетінін мойындайтын (Езекиел 18:4; Жақып 5:20). Олар ‘өлілердің ештеңе білмейтінінен’ де хабардар болған (Екклесиаст 9:5, 10).
17. Өлілер үшін қандай үміт барын қалай түсіндірер едіңдер?
17 Исаның ертедегі шәкірттері Құдайдың жадындағы өлілердің қайта тірілтілетініне немесе оларға қайта өмір берілетініне кәміл сенген. Бұл ілімді Пауыл келесі сөздермен анық жеткізді: “Құдай... сенушілерді де, күнәкарларды да қайта тірілтеді деп күтіп, мен де олар сияқты Оған үмітімді артамын” (Елшілердің істері 24:15). Тіпті бұдан неғұрлым ұзақ уақыттан кейін, өзін мәсіхші деп есептейтін Минуций Феликс: “О баста Құдай өзі жаратқан адамды, қайта жарата алмайды деп пайымдауға қай ақымақтың дәті барар екен?” — деп жазды. Алғашқы мәсіхшілер сияқты Ехоба Куәгерлері де Киелі кітаптағы жан, өлім және қайта тірілуге қатысты шындықты ұстанады. Ал енді Құдай мен Мәсіхтің болмысын қарастырайық.
Шындық және Үшбірлік
18, 19. Неге Үшбірлік туралы ілім Киелі кітапқа негізделмеген деуге болады?
18 Ертедегі мәсіхшілер Құдайды, Мәсіхті және киелі рухты Үшбірлік деп қарастырмаған. “Британ энциклопедиясында” былай делінген: “Жаңа Өсиетте “Үшбірлік” деген сөз де, оған қатысты ашық қағида да жоқ. Иса да, оның ізбасарлары да “Шма” ілімінен, немесе “Тыңда, Исраил: Құдайымыз Жаратқан Ие — жалғыз Құдай!” деген Көне Өсиеттегі сөздерден, бас тартуды ойламаған (Заң. қайт. 6:4)”. Мәсіхшілер Рим триадасына да, өзге ешқандай құдайларға да бас ұрмаған. Олар Исаның тек Ехобаға ғибадат ету керек деген сөзіне сәйкес өмір сүрген (Матай 4:10). Оның үстіне олар Мәсіхтің: “Әкем Менен ұлы”,— деген сөзіне сенген (Жохан 14:28). Қазіргі Ехоба Куәгерлерінің көзқарастары да тап сондай.
19 Исаның ертедегі ізбасарлары Құдай, Мәсіх және киелі рухты жақсы ажырата білген. Сондықтан олар шәкірттерді шомылдыру рәсімінен өткізгенде Үшбірліктің атымен емес, 1) Әкенің, 2) Ұлдың және 3) киелі рухтың атымен өткізген. Ехоба Куәгерлері де Жазбалардағы шындықты үйретеді. Демек, Құдайды, Оның Ұлын және киелі рухты ажырата біледі (Матай 28:19).
Шындық және суға шомылдыру рәсімі
20. Шомылдыру рәсімінен өткісі келетіндер не нәрселерді білулері керек?
20 Иса өзінің ізбасарларына адамдарға шындықты үйретіп, шәкірт дайындауды тапсырды. Шомылдыру рәсімінен өту үшін оларға Жазбалардағы негізгі ілімді білу қажет. Мысалы, олар Әкенің және Оның Ұлы Иса Мәсіхтің алатын дәрежелері мен билігін мойындаулары керек (Жохан 3:16). Шомылдыру рәсімінен өтуді қалайтындар киелі рухтың тұлға емес, Құдайдың әрекет етуші күші екенін де түсінулері керек (Жаратылыс 1:2).
21, 22. Шомылдыру рәсімінен тек сенушілер ғана өту керек екенін қалай түсіндірер едіңдер?
21 Ертедегі мәсіхшілер суға шомылдыру рәсімінен саналы түрде өткісі келетіндерді және күнәларына өкініп, Құдайдың еркін орындау үшін толық бағышталғандарды ғана өткізетін. Б. з. 33 жылының Алғашқы өнім мейрамын тойлау үшін, Иерусалимде жиналған яһудилер мен яһуди дініне кіргендердің қандай да бір шамада Киелі жазбаларға негізделген білімі болған. Петірдің Иса Мәсіх туралы айтқан сөздерін тыңдағандардың үш мыңы ‘Оның сөзін [“шын жүректен”, ЖД] қабылдап, шомылдыру рәсімінен өтті’ (Елшілердің істері 2:41; 3:19—4:4; 10:34—38).
22 Тек сенушілердің ғана мәсіхші ретінде шомылдыру рәсімінен өтулеріне болады. Самариялықтар шындықты қабылдап, “Філіп Құдай Патшылығы және Исаның Мәсіх екендігі туралы Ізгі хабарды жариялағанда, адамдар оған сеніп, көптеген ерлер мен әйелдер Мәсіх жолына түсіп, шомылдыру рәсімінен өтті” (Елшілердің істері 8:12). Яһуди дініне кірген, әрі Құдайды терең қастерлейтін эфиопиялық уәзірдің Ехоба туралы білімі бар еді, ол алдымен Філіптің Мәсіх туралы пайғамбарлықтың орындалғаны жөнінде айтқан сөздерімен келісіп, содан соң ғана суға шомылдыру рәсімінен өтті (Елшілердің істері 8:34—36). Кейінірек, Петір Корнел мен өзге де еврей еместерге ‘[Құдайды] қастерлеп, әділетке сай әрекет ететін’ және Иса Мәсіхке сенетін әркімнің күнәсі кешірілетінін айтты (Елшілердің істері 10:35, 43; 11:18). Осының барлығы Исаның ‘оларды Менің шәкірттерім етіп... өсиет еткендерімнің бәрін де ұстануға үйретіңдер’ деген тапсырмасымен үйлесіп жатыр (Матай 28:19, 20; Елшілердің істері 1:8). Ехоба Куәгерлері де осы талаптарды ұстанып, суға шомылдыру рәсімінен Киелі Жазбалардың негізгі ілімін білетін және өзін Құдайға бағыштағандарды ғана өткізеді.
23, 24. Мәсіхшілердің суға шомылдыру рәсімінен қалай өткені дұрыс?
23 Сенушілерді суға шомылдыру рәсімінен дұрыс өткізу — оларды толықтай суға батыру. Иса шомылдыру рәсімінен өткенде Иордан өзеніндегі суға батырылып, сосын “судан шыққан” (Марқа 1:10). Эфиопиялық уәзір шомылдыру рәсімінен тоғанда өтсе керек. Уәзір мен Філіп ‘суға түсті’, сосын ‘судан шықты’ (Елшілердің істері 8:36—40). Киелі кітапта суға шомылдыру рәсімінен өтудің бейнелі түрде жерлеуге теңелетіні де адамның суға толық батырылатынына нұсқайды (Римдіктерге 6:4—6; Қолостықтарға 2:12).
24 Бір анықтамалықта былай делінген: “Жаңа Өсиетте суға шомылдыру рәсімінен өткен жағдайлардың қалай суреттелгеніне қарағанда, шомылдыру рәсімінен өтіп жатқан адамның бүкіл денесін суға батырған” (The Oxford Companion to the Bible). Француз тіліндегі бір еңбекке сәйкес, “алғашқы мәсіхшілер суы бар жерлердің бәрінде суға толықтай батырып, шомылдыру рәсімінен өткізе беретін болған” (Larousse du XXe Siècle (Париж, 1928)). Ал бір кітапта: “Суға шомылдыру рәсімінің ең негізгі түрі сенімді паш етуді талап еткен, бұдан кейін адам, Исаның атымен толықтай суға батырылуы керек-тін”,— деп ескерілген (After Jesus — The Triumph of Christianity).
25. Келесі мақалада нені қарастырамыз?
25 Жоғарыда алғашқы мәсіхшілердің ілімі мен дін жолындағы өмірлерінен Киелі кітапқа негізделген бірнеше ғана мысал қарастырылды. Солардың ілімі мен Ехоба Куәгерлерінің ілімінің басқа да ұқсастықтары бар. Келесі мақалада тағы да қандай ерекшеліктердің арқасында шындыққа үйретушілерді тануға болатынын қарастырамыз.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Құдай қалай ғибадат еткенімізді талап етеді?
• Иса Мәсіхтің арқасында шындықтың шынайы екені қалай іс жүзінде көрінді?
• Жан мен өлім туралы шындық қандай?
• Мәсіхшілер шомылдыру рәсімінен қалай өтеді және шомылдыру рәсімінен өтушілерден не талап етіледі?
[12-беттегі сурет]
Иса Пилатқа: “Шындыққа куәлік ету үшін осы дүниеге келдім”,— деді
[13-беттегі сурет]
Исаның не себепті: “Шындық... Менмін”,— дегенін түсіндіріп бере аласыңдар ма?
[14-беттегі сурет]
Мәсіхшілердің суға шомылдыру рәсімінен өтуіне қатысты шындық қандай?