Олардың сенімдерін үлгі етіңдер
Ол Иса Мәсіхтен кешіруді үйренді
КӨЗДЕРІ ұшырасып қалған осы бір сәтті Петір өмір бойы ұмытпас. Иесінің қадала қараған жанарынан ол ренішті көрді ме, жоқ әлде жазғырып кінәлауды байқады ма, оны кесіп айту қиын. Білетініміз, Киелі кітаптың “Иеміз бұрылып, Петірге қарады” дегені ғана (Лұқа 22:61). Исаның бір қарағанынан-ақ Петір өзінің не істеп қойғанын түсінді. Иса оған осы жайттың болатынын алдында ғана айтып еді. Сонда Петір Исаға ешқашан танбайтынын айтып уәде берген. Енді, міне, өкініш өзегін өртеп, өзін қоярға орын табар емес.
Петір үшін осымен бәрі бітті ме? Жоқ. Өйткені ол мықты сенімінің арқасында қателігін түзеп, болған жағдайдан зор сабақ алуға әлі де мүмкіндігі бар еді. Иса оған кешірімшіл болудың зор үлгісін көрсетпек. Мұндай қасиет бәрімізге де қажет. Олай болса, Петірдің ауыр жағдайға қалай кезіккенін, әрі оның немен біткенін қарастырайық.
Әлі де көп нәрсе үйрену керек
Осыдан алты ай бұрын Петір Қапарнаумда болғанда, Исадан: “Ием, егер бауырласым маған қарсы күнә жасай берсе, оны неше рет кешіруім керек? Жеті ретке дейін бе?”— деп сұраған болатын. Сонда ол өзін пейілі кең, рақымды адам деп санаған болса керек. Өйткені сол кездегі дінбасылар күнә жасаған адамды үш рет қана кешіру керек деп үйрететін. Бірақ Исаның жауабы мүлдем басқаша болды. Ол Петірге: “Жеті емес, жеті қайтара жетпіс ретке дейін”,— деп жауап берді (Матай 18:21, 22).
Иса адамның кінәсін жіпке тізіп отыру керек дегісі келді ме? Жоқ, әрине. “Жеті қайтара жетпіс рет” деп күшейтіп айтуымен, Иса кешірімшіл болу кінәнің санына байланысты емес екенін түсіндірді. Сондай-ақ Петірге сол уақытта кеңінен тараған мейірімсіздіктің, тасжүректіктің ықпал еткенін көрсетті. Исаның бұл жауабы, шын мәнінде, Құдайды қастерлейтін адам әрқашан шын көңілмен кешіре білу керек дегенді білдірді.
Петір қарсылық білдірген жоқ. Бірақ Исаның айтқаны Петірдің жүрегіне жетті ме? Кейде адам кешірімшіл болу дегеннің не екенін өзі күнә жасап, кешірімге мұқтаж болғанда ғана түсініп жатады. Олай болса, Исаның өлімінің алдында орын алған оқиғаларға көңіл бөлейік. Сөйтіп, Петірдің қайта-қайта Иесінің көңілін қалдыратын қателіктер жасағанын және оның кешіріміне мұқтаж болғанын қарастырайық.
Қаншама рет кешірді
Исаның жердегі өмірінің соңғы түні. Елшілерімен бас қосып отырған маңызды кеш. Ол елшілеріне әлі де көп нәрсені, мысалы кішіпейілділікті, үйреткісі келеді. Сондықтан шылапшынға су құйып, шәкірттерінің аяғын жуа бастады. Бұл үйдегі ең төменгі қызметшінің ісі болатын. Иса Петірдің жанына келгенде, ол оның неге бұлай етіп жатқанын түсінбей, қарсылық білдіреді. Бірақ кейін Петір аяғын ғана емес, қолы мен басын да жууын сұрады. Сонда да Иса сабырлы күйін жоғалтпай, өз әрекетінің мәні мен маңыздылығын түсіндіреді (Жохан 13:1—17).
Көп ұзамай-ақ елшілер қайсысының жолы үлкен деп бір-бірімен айтысып кетті. Пендешіліктен туындаған бұл дауға, әрине, Петірдің де қатысы бар еді. Соған қарамастан, Иса оларды жылы сөзбен түзетті, тіпті өзіне адал болуға тырысып жүргендері үшін мақтады. Алайда Иса оларға қиын сәтте өзін тастап, қашып кететіндерін алдын ала айтты. Петір мұнымен келіспей: “Бәрі безіп кетсе де, мен ешқашан безіп кетпеймін”,— деді. Сонда Иса Петірдің сол түні-ақ әтеш екі рет шақырғанша, өзінен үш рет танатынын пайғамбарлық етеді. Бірақ Петір: “Тіпті өлуге тура келсе де, Сізден еш танбаймын!”— деп бой бермейді (Матай 26:31—35; Марқа 14:27—31; Лұқа 22:24—28).
Исаның шыдамы таусылып, Петірге ашуланды ма? Жоқ. Жағдайы қаншалықты қиын болмасын, Иса кемелсіз елшілерінің бойынан жақсы қасиетті көре білді. Петірдің өзінен танып кететінін білсе де, оған: “Мен сенімің таусылмасын деп сен үшін мінажат еттім. Сен Құдай жолына қайтқаннан кейін бауырластарыңның сенімін нығайтатын бол”,— деді (Лұқа 22:32). Мұнымен ол Петірдің қайтадан рухани нығайып, қызметін адал жалғастыратынына сенімділік білдірді. Бұл кешірімшіл болудың керемет үлгісі емес пе?!
Кейінірек, Гетсимани бағында Петірді тағы да бірнеше рет түзету керек болды. Иса қатты жан азабына түсіп, қолдауға мұқтаж еді. Сондықтан сиынып дұға етіп келгенше, Петір, Жақып пен Жоханнан ұйықтамай, сергек болуларын бірнеше рет сұрады. Алайда олар қайта-қайта ұйықтап қала берді. Сонда да Иса оларға түсінушілікпен қарап: “Рух дайын болғанмен, тән осал”,— деп, кешірді (Марқа 14:32—38).
Көп ұзамай баққа шырақ ұстап, семсер, сойылмен қаруланған бір топ адам келді. Жағдай ушықпас үшін, сабырлық пен парасаттылық қажет еді. Алайда Петір жұлқына алға ұмтылды да, семсерін суырып алып, бас діни қызметкердің малайы Мәліктің құлағын шауып түсірді. Бұл жағдайда да Иса ашуланбай, Петірді жаймен түзетіп, жаужанды болмаудың принципін түсіндірді. Бұл принцип әлі күнге дейін өз күшінде. Сосын Иса малайдың құлағын жазды (Матай 26:47—55; Лұқа 22:47—51; Жохан 18:10, 11). Осы сәтке дейін де ол Петірді қаншама рет кешіріп келген. Бұл жайт бәріміздің де көп қателік жіберетінімізді еске салады (Жақып 3:2). Қателік жасамайтын бір де бір күніміз жоқ. Олай болса, Құдайдың кешіріміне мұқтаж болмайтын адам жоқ дей аламыз. Енді, Петірдің жағдайына келсек, түн ұзақ, қиынның қиыны әлі алда еді.
Петірдің ең сорақы ісі
Иса тұтқындауға келген бір топ адамға өзін іздеп жүрген болса, шәкірттерін қоя бергені жөн екенін айтады. Кейін сақшылар Петірдің көз алдында Исаны ұстап алып, бұғаулады. Сонда шарасыздық сезінген Петір басқа шәкірттермен бірге қаша жөнелді.
Қашып келе жатып, Петір мен Жохан бас діни қызметкер болған Аннастың үйінің тұсына келгенде тоқтайды. Исаны бұл үйге тергеу үшін алып келген еді. Оны сол жерден алып шыққанда, Петір мен Жохан “алыстан” ілесіп отырды (Матай 26:58; Жохан 18:12, 13). Негізінен, Петір қорқақ адам болмаған. Өйткені қаруланған сақшылардың соңынан ілесу үшін де батылдық қажет. Оның үстіне, жаңа ғана Петір солардың бірін жарақаттаған болатын. Бірақ біз Петірдің Ием үшін өлуге де дайынмын деп айтқанына сай, Исаға деген айнымас адалдығының дәлелін әлі байқаған жоқпыз (Марқа 14:31).
Петір сияқты, бүгінде көп адам Мәсіхтің соңынан “алыстан”, ешкімнің көзіне түспей ілесіп жүр. Бірақ Петірдің өзі кейінірек жазғандай, Мәсіхтің ізімен жүрудің дұрыс жолы — одан бір елі ажырамай және еш қиындықтан тайсалмай, барлық жағдайда оған еліктеу (Петірдің 1-хаты 2:21).
Жасырынып келе жатқан Петір ақыр аяғында Иерусалимдегі ең үлкен үйдің қақпасының алдына келіп тоқтады. Бұл Қаяфа есімді ең бай да беделді бас діни қызметкердің үйі еді. Әдетте мұндай үйлердің ортасында ішкі ауласы болатын. Күзетшілер Петірді ішке жібермеді. Сонда іште жүрген Жохан қақпаға келіп, оны кіргізіп алады. Бірақ Петір Жоханмен бірге жүрмеді, Иесін жақтау үшін үйдің ішіне де кірмеді. Ол ішкі аулада отты қоршай жылынып тұрған құлдар мен қызметшілердің ортасына барып, Исаға айып тағу үшін келген жалған куәгерлердің үйге кіріп-шығып жатқанын бақылап тұрды (Марқа 14:54—57; Жохан 18:15, 16, 18).
Оттың жарығынан Петірдің жүзі анығырақ көрінсе керек, қақпаның жанында кездестірген қызметші қыз оны танып: “Сен де ғалилеялық Исамен жүретін едің ғой!”— дейді айыптап. Мұндайды күтпеген Петір Исадан танып шыға келді, тіпті қыздың не айтып тұрғанын да білмейтінін айтады. Кейін көзге түспес үшін қақпа жаққа барып тұрып еді, онда да бір қызметші қыз оны байқап қалып, маңайындағыларға: “Мынау да назареттік Исамен бірге болған!”— деді. Петір тағы да: “Ол адамды білмеймін!”— деп ант ішті (Матай 26:69—72). Осы кезде Петір әтештің шақырғанын естісе керек. Бірақ ол Исаның алдында ғана өзіне қатысты айтқан сөздерін есіне түсіретіндей күйде емес еді.
Петір адамдардың назарына ілікпеуге тырысып, абыржып тұрғанда, қасына аулада жүрген бір топ адам келеді. Солардың бірі құлағы шабылған Мәліктің туысы болатын. Ол Петірді көріп: “Сені бақта Соның қасынан көрдім емес пе?”— дейді. Сол сәтте оларды жаңылыстыруды ғана ойлаған Петір, өтірік айтсам, қарғыс атсын дегендей қарғанып, ант іше бастады. Сөйлеп біткені сол-ақ еді, әтештің екінші рет шақырғанын естіді (Жохан 18:26, 27; Марқа 14:71, 72).
Сол уақытта ішкі ауласына қараған балконға жаңа ғана шығарылған Иса бұрылып Петірге қарады. Сол сәтте, жоғарыда айтылғандай, екеуінің көздері ұшырасып қалады. Петір сонда төбесінен жай түскендей, есін жиып, өзінің не істеп қойғанын түсінді. Ауыр кінә еңсесін зілдей басқан күйі ол қақпадан шығып кетті. Толған айдың жарығы түскен қала көшесіне түскенде, тамағына өксік тығылып, көзі жасқа толды. Өз ісіне қатты налып, ол өкіріп жылап жіберді (Марқа 14:72; Лұқа 22:61, 62).
Адам осылай түңілгенде бірден күнәм кешірілмейді деп ойлайды. Петірді де осындай ой билеген болса керек. Шын мәнінде, ол кешірілместей тым ауыр күнә жасады ма?
Петір тым ауыр күнә жасады ма?
Таң атып, жайсыз жайттар орын алған сайын, Петірдің жүрегі сыздап, өзін қоярға орын таппай қаншалықты уайымдағанын бізге елестетудің өзі қиын. Түстен кейін Исаны бөренеге шегелеп өлтіргенде, өзін-өзі қатты кінәлап, мұңға батқан болса керек. Өмірінің соңғы сәтінде Иесінің азабына азап қостым деген ой жанын жегідей жеген шығар. Бірақ ауыр қайғыдан күш-қуаты кеміп әлсіресе де, Петір мүлдем түңіліп кеткен жоқ. Себебі ол көп ұзамай бауырластарымен кездесіп, бірге болды (Лұқа 24:33). Сол кездесуде елшілер Исамен болған соңғы түндегі істері үшін қатты өкініп, бірін-бірі жұбатқаны сөзсіз.
Осы жағдайда Петір дұрыс шешім қабылдады. Өйткені сүрініп құлаған Құдай қызметшісі үшін ең маңыздысы — қаншалықты ауыр күнә жасағаны емес, аяққа қайта тұрып, жағдайды түзетуге күш салғаны (Нақыл сөздер 24:16). Көкірегі мұңға толып тұрса да, Петір бауырластарымен бірге болып, шынайы сенім танытты. Адам жан азабын тартқанда немесе қатты өкінгенде оқшаулануға бейім, бірақ бұл қауіпті (Нақыл сөздер 18:1). Мұндайда бір сенімдегі бауырластарымен бірге болып, рухани күш жинау аса қажет (Еврейлерге 10:24, 25).
Петір рухани бауырластарымен отырғанда, Исаның мәйіті қабірде жоқ деген хабар естиді. Сол замат Жохан екеуі қабірге қарай жүгіре жөнелді. Жохан жастау болса керек, қабірге бірінші болып жетті де, тұрып қалды. Өйткені үңгірдің аузы ашық еді. Петір болса жете салысымен іркілмей ішке кіріп кетті. Сөйтсе, шынымен-ақ, қабір бос екен (Жохан 20:3—9).
Петір Исаның қайта тірілгеніне сенді ме? Алғашында сенген жоқ, тіпті періштелерді көріп, олардан Иса қайта тірілді деген хабар әкелген адал әйелдерге де сенбеді (Лұқа 23:55—24:11). Бірақ сол күннің аяғына таман Исаның шынымен де тірі әрі құдіретті періште екеніне көзі жетіп, Петірдің көңілі орнығып, күмәні сейілді. Себебі Иса елшілерінің бәріне көрінген болатын. Киелі кітаптан елшілердің: “Иеміз шынында да қайта тіріліп, Шимонға көрінді!”— дегендерін оқимыз (Лұқа 24:34). Кейінірек, елші Пауыл да: “Ол Кефаға, содан кейін он екі елшінің бәріне көрінді”,— деп жазған (Қорынттықтарға 1-хат 15:5). Иса оған оңаша болғанда көрінсе керек. Шимон және Кефа — Петірдің басқа есімдері.
Иса мен Петірдің арасындағы әңгіме Киелі кітапта егжей-тегжейлі жазылмаған. Алайда біз Петірдің қайта тірілген Иесін өз көзімен көргенде, ісі үшін қайғыратыны және қатты өкінетіні жайында айтып жатқанын көз алдымызға елестете аламыз. Сол кезде Петір кешірімнен басқа еш нәрсені қаламаған болса керек. Исаның оны шын көңілден кешіргеніне ешқайсымыз күмәнданбасақ та болады. Қазіргі кезде де күнә жасап, қайғырып жүргендер Петірдің оқиғасын ұмытпағандары жөн. Құдай ешқашан кешірмейді деп ойламау керек. Өйткені Иса Құдайдың “кешірімі шексіз” екенін кемелді түрде көрсетті (Ишая 55:7).
Кешірімнің зор дәлелі
Иса елшілерімен тағы да Ғалилеяда кездесетінін айтып, оларды сол жаққа жіберді. Онда келгенде, Петір балық ауламақ болып теңізге шықты. Оған Исаның бірнеше шәкірті де қосылды. Міне, Петір қайтадан бұрынғы өміріне оралғандай. Айналадағының бәрі таныс. Әрі-бері тербелген қайықтың сықыры, майда толқынның шуы, ірі етіп тоқылған қолындағы ау — осының бәрі бұрынғы өмірін еске салды. Исаның жердегі өмірі бітті, енді, қай жолды таңдасам екен деп ойлады ма ол? Өз кәсібіне қайта оралғысы келді ме екен? Қандай болған күнде де, сол түні ауға бір де бір балық түспеді (Матай 26:32; Жохан 21:1—3).
Таң бозарып атқанда, жағадан бір кісі дауыс беріп, ауды қайықтың басқа жағына тастаңдар деп бұйырды. Олар соның айтқанындай істегенде, ауға 153 балық түседі. Петір жағадағы кісінің кім екенін білді де, суға секіріп, жағаға жүзе жөнелді. Жағада күтіп отырған Иса шәкірттеріне шоққа пісірілген балық ұсынды. Сөйтіп, ол бар назарын Петірге аударды.
Иса Петірден: “Мені мыналарға қарағанда көбірек сүйесің бе?”— деп сұрады. Ол жаңа ғана аулап әкелінген балықтарға нұсқаған болса керек. Петір балық аулау кәсібінен гөрі Исаны артығырақ жақсы көрер ме екен? Ол Исадан жақында ғана үш рет танған болатын. Қазір болса Иса оған өзіне деген сүйіспеншілігін басқа шәкірттерінің алдында үш рет мойындауға мүмкіндік беріп отыр. Петір жақсы көретінін мойындағанда, Иса мұны көрсетудің жолын түсіндірді. Бұл үшін Петір қасиетті қызметті бірінші орынға қойып, Мәсіхтің отарын, яғни адал ізбасарларын, рухани ас-сумен қамтамасыз етіп, қамқорлық жасауы керек еді (Жохан 21:4—17).
Осылайша Иса Петірді өзіне және Құдайға қызмет етуге әлі де лайық екеніне сендірді. Оған Мәсіх басқаратын қауымда маңызды қызмет сеніп тапсырылды. Бұл оның біржола кешірілгенінің салмақты дәлелі еді. Мұндай мейірімділік Петірге қатты әсер етіп, жүрегінде өмір бойы өшпес із қалдырғаны сөзсіз.
Петір ұзақ жылдар бойы өз қызметін адалдықпен атқарды. Иса өлер алдында тапсырып кеткендей, бауырластарын нығайтты. Сонымен қатар ол Мәсіхтің ізбасарларын мейірімділік пен шыдамдылық таныта отырып, қамқорлады әрі рухани ас-сумен қамтамасыз етті. Осылайша Шимон есімді кісі Иса берген Петір, яғни Тас, деген есімге лайық, қауымның арқа сүйер тіренішіне айналды. Бұған Петірдің өзі жазған екі хаты дәлел бола алады. Бұл хаттар Киелі кітаптың құрамына енген. Ондағы сөздерден Петірдің Исадан кешірімшіл болуға қатысты алған сабағын өмір бойы ұмытпағанын байқаймыз (Петірдің 1-хаты 3:8, 9; 4:8).
Осы оқиғадан біздің де сабақ алғанымыз дұрыс. Күнде қателік жасайтын болғандықтан, Құдайдан үнемі кешірім сұраймыз ба? Оның бізді кешіріп, ар-ұжданымызды тазартатынына сенеміз бе? Өз кезегінде, біз де басқаларды шын көңілден кешіруге дайынбыз ба? Осылай етіп жүрген болсақ, Петірдің сеніміне және Исаның мейіріміне еліктегеніміз.
[22-беттегі сөздер]
Петір Иесінің кешіріміне көп рет мұқтаж болғанындай, біз де күн сайын кешірімді қажет етпейміз бе?
[23-беттегі сурет]
“Иеміз бұрылып, Петірге қарады”
[24-беттегі сурет]
“Иеміз... Шимонға көрінді!”