“Өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптерінің сілтемелері
3—9 желтоқсан
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 9—11
“Қатыгез қудалаушы құлшынысты уағыздаушы болды”
(Елшілердің істері 9:1, 2) Иеміздің шәкірттеріне әлі де қоқан-лоқы көрсетіп жүрген және олардың көзін құртқысы келген Саул бас діни қызметкерге жолықты. 2 Сөйтіп, бұл Жолда жүргендерді тапса, әйел-еркек демей тұтқындап, Иерусалимге алып келу үшін сол кісіден Дамаскідегі мәжілісханаларға хат жазуын сұрады.
“Қауымдар тыныш күндерді бастан кешірді”
ҚАБАҒЫНАН қар жауған жолаушылар Дамаскіге таяп қалды. Олар зұлым пиғылдарын іске асырмақшы. Бұл кісілер Исаның шәкірттерін үйлерінен сүйреп шығарып, байлап, масқаралап, Иерусалимдегі Жоғарғы кеңестің қаһарына ұшыратуды көздеген.
2 Бұл тобырдың жетекшісі — Саул есімді кісі. Жуырда ғана ол зелоттардың Степан есімді Исаның адал шәкіртін таспен өлтіріп жатқанын мақұлдап қарап тұрды. Сондықтан сол кісінің қанына ол да жауапты еді (Е.і 7:57—8:1). Иерусалимдегі шәкірттердің қудаланғанын аз көрген Саул енді басқа жерлерге барып, қуғын-сүргінді өртше лапылдатпақшы. Сондағы мақсаты — “Жол” деген атпен белгілі діни ағымның көзін құрту (Е.і 9:1, 2).
(Елшілердің істері 9:15, 16) Алайда Иеміз: “Жолға шық, өйткені мен оны өз атымды басқа халықтарға, патшаларға және Исраил ұлдарына жариялау үшін таңдап алдым. 16 Оған өз атым үшін қанша азап шегуі тиіс екенін білдіремін”,— деді.
Ехобаны Құмырашымыз ретінде бағалайық
4 Пенде адамның сырт келбетіне қарайды. Ал Ехоба адамның жүрегін, яғни шынайы болмысын көреді (Самуилдің 1-жазбасы 16:7ә оқыңыз). Бұл жайт Құдай мәсіхшілер қауымын құрған кезде анық көрінді. Өзгелер жаман деп есептеген көптеген адамдарды ол өзіне және Ұлына жақындатып тартты (Жохан 6:44). Мысалы, сондай адамдардың бірі Саул есімді парызшыл еді. Ол “Құдайға тіл тигізуші, қудалаушы, арсыз” болған (Тімөтеге 1-хат 1:13). Бірақ жүректі тексеретін Ехоба Саулды жарамсыз сазбалшық деп санамады (Нақыл сөздер 17:3). Қайта, одан бағалы ыдыс жасауға болатынын көріп, оны “өз атын басқа халықтарға, патшаларға және Исраил ұлдарына жариялау үшін таңдап алды” (Елшілердің істері 9:15). Сонымен қатар Ехоба “қадірмен тұтынуға” арналған ыдыс жасауға жарайтын басқа да адамдарды, мысалы маскүнемдерді, азғындар мен ұрыларды, таңдады (Римдіктерге 9:21; Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11). Олар Жазбаларды зерттей келе, сенімдерін нығайтып, Ехобаға өздерін қалыптастыруға жол берді.
(Елшілердің істері 9:20—22) Сөйтіп, бірден мәжілісханаларда Исаның Құдай Ұлы екенін уағыздай бастады. 21 Ал оны тыңдағандардың бәрі таңғалып: “Мынау Иерусалимде осы есімді атағандарға қырғидай тиген кісі емес пе? Мұндағыларды да тұтқындап, жоғарғы діни қызметкерлерге апару үшін келмеп пе еді?”— десті. 22 Саул болса барған сайын нығая берді. Ол Исаның Мәсіх екенін қисынды түрде дәлелдеп, Дамаскідегі яһудилерді таңғалдырды.
“Қауымдар тыныш күндерді бастан кешірді”
15 Саул мәжілісханаларда Иса жайлы уағыздай бастағанда, біреулер аң-таң болса, біреулер ашуға булыққан шығар. Олар: “Мынау Иерусалимде осы есімді атағандарға қырғидай тиген кісі емес пе?”— десті (Елшілердің істері 9:21). Көзқарасы не себепті өзгергенін түсіндіріп, Саул “Исаның Мәсіх екенін қисынды түрде дәлелдеді” (Елшілердің істері 9:22). Бірақ оның қисынды дәлелдеріне бәрі бірдей сене қоймады. Салт-дәстүрге берілген я кеуделерін өркөкіректік кернеген адамдардың санасын оңайлықпен оята алмайсың. Десе де Саулдың сағы сынар емес.
Асыл тастарды іздеп табайық
(Елшілердің істері 9:4) Жерге құлап түскен ол: “Саул, Саул, мені неге қудалап жүрсің?”— деген дауысты естіді.
“Қауымдар тыныш күндерді бастан кешірді”
5 Дамаскіге бет алған Саулды тоқтатып, Иса: “Шәкірттерімді неге қудалап жүрсің?”— деп сұрамаған. Жоғарыда айтылғандай, ол: “Мені неге қудалап жүрсің?”— деп сұраған (Елшілердің істері 9:4). Иә, ізбасарлары қиналса, Иса да қиналады (Матай 25:34—40, 45).
6 Мәсіхке сенетініңізге бола қысым көріп жүрсеңіз, сіздің жағдайыңызды Ехоба да, Иса да жақсы біледі (Матай 10:22, 28—31). Бәлкім, бұл қиындығыңыз әп-сәтте шешіліп кетпес. Есіңізде болса, Иса Саулдың Степанды өлтіріп жатқандарға жақтасып тұрғанын, ал кейін Иерусалимдегі адал шәкірттерді үйлерінен сүйреп шығарғанын да көрген (Елшілердің істері 8:3). Тап сол кезде ол еш шара қолданбады. Әйтсе де Ехоба Мәсіх арқылы Степан мен басқа да шәкірттерге адал болып қалуға қажетті күш-қуат берді.
(Елшілердің істері 10:6) Қазір ол теңіз жағасында тұратын Шимон атты тері илеушінің үйінде қонақта”,— деді.
nwtsty Е.і 10:6-ның зерттеу мәліметі
Шимон атты тері илеушінің: Тері илеуші малдың терісін өңдеп, оны жүннен, майдан, ет қалдықтарынан тазарту үшін әк ерітіндісіне салатын. Сосын оны түрлі былғары өнімдерін жасауға жарамды ету үшін өсімдіктердің сығындысынан жасалған қою химиялық сұйықтықпен өңдейтін. Тері өңдеу барысында сасық иіс шығатын және жұмысқа мол су кететін. Сондықтан Шимон теңіз жағасында тұрған. Бұл Иоппе қаласының шеті болса керек. Мұса Заңы бойынша малдың өлігіне қол тигізетін адам таза емес болып есептелген (М3ж 5:2; 11:39). Сондықтан яһудилердің көбісі тері илеушілерді менсінбейтін, олардың үйіне қонуы да екіталай еді. Талмұд заңдарына сәйкес, тері илеушілердің жұмысы тіпті малдың қиын жинайтын адамның жұмысынан төмен саналған. Десе де Петір алалаушылыққа бой алдырмай, Шимонның үйіне тоқтады. Осы кісіні бөліп-жармағанының арқасында Петір алдағы тапсырмаға, өзге ұлттық адамның үйіне баруға дайын болды. Кейбір зерттеушілер “тері илеуші” деп аударылған грек сөзі (“бирсеус”) Шимонның екінші аты болған деп санайды.
10—16 желтоқсан
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 12—14
“Барнаба мен Пауыл алыс жерлерде шәкірт дайындады”
(Елшілердің істері 13:2, 3) Олар Ехобаға қызмет етіп, ораза тұтып жүрген кездерінде, киелі рух: “Мен тапсырған істі атқару үшін Барнаба мен Саулды бөлек шығарып беріңдер”,— деді. 3 Сонда олар тағы да ораза тұтып, дұға еткеннен кейін, екеуінің үстіне қолдарын қойып, жолға аттандырды.
“Қуанып, киелі рухқа кенеле берді”
4 “Тапсырған істі атқару үшін” киелі рух неге Барнаба мен Саулды бөлек шығаруды бұйырды? (Ел. іс. 13:2). Киелі кітапта бұл туралы ештеңе айтылмаған. Білетініміз, киелі рух осы екі кісіні таңдауға басшылық берді. Киелі кітаптың еш жерінде Антиохиядағы пайғамбарлар мен ұстаздардың бұл шешіммен келіспегендері жазылмаған. Қайта, олар бұл тағайындалуды толығымен қолдаған. Рухани бауырластары еш қызғанбай, “ораза тұтып, дұға еткеннен кейін, екеуінің үстіне қолдарын қойып, жолға аттандырғанда” Барнаба мен Саулдың не сезінгендері жайлы ойлап көріңізші (Ел. іс. 13:3). Біз де бүгінде қауымдағы тағайындалған бақылаушыларды қоса алғанда, теократиялық міндет алғандарды қолдауымыз керек. Мұндай мәртебелі қызметке тағайындалған бауырластарға көреалмаушылық танытудың орнына, “оларды еңбектері үшін айрықша құрметтеп, жақсы көруіміз” керек (Сал. 1-х. 5:13).
(Елшілердің істері 13:12) Осы оқиғаға куә болған әмірші Ехоба туралы білгендеріне қатты таңғалып, Исаның ізбасары болды.
(Елшілердің істері 13:48) Басқа ұлт өкілдері осыны естігенде қуанып, Ехобаның сөзін мадақтай бастады және мәңгі өмірге ыңғай танытқандардың барлығы Исаның ізбасары болды.
(Елшілердің істері 14:1) Иқонияда екеуі яһудилердің мәжілісханасына кіріп, сөз сөйледі. Мұның керемет болғаны сонша — көптеген яһудилер мен гректер сенді.
“Ехоба берген билікпен батыл сөйледі”
5 Алғашында Пауыл мен Барнаба Римнің Ғалатия аймағындағы негізгі қалалардың бірі Иқонияға тоқтады. Бұл қалада грек мәдениетін ұстанатындар тұратын. Сондай-ақ ықпалды яһудилер мен көптеген яһуди дінін қабылдаған өзге ұлттық адамдар тұратын. Пауыл мен Барнаба яһудилердің салты бойынша, мәжілісханаға барып уағыздай бастады (Ел. іс. 13:5, 14). Олардың сөйлегені “керемет болғаны сонша — көптеген яһудилер мен гректер сенді” (Ел. іс. 14:1).
(Елшілердің істері 14:21, 22) Екеуі сол қалада ізгі хабарды жариялап, біраз адамды шәкірт еткеннен кейін, Листра, Иқония мен Антиохияға қайта оралды. 22 Олар шәкірттерді нығайтып, сенімдерінде берік тұруға шақырды да: “Біз Құдай Патшалығына талай азап шегу арқылы кіруіміз керек”,— деді.
Талай азаптарға қарамастан, Құдайға адал қызмет етейік
4 Бұдан кейін Пауыл мен Барнаба Дербе қаласына барады. Сосын “Листра, Иқония мен Антиохияға қайта оралады. Олар шәкірттерді нығайтып, сенімде берік болып қалуға шақырады да: — Біз Құдай патшалығына талай азап шегу арқылы кіруіміз керек,— дейді” (Ел. іс. 14:21, 22). Бір қарағанда, бұл сөздер ойға қонымсыз болып көрінуі мүмкін. Себебі “талай азап шегеміз” деген сөз жігерлендірмейді, қайта, көңілді түсіреді ғой. Онда қалай Пауыл мен Барнаба осы сөздермен “шәкірттерді нығайтқан”?
5 Пауылдың сөздерін мұқият қарастырсақ, бұл сұрақтың жауабын таба аламыз. Ол жай ғана: “Біз талай азап шегуіміз керек”,— деген жоқ. “Біз Құдай патшалығына талай азап шегу арқылы кіруіміз керек”,— деді. Осылайша Пауыл Құдайға адал болғандарға берілетін сыйға назар аударған. Бұл жай ғана арман емес-тін. Иә, Иса айтқандай, “соңына дейін табандылық танытқан адам құтқарылады” (Мат. 10:22).
Асыл тастарды іздеп табайық
(Елшілердің істері 12:21—23) Белгіленген күні Ирод үстіне патша киімін киіп, төрелік орнына отырып, халыққа арнап сөз сөйледі. 22 Сонда жиналған жұрт: “Бұл — адамның емес, құдайдың даусы!”— деп айқайлай бастады. 23 Құдайға тиесілі мадақты қабыл алғаны үшін Ехобаның періштесі оны сол сәтте-ақ ауруға шалдықтырды: ол құрттарға жем болып өлді.
Елшілердің істері кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар
12:21—23; 14:14—18. Ирод еш шімірікпестен Ехобаға ғана тиесілі даңқты қабыл алды. Ал Пауыл мен Барнаба өздеріне көрсетілген орынсыз мадақ пен құрметтен үзілді-кесілді бас тартқан. Олардың айырмашылығы жер мен көктей емес пе?! Ехобаның ұйымында қандай қызмет атқарсақ та, атақ-даңққа талпынғанымыз дұрыс емес.
(Елшілердің істері 13:9) Сонда Пауыл деп те аталатын Саул киелі рухқа кенеліп, оған қадала қарады да,
nwtsty Е.і 13:9-дың зерттеу мәліметтері
Пауыл деп те аталатын Саул: Осы тармақтан бастап Саул Пауыл деп атала бастады. Елші Рим азаматы болып туылған еврей болған (Е.і 22:27, 28; Фп 3:5). Кішкентайынан оның еврейше есімі Саул, ал латынша есімі Пауыл болған көрінеді. Сол замандағы яһудилер арасында, әсіресе Исраилдің сыртында тұратын яһудилерде екі есімнің болуы кәдімгі жайт еді (Е.і 12:12; 13:1). Мысалы, Пауылдың кейбір ағайындарының еврейше есімдерінен бөлек, латынша не грекше есімдері болғанға ұқсайды (Рм 16:7, 21). “Басқа ұлттарға жіберілген елші ретінде” Пауылға яһуди емес адамдарға ізгі хабарды жариялау тапсырылған еді (Рм 11:13). Сол өзге халықтарға қабылдау оңай болу үшін Пауыл өзінің латынша есімін қолдануды ұйғарса керек (Е.і 9:15; Ғл 2:7, 8). Кейбіреулер ол Пауыл деген латынша есімді Серги Пауылдың құрметіне таңдаған деп айтып жатады. Бірақ Пауыл Кипрден кеткеннен кейін де осы есімді қолдана бергеніне қарағанда, себебі бұл болмаған көрінеді. Ал өзгелердің пайымдауы бойынша, Пауыл еврейше есімін қолданбаған себебі, оның грекше дыбысталуы кербезденіп жүретін адамға не жануарға қатысты айтылатын грек сөзіне ұқсас болған.
Пауыл: Мәсіхшілердің грек жазбаларында “Паулос” деген есім “кішкентай” деген мағынаны білдіретін латынның “Паулус” сөзінен шыққан. Қазақ тіліндегі Грек жазбаларында елші Пауылдың есімі 206 рет, ал аймақ әміршісі Серги Пауылдың есімі 2 рет кездеседі (Е.і 13:7).
ҚЫЗМЕТІМІЗДІҢ САПАСЫН АРТТЫРАЙЫҚ
“Ехобаның сөзі одан әрі тарады”
8 Қауымдағылар не істеу керектігін білді. Елшілердің істері 12:5-те: “Петір түрмеде жатқанда, қауым ол үшін Құдайға жан-тәнімен дұға етумен болды”,— делінген. Олар сүйікті бауырластары үшін ынты-шынтыларымен, шын жүректен жалбарынған. Бауырластар Жақыптың өлімінен кейін жігерлері құм болып, дұғаның күшінен күдер үзіп кеткен жоқ. Ехоба үшін дұғалардың маңызы зор. Өзінің еркіне сай келетін дұғаларды ол жауапсыз қалдырмайды (Евр. 13:18, 19; Жақ. 5:16). Бүгіндегі мәсіхшілер де дұғаның маңыздылығын түсінгендері абзал.
9 Бәлкім, сіз қиындықтардан көз ашпай жүрген бауырластарды білетін шығарсыз. Олар қуғын-сүргіннен, үкіметтің ісімізге қойған шектеулерінен не табиғи апаттан зардап шегіп жүрген болар. Неге олар жайлы ыстық дұға етпеске? Я болмаса, бірден байқала бермейтін қиындықтарды бастан кешіп жүрген бауырластарды білерсіз. Мысалы, отбасында қиын мәселе туындағандар, еңселері түсіп жүргендер не сенімдері сыналып жатқандар бар шығар. Егер дұға етпес бұрын жақсылап ойлансаңыз, біраз адамның есімі ойыңызға келуі мүмкін. Олар жайлы “дұғаларды тыңдайтын” Ехобаға айта аласыз (Зәб. 65:2). Ертең сіздің де басыңызға қиын күн туса, бауырластарыңыздың дұғаларына мұқтаж боларыңыз сөзсіз.
17—23 желтоқсан
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 15, 16
“Құдай Сөзін негізге ала отырып, бірауыздан шешім қабылдады”
(Елшілердің істері 15:1, 2) Яһудеядан әлдебіреулер келіп, бауырластарға: “Мұса Заңы бойынша сүндетке отырмасаңдар, құтқарыла алмайсыңдар”,— деп үйрете бастады. 2 Олар Пауыл және Барнабамен сөзге келіп, қатты айтысып қалды. Содан шәкірттер осы мәселені шешу үшін екеуіне басқа бауырластарды қосып, Иерусалимдегі елшілер мен ақсақалдарға жібермек болды.
“Олар... қатты айтысып қалды”
8 Лұқа былай деп сөзін жалғады: “Олар [“әлдебіреулер”] Пауыл және Барнабамен сөзге келіп, қатты айтысып қалды. Содан шәкірттер [ақсақалдар] осы мәселені шешу үшін екеуіне басқа бауырластарды қосып, Иерусалимдегі елшілер мен ақсақалдарға жібермек болды” (Ел. іс. 15:2). Олардың “сөзге келіп, қатты айтысып қалғанынан” екі тараптың да өз ойларынан еш айнығысы келмегені көрінді. Бұл мәселені Антиохиядағы қауым шеше алмады. Содан олар қауымның ынтымағы мен бірлігін ойлап, бұл мәселені “Иерусалимдегі елшілер мен ақсақалдарға” тапсырды. Антиохиядағы ақсақалдардың бұл дана шешімінен біз не нәрсеге үйренеміз?
(Елшілердің істері 15:13—20) Олар сөздерін аяқтаған соң, Жақып былай деді: “Бауырластар, маған құлақ салыңдар. 14 Құдай өз атымен аталатын халықты таңдап алу үшін басқа ұлт адамдарына алғаш рет назар аударғанын Шимеон бізге егжей-тегжейлі айтып берді. 15 Бұл сөздер пайғамбарлардың келесі айтқандарына сай келеді: 16 — Осыдан кейін мен қайта оралып, Дәуіттің құлаған үйін қайта тұрғызамын. Оның опырылған жерлерін жөндеп, қалпына келтіремін. 17 Мұны осы халықтан қалған тамтық менің атыммен аталатын басқа халықтардың адамдарымен бірге, мені, Ехобаны, жан-тәндерімен іздесін деп істеймін,— дейді Ехоба, 18 баяғыдан белгілі осы нәрселерді жүзеге асырушы Құдай. 19 Сондықтан мен Құдайға бет бұрып жатқан басқа ұлт адамдарына ауыртпалық салмау керек деген тоқтамға келдім. 20 Бірақ оларға хат жазып, пұттармен арамдалған нәрселерден, азғындықтан, арам өлген малдың етінен және қаннан аулақ болуды ескертейік.
Шынайы мәсіхшілер Құдай Сөзін құрметтейді
6 Мәселені шешуге Амос 9:11, 12-дегі сөздер көмектесті. Бұл жазба орны Елшілердің істері 15:16, 17-де былай деп келтірілген: “Осыдан кейін мен қайта ораламын және Дәуіттің құлаған үйін қалпына келтіремін. Оның қираған бөліктерін жөндеп, үйді қайта тұрғызамын. Осы халықтан қалған тамтық менің есіміммен аталатын басқа ұлт адамдарымен бірге, мені, Ехобаны, жан-тәндерімен іздесін деп бұларды жасаймын”.
7 Бірақ баз біреулер: “Мұнда басқа ұлттан шыққандар сүндеттелмеу керек деп айтылмаған ғой!”— деуі мүмкін. Иә, мұнда олай айтылмаған. Десе де яһуди мәсіхшілері бұл сөздерді басқа ұлттардан сүндеттелуді талап етпеу керектігінің дәлелі деп түсінді. Не себепті? Олар сүндеттелген яһуди еместерді “басқа ұлттан шыққандар” деп емес, бауырластары ретінде қарастыратын (Мыс. ш. 12:48, 49). Мысалы, Киелі кітаптың бір аудармасында Естер 8:17 былай деп тәржімеленген: “Көптеген басқа ұлт адамдары сүндетке отырып, яһуди болды” (“Bagster’s version of the Septuagint”). Ендеше Исраилдің тамтығы (яһудилер мен яһуди дінін қабылдағандар) мен басқа ұлт адамдарының (сүндеттелмеген басқа ұлт адамдары) Құдай атымен аталатын бір халық болатыны анық еді. Басқа ұлт адамдарына мәсіхші болу үшін сүндетке отырудың қажеті болмады.
(Елшілердің істері 15:28, 29) Киелі рух сендерге мына маңызды нәрселерден басқа еш ауыртпалық салмауымыз керек деген шешімге келуге көмектесті: 29 пұттарға шалынған құрбандықтардан, қаннан, арам өлген малдың етінен және азғындықтан аулақ болыңдар. Бұлардан барынша сақтанып жүрсеңдер, игілігін көресіңдер. Сау болыңдар!”
(Елшілердің істері 16:4, 5) Олар қалаларды аралағанда, Иерусалимдегі елшілер мен ақсақалдардың қабылдаған шешімдерін жеткізіп, соларды ұстану керектігін айтып жүрді. 5 Осылайша қауымдағылардың сенімі нығайып, күннен-күнге саны арта берді.
“Қауымдарды нығайтты”
18 Пауыл мен Тімөте көп жыл бойы бірге қызмет етті. Олар аралаушы қызметшілер ретінде басқарушы кеңестің түрлі тапсырмаларын атқарды. Киелі кітапта: “Олар қалаларды аралағанда, Иерусалимдегі елшілер мен ақсақалдардың қабылдаған шешімдерін жеткізіп, соларды ұстану керектігін айтып жүрді”,— делінген (Ел. іс. 16:4). Қауымдағылар Иерусалимдегі елшілер мен ақсақалдардың нұсқауларына құлақ асқаны сөзсіз. Мойынсұнушылықтың арқасында “қауымдағылардың сенімі нығайып, күннен-күнге саны арта берді” (Ел. іс. 16:5).
Асыл тастарды іздеп табайық
(Елшілердің істері 16:6—9) Киелі рух Құдай сөзін Азия аймағында жариялауға тыйым салғандықтан, олар Фригия мен Ғалатия өлкесі арқылы өтіп, 7 Мизияға келді. Содан Бүтінияға бармақ болды, бірақ Иса киелі рух арқылы бұған рұқсат бермеді. 8 Сондықтан олар Мизиядан өтіп, Троя қаласына келді. 9 Түнде Пауыл аян алып, македондық бір кісінің: “Македонияға келіп, бізге көмектесе көр”,— деп жалбарынып жатқанын көрді.
Исаның елшілерінен сергек болуды үйрен
8 Осы үзіндіден қандай сабақ аламыз? Байқасақ, Пауыл Азияға келгеннен кейін ғана, ал кейін Бүтінияға жақындап қалғанда ғана Исадан ол жерге кірмеуге қатысты нұсқау алды. Ал уағыздаушылар Трояға келген соң, Иса оларды Македонияға бағыттады. Бүгінде қауымның Басы Иса бізге де осылай етуі мүмкін (Қол. 1:18). Мысалы, сен ізашар болуды не қажеттілік көп жерге көшіп баруды ойлап жүрген шығарсың. Бірақ сен белгілі бір қадам жасамайынша, Құдай рухы саған басшылық бермеуі мүмкін. Мұны келесідей мысалмен түсіндіруге болады: жүргізуші көлігін тек қозғалған соң ғана оңға не солға бұра алады. Сол сияқты біз мақсатымызға жету үшін қандай да бір күш салған соң ғана Исаның басшылығын алатын боламыз.
(Елшілердің істері 16:37) Бірақ Пауыл әлгілерге: “Рим азаматтары болсақ та, олар еш сот жүргізбей, жұрттың көзінше дүре соқтырып, бізді түрмеге тастады. Ал енді жасырын түрде шығарып жібермекші ме? Жоқ, бізді өздері келіп шығарсын!”— деп айтты.
nwtsty Е.і 16:37-нің зерттеу мәліметі
Рим азаматтары болсақ: Пауыл сияқты, Сыйлас та Рим азаматы болған көрінеді. Рим заңы бойынша, Римнің азаматтары әрдайым тиісті түрде сот ісін жүргізуді талап ете алатын болған. Сондай-ақ үкім шығарылмай тұрып, оларды көпшілік алдында жазалауға болмайтын. Рим азаматтары империяның қай жерінде жүрсе де, белгілі бір құқықтары мен артықшылықтары болған. Олар шет аймақтардың заңдарына емес, тек Римнің заңына бағынатын. Қандай да бір айып тағылған жағдайда Рим азаматы жергілікті заң бойынша тергелуге келісімін бере алатын, бірақ оның Рим сотына жүгінуге де құқы болған. Ал өлімге кесілсе, императордың өзіне шағым бере алатын. Елші Пауыл Рим империясының өте көп жерлеріне барып уағыздаған. Киелі кітапта оның үш жағдайда Рим азаматы ретінде берілген құқығын алға тартқаны жазылған. Бірінші жағдайда, ол осы Філіпі қаласының жергілікті басшыларына дүре соқтырғандары үшін наразылық білдіріп, құқығын таптағандарын айтты (басқа екі жағдайды мына жерден біле аласыз: w15 1.3. 12-б., 3-абз.).
it-1, 273-б., 1-абз.
Ұрып-соғу
Філіпі қаласында Пауылды шыбықпен сабады. Ол осы жағдайды қудалаушыларға қарсы пайдаланып, ізгі хабарды қорғау және заңдастыру үшін қолданды. Жергілікті басшылар оны жұрт алдында ұрып-соқтырып, түрмеге тастаған болатын. Алайда кейін олар Пауылдың Рим азаматы екенін білгенде қатты қорқып кетті. Өйткені олар Рим азаматын сабағандарымен қоймай, мұны сот ісін жүргізбей жатып істеді. Олар жұртқа Пауыл мен Сыйласты қылмыскер етіп көрсетті. Сондықтан басшылар түрме бастығына оларды босатуды бұйырғанда, Пауыл былай деді: “Рим азаматтары болсақ та, олар еш сот жүргізбей, жұрттың көзінше дүре соқтырып, бізді түрмеге тастады. Ал енді жасырын түрде шығарып жібермекші ме? Жоқ, бізді өздері келіп шығарсын!”. Жергілікті басшылар өз қателерін мойындауға мәжбүр болды. “Әлгі қызметшілер бұл сөздерді жеткізгенде, жергілікті басшылар олардың Рим азаматтары екенін естіп, қорқып кетті. Сөйтіп, өздері барып, Пауыл мен Сыйласқа жалына бастады. Оларды сыртқа шығарған соң, қаладан кетулерін өтінді” (Е.і 16:22—40). Негізінде, осы әрекеттерімен басшылардың өзі жұртқа Пауыл мен Сыйластың ешқандай бұрыс қылық жасамағанын көрсетті. Осылайша ізгі хабарды уағыздаудың заңға қайшы емес екені көрінді. Пауылдың осылай істеген себебі, ол “ізгі хабарды... заңдастыруды” көздеген (Фп 1:7).
24—30 желтоқсан
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 17, 18
“Елші Пауылдың уағыздау мен тәлім беру ісінен үлгі алайық”
(Елшілердің істері 17:2, 3) Пауыл әдеті бойынша сонда барып, үш Демалыс күн қатарынан Жазбалардың негізінде пікір алысты. 3 Ол Мәсіхтің азап шегуі және қайта тірілуі керек болғанын түсіндіріп, Жазбалардан дәлелдер келтірді де: “Мен сіздерге жариялап жүрген Иса — сол Мәсіхтің өзі”,— деді.
nwtsty Е.і 17:2, 3-тің зерттеу мәліметтері
пікір алысты: Пауыл оларға ізгі хабарды айтып қоя салмады. Ол түсіндірді және Жазбалардан, яғни рухтың жетелеуімен жазылған Еврей жазбаларынан дәлелдер келтірді. Ол Жазбаларды жай ғана оқыған жоқ, солардың негізінде пікір алысты, әрі сөздерін тыңдап отырған адамдарға бейімдей білді. “Диалегомай” деген грек сөзінің мағынасы — “өзара сөйлесу; әңгімелесу; талқылау”. Бұл адамдардың бір-бірімен тілдесуін білдіреді. Е.і 17:17; 18:4, 19; 19:8, 9; 20:7, 9-тармақтарда да осы грек сөзі қолданылған.
Жазбалардан дәлелдер келтірді: Грек сөзі сөзбе-сөз “қасына қою (қатар қою)” дегенді білдіреді. Демек, бұл Пауылдың Еврей жазбаларындағы Мәсіхке қатысты пайғамбарлықтар Исаның өмірінде қалай орындалғанын көрсету үшін, соларды Исаның өміріндегі оқиғалармен мұқият салыстырғанын білдіруі мүмкін.
(Елшілердің істері 17:17) Содан мәжілісханадағы яһудилермен, Құдайға ғибадат ететін өзге адамдармен және күн сайын базар алаңында кезіккендермен пікір алысып жүрді.
nwtsty Е.і 17:17-нің зерттеу мәліметі
базар алаңында: Афина қаласындағы Акрополь бекінісінің солтүстік-батысында орналасқан базар алаңының (грекше “агора”) аумағы 5 гектарға жуық болған. Базар алаңы тек сауда-саттықпен айналысатын жер болмаған. Ол қаланың экономикалық, саяси, мәдени орталығы болған. Афиналықтар қоғамдық өмірдің қыз-қыз қайнаған осы орталығында кездесіп, интеллектуалды пікірсайыс өткізгенді жақсы көрген.
(Елшілердің істері 17:22, 23) Пауыл Ареопагтың ортасында тұрып, былай деді: “Афиналықтар, байқауымша, сіздер өзгелерге қарағанда құдайлардан көбірек қорқатын сияқтысыздар. 23 Мысалы, қадір тұтатын нәрселеріңізге қарап өтіп бара жатқанымда, “Белгісіз Құдайға” деген жазуы бар құрбандық орнын көрдім. Мен сіздерге өздеріңіз танымасаңыздар да ғибадат етіп жүрген осы Құдайды жариялап жатырмын.
nwtsty Е.і 17:22, 23-тің зерттеу мәліметі
Белгісіз Құдайға: Афинадағы бір құрбандық орнына жазылған “Агностои теои” деген грек сөздері. Афиналықтар құдайлардан қорқатындықтан, оларға арнап құрбандық орындары мен ғибадатханалар соғатын. Олар тіпті абстрактілі ұғымдарды да құдай қылып, Атақ-даңқ, Қарапайымдылық, Күш-қуат, Иландыру, Аяушылық іспетті құдайларға арнап құрбандық орындарын тұрғызған. Әлдебір құдайды шет қалдырып, қаһарына ұшыраймыз деген қорқыныштан болар, олар “Белгісіз Құдайға” арнап құрбандық орнын жасап қойған. Осылайша олар өздері танымайтын бір Құдайдың бар екенін мойындаған. Тыңдаушыларға осы уақытқа дейін белгісіз болып келген сол Құдайды, шынайы Құдайды, таныстыру үшін Пауыл осы құрбандық орнын тілге тиек етіп, шебер уағыздаған.
Асыл тастарды іздеп табайық
(Елшілердің істері 18:18) Пауыл сол жерде біраз күн болған соң, бауырластармен қош айтысып, Прискила және Ақиламен бірге Сирияға жүзіп кетті. Құдайға берген антына сай, ол Кенхреяда шашын алғызды.
Елшілердің істері кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар
18:18. Пауыл қандай ант берген еді? Киелі кітап зерттейтін ғалымдардың кейбірі Пауыл Назир антын берген деп ойлайды (Ру. сан. 6:1—21). Алайда Киелі кітапта оның нақты қандай ант бергені айтылмаған. Оның үстіне, Жазбаларда Пауылдың бұл антты Мәсіх жолына түскенге дейін не одан кейін бергендігі немесе антты орындауды бастап не аяқтап жатқаны жайлы ештеңе айтылмаған. Қалай болған күнде де мұндай ант беру — күнә емес-тін.
(Елшілердің істері 18:21) “Ехобаның еркіне сай болса, сендерге қайта келермін”,— деп, қоштасып кетті. Содан Ефестен кемеге отырып,
nwtsty Е.і 18:21-дің зерттеу мәліметі
Ехобаның еркіне сай болса: Бұл кез келген нәрсені істегенде не жоспарлағанда Құдайдың еркін ескеру керектігіне баса назар аударатын сөздер. Елші Пауыл осы принципті әрдайым қаперінде ұстаған (Қ1х 4:19; 16:7; Ев 6:3). Шәкірт Жақып та өз хатында: “Ехобаның қалауы болса, аман жүріп, мынаны не ананы істейміз”,— деп айтуға шақырған (Жқ 4:15). Бұл құр сөздер ғана болмау керек. “Ехобаның еркіне сай болса” деп шын жүректен айтатын адам Ехобаның еркіне сай әрекет етуге тырысуы тиіс. Бұл сөздерді дауыстап айту міндетті емес, қайта, бұл көбінесе іштей ғана айтылатын сөздер (Е.і 21:14 пен А5 қосымшасын да қараңыз).
31 желтоқсан — 6 қаңтар
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 19, 20
“Өздеріңе де, бүкіл отарға да мұқият болыңдар”
(Елшілердің істері 20:28) Өздеріңе де, бүкіл отарға да мұқият болыңдар. Құдайдың өз Ұлының қанымен сатып алған қауымын бағу үшін киелі рух сендерді отарға бақылаушы етіп тағайындады.
“Өздеріңе тапсырылған Құдайдың отарын бағыңдар”
5 Елші Петір ақсақалдардың “Құдайдың отарын бағу” керек екендерін айтқан. Олардың өздеріне тапсырылған отардың Ехоба мен Исаның меншігі екенін түсінгендері маңызды болған. Ақсақалдар отарын қалай бағып жүргендері үшін Құдайға есеп беруге тиіс. Мысалы, жақын досың сенен өзі келгенше балаларына қарай тұруыңды өтінді делік. Сен оларға жақсылап қарап, тамағын уақтылы бермес пе едің? Ал біреуі ауырып қалса, дәрігерге апарасың ғой? “Өз Ұлының қанымен сатып алған” Құдайдың қауымын ақсақалдар да дәл солай бағады (Ел. іс. 20:28). Олар әрбір қойдың Иса Мәсіхтің құнды қанымен сатып алынғанын есте ұстайды. Ақсақалдар Құдайға есеп беретіндіктен отарды бағып, қорғап, қамқорлайды.
(Елшілердің істері 20:31) Сондықтан да сергек болыңдар және менің күн-түн демей үш жыл бойы әрбіріңді үйретіп, көз жасымды көл еткенімді ұмытпаңдар.
Ақсақалдар “қуанышты болуымыз үшін бізбен қызметтесіп жүр”
15 Ақсақалдар ауыр еңбек етеді. Олар Құдайдың отары туралы дұға ету үшін не бауырластарға рухани көмек көрсету үшін кей кездері ұйқысыз түндер де өткізеді (Қор. 2-х. 11:27, 28). Десе де олар Пауылға еліктеп, жауапкершіліктерін толықтай әрі қуанышпен атқарады. Пауыл қорынттықтарға: “Сендердің жандарың үшін барымды қуана беремін, өзімді де еш аямаймын”,— деп жазған (Қор. 2-х. 12:15). Иә, ол бауырластарын сүйгендіктен, оларды нығайту үшін өзін еш аямаған (Қорынттықтарға 2-хат 2:4 оқы; Філіп. 2:17; Сал. 1-х. 2:8). Бауырластардың Пауылды қатты жақсы көргенінде күмән жоқ! (Ел. іс. 20:31—38).
(Елшілердің істері 20:35) Осылай ауыр еңбек етіп, әлсіздерге жәрдем беру керектігін және Иеміз Исаның “алғаннан гөрі берген бақытты” деген сөздерін ұмытпау қажет екенін сендерге барлық жағынан көрсеттім”.
“Менің мойнымда ешкімнің қаны жоқ”
20 Уақыт өте келе отарды билеп-төстей бастаған адамдармен салыстырғанда, Пауыл мүлде басқаша өмір кешкен. Қауымға ауыртпалық салмау үшін ол өз қажеттілігін өзі қамдап, жұмыс істеген. Ол бір сенімдегілерге өз пайдасын көздеп игілік жасамаған. Пауыл Ефестегі ақсақалдарды жанқиярлық рухын танытуға шақырған. Оларға “әлсіздерге жәрдем беру керектігін және Иеміз Исаның “алғаннан гөрі берген бақытты” деген сөздерін ұмытпау қажет екенін” айтқан (Ел. іс. 20:35).
Асыл тастарды іздеп табайық
(Елшілердің істері 19:9) Алайда кейбіреулер сенгілері келмей қасарысып, жұрт алдында осы Жолды қаралай бастады. Сонда Пауыл шәкірттерді ертіп, сол арадан кетіп қалды. Кейін ол күн сайын Тиранның дәрісханасында баяндамалар айтып жүрді.
Құдай Сөзі қарсылыққа қарамастан, “зор қарқынмен тарап, ықпалы арта берді”
11 Пауыл күн сайын шамамен сағат 11:00-ден 16:00-ге дейін дәрісханада тәлім берген болуы мүмкін (Ел. іс. 19:9). Адамдар тамақтанып, тынығатындықтан, осы уақыт ең тыныш, бірақ күннің ең ыситын уағы болған көрінеді. Егер Пауыл екі жыл бойы осы қатаң күн тәртібін ұстанған болса, ол жалпы алғанда 3000-нан көп сағат тәлім берген. Демек, бұл — Ехобаның сөзінің зор қарқынмен тарап, ықпалы арта беруінің тағы бір себебі. Пауыл еңбекқор әрі бейімделгіш болған. Ол өзінің күн жоспарын сол өңірде тұратын адамдардың жағдайына қарай икемдеген. Ал осының арқасында “Азия аймағында тұратындардың бәрі: яһудилер де, гректер де — Иеміздің сөзін естіді” (Ел. іс. 19:10). Түбегейлі куәлік деп осыны айтыңыз!
(Елшілердің істері 19:19) Сондай-ақ сиқырлықпен айналысқан көптеген адамдар кітаптарын әкеліп, жұрттың көзінше өртеп жіберді. Олардың құнын есептегенде, 50 000 күміс ақша болып шықты.
Құдай Сөзі қарсылыққа қарамастан, “зор қарқынмен тарап, ықпалы арта берді”
15 Скеуаның ұлдары масқара болған соң, жұрттың көбісін қастерлі қорқыныш биледі. Содан олар сенуші болып, сиқырлықпен айналысуды доғарды. Ефес мәдениеті сиқырлыққа толы болған. Дуа оқу, тұмар тағу кеңінен таралған еді. Бірақ көптеген ефестіктер құны біздің бағамен салыстырғанда ондаған мың долларға тең келетін сиқырлық жайлы кітаптарын шығарып, жұрт алдында өртеп жіберді. “Осылайша Ехобаның сөзі зор қарқынмен тарап, ықпалы арта берді”,— дейді Лұқа (Ел. іс. 19:17—20). Сонда жын-перілерге деген сенім мен өтірік жеңіліп, шындық жеңіске жетті! Осы адал адамдар бізге жақсы үлгі қалдырды. Қазіргі дүние де сиқырлыққа толы. Біз де сол ефестіктер сияқты, сиқырлықпен байланысы бар кез келген нәрсемізден тез арада арылайық! Қанша қиынға соқпасын, мұндай жиренішті істерден іргемізді аулақ салайық.