121-тарау
Жоғарғы кеңестің, содан соң Пилаттың алдында
ТАҢ ата бастады. Петір Исадан үшінші рет танып, ал Жоғарғы кеңестің мүшелері өздерінің жалған сотын аяқтап, тарап кеткен болатын. Алайда жұма күні таң сәріде олар тағы да бас қосты. Бұл жолы Жоғарғы кеңестің залында жиналды. Шамасы, түндегі істерін заңды етіп көрсетпекші. Исаны алдарына әкелгенде, олар түндегі айтқандарын қайталап: “Сен Мәсіхсің бе? Бізге айтып бер!” — деді.
— Мен айтсам да, бәрібір сенбейсіздер,— деп жауап қайтарды Иса.— Сіздерге сұрақ қойсам да, бәрібір жауап бермейсіздер.
Бірақ ол өзінің кім екендігін батыл көрсетіп, былай деді:
— Ал қазірден бастап Мен Билеуші ретінде Құдіретті Құдайдың оң жағында отыратын боламын!
— Сонда Сен Құдайдың рухани Ұлысың ба? — деді олар білгісі келіп.
— Менің Сол екенімді өздеріңіз айтып тұрсыздар,— деп жауап берді Иса.
Өлтіруді көздеп тұрған бұларға осы жауаптың өзі де жеткілікті. Олар оны Құдайға тіл тигізуші деп есептейді. “Бізге тағы қандай куәлік қажет? Мұны Оның өз аузынан естідік қой”,— деді олар. Сонан соң Исаны байлап әкетті де, римдік әмірші Понти Пилатқа табыс етті.
Қаралып жатқан бұл істі Исаға опасыздық жасаған Яһуда да бақылап тұрды. Исаны айыпты деп тапқанын көргенде, оны ар-ұжданы мазалады. Сондықтан ол 30 күміс теңгесін қайтарып беру үшін діни қызметкерлер мен рубасыларына барды да, оларға: “Мен опасыздық жасап күнәға баттым: кінәсыз кісінің қаны төгілмекші!” — деді.
“Онда біздің шаруамыз қанша? Бұл өз мәселең”,— деді олар аямай. Сонда Яһуда күміс теңгелерді ғибадатхананың ішіне лақтырып тастап, шығып кетті де, барып асылып өлмекші болды. Алайда оның жіп байлаған бұтасы сынып кетсе керек, ол жерге құлап, ішек-қарны ақтарылып өлді.
Діни қызметкерлер күміс теңгелерді не істейтіндерін білмеді. “Бұл ақшаны ғибадатхананың қазынасына салуға болмайды, себебі ол төгілетін қанға байланысты”,— деді олар. Сонан соң өзара кеңесіп, сол ақшаға шетелдіктердің зираты ету үшін, құмырашының егіндік жерін сатып алды. Сондықтан ол жерді “Қанды танап” деп атады.
Таң сәріде олар Исаны ертіп, римдік әміршінің сарайына келді. Басқа ұлттың адамдарымен қарым-қатынас өздерін арамдайды деп есептейтіндіктен, ілесіп келген яһудилер сарайға кірмеді. Пилат олардың мұндай көзқарасын түсініп, сыртқа өзі шығып:
— Мына кісіге қандай айып тағып тұрсыңдар? — деп сұрады.
— Бұл қылмыскер болмаса, Оны сізге ұстап әкелмес едік,— деп жауап қайтарды олар.
Бұл іске араласқысы келмеген Пилат оларға:
— Сендер Оны алып кетіп, өз заңдарыңыз бойынша соттаңдар! — деді.
“Біреуге өлім жазасын тартқызу бізге рұқсат етілмеген”,— деп қарсыласуы арқылы яһудилер Исаны өлтіргісі келетіндіктерін көрсетті. Егерде олар Исаны Құтқарылу мейрамы кезінде өлтірсе, онда бұл халықтың көтеріліске шығуына әкеп соғуы мүмкін. Себебі көп адамдар Исаға құрметпен қарайды. Ал егер Иса саяси айыпкер ретінде римдіктердің қолынан жазаға тартылса, онда яһудилер халық алдындағы жауапкершіліктен құтылмақ.
Сондықтан да діни қызметкерлер түнде қараған істері мен Исаны Құдайға тіл тигізді деп айыптаған шешімдері туралы ештеңе айтпастан, басқа айыптар ойлап тапты. Олардың айыбы мынадай үш бөліктен тұрды: “Біз мына Кісінің [1] халқымызды бүлдіріп жүргенін тексеріп, анықтадық. [2] Ол Рим патшасына салық төлемеңдер деп үгіттеп, [3] Өзін Мәсіхпін, яғни Патшамын деп жүр!”
Иса “өзін Патшамын деді” деген айып Пилатты мазалады. Сондықтан ол сарайға қайта кіріп, Исаны өзіне шақыртты да, одан: “Сен Яһудилердің Патшасысың ба?” — деп сұрады. Басқаша айтқанда: “Өзіңді патшамын деп жариялап, римдік патшаға қарсы шығып, заңды бұзған жоқсың ба?”
Иса Пилаттың өзі туралы не естігенін білгісі келіп: “Бұл сөзді өзіңіз айтып тұрсыз ба, әлде басқалар сізге Мен туралы айтты ма?” — деп сұрады.
Пилат ол туралы ештеңе білмейтіндігін, сондай-ақ шындықты білгісі келетіндігін танытып: “Мен не, яһудимін бе? Сені маған ұстап әкелген өз халқың және басты діни қызметкерлер ғой. Қандай істер істеп едің?” — деп жауап қатты.
Иса бұл сұрақтан, яғни патшалық туралы тақырыпты талқылаудан, ешқандай да жалтармады. Исаның жауабы Пилатты таңғалдырғаны сөзсіз. Лұқа 22:66—23:3; Матай 27:1—11; Марқа 15:1; Жохан 18:28—35; Елшілердің істері 1:16—20.
▪ Таңертең Жоғарғы кеңестің мүшелері қандай мақсатпен тағы да жиналды?
▪ Яһуда қалай өлді және 30 күміс теңге қайда жұмсалды?
▪ Неліктен яһудилер Исаны өздері емес, римдіктердің өлтіргенін қалады?
▪ Исаға қандай айыптар тағылды?