СІЗ БІЛГЕНСІЗ БЕ?
Б. з. 33 жылы Иерусалимдегі Елуінші күн мейрамына қатысқан яһудилер шынымен де “жердің түкпір-түкпірінен” келген бе?
Бұл оқиға Елшілердің істері 2:5—11 баяндалған. Сол кезде өмір сүрген яһуди жазушысы Филон Александрийский де б. з. 33 жылы Иерусалимге келген үлкен тобырға қатысты мәлімет жазып қалдырған.
Филон былай деп жазды: “Әр мейрамға сансыз қалалардан сансыз халық жиналатын. Кейбіреулері жер асып, кейбіреулері су кешіп, батыс пен шығыстан, оңтүстік пен солтүстіктен келетін”. Ол Яһудеяның патшасы Ұлы Иродтың немересі І Агриппаның Рим императоры Калигулаға жазған хатынан үзінді келтіреді. Онда Агриппа патша Иерусалим жайлы былай деген: “Қасиетті қала тек Яһудеяның емес, басқа да көптеген елдердің астанасы, өйткені тарих бойында көп яһудилер жан-жағындағы елдерге шашырап кеткен”.
Агриппа яһудиліктердің Месопотамия, Солтүстік Африка, Кіші Азия, Грекия мен Жерорта теңізі аралдарында яһудилердің қоныс тепкенін тізіп айтқан. Бұл жайлы ғалым Иоахим Иеремиас былай дейді: “Бұл тізімде олардың Иерусалимге сапар шеккендері нақты айтылмаса да, олардың онда барып тұрғаны сөзсіз. Себебі барлық ересек яһудилер сол қалаға Құдайға құлшылық ету үшін сапар шегіп тұруға міндетті болған” (Мұсаның 5-жазбасы 16:16).
Яһудилердің мейрамын тойлау үшін Иерусалимге келген мыңдаған қонақ қайда жайғасқан?
Иерусалимде жыл сайын Құтқарылу мейрамы, Елуінші күн мейрамы және Күркелер мейрамы деген үш мейрам атап өтілетін. Бірінші ғасырда осы мейрамдарды тойлау үшін Иерусалимге Исраилдің жер-жерінен және яһудилер қоныс тепкен алыс-жақын елдерден жүздеген мың адам ағылып келетін (Лұқа 2:41, 42; Елшілердің істері 2:1, 5—11). Құдайға құлшылық етуге келген осы қонақтардың бәріне қонатын үй керек болғаны түсінікті.
Кейбірі өз таныстарының үйінде тұрса, басқалары қонақүйлерде не жалдамалы үйлерде тоқтаған. Көбісі қала қабырғаларының ішіне я сыртына шатыр тігіп тұрған. Иерусалимге барған соңғы сапарында Иса пайғамбар жақын маңдағы Бетания қаласында тоқтаған (Матай 21:17).
Қазба жұмыстарының нәтижесінде ғибадатхананың маңында шомылатын хауыздары бар бірнеше ғимарат табылған. Бұл ғимараттарда қалаға келген сапаршылар тоқтап, ғибадатханаға кірмес бұрын жуынып-шайынған деген пікір бар. Осы ғимараттардың бірінде жергілікті мәжілісхананың жетекшісі мен діни қызметкері Феодоттың “бұл мәжілісхананы Тәуратты оқу үшін және қонақүйлерді, бөлмелер мен хауыздарды баспанаға мұқтаж жатжерліктерге арнап соққаны” қашалып жазылған.