Өмір мен татулық үшін рух қалауы бойынша өмір сүр
“Тән қалауы бойынша емес, рух қалауы бойынша өмір сүр” (РИМ. 8:4).
1, 2. а) Жүргізушінің алаңдағаны не нәрсеге әкеп соғады? ә) Рухани нәрселерді назарынан таса еткен мәсіхшімен не болады?
ҚҰРАМА ШТАТТАРЫНЫҢ көлік министрі айтқандай, әр нәрсеге бір алаңдап отыратын көлік жүргізушілердің саны жылдан жылға көбейіп барады. Жүргізушілердің алаңдауына себеп болатын нәрселердің бірі — ұялы телефон. Сауалнамаға қатысқан адамдардың үштен бірі өздерін қаға жаздаған не қағып кеткен жүргізушілерді ұялы телефон алаңдатқанын айтты. Көлік жүргізгенде бірнеше іспен айналысу тиімді болып көрінетін шығар, бірақ нәтижесі қайғылы болуы мүмкін.
2 Құдаймен қарым-қатынасымыз жайлы да осылай деуге болады. Алаңдай беретін жүргізуші жолдағы қауіпті байқамайтыны сияқты, рухани нәрселерді назарынан таса еткен мәсіхші сау басын пәлеге душар етеді. Егер адам шындық жолынан ауытқып, рухани істерден қол үзетін болса, сенімі апатқа ұшырайды (Тім. 1-х. 1:18, 19). Елші Пауыл Римдегі мәсіхшілерге осы қауіп жайлы айтып, оларды былай деп ескертті: “Тән жөнінде ойлаудың нәтижесі — өлім, ал рух жөнінде ойлаудың нәтижесі — өмір мен татулық” (Рим. 8:6). Пауылдың бұл сөздері нені білдіреді? Біз қалай “тән жөнінде ойлаудан” аулақ болып, “рух жөнінде ойлай” аламыз?
Олар айыпталмайды
3, 4. а) Пауыл қандай күрес жайлы жазған? ә) Неге Пауылдың жағдайы бізді қызықтыру керек?
3 Римдіктерге жазған хатында Пауыл тәні мен ой-санасының арасындағы күрес жайында айтты (Римдіктерге 7:21—23 оқы). Әрине, ол өз-өзін ақтап не күнәнің ықпалы тым зор деп мұңын шағып жатқан жоқ. Өйткені қанша дегенмен Пауыл рухани толысқан, майланған мәсіхші әрі “басқа ұлттарға жіберілген елші” болған ғой (Рим. 1:1; 11:13). Олай болса, Пауыл өзінің күресі жайлы не үшін айтты?
4 Пауыл Құдайдың еркін өз күшімен және өзі қалағандай деңгейде орындай алмайтынын ашық мойындады. Неліктен? “Барлығы да күнә жасады және Құдайдың ұлылығынан айырылды”,— деді ол (Рим. 3:23). Пауыл да Адам атаның ұрпағы болғандықтан, күнәға бейім әрі кемелсіз еді. Біз Пауылдың жағдайын жақсы түсінеміз, өйткені бәріміз де кемелсізбіз әрі тәндік құмарлықтарымызбен күн сайын күресеміз. Оның үстіне, көңілімізді алаңдатып, “өмірге апаратын тар жолдан” ауытқытып жіберуі мүмкін көптеген нәрселер бар (Мат. 7:14). Сөйтсе де Пауылдың жағдайы мүшкіл емес-тін, біз жайлы да солай деуге болады.
5. Пауыл көмек пен жұбанышты қайдан алған?
5 Пауыл: “Мені кім құтқарады? Иеміз Иса Мәсіх арқылы мені құтқарып алатын Құдайға рақмет!”— деді (Рим. 7:24, 25). Содан кейін ол “Мәсіх Исамен бірлікте тұрғандарға”, яғни майланған мәсіхшілерге қатысты сөздер айтты (Римдіктерге 8:1, 2 оқы). Ехоба оларды киелі рухы арқылы өзінің ұлдары етіп, “Мәсіхпен мұралас” болуға шақыруда (Рим. 8:14—17). Құдайдың рухы және Мәсіхтің төлем құрбандығына деген сенімдері оларды Пауыл айтқан күресте жеңіске жетуге қабілетті етеді. Сондықтан майланғандар “айыпталмайды”. Олар “күнә мен өлімнің заңынан босатылады”.
6. Неге Құдайдың барлық қызметшілері Пауылдың сөздеріне көңіл қоюлары керек?
6 Пауылдың киелі рух пен Мәсіхтің төлем құрбандығы туралы сөздері бірінші кезекте майланған мәсіхшілерге арналғанмен, бұл сөздер Ехобаның барлық қызметшілеріне де қатысты. Рухтың жетелеуімен жазған Пауылдың бұл кеңесі майланғандарға арналған болса да, Құдайдың барлық қызметшілері оның мәнін түсініп, пайдасын көруге тырысулары керек.
Құдай “тәндегі күнәні айыптады”
7, 8. а) Қандай мағынада Мұса заңы дәрменсіз? ә) Төлем құрбандығы және өзінің рухы арқылы Құдай не істеді?
7 Римдіктерге арналған хаттың 7-тарауында Пауыл күнәнің кемелсіз тәнге зор ықпал ететінін айтты. Ал 8-тарауда ол киелі рухтың күші жайлы баяндады. Пауыл мәсіхшілерге күнәнің ықпалына қарсы тұрып, Ехобаның еркі бойынша өмір сүруге және оның ықыласына ие болуға киелі рух қалай көмектесетінін түсіндірді. Сондай-ақ ол Мұса заңы істей алмағанды Құдай киелі рух пен Мәсіхтің төлем құрбандығы арқылы істегеніне назар аударды.
8 Мұса заңы мен ондағы көптеген өсиеттер күнәкарларды айыптаған. Оның үстіне, Исраилдегі діни қызметкерлер кемелсіз болған және күнәні өтейтін лайықты құрбандық ұсына алмаған. Осы мағынада Мұса заңы дәрменсіз болды. Құдай “өз Ұлын күнәкар адамдардікіндей тәнмен жерге жіберіп”, оны төлем ретінде ұсыну арқылы “тәндегі күнәні айыптады”. Осылайша Мұса заңы “істей алмағанды Құдай істеді”. Соның арқасында майланған мәсіхшілер Исаның төлем құрбандығына деген сенімдерінің негізінде әділ деп жариялана алады. Олар “тән қалауы бойынша емес, рух қалауы бойынша өмір сүруге” шақырылады (Римдіктерге 8:3, 4 оқы). Майланғандар мұны адалдықпен жердегі өмірлерінің соңына дейін істеулері керек. Сонда ғана “өмір тәжіне” ие болады (Аян 2:10).
9. Римдіктерге 8:2-дегі “заң” сөзі нені білдіреді?
9 “Мұса заңымен” қатар Пауыл “рух заңы” және “күнә мен өлімнің заңы” туралы айтты (Рим. 8:2). Бұл қандай заңдар? Мұндағы “заң” сөзі Мұса заңы сияқты қандай да бір ережелерді білдірмейді. Бір еңбекке сай, бұл тармақтағы заң деп аударылған грек сөзі адамның жасайтын жақсы не жаман істерін білдіреді. Адам бұл істерді заңды орындағандай істейді. Сондай-ақ бұл сөз адамның өзі таңдаған өмірлік ұстанымына нұсқайды.
10. Қалайша біз күнә мен өлім заңының билігіндеміз?
10 Елші Пауыл былай деп жазды: “Бір адам арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді, осылайша адамдардың бәрі өлетін болды, себебі бәрі күнә жасады” (Рим. 5:12). Адам атаның ұрпақтары болғандықтан, бәріміз де “күнә мен өлімнің заңына” бағыныштымыз. Күнәкар тәніміз бізді Құдайға ұнамайтын әрі түбі өлімге апаратын істер жасауға итермелеп отырады. Ғалаттықтарға жазған хатында Пауыл бұл істер мен қасиеттерді “тәннің істері” деп атады. Сосын ол: “Осындаймен айналысатындар Құдай патшалығын мұра етпейді”,— деп қосты (Ғал. 5:19—21). Мұндай адамдар “тән қалауы бойынша” өмір сүретін адамдармен бірдей (Рим. 8:4). Олардың “өмірлік ұстанымы” тәндік, өйткені “ішкі күш” оларды тек осындай істерге итермелейді. Бірақ тән қалауы бойынша өмір сүретіндер азғындық, пұтқа табынушылық және сиқырлық не басқа да ауыр күнә жасайтындар ғана ма? Жоқ, өйткені кейбіреулер пендешілік деп қарастыратын қызғаныш, ашу-ыза, талас-тартыс және іштарлық сияқты қасиеттер де тәннің істеріне жатады. Ендеше, кім тән қалауынан толықтай арылдым деп айта алады?
11, 12. Күнә мен өлім заңынан азат болуымыз үшін Ехоба қандай шара қолданды және оның ықыласына ие болу үшін не істеуіміз керек?
11 Ехоба “күнә мен өлімнің заңынан” босауымыз үшін шара қолданғанына қандай қуаныштымыз десеңші! Иса былай деген: “Құдай дүниені сондай қатты сүйгендіктен, өзінің жалғыз Ұлын берді. Ол мұны Ұлына сенген әркім жойылмай, мәңгілік өмірге ие болсын деп істеді”. Құдайдың бізді сүйетініне және Иса Мәсіхтің төлем құрбандығына сенетін болсақ, мұра еткен күнәнің билігінен азат бола аламыз (Жох. 3:16—18). Мұны білгеніміз бізді Пауыл сияқты “Иеміз Иса Мәсіх арқылы мені құтқарып алатын Құдайға рақмет!” деп айтуға талпындырады.
12 Біздің жағдайымыз ауыр дерттен емделіп жатқан адамның жағдайына ұқсайды. Науқас дертінен толығымен айығу үшін дәрігердің нұсқауларын орындап отыру керек. Төлем құрбандығына деген сенім арқылы күнә мен өлімнің заңынан азат етілуге үмітіміз болса да, біз әлі де кемелсіз әрі күнәкармыз. Құдаймен тығыз қарым-қатынастан айырылып қалмау үшін және оның ықыласы мен батасына ие болу үшін бір нәрсе талап етіледі. Кемелсіздік дертінен сауыққымыз келсе, Пауылдың айтуынша, рух қалауы бойынша өмір сүруіміз керек.
Рух қалауы бойынша өмір сүру деген не?
13. Рухтың қалауы бойынша өмір сүру деген нені білдіреді?
13 Белгілі бір жерге жету үшін сол бағытқа қарай жүріп отыру керек. Сол сияқты рух қалауы бойынша өмір сүру деген әрдайым рухани жағынан алға басып отыруды білдіреді. Бірақ бұл — адам кемелді болу керек деген сөз емес (Тім. 1-х. 4:15). Біз күн сайын рухтың жетелеуімен өмір сүру үшін қолымыздан келгеннің бәрін істеуге тырысуымыз керек. “Киелі рухтың жетекшілігімен өмір сүрсек”, Құдайдың ықыласына ие боламыз (Ғал. 5:16).
14. “Тән қалауы бойынша өмір сүретін” адам қандай болады?
14 Римдіктерге жазған хатында Пауыл ой қалыптары мүлдем бөлек адамдардың екі тобы жайлы айтты (Римдіктерге 8:5 оқы). Мұндағы тән сөзі адамның денесін білдірмейді. Киелі кітапта “тән” сөзі кейде күнәкар және кемелсіз болмысқа нұсқайды. Пауыл жоғарыда айтқандай, сондай болмыстың кесірінен тән мен ой-сананың арасында күрес туындайды. Алайда “тән қалауы бойынша өмір сүретіндерде” мұндай күрес болмайды. Құдайдың өздерінен нені талап ететінін біліп, оның ұсынып жатқан көмегін қабыл алудың орнына олар тек “тән жөнінде ойлайды”. Олардың есіл-дерті — тәндік қалауларын қанағаттандыру. Ал “рух қалауы бойынша өмір сүретіндер” “рух жөнінде”, яғни рухани нәрселер жайында ойлайды.
15, 16. а) Адамның қандай да бір нәрсені ойлағаны оның іс-әрекетіне қалай әсер етеді? ә) Бүгінде адамдардың басым көпшілігінің көңілі неде?
15 Римдіктерге 8:6 оқы. Жақсы не жаман нәрсені істемес бұрын адам сол туралы ойлайды. Тәндік нәрселер жайлы ойлай беретін адамның бар есіл-дерті тәндік нәрселер болады. Оның көзқарасын, қызығушылығын және көңілін осындай нәрселер толығымен жаулап алады.
16 Бүгінде көп адамның көңілін қандай тәндік нәрселер жаулап алған? Елші Жохан: “Осы дүниедегінің бәрі — тән құмарлығы, көздің қалауы және дүние-мүлікке мақтану — Әкеден емес, осы дүниеден бастау алған”,— деді (Жох. 1-х. 2:16). Бұл жерде нәпсіқұмарлық, атаққұмарлық және дүниеқорлық жайлы айтылған. Осындай нәрселер кітаптар, газет-журналдар, фильмдер, теле-шоулар мен Интернетті қаптап кеткен. Өйткені адамдардың басым көпшілігінің бар ойы мен қалауы осыда. Алайда “тән жөнінде ойлайтындар” қазір рухани өлі және жақын болашақта тура мағынада өлімге душар болады. Неліктен? Өйткені “тән жөнінде ойлау Құдайдың жауы етеді, себебі тән Құдай заңына бағынбайды, бағына алмайды да. Сондықтан тән қалауы бойынша өмір сүретіндер Құдайға ұнамды бола алмайды” (Рим. 8:7, 8).
17, 18. Құдай рухының өзімізді жетелеуіне қалай жол бере аламыз және мұның нәтижесі қандай болмақ?
17 “Рух жөнінде ойлаудың нәтижесі — өмір мен татулыққа” жеткізеді, яғни болашақта мәңгі өмір сүреміз. Ал қазір жантыныштығына және Құдаймен жақын қарым-қатынасқа ие боламыз. “Рух жөнінде ойлайтынымыз” неден көрінеді? Егер әрдайым Құдайдың және оның киелі рухының басшылығымен жүрсек, барлық нәрсеге оның тұрғысынан қараймыз. Осылайша “Құдай заңына бағынатын” және оның ойына сай келетін ой қалыпқа ие боламыз. Сонда азғыруларға кезіккенде не істерімізді білмей, дал болмаймыз. Қайта, бар ықыласымызбен дұрыс, яғни рух қалауы бойынша шешім қабылдаймыз.
18 Олай болса, рух жөнінде ойлаудың маңызы өте зор. Біз мұны “ақыл-ойымызды іс-әрекетке дайын ұстау” арқылы істей аламыз. Сондай-ақ үнемі дұға ету, Киелі кітапты оқып-зерттеу, қауым кездесулеріне қатысу және уағыздау қызметі сияқты рухани істерді өмірімізде басты орынға қою арқылы істей аламыз (Пет. 1-х. 1:13). Тәндік істердің бізді алаңдатуына жол бермей, рух жөнінде ойлауға тырысайық. Сонда рух қалауы бойынша өмір сүреміз. Осылай етсек, батаға кенелеміз, өйткені рух жөнінде ойлау өмір мен татулыққа жеткізеді (Ғал. 6:7, 8).
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Қай мағынада Мұса заңы дәрменсіз және сол заң істей алмағанды Құдай қалай істеді?
• “Күнә мен өлім заңы” деген не және одан қалай арыла аламыз?
• Әрдайым “рух жөнінде ойлау” үшін не істеуіміз қажет?
[12, 13-беттердегі суреттер]
Сен тән қалауы бойынша өмір сүресің бе, әлде рух қалауы бойынша өмір сүресің бе?