“Өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптерінің сілтемелері
4—10 ақпан
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | РИМДІКТЕРГЕ 1—3
“Ар-ұжданыңызды үздіксіз тәрбиелей беріңіз”
(Римдіктерге 2:14, 15) Басқа ұлт адамдары Құдай заңын білмесе де, тумысынан оның талаптарын орындағанда, сол заңсыз-ақ жақсы мен жаманды айыра алатындарын көрсетеді. 15 Осылайша заңның талаптары жүректерінде жазулы екенін паш етеді. Олардың ар-ұждандары өздерімен бірге куәлік етеді, әрі ойша олар өздерін айыптайды не ақтайды.
Ар тазалығы Құдай алдында бағалы
6 Тіпті Ехобаны танымайтын адамдардың өзі ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсінеді. Киелі кітапта: “Ойша олар өздерін айыптайды не ақтайды”,— делінген (Римдіктерге 2:14, 15). Мысалы, адамдардың көбісі кісі өлтіру мен ұрлық жасаудың дұрыс емес екенін біледі. Олар өздері де аңғармай ар-ұяттарына, яғни Ехоба дарытқан дұрыс пен бұрысты ажырата білу сезімдеріне құлақ асады. Сондай-ақ олар Құдайдың берген принциптеріне, басқаша айтқанда, негізгі шындықтарға сай әрекет етіп жатады.
(Римдіктерге 2:15) Осылайша заңның талаптары жүректерінде жазулы екенін паш етеді. Олардың ар-ұждандары өздерімен бірге куәлік етеді, әрі ойша олар өздерін айыптайды не ақтайды.
Ар тазалығы Құдай алдында бағалы
8 Кей адамдар ар-ұяттың үніне құлақ асуды сезімнің жетегінде жүрумен шатастырады. Олар “жүрегіңді тыңда, көңілің не қаласа, соны істей берсең болады” деген ойда. Алайда біз күнәкар болғандықтан, сезімдеріміз адастыруы мүмкін. Сезімдердің күшті болатыны сонша — ар-ұятымызға әсер етпей қоймайды. Киелі жазбаларда: “Адам жүрегі бәрінен де алдамшы әрі ештеңеден тайынбайды. Оны кім біле алады?”— деп жазылған (Еремия 17:9). Сондықтан бұрысқа дұрыстай қарай бастауымыз әбден мүмкін. Мұны елші Пауылдың мысалынан көруге болады. Ол мәсіхші болмай тұрғанда, Исаның шәкірттерін аяусыз қудалаған, әрі “істеп жатқаным дұрыс, ар-ұятым таза” деп ойлаған. Бірақ кейінірек ол: “Мені соттайтын — Ехоба”,— деген (Қорынттықтарға 1-хат 4:4; Елшілердің істері 23:1; Тімөтеге 2-хат 1:3). Пауыл өзінің іс-әрекетіне Ехобаның қалай қарайтынын білгенде, түзелуі керектігін түсінді. Олай болса, біз де бір нәрсе істемес бұрын: “Ехоба менің не істегенімді қалайды?”— деп ойланып көргеніміз жөн.
9 Әдетте біз жақсы көрген адамымызды ренжітіп алғымыз келмейді. Тап солай, Ехобаны жақсы көргендіктен оның көңілін қалдырудан қорқамыз. Бойымызда осындай қорқыныштың басым болғаны маңызды. Мұны Нехемияның үлгісінен көруге болады. Ол билігін пайдаланып байлық-дәулет жинап алуды көздемеді. Өйткені, өзі айтқандай, ол “Құдайдан қорыққан” (Нехемия 5:15). Нехемия Ехобаға ұнамсыз іс істегісі келмеген. Оған еліктеп, біз де Ехобаны ренжітуден қорқуымыз керек. Ал оған не ұнайтынын, не ұнамайтынын Киелі кітаптан біле аламыз (6-түсіндірмені қараңыз).
Асыл тастарды іздеп табайық
(Римдіктерге 3:4) Жоқ, мүлдем олай емес! Қайта, адамдардың бәрі өтірікші болып шықса да, Құдай шыншыл. Киелі жазбада былай делінген: “Айтқан сөздеріңнен әділ екенің көрінеді; айыпталғанда сен жеңіп шығасың”.
Римдіктерге арналған хаттағы көңіл бұрарлық ойлар
3:4. Адамның сөзі Құдайдың Сөзіне қайшы келсе, Киелі кітаптағы хабарға сенім арту арқылы және Құдай еркіне сай әрекет ету арқылы, ‘Құдай [өз] сөзінен таймайтынына’ сенімді екенімізді көрсетеміз. Патшалық туралы уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне құлшына атсалыса отырып, басқалардың да осылай етуіне көмектесе аламыз.
(Римдіктерге 3:24, 25) Бірақ Құдайдың берген сыйы мынау — оның рақымының арқасында олар Иса Мәсіх төлеген құнның негізінде азат етіліп, әділ деп жарияланады. 25 Құдай Мәсіхті татуластыратын құрбандық ретінде берді. Ол мұны Мәсіхтің төгілген қанына сенетіндерді өзімен татуластыру үшін істеді. Осылайша өзінің әділдігін паш етті, себебі ол бұрынғы уақыттарда жасалған күнәларды төзімділікпен кешіріп отырды.
Римдіктерге арналған хаттағы көңіл бұрарлық ойлар
3:24, 25. Қалайша Мәсіхтің төлем құрбандығы “өткен уақытта [төлемге дейінгі] жасалған күнәлардың” (ЖД) құнын өтеген? Жаратылыс 3:15-тегі Мәсіхке қатысты айтылған алғашқы пайғамбарлық б. з. 33 жылы Исаны азап шегу бағанасына қағып өлтіргенде орындалды (Ғал. 3:13, 16). Ехоба бұл пайғамбарлықты айтқан кезде, оған болып қойған жайт ретінде қараған, өйткені Құдайдың өз ниетін орындауына еш нәрсе кедергі бола алмайды. Сол себепті Ол Иса Мәсіхтің болашақтағы төлем құрбандығының негізінде осы уәдеге сенім білдірген кемелсіз адамдардың күнәларын кешірген. Сондай-ақ төлем құрбандығының арқасында Мәсіхке дейін қайтыс болып кеткен адамдар қайта тіріледі (Ел. іс. 24:15).
Киелі кітапты оқу
(Римдіктерге 1:1—17) Сендерге Иса Мәсіхтің құлы Пауыл жазып отыр. Құдай мені елші болуға шақырды, әрі өзінің ізгі хабарын жариялауға тағайындады. 2 Ол бұл хабардың жарияланатынын пайғамбарлары арқылы Киелі жазбаларда алдын ала уәде еткен еді. 3 Бұл — өзінің Ұлы жайлы ізгі хабар. Адам ретінде туылған ол Дәуіттің ұрпағы болды. 4 Бірақ өлімнен қайта тірілгенде, киелі рухтың құдіретімен Құдай Ұлы деп жарияланды. Иә, ол — Иеміз Иса Мәсіх. 5 Ол арқылы біз рақымға ие болдық, әрі елші болып тағайындалдық. Ал бұл барлық халықтар оған сеніп, мойынсұнуларымен оның есімін құрметтеулері үшін жасалды. 6 Сол халықтардың арасында сендер де барсыңдар, әрі Құдай сендерді де Иса Мәсіхтің меншігі болуға шақырды. 7 Мен бұл хатымды Құдайдың Римдегі барлық сүйіктілеріне, яғни қасиетті болуға шақырылған сендерге, жазып отырмын. Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақымы мен тыныштығын сыйласын! 8 Ең алдымен, сендер үшін Құдайыма Иса Мәсіх арқылы алғыс айтамын, өйткені сенімдерің жайлы шартарапта айтылып жүр. 9 Ұлы туралы ізгі хабарды жариялап, өзім бар көңіліммен қасиетті қызмет атқарып жүрген Құдай куә — сендерді үнемі дұғама қосып, 10 мүмкіндік туса, Құдайдың еркімен сендерге әйтеуір бір барсам екен деп жалбарынамын. 11 Себебі сендерді көруге құштармын: рухани сыймен бөлісіп, өздеріңді нығайтсам, 12 дәлірек айтқанда, бір-біріміздің сенімімізді көріп, өзара жігерленсек екен деймін. 13 Бірақ өздеріңе баруды талай рет жоспарласам да, осы уақытқа дейін кедергілер болып жатыр. Бауырластар, осы жайлы білгендеріңді қалаймын. Басқа халықтар арасында еңбегімнің жемісін көргенімдей, сендердің араларыңда да солай еткім келеді. 14 Мен гректер мен шетелдіктерге, білімділер мен білімсіздерге қарыздармын. 15 Сондықтан Римдегі сендерге де ізгі хабарды уағыздауға деген ықыласым зор. 16 Мен ізгі хабарды жариялаудан ұялмаймын. Өйткені ол — әрбір сенушіні, алдымен яһудиді, сосын гректі, құтқаратын Құдайдың құдіреті. 17 Киелі жазбада “Әділ адам сенімінің арқасында өмір сүреді” деп жазылғандай, сенімі барларға Құдайдың әділдігі ізгі хабар арқылы ашылады, әрі бұл олардың сенімін нығайтады.
ҚЫЗМЕТІМІЗДІҢ САПАСЫН АРТТЫРАЙЫҚ
w06 1.6. 12, 13-б.
Киелі кітап принциптерін қолдансақ, қанағат сезінеміз
Іштей қанағат сезіну үшін біз өзіміздің де, өзгелердің де шамасы шектеулі екенін мойындауымыз қажет. Римдіктерге арнаған хатында елші Пауыл: “Барлығы да күнә жасады және Құдайдың ұлылығына ие болу мүмкіндігінен айырылды”,— деген (Римдіктерге 3:23). Қанша тырыссақ та, біз Ехобаның ұлылығының сан түрлі қырларын толықтай ұғына алмаймыз. Мәселен, Мұсаның 1-жазбасы 1:31-де мына бір жайт жазылған: “Құдай өзінің жасағандарының бәріне қарап, өте жақсы екенін көрді”. Ехоба қашан да істегендеріне қарап, “өте жақсы” деп ауыз толтырып айта алады. Ал адам баласы барлық кезде бұлай дей алмайды. Сондықтан да қанағатқа жетудің алғашқы қадамы — мүмкіндіктеріміздің шектеулі екенін мойындау. Сонымен қатар біз осы мәселеге қатысты Ехобаның көзқарасын түсініп, соны қабылдай білгеніміз жөн.
“Күнә” деп аударылған грек сөзі “нысанаға дәл тигізе алмау” дегенді білдіретін сөзден шыққан (Римдіктерге 3:9). Мысалы, бір садақшы жебені белгіленген нысанаға дәл тигізіп, жүлде алмақшы делік. Оның үш рет қана атуына болады. Бірінші жебесі нысанадан 1 метрге ауытқып кетеді. Екінші жолы ол дәлірек көздегенімен, 30 сантиметрге тағы мүлт кетеді. Ол бар күшін жинап, соңғы жебесін дәлдеп атып еді, нысанадан бар-жоғы екі сантиметрге мүлт кетті. Нысанаға тигізуге сәл-ақ қалғанымен, ол бәрібір де дөп түспеді.
Біз де сәтсіздікке ұшыраған осы садақшыға ұқсаймыз. Кейде біз “нысанаға” жақындамақ түгілі, оңбай қателесеміз. Ал кейде “нысанаға” жақын қалғанымызбен, бәрібір де дөп түспей жатамыз. Сондайда барымызды салсақ та, ойдағыдай істей алмағанымызға көңіліміз түседі. Ал енді әлгі садақшыға қайта оралайық.
Қатты аңсаған жүлдесіне жете алмағанына жігері құм болған садақшы енді бұрылып кете барғанда, төреші оны шақырып алады. Оның қолына жүлдені ұстатып: “Сенің барынша тырысқаныңды көріп тәнті болдым. Жүлдені саған бергім келіп тұр”,— дейді. Сол сәтте садақшының жүзі қуаныштан бал-бұл жайнап кетеді!
Біз де, дәл солай, Құдайдан мәңгі бақи кемелді өмір сүру “сыйын” алғанда қатты қуанамыз! (Римдіктерге 6:23). Сол кезде не істесек те, табысқа жетеміз, әрдайым көздеген “нысанамызға” дәл тигізіп, нағыз қанағат сезінетін боламыз. Ал әзірге осы жайтты үнемі ойда ұстасақ, өзімізге де, өзгелерге дұрыс көзқарас танытамыз.
11—17 ақпан
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | РИМДІКТЕРГЕ 4—6
“Құдай бізге сүйіспеншілік танытты”
(Римдіктерге 5:8) Құдай болса бізге сүйіспеншілік танытты, өйткені әлі де күнәкар болып жүрген біздер үшін Мәсіх өмірін қиды.
(Римдіктерге 5:12) Сонымен, бір адам арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді, осылайша адамдардың бәрі өлетін болды, себебі бәрі күнә жасады.
Құдай бізге сүйіспеншілігін көрсетуде
5 Пауыл адамзаттың күйін суреттеуді былай бастады: “Бір адам арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді, осылайша адамдардың бәрі өлетін болды, себебі бәрі күнә жасады” (Рим. 5:12). Құдай Сөзінде адам баласының өмірі қалай бастау алғаны жайында жазылғандықтан, біз Пауылдың бұл сөздерін түсіне аламыз. О баста Ехоба екі адамды, Адам ата мен Хауа ананы, жаратты. Жаратушымыз кемелді болғандықтан, түп ата-анамыз да кемелді болған. Құдай оларға бір ғана заң беріп, оны бұзса өлімге кесілетіндерін айтты (Жар. 2:17). Сөйтсе де олар арты насырға шабатын әрекетке барып, Құдайдың ойға қонымды нұсқауын бұзуымен Заң шығарушы әрі Әлемнің Әміршісінен бас тартты (Заң. қ. 32:4, 5).
(Римдіктерге 5:13, 14) Күнә дүниеде Заңға дейін де болған, ал заң жоқ жерде адам күнәсі үшін айыпталмайды. 14 Сонда да өлім Адам атадан Мұса пайғамбарға дейін патшалық етіп келді. Ол тіпті болашақта келуі тиіс кісіге ұқсас болған Адам атанікіндей күнә жасамағандарға да билік жүргізді.
Құдай бізге сүйіспеншілігін көрсетуде
6 Адам ата күнә жасағаннан кейін ғана әке болған, сондықтан күнә мен оның салдары барлық ұрпақтарына берілді. Әрине, олар Адам атаға берілген заңды бұзған жоқ, сол себепті сондай күнә үшін айыпты емес. Сондай-ақ оларға ешқандай заң жиынтығы да берілген жоқ еді (Жар. 2:17). Десе де Адам атаның ұрпақтары күнәні мұра етті. Демек, Құдай исраилдіктерге күнәкар екендерін анық көрсететін заң бергенге дейін де, күнә мен өлім билік етіп келген (Римдіктерге 5:13, 14 оқы). Мұра етілген күнәні тұқым қуалайтын аурулармен салыстыруға болады. Алайда бір ескеретін жайт — мұндай аурулар отбасындағы барлық балаларға берілмеуі мүмкін. Ал күнә жайлы бұлай дей алмаймыз: бәріміз де Адам атадан күнәні мұра еттік, сондықтан да өлеміз. Бұдан құтылудың жолы бар ма еді?
(Римдіктерге 5:18) Сонымен, бір күнәнің кесірінен барлық адамдар айыпталған болса, бір әділ істің арқасында барлық адамдар өмір сүру үшін әділ деп жарияланады.
(Римдіктерге 5:21) Не үшін? Күнәнің өліммен бірге патшалық еткеніндей, рақымның да Иеміз Иса Мәсіхтің арқасында мәңгілік өмірге жеткізетін әділдік арқылы патшалық етуі үшін.
Құдай бізге сүйіспеншілігін көрсетуде
9 “Әділ деп жариялану” деген мағынаны беретін грек сөздері нені білдіреді? Бір Киелі кітап аудармашысының айтуынша, бұл — заңи метафора. Ол адамның болмысының өзгеруіне емес, Құдай алдындағы күйінің өзгеруіне нұсқайды. Бұл метафорада Құдай, былайша айтқанда, сот ісін қарастырып жатқанда, әділетсіздік жасағаны үшін алдына әкелінген айыпталушыны ақтаған сот ретінде бейнеленген.
10 Бүкіл әлемнің әділ Қазысы әділетсіз адамдарды не нәрсеге негізделіп ақтай алды? (Жар. 18:25). Сүйіспеншілікке толы Құдай өзінің жалғыз Ұлын жерге жіберіп, адамдарды ақтауға негіз болатын бірінші қадамды жасады. Ал Иса сынақтарға ұшырағанына, адам төзгісіз келеке-мазаққа қалғанына және қорлық көргеніне қарамастан, Әкесінің еркін мүлтіксіз орындады. Ол азап бағанасында өлуге тура келсе де, мінсіздігінен таймады (Евр. 2:10). Осылайша кемелді өмірін құрбан етіп, Адам атаның ұрпақтарын күнә мен өлімнен азат ететін төлем ұсынды (Мат. 20:28; Рим. 5:6—8).
Асыл тастарды іздеп табайық
(Римдіктерге 6:3—5) Жоқ әлде бәріміз Мәсіх Исамен бірлікте болу үшін шомылдыру рәсімінен өткенде, мұны оның өліміне ортақтасу үшін істегенімізді білмейсіңдер ме? 4 Сондықтан осы шомылдыру рәсімінен өту арқылы онымен бірге жерлендік. Осылайша Әкенің даңқты құдіретімен Мәсіхтің қайта тірілгеніндей, біз де жаңаша өмір сүруіміз керек. 5 Өйткені Мәсіх сияқты өлсек, онда сол сияқты қайта тірілетініміз де сөзсіз, осылай онымен бірлікте боламыз.
Римдіктерге арналған хаттағы көңіл бұрарлық ойлар
6:3, (ЖД); 4, 5. “Мәсіх Исада шомылдыру рәсімінен өту” дегенді және “оның өлімінде шомылдыру рәсімінен өту” дегенді қалай түсінуге болады? Ехоба Мәсіхтің ізбасарларын киелі рухпен майлағанда, олар Исамен бірігіп, майланған мәсіхшілер қауымының мүшелері болады. Бұл қауым Мәсіхтің денесі болса, Мәсіх оның басы болып табылады (Қор. 1-х. 12:12, 13, 27; Қол. 1:18). Мәсіх Исада шомылдыру рәсімінен өту деген осыны білдіреді. Сондай-ақ олар мына мағынада Мәсіхтің өлімінде шомылдыру рәсімінен өтеді: майланған мәсіхшілердің өмірлері құрбандық болып табылады әрі олар жерде мәңгі өмір сүру үмітінен бас тартады. Сол себепті өлімдерінің төлем құрбандығы сияқты құндылығы болмаса да, олардың өмірлерін қиғаны Исанікі сияқты құрбандық болып табылады. Майланған мәсіхшілер қайтыс болып, көктегі өмірге қайта тірілгенде, Мәсіхтің өлімінде шомылдыру рәсімінен өтуді аяқтайды.
(Римдіктерге 6:7) Себебі өлген адам күнәсінан арылады.
Өмірден өткен ата-бабаларымыз үшін қандай үміт бар?
Әділетсіздер қайта тірілген соң бұрынғы істері үшін соттала ма? Жоқ. Өйткені Римдіктерге 6:7-де: “Өлген адам күнәсінан арылады”,— делінген. Демек, әділетсіздер қайтыс болғанда өздерінің күнәларын өтейді. Сондықтан олар қайтыс болғанға дейінгі емес, қайта тірілгеннен кейінгі істері үшін сотталады. Алайда олар не істеу керек?
Киелі кітапты оқу
(Римдіктерге 4:1—15) Ал бабамыз Ыбырайым туралы не дейміз? 2 Егер ол істерінің арқасында әділ деп жарияланса, онда мақтануына болар еді, бірақ Құдай алдында емес. 3 Киелі жазбада не айтылған? Жазбада: “Ыбырайым Ехобаға сенді, сондықтан ол әділ деп саналды”,— делінген. 4 Жұмыс істеген адам жалақысын рақым ретінде емес, тиісті ақы ретінде алады. 5 Ал кім өз істеріне сүйенбей, қайта, күнәкарды әділ деп жариялайтын Құдайға сенсе, осы сенімі арқылы әділ деп саналады. 6 Істеріне қарамай-ақ Құдай әділ деп есептеген адамның бақытты екендігін Дәуіт те айтқан: 7 “Заңсыз істері кешірілгендер мен күнәлары жабылғандар бақытты! 8 Ехоба күнәсін мойнына артпайтын адам бақытты!” 9 Мұндай бақытқа тек сүндеттелгендер кенеле ме, әлде сүндеттелмегендер де ме? Өйткені: “Ыбырайым сенімінің арқасында әділ деп саналды”,— дедік қой. 10 Ол қашан әділ деп саналды, сүндеттелгеннен кейін бе, оған дейін бе? Сүндеттелгеннен кейін емес, одан бұрын. 11 Әлі сүндеттелмей тұрып-ақ сенімі болғандықтан, оған әділдік мөрі ретінде белгі салынды, яғни сүндеттелді. Осылайша ол сүндеттелмей-ақ сенімі арқылы әділ деп есептелетіндердің бәрінің түп атасы болды. 12 Сондай-ақ Ыбырайым — сүндеттелген ұрпақтың, яғни сүндеттелу рәсімін орындаумен ғана шектелмей, оның сүндеттелмей тұрғандағы сеніміне еліктейтіндердің де түп атасы. 13 Ыбырайым мен оның ұрпағына дүниенің мұрагері боласың деген уәде заңды ұстанғаны үшін емес, сенімі арқылы әділ деп есептелгені үшін берілді. 14 Егер заңды ұстанатындар ғана мұрагер болса, онда сенімнің еш пайдасы, ал уәденің еш күші болмас еді. 15 Заң Құдайдың қаһарына ұшыратады, ал заң жоқ жерде оны бұзу да мүмкін емес.
18—24 ақпан
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | РИМДІКТЕРГЕ 7, 8
“Сіз “асыға күтіп” жүрсіз бе?”
(Римдіктерге 8:19) Бүкіл жаратылыс Құдай балаларының ұлылығының паш етілуін асыға күтуде.
Ехоба сені нағыз азаттыққа жеткізсін
17 Ехобаның жердегі қызметшілеріне беретін бостандығы жөнінде айта келе Пауыл былай деген: “Бүкіл жаратылыс Құдай балаларының ұлылығының паш етілуін асыға күтуде”. Сосын ол: “Жаратылыс та күнә мен өлімнің құлдығынан босап, Құдай балаларының салтанатты бостандығына жетеді”,— деп қосты (Рим. 8:19—21). Мұндағы “жаратылыс” жерде өмір сүруге үміті бар адамдарды білдіреді. Рухпен майланған Құдай балаларының “ұлылығы паш етілгенде”, олар соның игілігін көреді. Құдай “балаларының” ұлылығы паш етілетін кез олар Мәсіхпен бірге жер бетін зұлымдықтан тазартып, “ұлы жамағатты” жаңа дүниеге алып кіргенде басталады (Аян 7:9, 14).
(Римдіктерге 8:20) Өйткені жаратылыс бос әурешілікке өзінің емес, Құдайдың еркімен бағынды. Сөйтсе де оларға үміт берілді.
Үміттеріңе қуаныңдар!
11 Ехоба адам баласын “ежелгі жыланнан”, яғни Ібіліс Шайтаннан, “ұрпақ” арқылы азат етуді уәде еткенде, оларға “үміт” берді (Аян 12:9; Жар. 3:15). Бұл “ұрпақ”, негізінен, Иса Мәсіх еді (Ғал. 3:16). Иса өліп, қайта тірілгенде, адамзаттың күнә мен өлімнің құлдығынан азат етілуіне жол ашылды. Бұл үміттің орындалуы “Құдай балаларының ұлылығының паш етілуімен” байланысты. Ұлылыққа бөленген майланғандар “ұрпақтың” қосалқы бөлігі болып табылады. Олар Мәсіхпен бірге Шайтанның зұлым дүниесін жоюға атсалысқан кезде, олардың “ұлылығы паш етіледі” (Аян 2:26, 27). Осылайша зор алапаттан аман шыққан басқа қойлар құтқарылады (Аян 7:9, 10, 14).
(Римдіктерге 8:21) Сондықтан жаратылыстың да күнә мен өлімнің құлдығынан босап, Құдай балаларының салтанатты бостандығына жетуге үміті бар.
Үміттеріңе қуаныңдар!
12 Мәсіхтің мыңжылдық патшалығының тұсында “бүкіл жаратылыс” неткен жеңілдік сезінеді десеңші! Сол кезде “Құдай балалары” Мәсіхпен бірге діни қызметкерлер рөлін атқарып, адамзатқа Иса әкелген құрбандықтың игілігін көруге көмектеседі. Осылайша олардың “ұлылығы [тағы да] паш етіледі”. Көк патшалығының азаматтары бірте-бірте “күнә мен өлімнің құлдығынан” азат етіледі. Мыңжылдықтың кезінде және оның соңында болатын ақырғы сынақта Құдайға адал болып қалған адамдардың есімдері “өмір шиыршығына” біржола жазылмақ. Осылайша олар “Құдай балаларының салтанатты бостандығына жетеді” (Аян 20:7, 8, 11, 12). Неткен тамаша үміт!
Асыл тастарды іздеп табайық
(Римдіктерге 8:6) Тән жөнінде ойлау өлімге ұшыратады, ал рух жөнінде ойлау өмір мен татулыққа жеткізеді.
w17.06 3-б.
Есіңізде ме?
“Тән жөнінде ойлау” мен “рух жөнінде ойлаудың” айырмашылығы қандай? (Рим. 8:6)
Тән жөнінде ойлайтын адамның бар көңілі күнәкар тәнінің қалауы мен бейімділігіне ауған. Оның бар айтатыны да, бар қызығатыны да тәндік нәрселер. Ал рух жөнінде ойлайтын адам Құдаймен байланысты істерді және ол сияқты ойлануды өмірінде басты орынға қояды. Мұндай адам Құдай рухының жетелеуімен жүреді. Тән жөнінде ойлау өлімге ұшыратады, ал рух жөнінде ойлау өмір мен тыныштыққа жеткізеді. (w16.12 12—14 б.)
(Римдіктерге 8:26, 27) Бұған қоса, әлсіз кездерімізде бізді киелі рух та қолдайды: дұға ету керек болып, бірақ сөз таппай қиналғанда, сөзбен жеткізе алмайтын күрсіністерімізді біз үшін киелі рух жеткізеді. 27 Ал жүректегіні көретін Құдай рухтың не жайлы айтып тұрғанын біледі, өйткені рух қасиеттілер үшін Құдайдың еркіне сай өтініш етеді.
Дұғаларымыздан өзіміз жайлы не біле аламыз?
20 Кейде жеке дұғамызда не айтуды білмей қалуымыз мүмкін. “Не тілейтінімізді дұрыстап білмесек те, Киелі Рухтың Өзі біз үшін өтініш етіп, сөзбен айта алмас ыңқыл, күрсінісімізді Оған жеткізеді. Ал Тәңір Ие адам жүрегінің түкпір-түкпіріндегіні біледі... Құдай Киелі Рухтың ниетін де түгелдей түсінеді”,— деп жазды Пауыл (Рим. 8:26, 27). Ехоба адал қызметшілерінің көптеген дұғаларын Киелі кітапта жаздырып қалдырған. Сондағы сөздерді Ехоба біздің өтінішіміз ретінде қабыл алып, орындауға дайын. Өйткені Құдай бізді де, киелі рухпен жаздырған сол сөздердің астарындағы ниетті де жақсы түсінеді. Киелі рух “біз үшін өтініш еткенде”, Ехоба дұғамызға жауап береді. Дегенмен Құдай Сөзін жақсырақ білген сайын, дұғада айтатын сөз табу да оңайырақ болады.
Киелі кітапты оқу
(Римдіктерге 7:13—25) Сонда ізгі нәрсенің мені өлімге душар еткені ме? Әрине, жоқ! Мұны істеген — күнә. Осылайша ізгі нәрсе арқылы күнәнің мені өлімге ұшырататыны көрінді, әрі заң арқылы күнәнің қаншалықты зұлым екені белгілі болды. 14 Өйткені біз Заңның Құдайдан екенін білеміз, ал мен күнәнің құлы болуға сатылған пендемін. 15 Себебі мен не істеп жүргенімді түсінбеймін: өзім қалағанды істемеймін, керісінше, жек көретінді істеймін. 16 Егер өзім қаламағанды істеп жүрсем, онда Заңның ізгі екенін мойындағаным. 17 Олай болса, өзім қаламағанды істеп жатқан мен емес, бойымдағы күнә. 18 Мен бойымда, яғни тәнімде, еш жақсылықтың жоқ екенін білемін. Өйткені жақсылық жасауды қалауын қалаймын, бірақ оны істей алмаймын. 19 Осылайша өзім қалайтын жақсылықты емес, қайта, қаламайтын жамандықты жасаймын. 20 Ал өзім қаламағанды істеп жүрсем, онда оны мен емес, бойымдағы күнәнің істеп жүргені. 21 Сонымен, мен мынадай заңдылықты байқадым: дұрыс нәрсені жасағым келгенде, жанымнан жамандық табылады. 22 Іштей Құдай заңына қуанамын, 23 алайда бойымда басқа бір заңның бар екенін байқаймын. Ол ой-санамдағы заңға қарсы күресіп, мені тәнімдегі күнә заңының тұтқыны етеді. 24 Сорлы басым-ай! Өлімге жетелейтін осы тәнімнен мені кім құтқарады? 25 Иеміз Иса Мәсіх арқылы мені құтқарып алатын Құдайға рақмет! Сонымен, ой-санам — Құдай заңының, ал тәнім — күнә заңының құлы.
25 ақпан—3 наурыз
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | РИМДІКТЕРГЕ 9—11
“Зәйтүн ағашы туралы мысал”
(Римдіктерге 11:16) Қамырдың алғашқы өнім ретінде ұсынылған бөлігі қасиетті болса, бүкіл қамыр да қасиетті ғой. Сондай-ақ тамыр қасиетті болса, онда бұтақтары да қасиетті.
О, неткен мол Құдайдың даналығы!
13 Елші Пауыл Ыбырайымның ұрпағын құрайтын адамдарды бейнелі зәйтүн ағашының бұтақтарына теңеген (Рим. 11:21). Мәдени зәйтүн ағашы Ехобаның Ыбырайыммен келісім жасағанда ойында болған ниетінің орындалуын бейнелейді. Ағаштың тамыры қасиетті, әрі рухани Исраилге өмір беріп тұрған Ехобаны бейнелейді (Ишая 10:20; Рим. 11:16). Діңгегі — Ыбырайымның ұрпағының басты бөлігі Исаның бейнесі. Ал бұтақтары Ыбырайымның ұрпағының құрамына кіретіндердің “толық санын” білдіреді.
(Римдіктерге 11:17) Ал Құдай кейбір бұтақтарды сындырып тастап, жабайы зәйтүн ағашы болсаң да, сені қалған бұтақтардың арасына телісе, әрі енді сен де солармен бірге бақтағы зәйтүн ағашының шырынды тамырынан нәр алып жатсаң,
(Римдіктерге 11:20, 21) Бұл рас. Өйткені олар сенімі жоқ болғандықтан сындырылып тасталды, ал сен сеніміңнің арқасында тұрсың. Ендеше асқақтауды қой, қайта, сақ бол! 21 Себебі Құдай ағаштың өз бұтақтарын аямаса, сені де аямайды.
О, неткен мол Құдайдың даналығы!
15 Сонымен, ниетін жүзеге асыру үшін Ехоба не істеді? Пауылдың түсіндіруінше, мәдени зәйтүн ағашынан сындырылып тасталған бұтақтардың орнына жабайы ағаштың бұтақтары телінді (Римдіктерге 11:17, 18 оқы). Осылайша, басқа ұлттардан шыққан майланған мәсіхшілер, мысалы Рим қауымындағы мәсіхшілер, бейнелі зәйтүн ағашына телінді. Сөйтіп, олар Ыбырайымның ұрпағының бөлігі болды. Бұрын олар Ыбырайыммен жасалған келісімге кіруге еш мүмкіндігі жоқ жабайы зәйтүн ағашының бұтақтары іспетті еді. Бірақ Ехоба оларға рухани яһуди болуға жол ашты (Рим. 2:28, 29).
(Римдіктерге 11:25, 26) Бауырластар, өздеріңді ақылды санап кетпеулерің үшін мына қасиетті құпияны білгендеріңді қалаймын: басқа ұлт адамдарының толық саны жиналғанға дейін исраилдіктердің кейбірінің жүректері қасарысқан күйі қала бермек. 26 Осылай бүкіл Исраил құтқарылмақ. Бұл туралы мына сөздер жазылған: “Сионнан құтқарушы келіп, Жақыптың ұрпағын жаман жолдан қайтарады.
О, неткен мол Құдайдың даналығы!
19 Иә, “Құдайдың Исраиліне” қатысты Ехобаның ниеті таңғаларлық жолмен орындалуда (Ғал. 6:16). Пауыл айтқандай, “бүкіл Исраил құтқарылмақ” (Рим. 11:26). Ехоба белгілеген уақытта “бүкіл Исраил” — рухани исраилдіктердің толық саны — көкте патша әрі діни қызметкер ретінде қызмет ететін болады. Ехобаның ниетінің орындалуына еш нәрсе кедергі бола алмайды!
Асыл тастарды іздеп табайық
(Римдіктерге 9:21—23) Жоқ әлде құмырашының бір балшықтан біреуін қадірмен тұтынуға, екіншісін қарапайым қолданысқа арнап екі түрлі ыдыс жасауға еркі жоқ па? 22 Құдай қаһарын төгіп, құдіретін көрсеткісі келгеніне қарамай, қаһарға ұшырайтын жойылуға лайық ыдыстарға зор шыдамдылық танытса, бұған не демекпіз? 23 Құдай бұны өзінің зор ұлылығын көрсету үшін істесе, әрі бұны ұлылықты қабылдауға дайындап қойған мейірімділік көрсетілетін ыдыстар арқылы,
Ехобаның сені қалыптастыруына жол бер
5 Ал егер адам қасарысып, Ұлы Құмырашының өзін қалыптастыруына жол бермесе ше? Онда ол өз билігін қалай қолданады? Саз балшық ойдағыдай ыдысты жасау үшін икемге келмесе, не болатынын ойлап көрші. Құмырашы одан басқа ыдыс жасауы не лақтырып тастауы да мүмкін. Балшықтан жақсы ыдыс шықпаса, бұл әдетте құмырашының оны дұрыс жасамағанынан болады. Ал біздің Ұлы Құмырашымыз Ехоба адамдарды әрдайым дұрыс қалыптастырады (Заң. қ. 32:4). Ол қалыптастырып жатқанда, адам икемге келмесе, бұған сол адамның өзі кінәлі. Ехоба құмырашы ретіндегі билігін адамның бойсұнған-бойсұнбағанына қарай қолданады. Егер адам бойсұнса, Құдай оны өз қызметшісі ретінде жақсы қолдана алады. Мысалы, “қадірмен тұтынуға арналған ыдыстар” етіп қалыптастырылған майланған мәсіхшілер “мейірімділік көрсетілетін ыдыстар” болып табылады. Ал Құдайға қарсыласатындар “жойылуға лайық, қаһарға ұшырайтын ыдыстар” іспетті (Рим. 9:19—23).
(Римдіктерге 10:2) Мен олардың Құдайға құлшына қызмет етіп жүргендерін растай аламын, бірақ бұлары тура білімге негізделмеген.
it-1 1260-б., 2-абз.
Қызғаныш
Бұрыс құлшыныс. Адам бір нәрсеге шын жүректен құлшыныс не қызғаныш танытқанымен, мұнысы қателік болып, тіпті Құдайдың ашуын келтіруі мүмкін. І ғасырдағы көптеген яһудилер солай еткен. Олар Мұса Заңын ұстану арқылы әділдікке ие боламыз деп ойлады. Бірақ Пауыл олардың тура білімдері болмағандықтан, құлшыныстары бұрыс бағытта екендігін көрсетті. Құдайдан келген шынайы әділдікке ие бола алмағандарының да себебі осы еді. Әділдікке ие болып, Заңның айыптауынан босау үшін олар өз қателіктерін түсініп, Мәсіх арқылы Құдайға бет бұрулары қажет еді (Рм 10:1—10). Тарстық Саул да кезінде солардың қатарында болды. Ол иудаизмнің мүддесі үшін шектен тыс құлшыныс танытып, “Құдай қауымын қатты қудалап, құртуға тырысты”. Заңды қатаң ұстанғаны сонша, бұл жағынан “мінсіз болды” (Ғл 1:13, 14; Фп 3:6). Бірақ оның иудаизм үшін танытқан құлшынысы бұрыс еді. Сонда да оның шын пейілін көрген Ехоба оған Иса арқылы рақымын төгіп, шынайы ғибадатқа әкелді (Т1х 1:12, 13).
Киелі кітапты оқу
(Римдіктерге 10:1—15) Бауырластар, жүрек қалауым да, Құдайдан жалбарынып сұрайтыным да — исраилдіктердің құтқарылуы. 2 Мен олардың Құдайға құлшына қызмет етіп жүргендерін растай аламын, бірақ бұлары тура білімге негізделмеген. 3 Өйткені олар Құдайдың әділдігін білмегендіктен, өздерінің әділдігін орнатуға тырысып, Құдайдың әділдігіне мойынсұнбады. 4 Заңның соңы — Мәсіх. Сондықтан сенімі бар адам әділдікке ие бола алады. 5 Заңды орындау арқылы әділ болуға қатысты Мұса: “Оларды орындайтын адам соның арқасында өмір сүреді”,— деп жазған. 6 Жазбада сенімнен туатын әділдік туралы тағы былай делінген: “Іштей былай деп ойлама: — Кім көкке көтеріледі (яғни Мәсіхті көктен кім алып келеді)? 7 Яки: — Кім тұңғиыққа түседі (яғни Мәсіхті өлімнен кім алып келеді)?” 8 Ал Жазбада не делінген? “Заңның сөзі сендерге жақын жерде: ауыздарыңда және жүректеріңде”. Бұл “сөз” — біз жариялап жүрген сенім сөзі. 9 Егер Исаның Иеміз екенін аузыңмен жарияласаң әрі жүрегіңде Құдайдың оны өлімнен қайта тірілткеніне деген сенімің болса, онда құтқарыласың. 10 Өйткені адам жүрегіндегі сенімі арқылы әділдікке ие болады, ал сенімін аузымен жариялау арқылы құтқарылады. 11 Өйткені Жазбада: “Оған сенген ешкім ұятқа қалмайды”,— делінген. 12 Себебі яһуди мен гректің арасында еш айырмашылық жоқ: барлығының Иесі біреу. Ол өзін шақырғандардың бәріне мол батасын береді. 13 Ал “Ехобаны атын атап шақырған әркім құтқарылады”. 14 Алайда оған сенбесе, қалай шақырады? Ол туралы естімесе, қалай сенеді? Ешкім ол туралы уағыздамаса, қалай естиді? 15 Ал жіберілмесе, қалай уағыздайды? Жазбада: “Ізгі хабар әкелетін жариялаушы қандай керемет!”— деп жазылған ғой.