“Рухтарың жалындай берсін!”
“Лайым жақсылыққа деген талпыныстарың бәсеңдемесін, Иеміздің қызметінде жүріп, рухтарың жалындай берсін!” (РИМ. 12:11).
1. Исраилдіктер неліктен мал құрбандықтары мен басқа да сый-тартулар ұсынған?
ЕХОБА өз қызметшілерінің шын жүректен әкелген құрбандықтарын бағалайды. Осылайша олар сүйіспеншіліктері мен мойынсұнушылықтарын білдіреді. Ежелде исраилдіктер құрбандыққа мал шалатын және басқа да сый-тартулар әкелетін. Мұны олар Мұса заңына сүйеніп, күнәлары кешірілуі үшін және ризашылықтарын білдіру үшін жасайтын. Қазіргі уақытта Ехоба мәсіхшілерден мұндай құрбандықтарды талап етпейді. Алайда Римдегі мәсіхшілерге жазған хатының 12-тарауында Пауыл біздің әлі де құрбандықтар әкелу керек екенімізге нұсқайды. Сонда бұл қандай құрбандықтар?
Тірі құрбандық
2. Біз қалай өмір сүруіміз керек және бұған не жатады?
2 Римдіктерге 12:1, 2 оқы. Пауыл хатының басында яһудилік не басқа ұлттан шыққан майланған мәсіхшілер істері арқылы емес, сенімі арқылы Құдайдың алдында әділ деп саналатынын анық айтқан болатын (Рим. 1:16; 3:20—24). Ал 12-тарауда мәсіхшілер Құдайға деген ризашылықтарын жанқиярлық рух танытып өмір сүру арқылы көрсетулері керек екенін түсіндірген. Бұл үшін бізге ой-тілектерімізді Құдайдың жаңартуымен түбегейлі өзгерту қажет. Кемелсіздікті мұра еткендіктен біз “күнә мен өлімнің заңдылығына” тәуелдіміз (Рим. 8:2 сілт.). Сол себепті бейімділіктерімізді түбегейлі өзгертіп, ‘ақыл-ойларымызды түгелдей жаңартуымыз’ керек (Ефес. 4:23). Мұны Құдайдың және оның рухының көмегімен ғана істей аламыз. Сондай-ақ өз тарапымыздан көп күш салып, ақылмен әрекет еткеніміз маңызды. Демек, осы күнәкар дүниенің дәстүріне сай өмір сүрмеу үшін қолымыздан келгеннің бәрін істеуіміз қажет. Өйткені бұл дүниенің өнегелік нормалары әбден құлдыраған, көңіл көтеру түрлері зиянды және ой қалпы арамдалған (Ефес. 2:1—3).
3. Біз неге мәсіхшілердің істеріне атсалысамыз?
3 Сонымен қатар Пауыл бізді ‘[Құдайдың] еркін — ненің игілікті, ұнамды және кемелді екенін ажырата білу’ үшін ақыл-ойымызды іске қосуға шақырады. Біз неге Киелі кітапты күнделікті оқимыз, дұға етеміз, қауым кездесулеріне барамыз және Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздаймыз? Қауым ақсақалдары айтқандықтан ба? Әрине, біз ақсақалдардың ескертулеріне дән ризамыз. Бірақ мәсіхшілердің істеріне атсалысуға бізді Ехобаның рухы талпындырады. Осылайша оған деген шын жүректен шыққан сүйіспеншілігімізді көрсетеміз. Оның үстіне, Құдай біздің осы істерге атсалысқанымызды қалайтынына сенімдіміз (Зәк. 4:6; Ефес. 5:10). Мәсіхшілердің өмір салтын ұстану арқылы Құдайға ұнамды болатынымызды түсінгендіктен, біз зор қуанышқа және қанағат сезіміне бөленеміз.
Әртүрлі сыйлар
4, 5. Ақсақалдар өздеріне берілген сыйды қалай қолданулары керек?
4 Римдіктерге 12:6—8, 11 оқы. Пауылдың түсіндіруінше, “Құдайдың рақымымен әрқайсымыз ерекше рухани дарындарды қабыл алдық”. Пауыл атап айтқан дарындардың, немесе сыйлардың, ішінде әсіресе ақсақалдарға тиесілі сыйлар да бар. Мысалы, жігерлендіру мен жетекшілік ету сыйы. Ақсақалдар “шынайы еңбекқорлықпен” жетекшілік етуге шақырылады.
5 Пауылдың айтуынша, бақылаушылар рухани тәлім бергенде және ‘қызмет еткенде’, нағыз еңбекқор болуы тиіс. Мәнмәтінге назар аударатын болсақ, Пауыл бұл жерде ‘рухани денеде’, яғни қауымда, атқарылатын ‘қызметке’ нұсқаған болса керек (Рим. 12:4, 5). Мұндағы қызмет Елшілердің істері 6:4-те айтылған қызметке ұқсайды. Онда елшілердің: “Біз Құдайға сиынып, Оның сөзін уағыздап, тәлім беру қызметімізді жалғастыра берейік”,— деген сөздері жазылған. Мұндай қызметке не жатады? Ақсақалдар өздеріне берілген сыйды қауым мүшелерін нығайту мақсатында қолданады. Олар қауым үшін ‘қызмет ететіндерін’ былай көрсетеді: бауырластарға Құдай Сөзіне негізделген басшылық пен кеңес беру үшін дұға етеді, Киелі кітапты зерттейді және ізденіс жүргізеді, сондай-ақ тәлім беріп, бағушылық міндеттерін атқарады. Бақылаушылар өздеріне берілген сыйды адалдықпен қолданулары және қой іспетті адамдарға “қуанышпен” қамқорлық жасаулары керек (Рим. 12:7, 8; Пет. 1-х. 5:1—3).
6. Римдіктерге 12:11-дегі кеңесті қалай ұстана аламыз?
6 Әрі қарай Пауыл былай дейді: “Лайым жақсылыққа деген талпыныстарың бәсеңдемесін, Иеміздің қызметінде жүріп, рухтарың жалындай берсін!” Біз қызметке деген ынтамыздың бәсеңдегенін байқасақ, жеке зерттеуді қайтадан дағдыға айналдыруымыз және ұдайы дұға етіп, Құдайдан рухын сұрауымыз қажет болады. Сонда ол бізге енжарлығымызбен күресуге көмектеседі және құлшынысымызды қайта оятады (Лұқа 11:9, 13; Аян 2:4; 3:14, 15, 19). Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер киелі рухтың көмегімен ‘Құдайдың ұлы істерін жариялаған’ (Ел. іс. 2:4, 11). Сол сияқты, киелі рух бізді де құлшыныспен қызмет етіп, ‘рухымызбен жалындай беруге’ талпындырады.
Кішіпейілділік және қарапайымдылық
7. Неге кішіпейілділікпен және қарапайымдылықпен қызмет етуіміз керек?
7 Римдіктерге 12:3, 16 оқы. Өзіміздегі дарындарға біз Ехобаның ‘рақымдылығының’ арқасында ие болдық. Сонымен қатар Пауыл тағы бір тармақта: “Біздегі бар қабілеттілік өзімізден емес, Құдайдан”,— деді (Қор. 2-х. 3:5). Сол себепті өзімізді даңқтамаймыз. Қызметіміздің жемісті болуы өз қабілетіміздің емес, Құдайдың арқасы екенін кішіпейілділікпен мойындауымыз керек (Қор. 1-х. 3:6, 7). Осыған қатысты Пауыл: “Өздерің туралы тиістісінен артық ойламаңдар!”— деген. Әрине, Құдайға қызмет ете жүріп, өзімізді қадірлеп қуаныш пен қанағат сезінгеніміз маңызды. Бірақ қарапайым болу, яғни мүмкіндіктеріміздің шектеулі екенін түсіну, менмен болып кетуден сақтайды. Біз ‘өзімізді саналы түрде бағалауды’ қалаймыз.
8. Қалай ‘өзімізді басқалардан ақылды санаудан’ аулақ бола аламыз?
8 Жетістіктерімізге мақтанғанымыз ақымақтық болар еді. Өйткені бәріне де өсім беретін — Құдай (Қор. 1-х. 3:7). Пауылдың айтуынша, Құдай қауым мүшелерінің әрқайсысына белгілі бір мөлшерде сенім берген. Сол себепті өзімізді өзгелерден артық санағаннан гөрі, олар да өздеріне берілген сенімнің мөлшеріне сай жетістікке қол жеткізетіндіктерін мойындауымыз керек. Әрі қарай Пауыл: “Өздеріңді басқалардан ақылды санамаңдар!”— деген. Ал басқа хатында елші былай дейді: “Жеке басының абырой-атағын ойлайтын менмен емес, кіші пейіл болып, басқаларды өздеріңнен жоғары қойыңдар!” (Філіп. 2:3). Бауырластарымыздың әрқайсысы қандай да бір салада бізге қарағанда қабілетті екенін мойындау үшін нағыз кішіпейілділік қажет. Бұл саналы түрде күш салуды талап етеді. Кішіпейілділік ‘өзімізді басқалардан ақылды санаудан’ қорғайды. Арнайы қызметтің түрін атқару мәртебесі берілгенде, адам әдетте өзгелердің назарына ілігуі мүмкін, дегенмен бәріне байқала бермейтін “қарапайым міндеттерді” атқарудан да зор қуаныш сезінуге болады (Пет. 1-х. 5:5).
Қауымдағы бірлік
9. Неге Пауыл рухтан туылған мәсіхшілерді денеге теңеген?
9 Римдіктерге 12:4, 5, 9, 10 оқы. Пауыл майланған мәсіхшілерді өздерінің Басы Иса Мәсіхтің қол астында ынтымақта қызмет етіп жүрген дене мүшелеріне теңеген (Қол. 1:18). Ол рухтан туылған мәсіхшілерге дененің түрлі қызмет атқаратын көп мүшесі болатыны сияқты, олар да ‘көптігіне қарамастан Мәсіхтің рухани денесі’ екендіктерін естеріне салған. Сондай-ақ Пауыл Ефестегі мәсіхшілерге былай деген: “Қауымның Басы Иса Мәсіхпен тығыз байланысымызда жан-жақты өсіп жетілеміз. Сонда мүшелері үйлесіп, бірігіп жұмыс істеп тұрған бұл біртұтас рухани дене түгелдей өзінің Басы Мәсіхке бағынады. Әрбір мүшесі өз міндетін атқарса, бүкіл дене өсіп, сүйіспеншілік арқылы күшейе береді” (Ефес. 4:15, 16).
10. “Басқа қойлар” қандай билікті мойындаулары керек?
10 “Басқа қойлар” Мәсіхтің денесінің құрамдас бөлігі бола алмаса да, бұл теңеуден олар көп нәрсеге үйрене алады (Жох. 10:16). Пауылдың айтуынша, Ехоба “бәрін Мәсіхке бағындырып, Оны барлығынан да жоғары қойып, сенушілер қауымының Басы етті” (Ефес. 1:22). Қазіргі кезде басқа қойлар Ехоба Мәсіхке бағындырған ‘бәрінің’ бір бөлігі болып табылады. Сондай-ақ олар Мәсіх ‘адал да ақылды құлға’ сеніп тапсырған ‘меншікке’ жатады (Мат. 24:45—47 ЖД). Сол себепті жерде өмір сүруге үміті бар адамдар Мәсіхті өздерінің Басы деп мойындап, адал да ақылды құлға және оның Басқарушы кеңесіне, сондай-ақ қауымдағы бақылаушыларға бағынулары керек (Евр. 13:7, 17). Бұлай еткендері қауымда бірліктің сақталуына септігін тигізеді.
11. Біздің бірлігіміз қандай қасиетке негізделген және Пауыл тағы қандай кеңес берді?
11 Бұл бірлік ‘бәрін толықтай біріктіретін’ сүйіспеншілікке негізделген (Қол. 3:14). Римдіктерге жазған хатының 12-тарауында Пауыл осыған ерекше назар аударып, “сүйіспеншіліктерің адал болуы керек” және ‘бір-біріңді бауырлардай сүйіңдер’ деп айтқан. Сонда біз бір-бірімізді құрметтейтін боламыз. Елші былай дейді: “Бір-біріңді... өз бастарыңнан артық сыйлаңдар”. Әрине, біз сүйіспеншілікті эмоциямен шатастырмауымыз керек. Қауымда тазалық сақтау үшін әрқайсымыз қолдан келгеннің бәрін істеуіміз қажет. Сүйіспеншілікке қатысты кеңес берген соң, әрі қарай Пауыл былай деді: “Жамандықтан аулақ жүріп, жақсылықтан ажырамаңдар”.
Қонақжайлылық таныту
12. Қонақжайлылық танытуға қатысты Македониядағы мәсіхшілерден не нәрсеге үйренеміз?
12 Римдіктерге 12:13 оқы. Бауырластарға деген сүйіспеншілігіміз жағдайымызға қарай ‘мұқтаждыққа душар болғандарға көмектесуге’ талпындырады. Тіпті кедей болсақ та, біз өзгелермен бөлісе аламыз. Македониялық мәсіхшілерге жазған хатында Пауыл былай деген: “Бастарынан өтіп жатқан ауыртпалықтар арқылы сенімдері қатты сыналғанмен, олардың (Иемізге деген) қуаныштары шексіз болды. Осылайша ағыл-тегіл мол беріп, өздерінің тақыр кедейліктеріне қарамастан жомарттық көрсетті. Қолдарынан келгенше, тіпті мүмкіндіктерінен де артық, кең пейілділік танытқандарына мен куәмін: өз жүрек қалауларымен бізден өтініп, өздері де Құдайдың халқына көмек жіберіп, қызмет етуге қатыса алуларын қоймастан жалынып сұрады” (Қор. 2-х. 8:2—4). Македониялық мәсіхшілер кедей болғандарына қарамастан, жомарттық танытқан. Олар қолдарында барын яһудеядағы мұқтаждық көрген бауырластармен бөлісуді мәртебе санаған.
13. Біз қалай ‘ынтамен қонақжайлылық таныта’ аламыз?
13 Біз қалай ‘ынтамен қонақжайлылық таныта’ аламыз? Кейде әлдекімді тамаққа шақыру арқылы қонақжайлылық танытамыз және осылай етуге бізді сүйіспеншілік талпындырса, бұл — мақтауға тұрарлық әрекет. Ал ынталы болсақ, қонақжайлылық танытудың одан да басқа жолдарын табарымыз анық. Мысалы, жағдайымыз бен денсаулығымызға байланысты адамдарды тамаққа шақыра алмасақ та, оларды бір кесе шәйға шақырып, қонақжайлылық танытуымызға болады.
14. а) “Қонақжайлылық” деп аударылған грек сөзі қандай екі сөзден тұрады? ә) Қызмет кезінде шетелдіктердің қамын ойлайтынымызды қалай көрсете аламыз?
14 Қонақжайлылық танытуға көзқарасымыздың да әсері бар. “Қонақжайлылық” деп аударылған грек сөзі “сүйіспеншілік” және “бейтаныс” деген сөздерден құралған. Бейтаныс немесе шетелдік адамдарға қалай қараймыз? Қауымның аумағына көшіп келген шетелдіктерге уағыздау үшін тіл үйреніп жүрген мәсіхшілер туралы қонақжайлылық танытып жүр деп айтуға болады. Әрине, көпшілігіміздің шет тілін үйренуге мүмкіндігіміз жоқ. Дегенмен де Киелі кітап хабары көп тілде жазылған “Барлық ұлт адамдарына арналған ізгі хабар” деп аталатын кітапшаны қолданып, шетелдіктердің шындықты білуіне көмектесе аламыз. Осы кітапшаның көмегімен жақсы нәтижеге қол жеткізген кездерің болған ба?
Бауырластардың қуаныштары мен қайғыларына ортақ болу
15. Римдіктерге 12:15-тегі кеңесті қолдануға қатысты Иса қандай үлгі қалдырды?
15 Римдіктерге 12:15 оқы. Біз өзгелердің сезімдерін түсініп, олардың қуаныштары мен қайғыларына ортақ бола білуіміз қажет. Егер рухымыз жалындап тұрса, өзгенің сезімін түсініп тұрғанымыз анық білініп тұрады. 70 шәкірті уағыздау науқанынан қуанышпен оралып, қызметтерінің жемісті болғаны жайлы айтып бергенде, Иса ‘Киелі рухтың қуанышына кенелді’ (Лұқа 10:17—21). Ол шәкірттерімен бірге қуанды. Ал досы Елазар қайтыс болғанда, Иса жылағандарды көріп, “көзіне жас алды” (Жох. 11:32—35).
16. Бауырластың қуанышы мен қайғысына ортақ екенімізді қалай көрсете аламыз және бұл, әсіресе, кімдерден талап етіледі?
16 Біз өзгелердің сезімін түсінуге қатысты Исаның үлгісіне қалай еліктей аламыз? Бауырласымыз қуанып жатса, онымен бірге біз де қуанамыз. Сол сияқты, бауырласымыздың жаны ауырып жүрсе, оның сезімін түсінуге тырысамыз. Әдетте сезімі жараланған бауырластарға уақыт бөліп, жанашырлықпен тыңдай білгеніміз олар үшін жұбаныш болады. Кейде оның жағдайын шын жүректен түсініп тұрғанымызды көз жасымыз көрсетуі мүмкін (Пет. 1-х. 1:22). Жанашырлық танытуға қатысты Пауылдың кеңесіне, әсіресе, ақсақалдар құлақ асулары керек.
17. Римдіктерге 12-тараудан не нәрсеге үйрендік және келесі мақалада нені талқылаймыз?
17 Римдіктерге 12-тараудың біраз тармақтарын қарастырып, ондағы кеңестерді жеке өмірімізде және бауырластарымызбен қарым-қатынасымызда қалай қолдануға болатынын көрдік. Келесі мақалада осы тараудың қалған тармақтарын талқылап, қауымнан тыс адамдармен, сондай-ақ қарсыластармен және қудалаушылармен қалай қарым-қатынас жасау керектігін білеміз.
Қайталауға арналған сұрақтар
• Рухымыз жалындап тұрғанын қалай көрсетеміз?
• Неліктен Құдайға кішіпейілділікпен және қарапайымдылықпен қызмет етуіміз керек?
• Бауырластардың қуаныштары мен қайғыларына ортақ екенімізді қалай көрсете аламыз?
[4-беттегі суреттер]
Неге біз мәсіхшілердің істеріне атсалысамыз?
[6-беттегі сурет]
Шетелдік адамдар Патшалық туралы хабарды есту үшін әрқайсымыз не істей аламыз?