Бір-біріңе аяулы сезімдеріңді білдіріңдер
“Бір-біріңе деген аяулы сезіммен бауырмалдық танытыңдар” (РИМДІКТЕРГЕ 12:10, ЖД).
1, 2. Біздің кезіміздегі бір миссионер мен елші Пауылдың бауырластармен қарым-қатынасы қандай болған?
ҚИЫР ШЫҒЫСТА 43 жыл бойы миссионер ретінде қызмет атқарған Дон өзгелерге деген ерекше жылулығымен танымал еді. Ауыр дертке шалдығып төсек тартып жатқанда, бұрын өзі Киелі кітап зерттеген кісілердің кейбірі: “Камсахамнида, Камсахамнида!”, яғни корей тілінде “Рақмет, рақмет!” деген сөздерді айту үшін мыңдаған шақырым жер жүріп келді. Донның аяулы сезімі олардың жүректерін тебіренткен еді.
2 Мұндай жағдай Донның ғана басынан өтпеген. Бірінші ғасырда елші Пауылдың да өзі қызмет еткен адамдарға деген сезімі ыстық болатын. Ол жанқиярлық танытқан. Өз көзқарасын берік ұстанатын адам болғанымен, Пауыл “балаларын қамқорлаған мейірімді анадай” жұмсақ та қамқор болған. Салоникадағы қауымға ол: “Жақсы көріп, Құдайдың Ізгі хабарын ғана жеткізген жоқпыз, жүрегімізді де алдарыңа жайып салдық, өйткені сендер бізге сүйкімді болып кеттіңдер”,— деп жазған (1 Салониқалықтарға 2:7, 8). Кейінірек Пауыл Ефестегі бауырластарға өзін қайтып көрмейтінін айтқанда, олардың ‘бәрі жылап, оны құшақтап сүйеді’ (Елшілердің істері 20:25, 37). Иә, Пауыл мен бауырластардың арасында жай ғана бір сенімдегілердің арасындағы қарым-қатынас емес, анағұрлым терең сезім болғанында сөз жоқ. Олар бір-біріне аяулы сезім танытқан.
Аяулы сезім мен сүйіспеншілік
3. Аяулы сезім мен сүйіспеншіліктің арасында қандай байланыс бар?
3 Жазбаларда аяулы сезім, жанашырлық және аяушылық мәсіхшілерге тән қасиеттердің ең кереметі сүйіспеншілікпен тығыз байланысты екені көрсетілген. Өте әсем алмас тастың қырлары сияқты, бұл Құдайға ұнамды қасиеттер де өзара үйлесіп, бірін-бірі толықтырып тұрады. Осы қасиеттердің арқасында мәсіхшілер бір-бірімен ғана емес, көктегі Әкелерімен де жақын қарым-қатынаста болады. Сондықтан елші Пауыл бауырластарды: “Сүйіспеншіліктерің адал болу керек... Бір-біріңе деген аяулы сезіммен бауырмалдық танытыңдар”,— деп шақырған (Римдіктерге 12:9, 10, ЖД).
4. “Аяулы сезім” деген нені білдіреді?
4 Пауылдың “аяулы сезім” дегенді жеткізу үшін қолданған грек сөзі екі бөліктен құралған, біріншісі достықты білдірсе, екіншісі туыстар арасындағы бауырмалдық сезімді білдіреді. Киелі кітапты зерттеуші бір ғалым түсіндіргендей, бұл мәсіхшілер “сүйіспеншілікке толы, берік және өзара қолдау көрсететін отбасыларына тән адалдықтарымен танымал болу керек” дегенді білдіреді. Бауырластарыңа деген ықыласың осындай ма? Қауымда жылулық лебі есіп, мәсіхшілер бір-біріне туыстарша іш тартып тұрулары керек (Ғалаттықтарға 6:10). Сондықтан қазақ тіліндегі Киелі кітапта Римдіктерге 12:10: ‘Бір-біріңді бауырлардай сүйіңдер’,— деп аударылған. Иә, мәсіхшілер арасындағы сүйіспеншілік — дұрыс әрі міндетіміз болғандықтан ғана туындайтын сезім емес, әдеқайда жоғары сезім. Біз ‘нағыз сүйіспеншілікке кенеліп, бір-бірімізді үздіксіз, шын жүректен сүюіміз’ керек (1 Петір 1:22).
‘Бір-бірімізді сүюді Құдайдың Өзі үйретті’
5, 6. а) Қалай Ехоба халықаралық конгрестер арқылы халқын бауырмалдыққа үйретеді? ә) Қалай уақыт өте келе бауырластардың достығы нығая түседі?
5 Бұл дүниеде “көпшіліктің сүйіспеншілігі суып” бара жатқанына қарамастан, Ехоба өз халқын ‘бір-бірін сүюге’ үйретуде (Матай 24:12; 1 Салониқалықтарға 4:9). Ехоба Куәгерлерінің халықаралық конгрестерінде осындай тәлім алудың керемет мүмкіндігі туады. Бұл конгрестерде жергілікті Куәгерлер алыс жақтан келген бауырластарды қарсы алады және көбісінің шет елден келген делегаттар үшін есіктері ашық тұрады. Жақында болған бір конгресте мәдениеттерінде сезімдерін сыртқа шығара бермейтін елден келген қонақтар болады. Қоныс жағынан көмектескен мәсіхші былай дейді: “Алғашында бұл делегаттар қысылып, қымтырылып жүрді. Бірақ не бары алты күннен соң, қоштасатын уақыт келгенде, олар үй иелерімен құшақтасып, жылап жатты. Олар сүйіспеншілікке барынша кенелді, бұл оларға ешқашан ұмытылмастай әсер қалдырды”. Мәдениеттері қандай болғанына қарамастан, бауырластарға қонақжайлылық көрсету қонақтарды да, үй иелерін де жақсы жақтарынан байқатады (Римдіктерге 12:13).
6 Әрине, конгрестерде болатын мұндай жағдайлар терең әсер қалдырады, бірақ қандай да бір уақыт Ехобаға бірге қызмет еткенде, бауырластар арасында анағұрлым терең қарым-қатынас дамиды. Бауырластарымызды жақсы білген сайын, олардың адалдық, сенімділік, берілгендік, қайырымдылық, кеңпейілділік, басқалардың жағдайын ескеру, жанашырлық және жанқиярлық сияқты ұнамды қасиеттерін бағалай түсеміз (Забур 14:3—5; Нақыл сөздер 19:22). Шығыс Африкада миссионер ретінде қызмет еткен Марк: “Бауырластармен иық тіресе қызмет еткеніміз достығымызды бұзылмастай берік ете түседі”,— дейді.
7. Қауымда достық қарым-қатынас нығая түсу үшін не істеуіміз керек?
7 Осындай достыққа қол жеткізіп, оны сақтау үшін қауым мүшелері бір-біріне жақын болулары керек. Қауым кездесулеріне үнемі келіп тұратын болсақ, бауырластарымызға бауыр басып, жақындай түсеміз. Кездесуге келіп, бағдарламаға қатысатын болсақ, әрі кездесуге дейін және кейін бауырластармен араласатын болсақ, бір-бірімізді жігерлендіреміз және ‘сүйіспеншілік көрсетіп, игілік істеуге қозғау саламыз’ (Еврейлерге 10:24, 25). Құрама Штаттарындағы бір ақсақал былай дейді: “Бала кезімде біздің отбасымыз Патшалық Сарайында мүмкіндігінше ұзағырақ қалып, достық пейілмен пайдалы әңгіме-дүкен құрып, елдің соңы болып шығатындардың бірі болатын. Мен сол кезді сағынышпен еске аламын”.
‘Пейіліңді кең жаю’ керек емес пе екен?
8. а) Қорынттықтарды ‘пейілдерін кең жаюға’ шақырғанда, Пауыл не дегісі келді? ә) Қауымда аяулы сезімнің болуына септігімізді тигізу үшін не істей аламыз?
8 Бауырмалдығымызды толығымен көрсету үшін ‘пейілімізді кең жаюымыз’ керек болар. Қорынттағы қауымға елші Пауыл: “Жүректеріміз де айқара ашық. Өздеріңе деген пейіліміз кең”,— деп жазған. Пауыл оларды да солай етуге шақырған (2 Қорынттықтарға 6:11—13). Жылы сезіміңді білдіру үшін сен де ‘пейіліңді кең жая’ алар ма едің? Біреудің қасыңа келгенін күтіп тұрма. Римдіктерге жазған хатында Пауыл аяулы сезімді білдірудің қажеттігін айта келе: “Бірінші болып бір-біріңе құрмет көрсетіңдер”,— деген кеңес берген (Римдіктерге 12:10, ЖД). Басқаларға құрмет көрсету үшін қауымда олармен бірінші болып амандасуыңа болады. Сонымен қатар оларды уағыздау қызметіне шақыруыңа немесе кездесуге бірге дайындалуды ұсынуыңа болады. Осылай етер болсақ, бір-бірімізге деген аяулы сезімдеріміз арта түседі.
9. Бауырластармен қарым-қатынасын нығайта түсу үшін кейбіреулер қандай қадамдар жасайды? (Жергілікті мысалдарды келтіруге де болады.)
9 Қауымдағы отбасылар мен жеке бауырластар бір-бірінің үйіне бір-екі кесе шай ішіп кету үшін бас сұғып тұру немесе бірге қандай да бір пайдалы іспен шұғылдану арқылы ‘пейілдерін кең жая’ алады (Лұқа 10:42; 14:12—14). Акоп есімді бауырлас анда-санда кішігірім топ болып табиғатқа шығуды ұйымдастырып тұрады. “Әр түрлі жастағылар, арасында жалғыз басты ата-аналар да келеді,— дейді ол.— Барлығымыз да үйімізге көңілді қайтамыз және өзара жақындаса түскенімізді сеземіз”. Мәсіхші болғандықтан, біз жай бауырластар ғана емес, нағыз достар болуға тырысуымыз керек (3 Жохан 1:14, 15).
10. Бауырластармен тіл табысу қиын болса, не істеуімізге болады?
10 Бірақ кемелсіздіктің салдарынан кейде біреумен дос болып, іш тарту қиынға соғуы мүмкін. Мұндайда не істеуге болады? Біріншіден, бауырластармен жақсы қарым-қатынаста болу үшін дұға айтуымызға болады. Қызметшілерінің ынтымақта болғанын Құдайдың өзі де қалайды, сондықтан ол шын жүректен айтылған мұндай дұғаларды тыңдайды (1 Жохан 4:20, 21; 5:14, 15). Біз сонымен қатар дұғаларымызға сәйкес әрекет етуіміз керек. Шығыс Африкада бақылаушы ретінде қызмет атқаратын Рик ауыр мінезі үшін тіл табысуы қиын болған бауырласты есіне алады. “Бауырластан қашқақтаудың орнына, онымен жақынырақ танысуды ұйғардым,— деп түсіндіреді Рик.— Сөйтсем, оның әкесі өте қатал болған екен. Бауырласқа осының әсерінен арылу үшін күресу қаншалықты қиын екенін түсініп, оның қаншама жетістікке жеткенін көргеннен кейін, мен оған қатты риза болдым. Біз жақын дос болып кеттік” (1 Петір 4:8).
Басқаларға деген сезімдеріңді білдіріңдер!
11. а) Қауымда бауырмалдығымыз арта түсу үшін не істеу керек? ә) Неге ешкіммен араласпай қою рухани зиян келтіруі мүмкін?
11 Бүгінде көптеген адамдар жан дос таппай-ақ өмірден өтуде. Қандай өкінішті! Мәсіхшілер қауымында мұндай болуға себеп жоқ және мұндай болмау да керек. Бауырластардың арасындағы шынайы сүйіспеншілік жай ғана биязылық сақтап сөйлесумен және инабаттылықпен ғана шектелмейді; бұл сонымен қатар басқаларға сезімімізді білдіргенде, шектен тыс кетпеуді де білдіреді. Қорынттықтарға жүрегін айқара ашқан Пауыл сияқты біз де жүрегімізді ашуға дайын болуымыз керек және бауырластарға олардың мүддесін шын жүректен ойлайтынымызды көрсетуіміз керек. Адамды жатырқамай, бірден сөйлесіп кете беретін әдет бәрінде болмағанымен, ешкіммен араласпай қою да зиянды. “Саяқ жан қара басын ойлар,— деп ескертеді Киелі кітап,— даналық атаулыға қарсы шығар” (Нақыл сөздер 18:1).
12. Неге бауырластардың арасында жақын қарым-қатынас болу үшін жақсы пікір алысу маңызды?
12 Ашық пікір алысу — нағыз дос болудың бірден-бір жолы (Жохан 15:15). Барлығымыз да сырласып, мұңдаса алатын достарға мұқтажбыз. Оның үстіне, неғұрлым жақсы білген сайын, соғұрлым бір-біріміздің қажеттіліктерімізді қанағаттандыру оңай болады. Осылай бір-біріміздің мүддемізді ойлай отырып, қауымда аяулы сезімнің өсуіне жағдай жасаймыз және Исаның: “Алғаннан гөрі берген бақытты”,— деген сөздерінің растығына көз жеткіземіз (Елшілердің істері 20:35; Філіпіліктерге 2:1—4).
13. Бауырластарды шын сүйетінімізді көрсету үшін не істеуімізге болады?
13 Жақсы көретінімізді басқалар көре алу үшін оны ашық білдіруіміз керек (Нақыл сөздер 27:5). Сезіміміз шынайы болса, бұл жүзімізден көрініп тұруы әбден мүмкін, әрі басқалардың да солай етулеріне ықпал етеді. “Жарқын жүз жүректі қуантар”,— деп жазған бір дана адам (Нақыл сөздер 15:30). Басқаларға қамқорлық көрсету де аяулы сезімнің өсуіне әсер етеді. Әрине, шынайы достықты сатып алу мүмкін емес, бірақ шын жүректен берілген сыйлық өте маңызды болуы мүмкін. Хат, ашық хат немесе “орнымен айтылған сөз” бәрі де терең сүйіспеншілігімізді білдірудің жолы болып табылады (Нақыл сөздер 25:11, 27:9). Басқалармен достасқан соң, оны сақтап қалу үшін жанқиярлық сүйіспеншілік көрсетуді жалғастыра беру керек. Әсіресе қиналған кездерінде достарымыздың жанынан табылуымыз керек. Киелі кітапта былай делінген: “Шынайы дос әрдайым жақсы көрер, қиыншылықта бауырыңдай көмектесер” (Нақыл сөздер 17:17).
14. Біреу біздің жақын тартқанымызға жауап қатпайтындай көрінсе, не істеуімізге болады?
14 Әрине, қауымдағылардың бәрімен бірдей жақын қарым-қатынаста бола алмаймыз. Біреуге қарағанда басқаға көбірек іш тартып тұру — кәдімгі нәрсе. Сондықтан біреу саған өзің қалағандай жылы ұшырамайтындай көрінсе, өзіңде немесе сол адамда қандай да бір кемшілік бар екен деген тұжырым жасауға асықпа. Әрі өзіңе дос қылуға тырысып, оны қинама. Егер оның қалауына қарай көбірек жылы шырай танытатын болсаң, болашақта достасып кетулерің мүмкін.
“Саған толықтай ризамын!”
15. Мақтау сөздерді есту немесе естімеу басқаларға қалай әсер етеді?
15 Шомылдыру рәсімінен өткенде, көктен: “Саған толықтай ризамын!” — деген дауысты естіп, Иса қатты қуанған болу керек (Марқа 1:11). Иса Әкесі осылай ризашылық білдіргенде, оның өзін сүйетініне көзі жете түскен болса керек (Жохан 5:20). Өкінішке орай, кей адамдар өздері құрметтейтін және жақсы көретін адамдарынан мұндай сөздерді ешқашан естімейді. “Көп жастардың жағдайлары менің жағдайыма ұқсайды. Олардың отбасындағылар сенімдерін бөліспейді,— дейді Энн.— Үйде сынап-мінеуден басқа ештеңе естімейміз. Бұл ұнжырғамызды қатты түсіреді”. Алайда қауымның мүшесі болғанда, олар қолдау мен қамқорлық көрсететін бір сенімдегі ата-аналардан, аға-інілерден және апа-қарындастардан тұратын рухани отбасының жылулығын сезінеді (Марқа 10:29, 30; Ғалаттықтарға 6:10).
16. Неге басқаларды сынап-мінеу пайда әкелмейді?
16 Кейбір жерлердің әдет-ғұрпы бойынша ата-аналар мен үлкендер және мұғалімдер жастарды шын жүректен мақтауы өте сирек кездеседі, себебі мақтайтын болса олар есіріп немесе тәкаппар болып кетеді деп ойлайды. Мұндай көзқарас тіпті мәсіхшілер отбасы мен қауымға да әсер етуі мүмкін. Тапсырмалары мен басқа да талпыныстары үшін мақтай отырып, үлкендер: “Жаман емес, бірақ бұдан да жақсы істеуіңе болар еді!” — деуі мүмкін. Немесе тіпті наразылықтарын сөзбен не басқалай білдірулері мүмкін. Көбісі осылай етсек, жастар барын салуға ынталанатын болады деп ойлайды. Бірақ мұндай әрекет жиі кері әсер етіп жатады, себебі бұдан жастар жасқаншақ болулары немесе біреудің сенімін ақтай алмайтындай сезінулері мүмкін.
17. Неге басқаларды мақтаудың мүмкіндігін іздегеніміз дұрыс?
17 Алайда тек кеңес беретін кезде ғана мақтау дұрыс болмас еді. Шын жүректен айтылған мақтау сөздері отбасында да, қауым мүшелерінің арасында да аяулы сезімнің болуына ықпал етеді, ал бұл жастарды тәжірибелі бауырластардан кеңес сұрауға талпындырады. Сондықтан басқаларға қалай қарайтынымызға жергілікті әдет-ғұрыптың әсер етуіне жол берудің орнына, “Құдайға рухани жағынан ұқсас жаратылған жаңа, шынымен әділетті де қасиетті адам болып өмір сүрейік”. Ехобаға еліктеп, өзгелерді мақтай берейік (Ефестіктерге 4:24).
18. а) Жастар, үлкендердің кеңестеріне қалай қарағандарың дұрыс? ә) Неге үлкендер қалай кеңес беру керек екеніне мұқият көңіл қояды?
18 Ал сендер, жастар, егер үлкендер сендерді түзетіп немесе кеңес берсе, олар сендерді жақтырмайды екен деп ойламаңдар (Жақып 1:19). Тіпті де олай емес! Олар сендердің қамдарыңды ойлағандықтан және сендерді жақсы көргендіктен осылай істейді деп қабылдауларыңа болады. Әйтпесе оларға әуре болып, сендерге кеңес айтып не керек!? Сөздердің әсер ететінін білетіндіктен, үлкендер — әсіресе қауым ақсақалдары — кеңес бермес бұрын жиі ойланып, дұға айтуға көп уақыт жұмсайды, себебі олар сендерге тек жақсылық тілейді (1 Петір 5:5, сілтемені қараңдар).
Ехобаның жанашырлығы зор
19. Неге көңілі қалған адамдар Ехобаның көмегіне сүйенулеріне болады?
19 Жылы сезімдерін білдіремін деп аузы күйіп қалған мәсіхшілерге мұндай әрекеттің көңілді қалдырғаннан басқа берері жоқ болып көрінуі мүмкін. Басқалармен қайтадан жақын қарым-қатынас дамыту үшін мұндай адамдар сенімдері мықты әрі ержүрек болулары керек. Бірақ олар Ехобаның “әрқайсымыздан алыс емес” екенін ешқашан да естерінен шығармаулары керек. Ол бізді өзіне жақындауға шақырады (Елшілердің істері 17:27; Жақып 4:8). Сонымен бірге ол біздің жүрегімізді жаралап алудан қорқатынымызды біледі және қолдап-қорғауды уәде етеді. Забур жыршысы Дәуіт бізді: “Тәңір жүрегі жаралыларға жақын, еңсесі түскендерді құтқарады”,— деп сендіреді (Забур 33:19).
20, 21. а) Ехобамен жақын қарым-қатынас дамытуымызға болатынын қайдан білеміз? ә) Ехобаның жақын досы болғысы келгендерге қандай талап қойылады?
20 Ехобамен достасу — достық қарым-қатынастардың ішіндегі ең маңыздысы. Бірақ мұндай достыққа қол жеткізу мүмкін бе? Иә. Киелі кітапта көктегі Әкелерімен тығыз қарым-қатынаста болған әділ ер кісілер мен әйелдер жайлы айтылады. Олардың жылы сезімдерін білдіргендері жайлы Киелі кітапқа жазып қалдырылған мәлімет Ехобаға жақындай алатынымызға деген сенімімізді нығайтады (Забур 22, 33, 138; Жохан 16:27; Римдіктерге 15:4).
21 Ехобаның өзіне жақындағысы келгендерге қойған талаптарына әрбір адам сәйкес келе алады. “Уа, Тәңір! Сенің тұрағыңда кім өмір сүре алады?” — деп сұраған Дәуіт. “Мінсіз жүріп, әділдік жасайтын және жүрегінде шындық айтатын адам” (Забур 14:1, 2). Құдайға қызмет ету жақсы жемістер әкелетінін және бізге басшылық пен қорғаныш беретінін көргенде, “Тәңір аса қайырымды әрі жанашыр” екеніне көзіміз жете түседі (Жақып 5:11).
22. Ехоба өз халқын қандай қарым-қатынаспен жарылқауда?
22 Ехобаның кемелсіз адамдармен осындай жеке қарым-қатынас дамытқысы келетіні біз үшін үлкен бата! Олай болса, біздің де бір-бірімізге аяулы сезімдерімізді білдіргеніміз жөн емес пе? Ехобаның көмегімен әрқайсымыз мәсіхшілер бауырластығының ерекше белгісі болып табылатын достық қарым-қатынастың болуына ықпал ете аламыз және соның рақатын көреміз. Ал Құдай Патшалығы орнағанда, жердегі барлық адам осылай аяулы сезіммен бір-біріне бауырмалдық танытатын болады.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Мәсіхшілер қауымында не сезіліп тұру керек?
• Қалай әрқайсымыз қауымда бауырмалдықтың болуына ықпал ете аламыз?
• Шын ниетпен айтқан мақтау сөздер қалай мәсіхшілерді өзара жақындатады?
• Қалай Ехобаның жанашырлығы бізді қолдап, нығайтады?
[25-беттегі сурет]
Мәсіхшілердің арасындағы сүйіспеншілік — жай ғана борышты өтеу емес