“Қайғырғандардың қайғысына ортақ болыңдар”
“Бір-біріңді жұбатып, нығайтып жүргендеріңдей, әрі қарай да солай ете беріңдер” (САЛОНИКАЛЫҚТАРҒА 1-ХАТ 5:11).
1, 2. Жақынын жоқтап жүргендерді жұбату туралы сөз қозғағанымыз неге маңызды? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)
“ҰЛЫМЫЗДЫҢ өлімінен соң бір жылдай қайғыдан қабырғамыз қайысып жүрді”,— дейді Сюзи. Ал әйелі аяқастынан қайтыс болған бір ер бауырлас бойында “адам айтқысыз ауруды” сезінгенін айтады. Өкінішке қарай, осындай азапты бастан өткізіп жатқандар аз емес. Мәсіхшілер қауымындағы бауырластардың көбі Армагеддон келгенше жақын адамдарынан айырылып қаламыз деп ойламаған шығар. Бәлкім, сіз де жаныңызға қымбат адамды жоғалтқан боларсыз, я болмаса қайғы жамылған өзге біреуді білерсіз. Ендеше, көкейіңізде: “Қайғы жұтқан адам қайдан жұбаныш таба алады?”— деген сауал туар.
2 Кейбіреулер “уақыт — емші” деп жатады. Бірақ барлық кезде солай ма? Бір жесір әйел: “Меніңше, адамның сол уақытты қалай пайдаланғаны жан жарасын емдеуге көмектеседі деу әлдеқайда тура болар еді”,— дейді. Тәнге түскен жара жазылу үшін уақыт пен жақсы күтім қажет. Жан жарасын емдеу үшін де тап осылай. Қайғы дертін жеңілдеткісі келетіндерге әсіресе не көмектеседі?
ЕХОБА — ЖҰБАНЫШ АТАУЛЫНЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ
3, 4. Ехоба қасіретімізді түсінетініне неге сенімді бола аламыз?
3 Жанашыр Әкеміз Ехоба — бізге керекті жұбаныштың түп қайнары (Қорынттықтарға 2-хат 1:3, 4 оқыңыз). Жанашырлықтың ең керемет үлгісін көрсететін ол өз халқына: “Сендерді мен өзім жұбатамын”,— деп уәде етеді (Ишая 51:12; Зәбүр 119:50, 52, 76).
Ехоба адал жандарды қайта тірілтетін күнді асыға күтуде
4 Сүйіспеншілігі мол Әкеміз де кезінде Ыбырайым, Ысқақ, Жақып, Мұса және Дәуіт патша сияқты жанына қымбат адамдарын жоғалтқан (Мұсаның 4-жазбасы 12:6—8; Матай 22:31, 32; Елшілердің істері 13:22). Киелі кітаптан көрінетіндей, Ехоба сол адал жандарды қайта тірілтетін күнді асыға күтуде (Әйүп 14:14, 15). Сол кезде олардың көңілдері асып-тасып, денсаулықтары да тамаша болады. Ехоба тұңғышы әрі сүйікті Ұлы болған Исаның да өлімін көрді (Матай 3:17). Ұлының азапты өліммен өлгенін көргенде, Ехобаның жүрегі қалай қарс айырылғанын елестетудің өзі қиын! (Жохан 5:20; 10:17).
5, 6. Ехоба бізді қалай жұбатады?
5 Ехоба бізге көмек қолын созатынына қалтқысыз сенсек болады. Олай болса, оған еш тартынбастан дұға етіп, жан азабымызды айтуымыз керек. Ехобаның жанымызды түсінетіні әрі қажетті жұбанышты сыйлайтыны көңілімізге жай береді емес пе?! Алайда ол бізді қалай жұбатады?
6 Ехоба бізді көптеген жолдармен жұбатады, солардың бірі — киелі рухы арқылы (Елшілердің істері 9:31 сілтеме). Әкеміздің “өзінен сұрағандардың” бәріне киелі рухын беретінін Иса уәде еткен (Лұқа 11:13). Мақаланың ең басында сөзі келтірілген Сюзи былай деді: “Біз талай рет тізерлей кетіп, Ехобадан жұбаныш тілеп жалынушы едік. Сондай кездің бәрінде Ехобаның тыныштығы расында да біздің жүрегіміз бен ой-санамызды сақтайтын” (Філіпіліктерге 4:6, 7 оқыңыз).
ИСА ДА БІЗДІҢ ЖАНЫМЫЗДЫ ТҮСІНЕДІ
7, 8. Неге Исаның бізді жұбата алатынына еш шүбәланбасақ болады?
7 Жерде болған кезінде Иса сөзімен де, ісімен де көктегі Әкесінің жанашырлығын кемелді түрде көрсеткен (Жохан 5:19). Ехоба оны “жүрегі жаралылар” мен “қайғырып жүргендердің бәрін” жұбату үшін жерге жіберді (Ишая 61:1, 2; Лұқа 4:17—21). Иса өздерінің қасіретін түсінетінін әрі шын ниетпен көмектескісі келетінін адамдар білген (Еврейлерге 2:17).
8 Жастық шағында Исаның кей жақын достары мен туыстары қаза болғаны шүбәсіз. Мысалы, Иса бозбала кезінде өгей әкесі Жүсіптен айырылған болса керекa. Осындай қасіретке душар болған кезде жүрегі жұмсақ жас Исаға өзінің қайғысымен қоймай, анасы мен бауырларының да қайғысын көтеру қандай қиын болды десеңізші!
9. Елазар қайтыс болғанда, Иса жанашырлығын қалай көрсетті?
9 Жердегі қызметі барысында Иса адамдарға аса түсінушілікпен қарап, жанашырлық танытты. Мысалы, жақын досы Елазар дүние салғанда, Иса жүректері сыздаған Мәриям мен Мартаның жан қайғысын сезді. Оның жаны ашығаны сонша — Елазарды қайта тірілтетінін білсе де, жүрегі қарс айырылып, көз жасына ерік берді (Жохан 11:33—36).
10. Иса біздің қайғымызға түсінушілікпен қарайтынына неге сенімді бола аламыз?
10 Исаның бұрын көрсеткен жұбанышының бүгінгі таңда біздерге қандай көмегі бар? Киелі кітапта оның еш өзгермегені анық айтылған: “Иса Мәсіх кеше қандай болса, бүгін де, мәңгілік бойы да сондай болып қала бермек” (Еврейлерге 13:8). Мәңгі өмір сүруімізге жол ашқандықтан, ол “өмір беретін Бас жетекші” деп аталған. Қайғырудың не екенін өз басынан білетін Иса “сыналып жатқандарға көмекке келе алады” (Елшілердің істері 3:15; Еврейлерге 2:10, 18). Сондықтан қазіргі кезде де біреу қасірет шексе, Иса бұған бей-жай қарамайтынына күмәнданбасақ болады. Ол қайғы жамылғандардың сезімін түсінеді, әрі оларды “мұқтаж кезінде” жұбата алады (Еврейлерге 4:15, 16 оқыңыз).
“ЖАЗБАЛАРДАН АЛҒАН ЖҰБАНЫШЫМЫЗ”
11. Қай жазба орындары сізге ерекше жұбаныш сыйлайды?
11 Елазар қайтыс болғанда Исаның қатты қайғырғаны туралы оқиға — Жазбалардағы жұбаныш сыйлайтын көптеген тармақтардың бірі ғана. Иә, мұндай жазба орындары көп болуы да керек, өйткені “бұрын жазылғандардың бәрі бізге тәлім болсын деп жазылған. Осылайша табандылығымыз арқылы және Жазбалардан алған жұбанышымыз арқылы үмітке ие бола аламыз” (Римдіктерге 15:4). Егер сіз жақыныңызды жоқтап жүрген болсаңыз, мына жазба орындары көңіліңізге медеу бола алады:
“Жүрегі жаралы жанға Ехоба жақын тұрады, Сағы сынғандарды құтқарады” (Зәбүр 34:18, 19).
“Сарыуайымға салынғанымда, Сен [Ехоба] мені жұбатып, жаныма жай бердің” (Зәбүр 94:19).
“Бізді сүйіп, рақымымен мәңгілік жұбаныш әрі берік үміт берген Құдай Әкеміз және Иеміз Иса Мәсіхтің өзі сендерді жұбатып... нығайтсын” (Салоникалықтарға 2-хат 2:16, 17)b.
ҚАУЫМ — ЗОР ЖҰБАНЫШТЫҢ КӨЗІ
12. Басқаларды қалай жұбата аламыз?
12 Қайғырған жандар мәсіхшілердің қауымынан да жұбаныш таба алады (Салоникалықтарға 1-хат 5:11 оқыңыз). Рухы күйрегендерді сіз қалай нығайтып, көңіліне медеу бола аласыз? (Нақыл сөздер 17:22). “Үндемейтін уақыт, сөйлейтін уақыт” бар екенін есте ұстағайсыз (Уағыздаушы 3:7). Далин есімді жесір әйел былай деп түсіндірді: “Жақынын жоғалтқан адамдар ой-сезімдерін ашып айтуға мұқтаж. Сондықтан мұндай кезде қолыңыздан келер ең маңызды нәрсе — сөзін еш бөлмей тыңдау”. Ағасы өз өміріне қол жұмсаған Юния болса былай дейді: “Мейлі, сіз ол адамның жан жарасын толықтай түсіне алмасаңыз да, ең бастысы — оның сезімін түсінуге ықыласты болғаныңыз”.
13. Қайғыруға байланысты нені ұмытпағанымыз жөн?
13 Қайғы-қасіретті бәріміз де бірдей сезініп, мұны бірдей көрсете бермейтінімізді ұмытпағанымыз абзал. Кейде іштей қаншалықты қиналып жүргенімізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Құдай Сөзінде: “Өз қайғысы жүректің өзіне аян, Қуанышын да түсінбес басқа жан”,— делінген (Нақыл сөздер 14:10). Біреу ішкі сезімін ашып айтқан күнде де, кейде өзгелерге оның не айтқысы келіп жатқанын түсіну оңай бола бермейді.
Көп жағдайда біздің тарапымыздан ең жақсы көмек — қайғырғандармен бірге жылау
14. Еңсесін қайғы езген жандарды жұбату үшін не айтсақ болады?
14 Жақынын жоқтап жүрген адамға не айтарымызды білмейтін кездер болатын шығар. Әйтсе де Киелі кітапта “дананың тілі сауықтырады” делінген (Нақыл сөздер 12:18). Көбісі “Жақын адамың қайтыс болғанда” (ор.) кітапшасынан өзгені жұбататын сөздер тапқанc. Алайда көп жағдайда біздің тарапымыздан ең жақсы көмек — “қайғырғандардың қайғысына ортақ болу”, яғни солармен бірге жылау (Римдіктерге 12:15). Күйеуі қайтыс болған Габидің айтуынша, кейде ол ішкі сезімдерін тек көз жасымен шығарады. Ол: “Сондықтан достарым маған қосылып жылағанда, мен біраз жұбанып қаламын. Сондай кезде өз қайғыммен жападан-жалғыз қалып кеткендей сезінбеймін”,— дейді.
15. Адамға жеке жолығу қиынға соқса, басқа қандай жолдармен жұбата аламыз? (“Көңілге медеу болатын сөздер” деген қоршауды да қараңыз.)
15 Адамның жеке өзіне жұбату сөздерін айтуға қиналсаңыз, оған хат, ашық хат, СМС не электронды хат жазған оңай болатын шығар. Жай ғана жұбаныш сыйлайтын жазба орнын келтірсеңіз, қайтыс болған адамның есіңізде қалған бір ерекше қасиетін немесе сіз үшін қымбат сәттерді жазсаңыз болады. “Жігер беретін қысқа хат алу не бауырластың бірге уақыт өткізуге шақырғаны мен үшін зор демеу,— дейді Юния.— Осындай лебіз білдіргенде адамдардың мені жақсы көретінін және қамымды ойлайтынын сезінемін”.
16. Өзгелерді жұбатудың өте жақсы жолы қандай?
16 Еңсесін қайғы басқан бауырластарымыз үшін біздің дұғамыздың да пайдасы зор. Олар үшін не тіпті олармен бірге дұға етсек болады. Дұға айта алмай, жылап жіберермін деп ойлағаныңызбен, сіздің жүректен шыққан дұғаңыз күшті жұбаныш сыйлай алады. Далин былай деп есіне алды: “Кейде мені жұбатуға келген әйел бауырластардан дұға ете аласың ба деп сұрайтынмын. Көбінесе басында олар күмілжіп әзер сөйлегенмен, дауыстары бірте-бірте күшейіп, бар жүректерімен керемет дұға айтады. Олардың сенімі, сүйіспеншілігі мен қамқорлығы сенімімді нығайтады”.
ЖҰБАТУДАН ТАЛМАҢЫЗ
17—19. Неге өзгелерді жұбатудан талмауымыз керек?
17 Адамның қайғысы қанша уақытқа созылатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Жақын адамы қайтыс болғанда, алғашқыда адамның достары мен туыстары жұбату үшін ағылып келеді. Бірақ олар кәдуілгі өмірлеріне оралған соң, қайғырып жүргендер әлі де жұбанышқа зәру болады. Сондықтан көмек қолын созуға даяр болыңыз. “Нағыз дос әрқашан жақсы көрер, Ол — бауырың қиын шақта арқа сүйер”,— делінген Киелі кітапта (Нақыл сөздер 17:17). Жақынын жоқтап жүргендер қанша уақыт қажет етсе, сонша уақыт бойы оларға дем беріп отырғанымыз жөн (Салоникалықтарға 1-хат 3:7 оқыңыз).
18 Жаны жаралы адамды кез келген уақытта қайғы-мұң басып қалуы мүмкін екенін ұмытпаңыз. Бұл қандай да бір атаулы күнге, әуенге, суреттерге, іс-шараларға, тіпті бір иіс, дыбыс не жыл мезгіліне байланысты болуы мүмкін. Жан жарынан айырылып, жабырқаған ер не әйел адам бірінші рет жалғыз өзі бір нәрсе істегенде, мысалы конгреске не Еске алу кешіне барғанда, бұл жанына батуы мүмкін. Бір ер бауырлас былай деді: “Әйелім қаза болғаннан кейінгі алғашқы мерейтой күні өте қайғылы өтетін шығар деп күткенмін. Әрине, бұл оңайға соқпады. Бірақ бірнеше бауырлас жалғыз қалмауым үшін жан достарымның басын қосып, кішігірім отырыс ұйымдастырыпты”.
19 Есіңізде болсын, қасірет тартып жүргендер жұбанышқа тек ерекше күндерде ғана мұқтаж емес. “Қандай да бір елеулі күні болмаса да, маған ұсынған көмек пен достық пейілдің пайдасы көп,— дейді Юния.— Осындай күтпеген сәттер өте бағалы әрі зор жұбаныш сыйлайды”. Рас, адамды қайғысы мен жалғыздық сезімінен түбегейлі арылта алмайтын шығармыз, бірақ олар үшін бірдеңе істеу арқылы қайғы жүгін жеңілдете аламыз (Жоханның 1-хаты 3:18). Гэби былай дейді: “Өмірімнің әрбір қиын асуынан өтуге көмектескен сүйіспеншілігі мол ақсақалдар үшін Ехобаға шексіз ризамын. Солардың арқасында өзімді Ехобаның аялы құшағында жүргендей сезінем”.
20. Неге Ехобаның уәделері зор жұбаныш береді?
20 Жұбаныш атаулының қайнар көзі Ехоба Құдайымыздың қайта тірілу болған кезде қайғы атаулыны біржолата жоқ қылатынын білгеніміз көңілімізге жай береді (Жохан 5:28, 29). Уәдесіне сай, ол “өлімді біржола жоқ қылады, Әлемнің Әміршісі Ехоба барлық көз жасты сүртеді” (Ишая 25:8). Сонда барлығы “қайғырғандардың қайғысына” емес, “қуанғандардың қуанышына ортақ болады” (Римдіктерге 12:15).
a Киелі кітаптан Иса 12 жаста болғанда, Жүсіп тірі болғанын білеміз. Алайда Иса алғашқы кереметін жасап, суды шарапқа айналдырған кезде не одан кейін Жүсіп туралы еш жерде айтылмайды. Сол уақыттары ол қайтыс болып кеткен болуы мүмкін. Бұған қоса, Иса азап бағанасында ілініп тұрғанда, елші Жоханнан анасына қамқорлық етуді сұраған. Жүсіптің көзі тірі болғанда Исаға бұлай өтінудің қажеті болмаса керек (Жохан 19:26, 27).
b Көпшілікке жұбаныш болған басқа да тармақтар: Зәбүр 20:1, 2; 31:7; 38:8, 9, 15; 55:22; 121:1, 2; Ишая 57:15; 66:13; Філіпіліктерге 4:13; Петірдің 1-хаты 5:7.
c Сондай-ақ “Күзет мұнарасындағы” (ор.) “Қайғырғандарды Иса сияқты жұбатыңдар” деген мақаланы қараңыз: 2010 жыл, 1 қараша. “Жоқтап жүргендерді жұбатыңыз” деген де мақаланы қараңыз: 2016 жылғы “Күзет мұнарасы”, № 3 саны.