Ехобаның сөзі тірі
Римдіктерге арналған хаттағы көңіл бұрарлық ойлар
ШАМАМЕН б. з. 56 жылы үшінші миссионерлік сапарына шыққан елші Пауыл Қорынт қаласына келеді. Ол Римде тұрып жатқан яһуди мәсіхшілер мен яһуди емес мәсіхшілердің кейбір жайттарға қатысты әртүрлі көзқарас ұстанатындарын байқайды. Пауыл оларға бір көзқарасты ұстануға көмектесу үшін хат жазуды шешеді.
Пауыл римдіктерге жазған сол хатында адамдардың қалай ақталатынын және мұндай адамдардың қалай өмір сүрулері керек екенін түсіндіреді. Сондай-ақ бұл хаттағы хабар Құдай мен оның Сөзі туралы білімімізді тереңдетіп, Құдайдың рақымына ерекше назар аударады және құтқарылуымыз үшін Мәсіхтің аса маңызды рөл атқаратынын көрсетеді (Евр. 4:12).
ҚАЛАЙША АҚТАЛУҒА БОЛАДЫ?
“Бәрі де күнә жасап, Құдайдың өздеріне белгілеген ұлылығынан құр алақан қалды,— деп жазады Пауыл,— Бірақ Оның рақымымен Мәсіх төлемдерін төлеп, құтқаруының арқасында олар тегін ақтала алады”. Содан кейін ол былай дейді: “Адам заң бойынша жасаған игі істері арқылы емес, сенімі арқылы ғана ақталады” (Рим. 3:23, 24, 28). Майланған мәсіхшілер мен “басқа қойларға” жататын “өте үлкен тобыр” ‘бір Кісінің әділетті ісіне’ сенім білдірудің арқасында ‘ақталып’, алғашқылары көкте Мәсіхпен бірге мұрагер болу мүмкіндігіне, ал кейінгілері Құдайдың достары ретінде “ауыр азаптан” аман өту мүмкіндігіне ие болады (Рим. 5:18; Аян 7:9, 14; Жох. 10:16; Жақ. 2:21—24; Мат. 25:46).
Пауыл: “Біз Таурат заңына емес, Құдайдың рақымына бағынғандықтан, күнә жасай берейік пе? — деп сұрайды да,— Жоқ, олай істеуге болмайды!”— деп өз сұрағына өзі жауап береді. Бұдан соң: “Сендер не мәңгілік өлімге апаратын күнәға құл боласыңдар, не Құдайға мойынсұнып, әділдікке қызмет етесіңдер”,— деп түсіндіреді (Рим. 6:15, 16). Ол былай дейді: “Егер Киелі Рухтың күшімен күнәкар болмыстарыңның іс-әрекетінен мүлдем бас тартсаңдар, шынайы өмір сүресіңдер” (Рим. 8:13).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
1:24—32. Осы тармақтарда айтылған азғын әрекеттерді Яһудилер жасады ма, яһуди емес адамдар ма? Бұл тармақтардағы сипаттама екі топтың да адамдарына сай келгенімен, Пауыл мұнда негізінен жолдан тайған ежелгі исраилдіктер туралы айтқан. Олар Құдайдың әділ үкімін біле тұра, “Құдай туралы тура білімді ұстануды қажет деп таппады” (ЖД). Сондықтан олар жазаға лайық болған.
3:24, 25. Қалайша Мәсіхтің төлем құрбандығы “өткен уақытта [төлемге дейінгі] жасалған күнәлардың” (ЖД) құнын өтеген? Жаратылыс 3:15-тегі Мәсіхке қатысты айтылған алғашқы пайғамбарлық б. з. 33 жылы Исаны азап шегу бағанасына қағып өлтіргенде орындалды (Ғал. 3:13, 16). Ехоба бұл пайғамбарлықты айтқан кезде, оған болып қойған жайт ретінде қараған, өйткені Құдайдың өз ниетін орындауына еш нәрсе кедергі бола алмайды. Сол себепті Ол Иса Мәсіхтің болашақтағы төлем құрбандығының негізінде осы уәдеге сенім білдірген кемелсіз адамдардың күнәларын кешірген. Сондай-ақ төлем құрбандығының арқасында Мәсіхке дейін қайтыс болып кеткен адамдар қайта тіріледі (Ел. іс. 24:15).
6:3, (ЖД); 4, 5. “Мәсіх Исада шомылдыру рәсімінен өту” дегенді және “оның өлімінде шомылдыру рәсімінен өту” дегенді қалай түсінуге болады? Ехоба Мәсіхтің ізбасарларын киелі рухпен майлағанда, олар Исамен бірігіп, майланған мәсіхшілер қауымының мүшелері болады. Бұл қауым Мәсіхтің денесі болса, Мәсіх оның басы болып табылады (Қор. 1-х. 12:12, 13, 27; Қол. 1:18). Мәсіх Исада шомылдыру рәсімінен өту деген осыны білдіреді. Сондай-ақ олар мына мағынада Мәсіхтің өлімінде шомылдыру рәсімінен өтеді: майланған мәсіхшілердің өмірлері құрбандық болып табылады әрі олар жерде мәңгі өмір сүру үмітінен бас тартады. Сол себепті өлімдерінің төлем құрбандығы сияқты құндылығы болмаса да, олардың өмірлерін қиғаны Исанікі сияқты құрбандық болып табылады. Майланған мәсіхшілер қайтыс болып, көктегі өмірге қайта тірілгенде, Мәсіхтің өлімінде шомылдыру рәсімінен өтуді аяқтайды.
7:8—11. ‘Күнә өсиеттің көмегімен күнәкар құмарлықтардың әр түрін қоздырды’ деген сөздерді қалай түсінуге болады? Таурат заңында күнә атаулыға не жататыны нақты айтылғандықтан, адамдар күнәкар болудың не екенін жақсырақ түсінетін болды. Нәтижесінде олар өздерінің әлдеқайда көп күнә жасайтындарын білді және өздерін күнәкар ретінде мойындайтын адамдардың да саны көбейді. ‘Күнә өсиеттің көмегімен күнәкар құмарлықтардың әр түрін қоздырды’ деген сөздер осы мағынада айтылған.
Біз үшін сабақ:
1:14, 15. Ізгі хабарды құлшына жариялауымызға көптеген себеп бар. Мысалы, Иса өз қанымен төлемін өтеп алған адамдардың алдында біз борыштымыз. Оларға рухани көмек көрсету — біздің парызымыз.
1:18—20. Құдайдан безген әділетсіз адамдар ақтала алмайды, себебі Құдайдың көзге көрінбейтін қасиеттері оның жаратылыстарынан айқын көрінеді.
2:28; 3:1, 2; 7:6, 7. Пауыл айтқандары яһудилердің сезімдерін қорлауы мүмкін екенін ескергендіктен, артынша олардың әсерін жұмсартатын сөздер айтқан. Ол адамға қатты тиюі мүмкін деген осындай жайттарды ілтипаттылықпен әрі шеберлікпен талқылауға қатысты бізге жақсы үлгі қалдырған.
3:4. Адамның сөзі Құдайдың Сөзіне қайшы келсе, Киелі кітаптағы хабарға сенім арту арқылы және Құдай еркіне сай әрекет ету арқылы, ‘Құдай [өз] сөзінен таймайтынына’ сенімді екенімізді көрсетеміз. Патшалық туралы уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне құлшына атсалыса отырып, басқалардың да осылай етуіне көмектесе аламыз.
4:9—12. Ыбырайым 99 жасында сүндеттелуінен көп уақыт бұрын сенімінің арқасында ақталған болатын (Жар. 12:4; 15:6; 16:3; 17:1, 9, 10). Құдай адамның қалай ақталуына болатынын осындай керемет жолмен көрсетті.
4:18. Үміт — сенімнің маңызды бір бөлігі. Біздің сеніміміз үмітке негізделген (Евр. 11:1).
5:18, 19. Пауыл Иса мен Адамның арасындағы ұқсастықты қисынды түрде көрсете отырып, бір адам ‘көптеген адамдардың азаттық төлемін өтеу үшін жанын’ қалай қиғанын қысқа да нұсқа етіп түсіндіріп берді (Мат. 20:28). Қисынды түрде әрі қысқа да нұсқа етіп түсіндіру тәлім берудің керемет “тәсілі” болып табылады. Осы жағынан Пауылдан үлгі алғанымыз дұрыс (Қор. 1-х. 4:17, ЖД).
7:23. Қол-аяқтарымыз бен тіліміз бізді “күнәкар құмарлыққа кіріптар етеді”, сондықтан оларды бұрыс пайдаланудан сақ болуымыз керек.
8:26, 27. Тығырыққа тіреліп, қалай дұға айтарымызды білмей жатсақ, ‘Киелі Рухтың Өзі біз үшін өтініш етеді’. Сонда Киелі кітаптағы өз жағдайымызға сай келетін дұғаларды оқығанда, ‘дұғаны естіп тұрған’ Құдай оларды бізден естіп жатқандай қабылдай береді (Заб. 64:3).
8:38, 39. Апаттар да, зұлым рухани жаратылыстар да, жер бетіндегі билік иелері де бізді Ехобаның сүйіспеншілігінен айыра алмайды не біздің Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді өшіре алмайды.
9:22—28; 11:1, 5, 17—26. Исраилдің қалпына келуі туралы көптеген пайғамбарлықтар майланған мәсіхшілердің қауымына қатысты орындалған. Бұл қауымға ‘яһудилер ғана емес, басқа ұлттың’ адамдары да шақырылды.
10:10, 13, 14. Құдай мен жақындарымызға деген сүйіспеншілігіміз және Ехоба мен оның уәделеріне деген берік сеніміміз бізді қызметке белсене атсалысуға талпындырады.
11:16—24, 33. Құдайдың ‘мейірімі мен қатаңдығын’ үйлесімділікпен танытатыны неткен керемет! Иә, “Ол — Қорған, оның істері кемелді, жолдарының бәрі әділетті” (Заң. қ. 32:4, ЖД).
СЕНІМ АРҚЫЛЫ АҚТАЛҒАН АДАМДАРҒА ЛАЙЫҚ ӨМІР СҮРУ
Пауыл: “Сонымен, бауырластарым, бізге осындай мол мейірімін төккені үшін өздеріңді Құдай жолына арнауға шақырамын. Өмірлерің Құдайға ұнамды, толықтай бағышталған, тірі құрбандықтай болсын”,— дейді (Рим. 12:1). “Мәсіхшілердің сенім арқылы ақталатындығын ескерсек” дегенді білдіретін “сонымен” деген сөз бұдан кейінгі айтылатын кеңестер мәсіхшілердің өздеріне, өзгелерге және билік иелеріне деген көзқарастарына әсер ету керек екеніне нұсқайды.
Пауыл: “Әрбіреуіңе айтамын: өздерің туралы тиістісінен артық ойламаңдар!.. Сүйіспеншіліктерің адал болуы керек,”— деп кеңес береді (Рим. 12:3, 9). “Әрқайсың мемлекеттік билігі барларға бағыныңдар!” (Рим. 13:1). Ол мәсіхшілерді ар-ұжданға қатысты мәселелерде ‘бір-бірін айыптамауға’ шақырады (Рим. 14:13).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
12:20. “[Жауыңның] басына жанып тұрған көмірді үйе бересің” (Тт) деген сөздерді қалай түсінуге болады? Киелі кітап жазылған уақытта кенді пешке салып, шоқты оның астына ғана емес, үстіне де үйетін. Осының арқасында оның температурасы жоғарылайды да, металл балқып, қоспасынан бөлінеді. Тап сол сияқты, біз қайырымды істеріміз арқылы жауымыздың ‘басына жанып тұрған көмірді үйеміз’. Сонда оның қатуланған жүрегі жібіп, жақсы қасиеттер танытуы мүмкін.
12:21. Қалай біз ‘жамандықтан жеңілмей, оны жақсылықпен жеңіп шығамыз’? Бұның бір жолы — Патшалық туралы ізгі хабарды Ехобаның өзі жеткілікті деп тапқанша батылдықпен әрі табандылықпен уағыздай беру (Мар. 13:10).
13:1. “Мемлекеттік биліктің бәрі негізінде Құдайдан” деп қай мағынада айтылған? Мемлекеттік биліктің бәріне Құдай жол беріп отыр және Ол кейбір билік иелері жайында алдын ала білген. Мұны олар туралы Киелі кітаптағы кейбір пайғамбарлықтардан байқауға болады.
Біз үшін сабақ:
12:17, 19. Кек қайтару Ехобаның ісіне қол сұққанмен тең. ‘Жамандыққа жамандықпен қайтаратын’ адам өзі туралы тым көп ойлайтынын көрсетпей ме!?
14:14, 15. Бауырласымызға қандай да бір ас не ішімдік ұсыну арқылы оның ар-ұжданы мен сеніміне нұқсан келтіруден аулақ болуымыз керек.
14:17. Құдайдың ықыласына ие болу бірінші кезекте ас-судың қандай да бір түрін ішіп-жеуге не одан бас тартуға байланысты емес. Бұл әділ, өзара тату және қуанышты өмір сүруге байланысты.
15:7. Біз ешкімді алаламай, шындықты іздеп жүрген ақниетті адамның бәрін қауымға шақыруымыз керек және Патшалық туралы хабарды адамдардың бәріне айтуға тиіспіз.
[31-беттегі суреттер]
Мәсіхтің төлем құрбандығы оған дейін жасалған күнәлардың құнын өтей ала ма?