Үстеріңнен қойылғандарды құрметтеңдер
“[Адамдардың] бәрін сыйлаңдар, бауырластықты сүйіңдер, Құдайдан қорқыңдар, патшаны құрметтеңдер” (1 ПЕТІР 2:17).
1, 2. Бүгінгі күні адамдардың билікке байланысты көзқарасы қандай? Не себепті?
“БАЛАЛАР бетімен кетті. Ата-анасын сыйлауды білмейді”,— деп шағынды бір ана. Автомобильдің бамперіндегі жапсырмада: “Билікті мойындама”— деп жазылған. Бұлар өздеріңе таныс болуы тиіс осынау бүгінгі күнгі жағдайды бейнелейтін мысалдардың екеуі ғана. Ата-ананы, оқытушыларды, жұмыс берушілерді, мемлекеттік шенеуніктерді сыйламау дүние жүзі бойынша кеңінен тараған.
2 Бәлкім, кейбіреулер иығын қиқаңдатып: “Билігі барлар құрмет көрсетуіме лайық емес қой”,— дер. Кейде мұнымен келіспеу қиын. Қашан болмасын, ақшаға сатылған мемлекеттік шенеуніктер, қанағатсыз жұмыс берушілер, біліксіз мұғалімдер және қатыгез ата-аналар туралы хабарлар естіп жатамыз. Бақытымызға орай, мәсіхшілердің ішінде бірлі-жарымы ғана қауымда билік берілгендерді осындай адамдардың қатарына қосар еді (Матай 24:45—47).
3, 4. Мәсіхшілер неліктен билік басындағыларды сыйлауы керек?
3 Мәсіхшілер ретінде, мемлекеттік билігі бар әкімдерді сыйлауымызға “салмақты себеп” бар. Елші Пауыл мәсіхшілерге мынадай кеңес берген еді: “Мемлекеттік билігі бар әкімдерге бағыныңдар! Өйткені мемлекеттік биліктің бәрі негізінде Құдайдан; қазіргі билікті де Құдай орнатқан” (Римдіктерге 13:1, 2, 5, ЖД; 1 Петір 2:13—15). Сонымен қатар Пауыл отбасындағы билікке де бағынудың маңызды себебін көрсетті: “Әйелдер, күйеулеріңе мойынсұныңдар! Иемізбен байланыстағы сендердің осылай істегендерің жөн. Балалар, барлық жағдайда да ата-аналарыңның тілін алыңдар, өйткені Иемізге осы ұнайды!” (Қолостықтарға 3:18, 20). Қауым қариялары құрметке лайық, өйткені оларға ‘Киелі Рух бақыла деп берген [Құдайдың] қауымына қарау’ тапсырылған (Елшілердің істері 20:28). Біз адамдардың билігін Ехобаны құрмет тұтқандықтан сыйлаймыз. Ал Ехобаның билігін құрметтеу біз үшін әрқашан бәрінен де маңызды (Елшілердің істері 5:29).
4 Ехобаның ең жоғарғы биліктің иесі екенін есте сақтай отырып, билік берілгендерді сыйламаған адамдар мен сыйлаған адамдардың кейбір мысалдарын қарастырайықшы.
Сыйламайтындар айыпталады
5. Михал Дәуітті қалай кемсітті және нәтижесі қандай болды?
5 Дәуіт патшаның өмірінен Құдай берген билікті менсінбеген адамдарға Ехобаның қалай қарайтынын көруге болады. Дәуіт келісім сандығын Иерусалимге алып келген кезде, әйелі Михал, “Тәңірдің алдында секектеп, билеп келе жатқан Дәуіт патшаны көріп, жүрегінде оны кемсітеді”. Михал Дәуітті отбасының басы ғана емес, патша ретінде де мойындауы керек еді. Бірақ ол өзінің сезімін мысқылмен былай деп білдірді: “Өзінің күңдері мен құлдарының алдында жеңілтек адам сияқты көрініп, Исраил патшасы қалай көзге түсті десеңші бүгін!” Нәтижесінде Михал бала көтермейтін болып қалады (2 Патшалық 6:14—23).
6. Ехоба өзінің майлаған адамдарын сыйламаған Қорахтың әрекетін қалай бағалады?
6 Құдай тағайындаған теократиялық басшылықты сыйламағанын айқын көрсеткен адам — Қорах болды. Ол киелі шатырда Ехобаға қызмет ететін Кахаттың ұлдарының бірі болатын. Қандай артықшылыққа ие болған десеңші! Бірақ ол исраилдіктердің Құдай тағайындаған басшылары — Мұса мен Һаронға мін таға бастады. Қорах пен онымен сыбайлас исраилдік басшылар Мұса мен Һаронға дөрекілікпен: “Бүкіл жамағат қасиетті, барлығы да Тәңір солардың арасында! Онда неге сендер өздеріңді Тәңірдің халқынан жоғары қоясыңдар?” — деді. Қорах пен сыбайластарының бұл қылығына Ехоба қалай қарады екен? Ехоба олардың ісін Өзінің есімін масқаралау деп бағалады. Оларды қолдаған адамдарды тірідей жер жұтып қойғаннан кейін, Қорах пен 250 басшыны Ехоба жіберген от жалмап қояды (Санақ 16:1—3, 28—35).
7. “Озат елшілердің” Пауылдың билігін сынауына қандай да бір себеп болды ма?
7 Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер қауымында да теократиялық билікті мойындамағандар болды. Қорынт қаласының қауымындағы “озат елшілер” Пауылды сыйламады. Олар: “Жүзбе-жүз келгенде әлсіз, сөйлегені де мардымсыз”,— деп, Пауылдың шешендік қабілетін сынады (2 Қорынттықтарға 10:10; 11:5). Керемет шешен болған-болмағанына қарамастан, Пауыл, елші ретінде, құрметке лайық еді. Бірақ Пауылдың сөйлегені шынында да мардымсыз ба еді? Киелі кітапта жазылған көпшіліктің алдында сөйлегені, оның тыңдаушыларын сендіре білгенін көрсетеді. Мысалы, “иудейлердің барлық... даулы мәселелерін жақсы білетін” ІІ Ирод Агриппамен болған аз әңгіменің өзінде, патша: “Тағы біраздан соң сен мені мәсіхші болуға көндіресің”,— деп мойындады (Елшілердің істері 13:15—43; 17:22—34; 26:1—28, ЖД). Ал Қорынттағы “озат елшілер” оны сөйлей алмайды деп айыптады. Олардың бұл көзқарастарын Ехоба қалай бағалады екен? Ефестегі қауымның бақылаушыларына арналған сәлемдемесінде Иса Мәсіх, “жалған сөйлеп өздерін елшілерміз деп атайтындардың” ықпалына түспегендерге ризалығын білдірді (Аян 2:2).
Кемелсіз болғандарына қарамастан сыйлай білу
8. Ехобаның Сауылға берген билігін сыйлағанын Дәуіт қалай көрсетті?
8 Киелі кітапта тіпті билікті теріс пайдаланғандарына немесе қиянат еткендеріне қарамастан, билігі барларды құрметтеген адамдардың көптеген мысалдары бар. Осындай жақсы үлгі қалдырған адамдардың бірі — Дәуіт. Сауыл патша өзінің қол астында қызмет еткен Дәуіттің жетістіктерін көре алмай, оны өлтірмекші болады (1 Патшалық 18:8—12; 19:9—11; 23:26). Сөйтсе де Сауылды өлтіруге бірнеше рет мүмкіндігі болған Дәуіт былай деді: “Тәңір... өзінің майланғанына қол жұмсауыма жол бермесін” (1 Патшалық 24:4—7; 26:7—13). Дәуіт Сауылдың дұрыс істемей жүргенін білді, сөйтсе де сотты Ехобаның өзіне қалдырды (1 Патшалық 24:13, 16; 26:22—24). Ол Сауылды сыртынан да балағаттаған жоқ, өзімен сөйлескенде де оған тіл тигізбеді.
9. а) Сауылдың тарапынан қысым көргенде Дәуітті қандай сезім биледі? ә) Дәуіт Сауылға шынайы құрмет көрсетті деп не себепті айта аламыз?
9 Көрген зорлығы Дәуітті қинады ма екен? Дәуіт: “Күштілер мені өлтірмекші болып жүр”,— деп Ехобаға жүгінді (Забур 53:5). Ол көңіліндегінің бәрін Ехобаға ақтарды: “Жауларымнан құтқара гөр, Құдайым менің! Тәңірім, күштілер маған қарсы қылмысым мен күнәм үшін жиналып жатқан жоқ; Кінәм жоқ болса да жүгірісіп келіп, қаруланып жатыр; маған көмекке келіп, бұларды көрші” (Забур 58:2—5). Осындай сезім сендерге де таныс па? Билігі бар адамдардың, еш жамандық жасамасаңдар да, ренжіткен кездері болды ма? Дәуіт сонда да Сауылды сыйлай білді. Сауыл өлген кезде, оны табалап, қуанудың орнына, Дәуіт жоқтау өлеңін жазды: “Сауыл мен Жонатан, тірісінде бірін-бірі құрметтеп, тату тұрған... бүркіттен жылдам, арыстаннан күшті еді олар. Иерусалим қыздары, Сауылды жоқтап жылаңдар!” (2 Патшалық 1:23, 24). Дәуіт Сауылдың тарапынан жазықсыз қудалауға түскеніне қарамастан, Құдайдың майланғанына деген құрмет көрсетудің қандай керемет үлгісін көрсетті десеңші!
10. Пауыл Құдайдың басқарушы кеңеске берген билігін сыйлаудың қандай керемет үлгісін қалдырды және билікті сыйлағанының нәтижесі қандай болды?
10 Мәсіхшілердің арасында да Құдай орнатқан билікті құрметтегендер болды. Мысал ретінде Пауылды алайық. Ол бірінші ғасырдағы мәсіхшілер қауымының басқарушы кеңесінің қабылдаған шешімдерін сыйлады. Иерусалимде соңғы рет болған кезінде, басқарушы кеңес өзгелерге Мұсаның заңына теріс қарамайтынын көрсетуі үшін, Пауылға тазару рәсімінен өтуге кеңес береді. Пауылдың былай ойлауына болар еді: “Алдында, өміріме қауіп төнген кезде, олар менің Иерусалимнен кетуіме кеңес берді. Ал енді, олар халықтың алдында Мұсаның заңын сыйлайтынымды көрсеткенімді қалайды. Мен болсам, Ғалаттағы бауырластарға хат жазып, заңды ұстанбауға кеңес берген едім. Егер мен ғибадатханаға баратын болсам, өзгелер дұрыс түсінбей, сүндетке отырғандармен келісімге келді деп ойлауы мүмкін”. Бірақ Пауыл олай ойламаса керек. Өзінен мәсіхшілер принципін бұзу талап етілмегендіктен, ол бірінші ғасырдағы басқарушы кеңестің шешімін сыйлап, айтқандарын орындады. Осының артынша-ақ Пауылды иудейлердің тобырынан құтқаруға тура келді. Сонан соң оны екі жылға абақтыға жапты. Алайда, айналып келгенде, Құдайдың еркі орындалды. Пауыл Кесариядағы жоғары қызметтегі шенеуніктерге куәлік етті; сонан соң мемлекеттің ақшасына Римге жеткізілді де, патшаның өзіне куәлік етуге мүмкіндігі болды (Елшілердің істері 9:26—30; 21:20—26; 23:11; 24:27; Ғалаттықтарға 2:12; 4:9, 10).
Құрмет көрсетіп жүрсіңдер ме?
11. Мемлекеттік билігі барларды сыйлайтынымызды қалай көрсете аламыз?
11 Билігі барларға тиісті құрмет көрсетіп жүрсіңдер ме? Мәсіхшілерге ‘әркімге тиістісін беру... сый-құрмет пен қадірді — тиістілерге көрсету’ бұйырылған. Шын мәнінде мемлекеттік билігі бар әкімдерге бағыну — тек алым-салық төлеу ғана емес, іс-әрекетімізбен және сөзімізбен де құрмет көрсету (Римдіктерге 13:1—7). Ал мемлекеттік әкімдер бізге қаталдық көрсетіп жатса ше? Мексиканың Чьяпас штатындағы бір елді мекеннің басшылары белгілі діни мейрамға қатыспағандары үшін Ехоба Куәгерлерінің 57 отбасының жерін тартып алады. Осы мәселеге орай шешім қабылдау үшін өткен жиналыстарда таза әрі ұқыпты киінген Ехоба Куәгерлері әр уақытта адамгершілікпен әрі ізетпен сөйлейді. Бір жылдан аса уақыт өткен соң, олардың жерлерін қайтып беруге шешім қабылданады. Олардың осындай позициясын көрген кейбір адамдар оларды сыйлайтын болды, тіпті өздері де Ехоба Куәгерлері болғысы келеді!
12. Сенбейтін күйеулерімізді “шексіз құрметтегеніміз” неліктен маңызды?
12 Отбасында Ехоба орнатқан билікке қалай құрмет көрсетуге болады? Зұлымдық көріп азап шеккен Исаның үлгісін талқылап болған соң, елші Петір былай деді: “Әйелдер, сендер күйеулеріңе мойынсұнуларың керек; осылайша Құдайдың сөзін мойындамайтындары сөзбен емес, сендердің таза және Құдайдан қорқатын өмірлеріңді [“сендердің таза іс-әрекеттерің мен шексіз құрметтейтіндеріңді”, ЖД] көргенде, өз әйелдерінің өмір сүру қалпы арқылы сенімге келетіндей болсын” (1 Петір 3:1, 2; Ефестіктерге 5:22—24). Петір бұл жерде, әйелдердің, күйеуі құрметке лайықсыз болып көрінетін болса да, “шексіз құрметпен” мойынсұнғанының маңызды екендігіне баса көңіл аударады. Әйелі күйеуіне құрметпен қараса, сенбейтін ерінің жүрегі жібуі мүмкін.
13. Әйелдері күйеулеріне қалай құрмет көрсете алады?
13 Осы тармақтардың контексінде Петір біздің көңілімізді Құдайға сенім артудың керемет үлгісін көрсеткен Ыбырайымның әйелі Сараға бұрады (Римдіктерге 4:16, 17; Ғалаттықтарға 3:6—9; 1 Петір 3:6). Мәсіхші күйеулерге мәсіхші емес күйеулерге қарағанда азырақ құрмет көрсетілуі керек пе? Егер кейбір нәрселерге байланысты күйеулеріңмен келіспейтін болсаңдар ше? Иса осындай жағдайға байланысты қолдануға болатын кеңес берген: “Біреу сені өзімен бірге бір шақырым жер жүруге зорласа, сен онымен бірге екі шақырым жүр” (Матай 5:41). Оның қалауына сай әрекет етіп, күйеулеріңе құрмет көрсетесіңдер ме? Егер олай ету тым қиын болатын болса, ойларыңды күйеулеріңмен бөлісіңдер. Ол онсызда менің не ойлайтынымды біледі деп ойламаңдар. Алайда өз ойларыңды құрметпен білдіріңдер. Киелі кітап бізге мынадай өсиет береді: “Сөйлескенде ұдайы ниеттерің игі, сөздерің дәмді болсын, әрқайсысына қалай жауып беру керек екенін біліңдер” (Қолостықтарға 4:6).
14. Ата-анасын құрметтеу деген не?
14 Балалар, сендерге не айтуға болады? Құдай Сөзі былай деп бұйырады: “Балалар, Иеміздің еркіне мойынсұнып, әке-шешелеріңнің тілін алыңдар, өйткені осылай істегендерің дұрыс. “Ата-анаңды сыйла! — Бұл, Құдайдың бір уәдемен байланыстырып берген алғашқы өсиеті”” (Ефестіктерге 6:1—3). “Ата-анаңды сыйла!” деген сөздердің әке-шешелеріңнің тілін алыңдар деген сөздермен мағыналас екеніне көңіл аударыңдаршы. “Сыйлау” деп аударылған грек сөзі “жоғары бағалау” немесе “құнын білу” дегенді білдіреді. Сондықтан, тіл алу үшін, сендерге жөнсіз көрінсе де, ата-аналарыңның талаптарын қынжыла орындау жеткіліксіз. Құдай сендердің ата-аналарыңды шексіз құрметтеп, олардың басшылығын бағалауларыңды талап етеді (Нақыл сөздер 15:5).
15. Ата-аналары қателеседі деп ойлаған жағдайда да балалары қалай оларға сый-құрмет көрсете алады?
15 Егер ата-аналарың сыйлауды қиындататын нәрсе істесе ше? Барлық нәрсеге солардың көзімен қарауға тырысыңдар. Олар “сендерді дүниеге келтіріп”, бағып-қағып өсірген жоқ па? (Нақыл сөздер 23:22). Олар мұны сендерді сүйгендіктен істейді емес пе? (Еврейлерге 12:7—11). Ата-аналарыңмен құрметпен сөйлесіп, сезімдеріңді кішіпейілділікпен айтып түсіндіріңдер. Сөздеріңді қалай қабылдағаны көңілдеріңнен шықпаса да, дөрекі сөйлеуден сақ болыңдар (Нақыл сөздер 24:29). Сауыл Құдайдың еркіне қарсы әрекет еткен кезде де, Дәуіттің оны сыйлай білгенін ұмытпаңдар. Ехобадан сезімдерімізге ие бола білуімізге көмектесуін сұраңдар. Дәуіт: “Оның алдында жүректеріңдегіні ашып айтыңдар: Құдай біздің сүйенішіміз”,— деген болатын (Забур 61:9; Еремияның зары 3:25—27).
Басшылықты қолына алғандарды құрметтеңдер
16. Жалған оқытушылар мен періштелердің мысалынан не нәрсеге үйрене аламыз?
16 Қауым қариялары киелі рух арқылы тағайындалады. Бірақ, кемелсіз болғандықтан, олар да қателеседі (Забур 129:3; Екклесиаст 7:20; Елшілердің істері 20:28; Жақып 3:2). Сол себепті қауымдағы кейбіреулердің қарияларға көңілі толмауы мүмкін. Егер қауымда қандай да бір нәрсе дұрыс істелмей жатса, болмаса бізге солай көрінсе, не істеу керек? Бірінші ғасырдағы жалған оқытушылар мен періштелердің арасындағы айырмашылыққа көңіл бұрыңдаршы: “Дөрекі, жүгенсіз кеткен және жоғарыдағыларды балағаттаудан қаймықпайды. Ал, Періштелер болса, күш-қуаты олардан зор болғанымен, Тәңірдің алдында [“Ехобаны құрмет тұтқандықтан”, ЖД] оларды айыптамайды” (2 Петір 2:10—13). Жалған оқытушылар “жоғарыдағыларға”, яғни бірінші ғасырдағы мәсіхшілер қауымында билік берілген қарияларға тіл тигізсе, періштелер бауырластардың арасына іріткі салып жүрген жалған оқытушыларға еш тіл тигізген жоқ. Адамдардан жоғары сатыда тұрған және әділдік сезімдері де жоғары періштелер қауымда қандай жағдай болып жатқанын жақсы білген. Сөйтсе де олар “Ехобаны құрмет тұтқандықтан” сотты Құдайға қалдырған (Еврейлерге 2:6, 7; Иуда 9).
17. Біздің ойымызша қариялардың кінәсынан болды деп ойлаған қиын жағдайға тап болғанда сеніміміз қалай көмектеседі?
17 Қандай да бір нәрсе дұрыс істелмей жатқан күннің өзінде, мәсіхшілердің қауымының Басшысы Иса Мәсіхке сенім артуымыз керек емес пе? Ол өзінің дүниежүзілік қауымында не болып жатқанын біледі емес пе? Біз оның қиыншылықты шешетін өзінің тәсілін сыйлап, бәрін де бақылап отырғанын мойындауымыз керек емес пе? Шындығында, ‘жақынымызды соттайтындай біз кімбіз?’ (Жақып 4:12, ЖД; 1 Қорынттықтарға 11:3; Қолостықтарға 1:18). Неге өзіңді мазалаған нәрсені дұға арқылы Ехобаға ашпасқа?
18, 19. Қария қателесті деп ойлаған жағдайда не істеуіңе болады?
18 Адамдардың барлығы да кемелсіз болғандықтан, қиыншылықтар мен проблемалар болуы мүмкін. Тіпті қарияның қателігі біреулерді мазалайтын кездер де болуы мүмкін. Мұндай кездегі асығыс жасаған әрекетіміз жағдайды өзгертпейді. Керісінше, проблеманы қиындатып жіберуі мүмкін. Рухани зерек адамдар Ехобаның өз уақытында жағдайды түзеп, кінәлы адамды, қажет болса, өз жолымен тәртіпке салуын күтеді (2 Тімотеге 3:16; Еврейлерге 12:7—11).
19 Егер сені бір нәрсе тым қатты мазаласа ше? Қауымдағы өзге бауырластармен бөліскенше, неге ізетпен қариялардан көмек сұрамасқа? Ешкімді мінемей, не нәрсе мазалайтынын айтыңдар. Әрқашан қарияларды қолдап ‘жанашырлық’ танытып, оларға сенім артып, сыйластық сақтаңдар (1 Петір 3:8, ЖД). Мысқылдап сөйлемеңдер, қайта олардың рухани толысқан мәсіхші екеніне сенім артыңдар. Олардың, қандай болмасын, Киелі кітапқа сүйеніп мейіріммен айтқан жігерлендіретін сөздерін ризалықпен қабыл алыңдар. Жағдайды дұрыстау үшін өзге де шара қолдану керек болған жағдайда, қариялардың Ехобаның басшылығымен дұрыс әрі әділ әрекет ететініне сенімді болыңдар (Ғалаттықтарға 6:10; 2 Салониқалықтарға 3:13).
20. Келесі мақалада нені талқылаймыз?
20 Бірақ билігі барларды сыйлап, құрмет көрсетуге байланысты қарастыратын тағы бір мәселе бар. Билігі барлар да өздерінің қамқорлығына берілгендерді сыйлаулары керек емес пе? Келесі мақалада осы мәселені талқылайық.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Билігі барларды сыйлауымызға қандай салмақты себеп бар?
• Құдай берген билікті сыйламайтындарды Ехоба мен Иса қалай бағалайды?
• Билігі барларды сыйлағандардың қандай керемет үлгілері бар?
• Біздің үстімізден билік жүргізетіндер қателесетін сияқты болып көрінсе не істеуімізге болады?
[8-беттегі сурет]
Сара Ыбырайымның билігін аса құрметтеген және бақытты болған.
[9-беттегі сурет]
Михал Дәуіттің отағасы және патша ретіндегі билігіне құрмет көрсетпеді.
[10-беттегі сурет]
“Тәңір... өзінің майланғанына қол жұмсауыма жол бермесін”.
[12-беттегі сурет]
Неге өзіңді мазалаған нәрсені дұға арқылы Ехобаға ашпасқа?