Құдай бізге сүйіспеншілігін көрсетуде
“Рақым мәңгілік өмірге жеткізетін әділдік арқылы патшалық етеді” (РИМ. 5:21).
1, 2. Қандай екі сый құнды деп саналуы мүмкін және қайсысының құны анағұрлым жоғары?
МЕЛЬБУРН (Австралия) университетінің профессоры Дейвид Уильямстың айтуынша, Рим империясының заңдары адамзат қоғамына қалдырылған құндылығын жоғалтпайтын сый болып табылады. Алайда Киелі кітапта Құдайдың бізге одан әлдеқайда құнды әрі сүйіспеншілікке толы сый бергені айтылған. Бұл сый — Құдайдың шарасы. Ехоба оны адам баласы өзіне ұнамды болу әрі әділ деп саналу үшін, сондай-ақ құтқарылып, мәңгілік өмірге жету үшін жасады.
2 Бұл сый заңды түрде берілу үшін Құдай бірнеше қадам жасаған. Римдіктерге арналған хаттың 5-тарауында елші Пауыл бұл қадамдарды құрғақ, ұзын-сонар заңи сөздермен суреттемеген. Қайта, келесідей зор сенімділік беретін сөздермен бастаған: “Сенім арқылы әділ деп жарияланғандықтан, Иеміз Иса Мәсіх арқылы Құдаймен тату болып қала берейік”. Құдайдың сыйына ие болғандар сүйіспеншілікке сүйіспеншілікпен қайтаруға ықыласты болады. Сондай адамдардың бірі Пауыл болған. Ол: “Киелі рух арқылы жүрегіміз Құдайдың сүйіспеншілігіне кенелді”,— деп жазды (Рим. 5:1, 5).
3. Біз қандай сұрақтарды қарастырамыз?
3 Алайда сүйіспеншілікке толы мұндай сый не үшін қажет болды? Қалай Құдай бұл сыйды әділ әрі барлық адамдар игілігін көре алатындай жолмен ұсынды? Осы сыйға ие бола алу үшін адамдардан не талап етіледі? Бұл сұрақтарға қанағаттандырарлық жауап тауып, олардың Құдайдың сүйіспеншілігіне қалай баса назар аударатынын көрейік.
Құдайдың күнәкарларға көрсеткен сүйіспеншілігі
4, 5. а) Қалай Ехоба зор сүйіспеншілік танытты? ә) Қандай жайтты білгеніміз Римдіктерге 5:12-ні түсінуге көмектеседі?
4 Ехоба зор сүйіспеншілік танытып, өзінің жалғыз Ұлын адамзатқа көмектесу үшін жіберді. Пауыл бұл ойды: “Құдай бізге сүйіспеншілігін көрсетіп, әлі де күнәкар болғанымызда Мәсіх біз үшін өмірін қиды”,— деп жеткізді (Рим. 5:8). Мұндағы “әлі де күнәкар болғанымызда” деген сөздер туралы ойланып көрші. Барлығымыз да қалай күнәкар болғанымызды білуіміз керек.
5 Пауыл адамзаттың күйін суреттеуді былай бастады: “Бір адам арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді, осылайша адамдардың бәрі өлетін болды, себебі бәрі күнә жасады” (Рим. 5:12). Құдай Сөзінде адам баласының өмірі қалай бастау алғаны жайында жазылғандықтан, біз Пауылдың бұл сөздерін түсіне аламыз. О баста Ехоба екі адамды, Адам ата мен Хауа ананы, жаратты. Жаратушымыз кемелді болғандықтан, түп ата-анамыз да кемелді болған. Құдай оларға бір ғана заң беріп, оны бұзса өлімге кесілетіндерін айтты (Жар. 2:17). Сөйтсе де олар арты насырға шабатын әрекетке барып, Құдайдың ойға қонымды нұсқауын бұзуымен Заң шығарушы әрі Әлемнің Әміршісінен бас тартты (Заң. қ. 32:4, 5).
6. а) Адам атаның ұрпақтары неліктен өлетін болды және Мұса заңы жағдайды өзгертті ме? ә) Тұқым қуалайтын ауруды немен салыстыруға болады?
6 Адам ата күнә жасағаннан кейін ғана әке болған, сондықтан күнә мен оның салдары барлық ұрпақтарына берілді. Әрине, олар Адам атаға берілген заңды бұзған жоқ, сол себепті сондай күнә үшін айыпты емес. Сондай-ақ оларға ешқандай заң жиынтығы да берілген жоқ еді (Жар. 2:17). Десе де Адам атаның ұрпақтары күнәні мұра етті. Демек, Құдай исраилдіктерге күнәкар екендерін анық көрсететін заң бергенге дейін де, күнә мен өлім билік етіп келген (Римдіктерге 5:13, 14 оқы). Мұра етілген күнәні тұқым қуалайтын аурулармен салыстыруға болады. Алайда бір ескеретін жайт — мұндай аурулар отбасындағы барлық балаларға берілмеуі мүмкін. Ал күнә жайлы бұлай дей алмаймыз: бәріміз де Адам атадан күнәні мұра еттік, сондықтан да өлеміз. Бұдан құтылудың жолы бар ма еді?
Құдайдың Иса Мәсіх арқылы жасаған шарасы
7, 8. Екі кемелді адамның әрекеті қандай екі түрлі нәтиже әкелді?
7 Ехоба сүйіспеншілік танытып, адамзат мұра еткен күнәдан арыла алу үшін қам жасады. Пауылдың айтуынша, адамзат күнәдан өзге бір кемелді адамның, яғни соңғы Адамның, арқасында арыла алар еді (Қор. 1-х. 15:45). Кемелді болған екі адамның әрекетінің нәтижесі бір-біріне мүлдем ұқсамады. Сонда қалай? (Римдіктерге 5:15, 16 оқы).
8 Пауыл: “Құдайдың сыйы мен Адам атаның күнәсі салыстыруға келмейді”,— деп жазды. Адам ата күнәсі үшін лайықты жазасын алып, өлімге кесілді. Алайда өлімге кесілген ол ғана емес. Өзіміз оқығандай: “Бір кісінің күнәсі арқылы көп адам өлді”. Адам атаға шығарылған әділ үкім бойынша, бізді қоса алғанда, оның барлық кемелсіз ұрпақтарының да өлімге кесілуі талап етілді. Сөйтсе де кемелді адам болған Исаның әрекеті мүлдем басқа нәтиже әкелгенін білгеніміз жұбаныш береді. Ал оның әрекетінің нәтижесі қандай болды? Бұл сұрақтың жауабы Пауылдың “барлық адамдар өмір сүру үшін әділ деп жарияланады” деген сөздерінен көрінеді (Рим. 5:18).
9. Римдіктерге 5:16, 18-де айтылғандай, адамдарды әділ деп жариялау үшін Құдай не істеді?
9 “Әділ деп жариялану” деген мағынаны беретін грек сөздері нені білдіреді? Бір Киелі кітап аудармашысының айтуынша, бұл — заңи метафора. Ол адамның болмысының өзгеруіне емес, Құдай алдындағы күйінің өзгеруіне нұсқайды. Бұл метафорада Құдай, былайша айтқанда, сот ісін қарастырып жатқанда, әділетсіздік жасағаны үшін алдына әкелінген айыпталушыны ақтаған сот ретінде бейнеленген.
10. Адамдардың әділ деп жариялануына негіз болу үшін Иса не істеді?
10 Бүкіл әлемнің әділ Қазысы әділетсіз адамдарды не нәрсеге негізделіп ақтай алды? (Жар. 18:25). Сүйіспеншілікке толы Құдай өзінің жалғыз Ұлын жерге жіберіп, адамдарды ақтауға негіз болатын бірінші қадамды жасады. Ал Иса сынақтарға ұшырағанына, адам төзгісіз келеке-мазаққа қалғанына және қорлық көргеніне қарамастан, Әкесінің еркін мүлтіксіз орындады. Ол азап бағанасында өлуге тура келсе де, мінсіздігінен таймады (Евр. 2:10). Осылайша кемелді өмірін құрбан етіп, Адам атаның ұрпақтарын күнә мен өлімнен азат ететін төлем ұсынды (Мат. 20:28; Рим. 5:6—8).
11. Төлем не нәрсеге сай келу керек?
11 Басқа бір хатында Пауыл төлемге қатысты “сай келетін төлем” дегенге нұсқайтын тіркесті қолданған (Тім. 1-х. 2:6 сілт.). Ол не нәрсеге сай келу керек еді? Адам ата өзінің миллиардтаған ұрпағын кемелсіздік пен өлімге ұшыратты. Бірақ кемелді болған Иса миллиардтаған кемелді адамды дүниеге әкеле алар едіa. Сондықтан бұрын былай түсіндірілген еді: Иса мен оның туылуы мүмкін барлық кемелді ұрпағының өмірі Адам ата мен оның кемелсіз ұрпақтарының өміріне сай келетін құрбандықты құрайды. Алайда Киелі кітапта Исаның туылуы мүмкін ұрпақтары төлемнің бір бөлігін құрайды деген ой кездеспейді. Римдіктерге 5:15—19 тармақтарда “бір кісінің” ғана өлімі адамзатты азаттыққа жеткізетіні анық айтылған. Иә, Исаның кемелді өмірі Адам атаның өміріне сай келген. Пауыл тек Иса Мәсіхке төлем беруші ретінде баса назар аударған, әрі солай болу керек те. Исаның “бір әділ ісінің арқасында”, яғни өлімге дейін мойынсұнғанының және мінсіздігін сақтағанының арқасында, барлық адамдар әділ деп жариялану сыйына және өмірге ие бола алды (Қор. 2-х. 5:14, 15; Пет. 1-х. 3:18). Бұл қалай мүмкін болды?
Төлемнің негізінде ақталу
12, 13. Неге адамдар әділ деп жарияланса да, Құдайдың мейірімділігі мен сүйіспеншілігіне мұқтаж?
12 Ехоба Құдай Ұлының төлем құрбандығын қабыл алды (Евр. 9:24; 10:10, 12). Сөйтсе де адал елшілерін қоса алғанда, Исаның шәкірттері кемелсіз болып қала берді. Сондықтан қателік жасамауға қанша тырысқанмен, бұл үнемі қолдарынан келе бермейтін. Неге? Өйткені олар күнәні мұра еткен (Рим. 7:18—20). Бірақ жағдайды өзгерту Құдайдың қолынан келетін, әрі ол солай етті де. Ол Ұлының “сай келетін төлемін” қабыл алып, өзінің жер бетіндегі қызметшілерінің игілігі үшін қолданды.
13 Құдай елшілер мен өзге қызметшілерінің қандай да бір игі істері үшін төлем құрбандығын қолдануға міндетті емес еді. Бұған оны мейірімділігі мен зор сүйіспеншілігі талпындырды. Құдай оларды мұра еткен күнәдан ақталған деп қарастырып, шығарылған үкімнің күшін жоюды шешті. Пауыл бұны: “Сендер осы рақымның арқасында сенімдерің арқылы құтқарылдыңдар. Бұл — өздеріңнің жетістіктерің емес, Құдайдың сыйы”,— деп анық түсіндірді (Ефес. 2:8).
14, 15. Құдай әділ деп жариялағандарды қандай бата күтіп тұр және оны иемдену үшін олар не істеу керек?
14 Құдіреті шексіз Құдайдың адамның мұра еткен күнәсін, сондай-ақ жасаған қателіктерін кешіруі — неткен зор сый десеңші! Адамның мәсіхші болмай тұрып жасаған күнәларының санына жету мүмкін емес, десе де Құдай солардың бәрін төлемге негізделіп кешіре алады. Пауыл: “Көп күнә жасалғаннан кейін, көптеген адамдар әділ деп жариялану үшін сый берілді”,— деп жазды (Рим. 5:16). Әділ деп жариялану үшін берілген осы сыйды қабылдаған елшілер мен өзгелер шынайы Құдайға сеніммен қызмет етулерін тоқтатпаулары керек еді. Бүгінде майланған мәсіхшілер де солай етулері керек. Ал мұның батасы қандай болмақ? “Зор рақым мен әділдік сыйын қабылдағандар да бір кісі, яғни Иса Мәсіх, арқылы өмір сүріп, патшалық етеді”. Расында да, әділдік сыйы өмірге жеткізеді (Рим. 5:17; Лұқа 22:28—30 оқы).
15 Бұл сыйды қабылдап, әділ деп жарияланғандар Құдайдың рухани ұлдары болады. Мәсіхпен бірге мұралас олардың рухани тұлға ретінде көкте қайта тіріліп, Құдайдың нағыз ұлдары болуға және Иса Мәсіхпен бірге “патшалық етуге” үміттері бар (Римдіктерге 8:15—17, 23 оқы).
Құдайдың өзгелерге көрсеткен сүйіспеншілігі
16. Жер бетінде мәңгі өмір сүруге үміті бар адамдар Құдайдың қандай сыйына ие бола алады?
16 Құдайға сенетін әрі оған қызмет ететін адал мәсіхшілердің бәрі бірдей Мәсіхпен бірге “патшалық етеміз” деп күтпейді. Олардың көбі мәсіхшілерге дейін өмір сүрген Құдайдың қызметшілері сияқты, Киелі кітапта уәде етілген жұмақ орнаған жер бетінде өмір сүру үмітіне ие. Олар қазірдің өзінде сүюші Құдайдың сыйына ие болып, жерде мәңгі өмір сүру үшін оның көз алдында әділ болып есептеле ала ма? Пауылдың Римдіктерге арналған хатына сай, “иә” деуге болады!
17, 18. а) Сенімінің арқасында Ыбырайым не нәрсеге ие болды? ә) Ехоба ненің негізінде Ыбырайымды әділ деп санады?
17 Пауыл исраилдіктерге заң берілмей тұрғанда, сондай-ақ Мәсіх көктегі өмірге әлі жол ашпаған кезде өмір сүрген сенімі мықты болған Ыбырайымды мысал ретінде келтірді (Евр. 10:19, 20). Ол былай деп жазды: “Ыбырайым мен оның ұрпағына дүниенің мұрагері боласың деген уәде заңды ұстанғаны үшін емес, сенімі арқылы әділ деп есептелгені үшін берілді” (Рим. 4:13; Жақ. 2:23, 24). Осылайша Құдай адал Ыбырайымды әділ деп есептеген (Римдіктерге 4:20—22 оқы).
18 Бұл Ехобаға ондаған жылдар бойы қызмет еткен Ыбырайым күнә жасамады дегенді білдірмейді. Ол мұндай мағынада әділ болған жоқ (Рим. 3:10, 23). Шексіз даналықтың иесі Ехоба Ыбырайымның керемет сенімі мен соған сай жасаған істерін ескерді. Мысалы, Ыбырайым өзінің әулетінен шығатын уәде етілген “ұрпақтың” келетініне сенген. Бұл Ұрпақ Мәсіх болуы керек-тін (Жар. 15:6; 22:15—18). Сонымен, “Иса Мәсіхтің төлеген құнының” негізінде адамзатты Соттаушы Ехоба бұрын жасалған күнәларды кешіре алады. Сондықтан қайта тірілетіндердің арасында мәсіхшілерге дейін өмір сүрген Ыбырайым мен сенімі мықты болған өзге де адамдар бар (Римдіктерге 3:24, 25 оқы; Заб. 31:1, 2).
Қазірдің өзінде әділ деп есептелгенің қуаныш сыйласын
19. Неге Құдайдың Ыбырайымға деген көзқарасы бүгіндегі мәсіхшілердің жанына жылы тиеді?
19 Сүйіспеншіліктің Құдайы Ехобаның Ыбырайымды әділ деп тапқаны бүгіндегі шынайы мәсіхшілердің жүрегіне жылы тиеді. Ехоба Ыбырайымды “Мәсіхпен мұралас” болу үшін рухпен майланғандардың жағдайындағыдай емес, басқа мағынада әділ деп жариялады. Рухпен майланған сол шағын топ “қасиетті болуға шақырылған” әрі “Құдайдың балалары” болып есептеледі (Рим. 1:7; 8:14, 17, 33). Ал Ыбырайым төлем құрбандығы берілмей тұрып, “Ехобаның досы” деп аталды (Жақ. 2:23; Ишая 41:8). Олай болса, қалпына келтірілген жердегі жұмақта өмір сүруге үміті бар шынайы мәсіхшілер жөнінде не деуге болады?
20. Құдай бүгінде Ыбырайым сияқты әділ деп саналатын адамдардан не күтеді?
20 Бұл мәсіхшілер “Иса Мәсіхтің төлеген құнының негізінде азат етіліп”, көкте өмір сүруге үміт беретін “әділдік сыйын” алған жоқ (Рим. 3:24; 5:15, 17). Десе де олар Құдайдың ұйымдастырған шараларына барынша сенеді әрі мұнысын игі істерімен көрсетеді. Мұндай істердің бірі — “Құдай патшалығы туралы уағыздап, Иеміз Иса Мәсіх жайлы тәлім беру” (Ел. іс. 28:31). Сондықтан Ехоба Ыбырайымды қалай әділ деп есептесе, оларды да солай есептейді. Олардың алатын сыйы майланғандардікінен өзгеше: олар Құдайдың досы болады. Бұл сый үшін олар дән риза.
21. Ехобаның сүйіспеншілігі мен әділдігінің арқасында қандай игілікке жол ашылды?
21 Адами басшылар көп нәрсені уәде етеді, бірақ олар мәңгілік өмірге деген үміт бере алмайды. Мұндай үмітті өз ниетіне сай Әлемнің Әміршісі ғана бере алады. Ехоба ниетін жүзеге асыру үшін бірте-бірте қадамдар жасады. Оның бұл қадамдары шынайы әділдікке сай жасалды, әрі бұлардан Құдайдың зор сүйіспеншілігі көрінеді. Сондықтан Пауыл: “Құдай бізге сүйіспеншілігін көрсетіп, әлі де күнәкар болғанымызда Мәсіх біз үшін өмірін қиды”,— дей алды (Рим. 5:8).
[Сілтеме]
a Мысалы, ұрпақтарға қатысты мұндай тұжырым “Киелі жазбаларды түсіну” (ағ.) энциклопедиясының 2-том, 736-бет, 4, 5-абзацтарында жазылған.
Естеріңде ме?
• Адам атаның ұрпақтары нені мұра етті және мұның салдары қандай болды?
• Сай келетін төлем қалай төленді және ол не нәрсеге сай келді?
• Әділ деп жариялану сыйы сен үшін не нәрсеге жол ашады?
[13-беттегі сурет]
Кемелді Адам ата күнә жасады,
ал кемелді Иса “сай келетін төлем” ұсынды
[15-беттегі сурет]
Исаның арқасында әділ деп жариялана алатынымыз — керемет “ізгі хабар”!