Қауым Ехобаны дәріптесін
“Атыңды бауырластарыма білдіремін, Қауым жиынында Сені дәріптеймін” (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 2:12).
1, 2. Неге қауымның пайдасы зор және оның құрылуының басты мақсаты қандай?
ҒАСЫРЛАР БОЙЫ адам баласы үшін отбасы бауырмалдықты сезініп, көңілі жай табатын орта болып келген. Алайда Киелі кітаптан көрінетіндей, бүгінде дүние жүзіндегі миллиондаған адам бір-бірімен осындай ерекше қарым-қатынаста болып, өздерін қауіпсіздікте сезінетін тағы бір орта бар. Бұл — мәсіхшілер қауымы. Сенің отбасыңдағы қарым-қатынас қандай болмасын, Құдайдың қауым арқылы жасап жатқан шараларын бағалайтыныңды көрсете аласың, әрі көрсетуің керек те. Әрине, Ехоба Куәгерлерінің қауымымен біраз уақыттан бері араласып жүрген болсаң, ол жерде достық қарым-қатынас пен қауіпсіздік орнаған деп сенімді түрде айта аласың.
2 Қауым — жай ғана қоғамдық топ емес. Ол — қандай да бір спорт түрімен шұғылданатын не бірдей нәрселермен әуестенетін, я болмаса өмір жолдары ұқсас адамдар жиналып тұратын қандай да бір үйірме не клуб емес. Қауым негізінен Ехоба Құдайды мадақтау үшін құрылған. Ғасырлар бойы қауымның мақсаты осындай болып келген. Мұны Забур жырларынан көруге болады. Мысалы, Забур 34:18-де былай делінген: “Мен сені ұлы жиында [қауымда] мадақтаймын, Сені қаптаған халық арасында ардақтап көкке көтеретін боламын”. Ал Забур 106:31, 32 бізді мынаған шақырады: “Жаратқан Иені ылайым Оның мейірімі үшін және азамат ұлдарына жасаған Оның ғажайып істері үшін ұлықтай берсін! Ылайым Оны халық жиналысында ардақтасын [“дәріптесін”, ЖД]”.
3. Пауылдың айтуынша, қауым қандай қызмет атқарады?
3 Елші Пауыл қауымның тағы бір маңызды қызметіне көңіл аударып, былай деді: “[Құдайдың] “отбасы” — мәңгі тірі Құдайдың қауымы, ол шындықты тірек, таяныш секілді жоғары көтеріп ұстайды” (Тімотеге 1-хат 3:15). Бұл жерде ол қандай қауым туралы айтқан? Киелі кітапта “қауым” сөзі жалпы қандай мағыналарда қолданылған? Ол біздің өміріміз бен болашағымызға қалай әсер ету керек? Алдымен, “қауым” сөзінің Киелі кітаптағы қолданысын қарастырайық.
4. Еврей жазбаларында “қауым” сөзі көбінесе қалай қолданылған?
4 Жиі “қауым” деп аударылатын еврей сөзі “шақырып алу” немесе “жиналу” дегенді білдіретін етістіктен шыққан. Қазақ тіліндегі Киелі кітапта бұл сөз мәнмәтінге қарай “жиын”, “жиналыс”, “тобыр”, “топ” және тағы басқа сөздермен берілген (Заңды қайталау 4:10; 9:10). Забур жыршысы осы еврей сөзін көктегі періштелерге, сондай-ақ зұлым адамдарға қатысты қолданған (Забур 25:5; 88:6—8). Алайда Еврей жазбаларында ол көбінесе исраилдіктерге қатысты қолданылған. Құдай Жақыптан ‘бір топ ұлттардың [“қауымның”, ЖД] тарайтынын’ айтқан, әрі бұл солай болды (Жаратылыс 28:3; 35:11; 48:4). Исраил халқы “Жаратушы Иенің қауымы” не ‘Құдайдың қауымы’ болу үшін шақырылды, немесе таңдалды (Руларды санау 20:4; Нехемия 13:1; Ешуа 8:35; Патшалықтар 1-жазба 17:47; Миха 2:5).
5. Гректің қандай сөзі әдетте “қауым” деп аударылады және ол неге қатысты қолданылған?
5 Аталмыш сөздің грек тіліндегі экклеси́а деген баламасы “шақырып алу” дегенді білдіретін екі грек сөзінен шыққан. Бұл сөз Деметір Ефестегі Пауылға қарсы айдап салған ‘жиналыс’ сияқты діни емес топқа қатысты қолданылуы мүмкін (Елшілердің істері 19:32, 39, 40). Алайда Киелі кітапта ол негізінен мәсіхшілер қауымына қатысты қолданылған. Кейбір аудармаларда бұл сөз “шіркеу” деп тәржімеленген. Бірақ бір Киелі кітап сөздігінде айтылғандай, ол “мәсіхшілер ғибадат ету үшін жиналатын орынды білдірмейді” (The Imperial Bible-Dictionary). Бір көңіл қоярлық жайт, Грек жазбаларында “қауым” сөзі, кем дегенде, төрт мағынада қолданылған.
Құдайдың майланған қауымы
6. Дәуіт те, Иса да қауым жиынында не істеген?
6 Елші Пауыл Забур 21:23-тегі Дәуіттің сөздерін Исаға қатыстырып былай деген: ‘“Атыңды бауырластарыма білдіремін, Қауым жиынында Сені дәріптеймін”. Сондықтан Ол барлық жағынан бауырластарына ұқсас болуға тиіс еді. Осылай Мәсіх Құдайға қызмет ететін қайырымды да адал Бас діни қызметкер болды’ (Еврейлерге 2:12, 17). Дәуіт Құдайды ежелгі Исраил қауымында мадақтаған (Забур 39:10). Ал бұл жерде Иса Құдайды “қауым жиынында” дәріптеді деуімен Пауыл қандай қауым жайлы айтқан еді?
7. Мәсіхшілердің грек жазбаларындағы “қауым” сөзінің негізгі мағынасы қандай?
7 Пауылдың Еврейлерге 2:12, 17-дегі сөздерінің зор мәні бар. Ол жерден Мәсіхтің, белгілі бір мағынада, Құдайдың есімін бауырластарына паш еткен қауымның мүшесі болғаны көрінеді. Ал оның бауырластары кімдер еді? Олар ‘Ыбырайым ұрпақтарының’ бөлігін құрайтын ‘көкке шақырылғандар’, Мәсіхтің киелі рухпен майланған бауырластары (Еврейлерге 2:16—3:1; Матай 25:40). Демек, Мәсіхшілердің грек жазбаларындағы “қауым” сөзі негізінен Мәсіхтің киелі рухпен майланған ізбасарларынан құралған топты білдіреді. Осы 144 000 майланған мәсіхші “көкте жазылған тұңғыш туылғандар қауымын” құрайды (Еврейлерге 12:23, ЖД).
8. Иса мәсіхшілер қауымының құрылатынын алдын ала қалай көрсетті?
8 Иса осы мәсіхшілер ‘қауымының’ құрылғалы жатқанын көрсеткен болатын. Ол өлімінен бір жыл бұрын бір елшісіне былай деген: “Бұдан былай сенің атың Петір болады. Сол іргетастың үстіне Мен Өзіме сенушілердің қауымын саламын. Оны тіпті өлімнің күштері де жеңе алмайтын болады” (Матай 16:18). Петір де, Пауыл да мұндағы алдын ала айтылған іргетастың Исаның өзі екенін дұрыс түсінген. Петір іргетасқа, яғни Мәсіхке, рухани үйдің ‘тірі тастары’ іспетті қаланған адамдардың өздерін шақырған ‘Тәңірдің қасиеттілігін жариялауға таңдалған Құдайдың меншікті халқы’ болғанын жазды (Петірдің 1-хаты 2:4—9; Забур 117:22; Ишая 8:14; Қорынттықтарға 1-хат 10:1—4).
9. Құдайдың қауымы қашан құрыла бастады?
9 Осы “Құдайдың меншікті халқы” қашан мәсіхшілер қауымы болып құрыла бастады? Ол б. з. 33 жылы Алғашқы өнім мейрамында Құдай Иерусалимге жиналған шәкірттерге киелі рухын төккен кезде құрыла бастады. Осы оқиғадан кейін Петір яһудилер мен яһуди дініне кірген адамдар алдында шеберлікпен сөз сөйлейді. Исаның өлімі көп адамға қатты әсер етеді, сөйтіп, олар күнәларына өкініп, шомылдыру рәсімінен өтеді. Киелі кітаптан үш мың адамның осындай қадамдар жасап, Құдайдың жаңадан құрылған әрі өсіп келе жатқан қауымының мүшелері болғанын білеміз (Елшілердің істері 2:1—4, 14, 37—47). Яһудилер мен яһуди дініне кіргендердің осы қауымға көптеп қосылуының себебі — олар Исраил халқының бұдан былай Құдайдың қауымы болмайтынын түсінді. Енді майланған мәсіхшілерден құралған ‘Құдайдың рухани Исраил халқы’ Құдайдың шынайы қауымына айналды (Ғалаттықтарға 6:16; Елшілердің істері 20:28, сілтеме).
10. Иса мен Құдай қауымының арасында қандай байланыс бар?
10 Киелі кітапта Иса мен майланғандар жиі ажыратып көрсетіледі. Мұны, мысалы, “Мәсіхке және қауымға байланысты” деген тіркестен көруге болады. Иса — осы киелі рухпен майланған мәсіхшілер қауымының Басы. Пауыл былай деген болатын: “Құдай... [Мәсіхті] барлығынан да жоғары қойып, сенушілер қауымының Басы етті. Ал қауым — Мәсіхтің рухани денесі” (Ефестіктерге 1:22, 23; 5:23, 32; Қолостықтарға 1:18, 24). Бүгінде жер бетінде осы қауымның майланған мүшелерінің азғана тамтығы қалған. Қауымның Басы Иса Мәсіхтің оларды жақсы көретініне сенімді болуымызға болады. Исаның оларға деген сезімі жайлы Ефестіктерге 5:25-те былай делінген: ‘Мәсіх қауымды сүйді, қауым үшін жанын қиды’. Иса оларды өзіне еліктеп ‘“Жаратқан Ие” деген атағын ауызбен де мойындап, дәріптеуімен Тәңірге арнаған құрбандықтарын’ әкелуде белсенділік танытып жатқандары үшін сүйеді (Еврейлерге 13:15).
“Қауым” сөзінің басқа мағыналары
11. Грек жазбаларында қолданылған “қауым” сөзінің екінші мағынасы қандай?
11 Киелі кітапта “қауым” сөзі “Құдайдың қауымын” құрайтын 144 000 майланғандардың түгел тобына қатысты емес, одан шектеулі мағынада қолданылған жерлер де бар. Мысалы, Пауыл мәсіхшілердің бір тобына: “Яһудилердің де, басқа ұлт адамдарының да, Құдайдың қауымының да сенімдеріне нұқсан келтірмеңдер!”— деп жазған (Қорынттықтарға 1-хат 10:32). Ежелгі Қорынттағы мәсіхші дұрыс емес әрекет етсе, бұл кейбіреулердің сеніміне нұқсан келтіруі мүмкін еді. Алайда мұндай әрекет сол кезден бүгінгі күнге дейін өмір сүрген барлық гректердің, яһудилердің немесе майланғандардың сеніміне нұқсан келтіре алар ма еді? Әрине, жоқ. Осыған қарағанда, бұл тармақтағы ‘Құдай қауымы’ белгілі бір уақытта өмір сүретін мәсіхшілерге қатысты айтылғанға ұқсайды. Демек, Құдай қауымға басшылығы мен батасын берді не қамқорлық көрсетті деп айтылғанда, бұл сол айтылған уақыттағы кез келген жерде өмір сүріп жатқан барлық мәсіхшілерге қатысты деп түсінеміз. Ал бүгінде Құдай қауымындағы қуаныш пен тыныштық жайлы сөз болғанда, онда әңгіме бүкіл мәсіхшілер бауырластығы жайлы болып тұрғанын білеміз.
12. Киелі кітаптағы “қауым” сөзінің үшінші мағынасы қандай?
12 Киелі кітаптағы “қауым” сөзі қандай да бір аймақтағы барлық мәсіхшілерді де білдіреді. Біз былай деп оқимыз: ‘Сенушілер қауымы бүкіл Яһудея, Ғалилея және Самария аймақтарында тыныш күндерді басынан кешіп жатты’ (Елшілердің істері 9:31). Осы үлкен аймақта біреуден де көп мәсіхшілердің тобы болған. Десе де Яһудея, Ғалилея, Самариядағы бұл топтардың барлығы “қауым” деп аталған. Б. з. 33 жылғы Алғашқы өнім мейрамында және содан кейін көп адам шомылдыру рәсімінен өткенін ескерсек, Иерусалим аймағында үнемі жиналып тұрған топ біреуден көп болған деуге болады (Елшілердің істері 2:41, 46, 47; 4:4; 6:1, 7). Б. з. 44 жылы қайтыс болған Ирод Агриппа І Яһудеяда өмірінің соңына дейін билік еткен болатын. Ал Салониқалықтарға 1-хат 2:14-тен анық көрінетіндей, ең ары кеткенде, б. з. 50 жылына таман Яһудеяда бірнеше қауым болған. Сондықтан Елшілердің істері кітабында Ирод ‘қауымның кейбір мүшелеріне зорлық-зомбылық көрсетті’ деген жерінде қауым сөзі Иерусалимде жиналып тұрған біреуден де көп топқа нұсқауы мүмкін (Елшілердің істері 12:1).
13. Киелі кітаптағы “қауым” сөзінің төртінші әрі жиі қолданылатын мағынасы қандай?
13 “Қауым” сөзі әлдеқайда шектеулі мағынада қандай да бір жергілікті қауымға, мысалы үйде жиналатын қауымға, қатысты қолданылады. Бұл оның жиі қолданылатын мағынасы. Мысалы, Пауыл ‘Ғалатия өлкесіндегі қауымдар’ жайлы айтқан болатын. Римге қарасты осы үлкен аймақта жергілікті қауымдар біреуден көп еді. Ол Ғалатиядағы “қауымдарға” қатысты екі рет қауым сөзінің көпше түрін қолданған болатын, ал Ғалатиядағы қауымдарға Антақия, Дербе, Лүстра мен Қония қалаларындағы қауымдар да кіретін. Қабілетті жетекшілер, немесе бақылаушылар, осы жергілікті қауымдарға тағайындалған еді (Қорынттықтарға 1-хат 16:1; Ғалаттықтарға 1:1; Елшілердің істері 14:19—23). Жазбалардан көрінетіндей, сол қауымдардың бәрі ‘Құдайдың қауымдары’ болған (Қорынттықтарға 1-хат 11:16; Салониқалықтарға 2-хат 1:4).
14. Бірнеше Жазба орындарындағы “қауым” сөзінің қолданысынан қандай тұжырым жасай аламыз?
14 Мәсіхшілердің кейбір топтары бір үйге сиятындай шағын болған болу керек. Әйтсе де “қауым” сөзі осындай топтарға да қатысты қолданылған. Мұндай қауымдарға, мысалы, Прискила мен Ақиланың, Нүмфанның және Філимонның үйіндегі қауымдар жатқан (Римдіктерге 16:3—5; Қолостықтарға 4:15; Філимонға 2). Бұл бүгінде шағын, тіпті кездесулері үнемі үйде өтетін қауымдар үшін жігерлендірерлік жайт болу керек. Ехоба бірінші ғасырдағыдай бүгінгі күні де осындай кішігірім топтарды қауым ретінде мойындап, киелі рухы арқылы батасын молынан беруде.
Қауымдар Ехобаны мадақтайды
15. Ертедегі кейбір қауымдарда киелі рухтың әрекеті қалай көрініс тапты?
15 Жоғарыда айтылғандай, Иса Забур 21:23-тегі пайғамбарлықты орындап, қауымда Құдайды мадақтаған (Еврейлерге 2:12). Оның адал ізбасарлары да осылай етулері керек еді. Бірінші ғасырда шынайы мәсіхшілер Құдайдың ұлдары және Мәсіхтің бауырластары болу үшін киелі рухпен майланды. Кейбіреулерінде ол ерекше әрекет ете бастады, нәтижесінде олар керемет дарындарға ие болды. Мұндай дарындардың кейбірі даналық сөз, білім, сондай-ақ сауықтыру немесе пайғамбарлық ету, тіпті бөтен тілдерде сөйлеу қабілеті болды (Қорынттықтарға 1-хат 12:4—11).
16. Киелі рух дарындарының берілуінің бір мақсаты қандай?
16 Бөтен тілде сөйлеуге қатысты Пауыл: “Мен Киелі Рух берген бөтен сөздермен де, түсінікті тілмен де Құдайға... мадақтау жырларын айтамын”,— деген (Қорынттықтарға 1-хат 14:15, сілтеме). Ол басқалар тәлім алу үшін өз сөздерінің түсінікті болу керектігін білген. Пауыл Ехобаны қауым жиынында мадақтауды мақсат еткен және киелі рухтың дарындарына ие болғандарды мынаған шақырған: “Қауымды [жергілікті қауымды] рухани жетілдіретін дарындарды бәрінен көбірек пайдаланыңдар!” (Қорынттықтарға 1-хат 14:4, 5, 12, 23) Иә, Пауыл әрбір жергілікті қауымдағы мәсіхшілердің Құдайды мадақтауға керемет мүмкіндіктері бар екенін біліп, сол қауымдар үшін қам жеген.
17. Жергілікті қауымдарға қатысты не нәрсеге сенімді болуымызға болады?
17 Ехоба өз қауымын бүгінгі күні де қолданып, оған қолдау көрсетіп келеді. Ол жер бетіндегі майланған мәсіхшілерден құралған топқа батасын беруде. Бұл Құдай халқына рухани ас-судың молынан беріліп жатқанынан көрінеді (Лұқа 12:42). Сондай-ақ ол бүкіл дүниежүзілік бауырластыққа және әрбір жергілікті қауымға батасын төгуде. Осы қауымдарда біз Жаратушымызды әрекеттерімізбен және өзгелерді жігерлендіретін түсініктемелерімізбен мадақтаймыз. Сонымен қатар ол жерде Құдайды басқа да уақытта мадақтауға көмектесетін білім мен тәлім аламыз.
18, 19. Әрбір жергілікті қауымдағы шынайы мәсіхшілер не істеуді қалайды?
18 Елші Пауыл Філіпідегі (Македония) жергілікті қауым мүшелеріне: “Құдайдың даңқына және мадағына Иса [Мәсіхтің] әділеттілік жемісімен кенелсе екен деп сыйынам”,— деген болатын. Олар бұл жеміске Исаға деген сенімдері мен керемет үміттері жайлы басқаларға айтқанның арқасында кенелер еді (Філіпіліктерге 1:9, 10, 11, Тт; 3:8—11). Сондықтан Пауыл бір сенімдегілерді былай деп шақырды: “Мәсіх арқылы Құдайды үнемі мадақтап сый-тартуымызды ұсынайық: Оның “Жаратқан Ие” деген атағын ауызбен де мойындап, дәріптеуіміз біздің Тәңірге арнаған құрбандығымыз болады” (Еврейлерге 13:15).
19 Иса сияқты Ехобаны “қауым жиынында”, сондай-ақ оны әлі білмейтін және дәріптемейтін адамдардың алдында ауызбен мадақтаудан қуаныш алып жүрсің бе? (Еврейлерге 2:12; Римдіктерге 15:9—11) Мұның жауабы, қандай да бір шамада, жергілікті қауымның Құдай ниетінде атқаратын рөліне қалай қарайтынымызға байланысты. Келесі мақалада Ехобаның осындай қауымға қалай басшылығын беріп, оны қолданып жатқанын, сондай-ақ қауымның өмірімізде қандай орын алу керектігін қарастырамыз.
Естеріңде ме?
• Майланған мәсіхшілерден тұратын “Құдайдың қауымы” қалай құрылды?
• Киелі кітапта “қауым” сөзі тағы қандай үш мағынада қолданылған?
• Дәуіт, Иса және бірінші ғасырдағы мәсіхшілер қауымда не істеуді қалады және бұл бізге қалай әсер ету керек?
[9-беттегі сурет]
Жергілікті мәсіхшілердің топтары ‘Құдайдың қауымдары’ ретінде жиналып тұрған
[10-беттегі сурет]
Бениндегі мәсіхшілер сияқты, біз де Ехобаны қауым жиынында мадақтай аламыз
[11-беттегі сурет]
Иса қандай қауымның іргетасы болған?