“Жақыныңды өзіңді сүйгендей сүй”
“Екіншісі де сол сияқты: “Жақыныңды өзіңді сүйгендей сүй” (МАТ. 22:39).
1, 2. а) Иса қай өсиетті екінші ұлы өсиет деп атаған? ә) Қандай сұрақтарды талқылаймыз?
БІРДЕ Исаны сынамақшы болған бір парызшыл: “Ұстаз, Мұса заңындағы ең басты өсиет қайсысы?”— деп сұрақ қойғанда, Иса “ең ұлы әрі бірінші өсиетке” нұсқап: “Ехоба Құдайыңды шын жүректен, бүкіл жан-тәніңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!”— деп жауап берген болатын. Содан кейін Иса былай деді: “Екіншісі де сол сияқты: “Жақыныңды өзіңді сүйгендей сүй” (Мат. 22:34—39).
2 Иә, Иса жақынымызды өзімізді сүйгендей сүю керектігін айтып кеткен. Олай болса, “жақынымыз” деген кім? Оған сүйіспеншілікті қалай таныта аламыз? Қазір осы сұрақтар төңірегінде сөз қозғайтын боламыз.
ЖАҚЫНЫМЫЗ ДЕГЕН КІМ?
3, 4. а) “Менің жақыным кім?” деген сұраққа Иса қалай жауап берді? ә) Тоналған, ұрып-соғылған, өлімші күйдегі яһудиге самариялық кісі қалай көмектесті? (Осы беттегі суретті қара.)
3 “Жақынымыз” деген сөзді естігенде, бәлкім, ойымызға бірден ағайын-туысымыз я болмаса жақын досымыз келетін шығар. Кейде тіпті көршіміз де бізге жақын адамдай болып кетеді (Нақ. с. 27:10). Алайда Исаның бір әділсымақ адамға қалай жауап бергеніне назар аударайықшы. Әлгі адам: “Сонда менің жақыным кім болғаны?”— деп сұрағанда, Иса оған қайырымды самариялық жайлы мысал айтып береді (Лұқа 10:29—37 оқы). Қарақшылардың қолына түсіп тоналған, ұрып-соғылған, өлімші күйде жатқан яһудиге діни қызметкер мен леуілік көмектеседі деп күту, әрине, орынды-ақ. Бірақ бұл екеуі де міз бақпай қасынан өте берді. Ал яһудилердің көз алдында жеккөрінішті болған, бірақ Мұса заңын құрметтеген самариялық оған қол ұшын берді (Жох. 4:9).
4 Самариялық кісі жарақаттанған адамның жараларына май мен шарап құйып, таңады. Сосын бір қонақүйге әкеледі де, оған күтім жасалу үшін үй иесіне екі күндік ақысын береді (Мат. 20:2). Исаның осы мысалынан мына бір жайт анық көрінеді: ұлты мен мәдениетінің әртүрлілігіне қарамастан, барлық адамға жақынымыз деп қарауымыз қажет. Демек, самариялық кісі сияқты адамдарды жақсы көріп, жанашырлық танытуымыз керек.
5. “Сэнди” дауылы кезінде Ехобаның қызметшілері жақындарын сүйетінін қалай көрсетті?
5 Өкінішке қарай, бүгінде самариялық кісі сияқты жанашыр адамдарды кездестіру — сирек жайт. Әсіресе қазіргі соңғы күндер кезінде көптеген адамның бауырмалдықтан жұрдай, бұзақы әрі жақсылықты жек көретіні айқын байқалады (Тім. 2-х. 3:1—3). Мысалы, 2012 жылдың қазан айында “Сэнди” дауылы Нью-Йорк қаласын қиратқанда, келесідей жағдай орын алған. Электр мен жылу қуаты сияқты тұрмыстық қажеттіліктерден қол үзіп қалып, онсыз да жағдайы мүшкіл болған тұрғындарды ұрлықшылар келіп, тонап кетті. Ал Ехоба куәгерлері қатты зардап шеккен қаланың сол аймағына барып, бір-біріне және басқа адамдарға да көмектесу үшін шұғыл шара қолданды. Мәсіхшілерді осылай әрекет етуге жақындарына деген сүйіспеншілік қозғау салады. Жақындарымызды сүйетінімізді тағы қалай көрсете аламыз?
ЖАҚЫНЫМЫЗҒА СҮЙІСПЕНШІЛІК КӨРСЕТУДІҢ ЖОЛДАРЫ
6. Жақындарымызға қандай көмек ұсына аламыз?
6 Рухани көмек ұсын. Біз мұны адамдардың назарын Жазбалардағы жұбаныш сыйлайтын сөздерге аудару арқылы істей аламыз (Рим. 15:4). Киелі кітаптағы шындықты басқаларға айтқанда, оларды жақсы көретінімізді дәлелдейміз (Мат. 24:14). Құдайдың үміт сыйлайтын хабарын уағыздау біз үшін неткен абырой! (Рим. 15:13).
7. “Алтын ереже” деген не және оны ұстанғандар қалай жарылқанады?
7 “Алтын ережені” ұстан. “Алтын ереженің” не екенін Исаның келесі сөздерінен көре аламыз: “Барлық істе басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер. Мұса заңы мен Пайғамбарлар жазбаларының мәні — осы” (Мат. 7:12). Басқалармен араласқанда Исаның осы кеңесіне құлақ ассақ, “Мұса заңы” (яки Жаратылыстан Заңды қайталауға дейінгі кітаптар) мен “Пайғамбарлар жазбаларының” (яғни Еврей жазбаларындағы пайғамбарлық кітаптардың) астарында жатқан принциптерге сай әрекет ететін боламыз. Бұл Жазбалардан жақынын сүйетін адамдарды Құдай молынан жарылқайтыны анық көрінеді. Мысалы, Ишая пайғамбар арқылы Ехоба былай деген: “Әділетті бұйрықтарымды сақтап, әділ істер жасаңдар!.. Айтқандарымды мұқият орындайтын адам қандай бақытты!” (Ишая 56:1, 2). Иә, жақынымызды жақсы көріп, оған әділ істер жасасақ, Ехоба бізге батасын береді.
8. Неліктен біз жауларымызды жақсы көруіміз керек және бұның нәтижесі қандай болуы ықтимал?
8 Дұшпаныңды жақсы көр. Бірде Иса былай деген: “Сендер “Жақыныңды сүй, жауыңды жек көр” дегенді естігенсіңдер. Ал мен сендерге былай деймін: ұдайы жауларыңды жақсы көріңдер және өздеріңді қудалап жатқандар үшін дұға ете беріңдер. Осылайша көктегі Әкелеріңнің ұлдары боласыңдар” (Мат. 5:43—45). Елші Пауыл да осы жайтқа назар аударып: “Жауың ашықса, оны тамақтандыр; шөлдесе, сусын бер”,— деп айтқан (Рим. 12:20; Нақ. с. 25:21). Мұса заңы бойынша, исраилдік қас жауының есегі жүктің ауырлығынан жығылып, тұра алмай қалғанын көрсе, оған жүгін түсірісіп, көмектесуге тиіс еді (Мыс. ш. 23:4). Осының арқасында кешегі жау оның жақын досына айналуы мүмкін еді. Бүгінде де мәсіхшілердің тарапынан сүйіспеншілік сезінгендіктен, кезінде қыр көрсеткен талай адамның жүрегі жібіген. Бізді жек көретін адамдарға, тіпті қудалаушыларға сүйіспеншілігімізді төге берсек, олардың кейбірі біздің қатарымызға қосылуы әбден мүмкін. Сонда біз қалай қуанамыз десеңші!
9. Бауырласпен қайта татуласу туралы Иса не деген?
9 Барлық адамдармен тату болуға ұмтыл (Евр. 12:14). Бұл, әрине, бауырластармен де тату болуды білдіреді, өйткені Иса былай деп айтқан: “Егер құрбандық орнына сый-тартуыңды алып келгенде, бауырласыңның саған реніші бар екені сол жерде есіңе түссе, сыйыңды сонда қалдыр да, барып, алдымен онымен татулас. Содан кейін ғана қайтып келіп, сый-тартуыңды ұсын” (Мат. 5:23, 24). Бауырласымызды жақсы көріп, татулықтың үзілген жібін жалғауға дереу әрекеттенсек, Ехобаның мол батасына ие боламыз.
10. Неліктен мінтаққыш болмауымыз керек?
10 Мінтаққыш болма. “Өздерің айыпталмас үшін, өзгелерді айыптауды доғарыңдар. Өйткені өзгелерді қалай айыптасаңдар, өздерің де солай айыпталасыңдар. Қандай өлшеммен өлшеп берсеңдер, сендерге де сондай өлшеммен беріледі. Неліктен бауырласыңның көзіндегі жаңқаны көресің де, ал өз көзіңдегі бөренені байқамайсың? Өз көзіңде бөрене тұрғанда, қалайша бауырласыңа: “Кәне, көзіңдегі жаңқаны алып тастайын”,— дей аласың? Екіжүзді! Алдымен өз көзіңдегі бөренені алып таста, сонда бауырласыңның көзіндегі жаңқаны қалай алу керектігін анық көресің” (Мат. 7:1—5). Неткен салиқалы да салмақты сөздер! Иә, өзіміздің түйедей кемшіліктеріміз бола тұра, өзгелердің түймедей қателіктерін байқағанымыз жөн болмас.
ЖАҚЫНЫМЫЗҒА СҮЙІСПЕНШІЛІК КӨРСЕТУДІҢ ЕРЕКШЕ ЖОЛЫ
11, 12. Жақынымызды сүйетінімізді көрсетудің ең жақсы жолы қандай?
11 Байқағанымыздай, жақынымызға сүйіспеншілік танытудың көптеген жолы бар. Алайда Иса бұның ең жақсы жолы оларға Патшалық жайлы ізгі хабарды уағыздау екенін айтқан (Лұқа 8:1). Ол ізбасарларына “барлық халықтардан шәкірт дайындауды” тапсырған (Мат. 28:19, 20). Осы тапсырманы орындау арқылы біз маңайымыздағыларға жойылуға апаратын кең әрі даңғыл жолдан кетіп, өмірге жеткізетін тар жолға түсуге көмектесеміз (Мат. 7:13, 14). Осылай істеуге тырысқанымыз үшін Ехоба бізді міндетті түрде жарылқайды!
12 Иса сияқты бүгінде біз адамдарға Құдай жайлы білімге мұқтаж екендерін түсінуге көмектесеміз (Мат. 5:3). Егер әлдекім хабарымызға оң қабақ танытып жатса, оның рухани қажеттілігін Құдайдың “ізгі хабары” арқылы қанағаттандырамыз (Рим. 1:1). Патшалық хабарын қабыл алғандар Иса Мәсіх арқылы Құдаймен татуласа алады (Қор. 2-х. 5:18, 19). Иә, шынында да, осы қуанышты хабарды жақынымызға жеткізу — оларға деген сүйіспеншілігімізді көрсетудің ең маңызды жолы.
13. Патшалық жайлы уағыздау ісі сені қандай сезімдерге бөлейді?
13 Адамға қайта бармас бұрын немесе зерттеу сабағының алдында дайындалатын болсақ, оған Құдайдың әділ талаптарына сай келуге жақсырақ көмектесе аламыз. Нәтижесінде зерттеушілер өмір салттарын түбегейлі өзгертуі мүмкін (Қор. 1-х. 6:9—11). “Мәңгі өмірге ыңғай танытқан” жандар мұндай өзгерісті Құдайдың көмегімен жасап, оның досы болып жатыр (Ел. іс. 13:48). Қайғырғандар бақытқа, уайым кешкендер үмітке ие болуда. Осының бәрі көңілімізге қуаныш ұялатады емес пе?! Расында да, Патшалық хабарын уағыздап, жақынымызға деген сүйіспеншілігімізді осындай ерекше жолмен көрсету — біз үшін нағыз мәртебе!
ШЫНАЙЫ СҮЙІСПЕНШІЛІКТІҢ СЫР-СИПАТЫ
14. Қорынттықтарға 1-хат 13:4—8 тармақтарда жазылған сүйіспеншіліктің кейбір қырларын өз сөзіңмен айтып бер.
14 Жақынымызбен арақатынасымызда Пауылдың сөздерін іс жүзінде орындасақ, көптеген қиындықтан аулақ боламыз, бақытқа қол жеткіземіз әрі Құдайдың батасына кенелеміз (Қорынттықтарға 1-хат 13:4—8 оқы). Олай болса, Пауылдың сүйіспеншілік жайлы не дегенін және біз оның сөздерін жақынымызға қатысты қалай қолдана алатынымызды көрейік.
15. а) Неліктен шыдамды да мейірімді болуымыз қажет? ә) Мақтаншақтық пен өркөкіректіктен аулақ болуымызға қандай себептер бар?
15 “Сүйіспеншілік шыдамды да мейірімді”. Ехоба кемелсіз адамдарға шыдамды әрі мейірімді болғандай, біз де өзгелер қателескенде, ойланбай әрекет еткенде, тіпті дөрекі болғанда, осы қасиеттерді танытуымыз қажет. “Сүйіспеншілік қызғанбайтындықтан”, басқалардың жауапкершіліктерін көре алмау, мүлкіне сұқтану дегеннен бойымызды алшақ ұстауымыз керек. Бұған қоса, адамдарды шынымен сүйсек, біз ешқашан мақтанбаймыз, өркөкірек те болмаймыз. Ехоба “көз тәкаппарлығы мен жүректің асқақтығын” жек көретінін жақсы білеміз ғой (Нақ. с. 21:4).
16, 17. Қорынттықтарға 1-хат 13:5, 6-да жазылған сөздерді қалай іс жүзінде таныта аламыз?
16 Сүйіспеншілік “әдепсіздікке бармайды”, сондықтан ол бізді жақынымызға өтірік айтудан, ұрлыққа барудан және Ехобаның заңдары мен принциптеріне қайшы келетін кез келген істен сақтайды. Сонымен қатар ол “өзімшіл” болмағандықтан, біз өзгелердің жағдайын ысырып тастап, тек қара басымыздың қамын күйттеп кетпейміз (Філіп. 2:4).
17 Шынайы сүйіспеншілік “ашушаң да емес, кек те сақтамайды”. Демек, әлдекім намысымызға тисе, біз бірден ашуланбаймыз әрі қателіктерін жіпке тізбейміз (Сал. 1-х. 5:15). Ал көңілімізде реніш сақтап жүрсек, ол бықсып жатқан от іспетті болады. Кейіннен бұл от лап етіп, ашу-ызаға айналады. Сонда өзімізді де, өзгелерді де “күйдіріп” алуымыз мүмкін (Леу. 19:18). Сонымен қатар сүйіспеншілік әділетсіздікке қуанбайды. Сондықтан адамдар әділетсіздіктің құрбаны болып жатса, тіпті бұл бізді жек көретін адам болса да, біз бұған ешқашан қуанбаймыз (Нақыл сөздер 24:17, 18 оқы).
18. Қорынттықтарға 1-хат 13:7, 8-дегі сөздерден сүйіспеншілік жайлы не білеміз?
18 Пауыл әрі қарай сүйіспеншілікке қандай сипаттама бергенін көрейік: “Ол бәріне төзеді”. Әлдекім бізді ренжітіп, бірақ артынан кешірім сұраса, сүйіспеншілік қасиеті оны кешіруге қозғау салады. Сондай-ақ сүйіспеншілік “бәріне сенеді”, сондықтан біз Құдай Сөзінде жазылғанның ешқайсысына күмәнданбаймыз, әрі Ехобаның ұйымы беріп жатқан рухани тамақ үшін ризалық білдіреміз. Сүйіспеншілік Киелі кітапта жазылған уәделерден “еш үмітін үзбейді” және басқаларға үміт отын сыйлауға талпындырады (Пет. 1-х. 3:15). Қиын жағдайда бұл қасиет дұға етуге әрі тығырықтан шығар жолдың табылатынынан “үміт үзбеуге” көмектеседі. Ал бізге қарсы күнә жасалғанда, біреулер бізді қудалағанда, сүйіспеншіліктің арқасында “бәріне төтеп бере” аламыз. Бұған қоса, ол “еш сарқылмайды”. Иә, тілалғыш адамзат сүйіспеншілік қасиетін жұмыр жерде мәңгі бақи танытатын болады.
ЖАҚЫНЫҢДЫ ӨЗІҢДІ СҮЙГЕНДЕЙ СҮЙЕ БЕР
19, 20. Жазбалардағы қай өсиет жақынымызды сүйе беруге талпындырады?
19 Киелі кітаптағы кеңестерді орындасақ, жақынымызға сүйіспеншілік танытуды доғармаймыз. Мұндай сүйіспеншілік тек қандас бауырларымызға ғана емес, барлық адамға көрсетілу керек. Сондай-ақ біз Исаның мына сөздерін жадымызда ұстағанымыз абзал: “Жақыныңды өзіңді сүйгендей сүй” (Мат. 22:39). Құдай да, Иса да бізден осыны күтеді. Ал жақынымызға сүйіспеншілік таныту қиынға соғып, не істейтінімізді білмей жатсақ, Ехобаға дұға етіп, киелі рухы арқылы басшылық беруін сұрайық. Сонда Ехоба бізді жарылқап, сүйіспеншілік жолынан таймай, дұрыс әрекет етуге жәрдем береді (Рим. 8:26, 27).
20 “Жақыныңды өзіңді сүйгендей сүй” деген өсиеттің маңызды болғаны сонша — Киелі кітапта ол “патша заңы” деп аталады (Жақ. 2:8). Пауыл Мұса заңындағы кейбір өсиеттерді санамалай келе: “Тағы басқа өсиеттер Мұса заңында былай деп тұжырымдалған: “Жақыныңды өзіңді сүйгендей сүй. Жақынын сүйетін адам оған жамандық істемейді. Сондықтан сүйіспеншілік таныту — заңды орындау”,— деді (Рим. 13:8—10). Демек, біз жақынымызға сүйіспеншілік танытуды доғармауымыз керек.
21, 22. Неліктен Құдайды және жақынымызды сүюіміз керек?
21 Жақынымызға неліктен сүйіспеншілік таныту керектігі жайлы ойланғанда, Исаның Әкесі жайлы айтқан сөздерін есте ұстағанымыз жөн. Ехоба “жамандарға да, жақсыларға да күн сәулесін төккізіп, әділдерге де, әділетсіздерге де жаңбыр жаудырады” (Мат. 5:43—45). Адамдар жақсы болсын, жаман болсын, сүйіспеншілік танытуға сараң болмауымыз керек. Жоғарыда айтылғандай, жақынымызға сүйіспеншілік көрсетудің ең маңызды жолы — оларға Патшалық хабарын айту. Олар ізгі хабарды шын көңілмен қабылдаса, қандай керемет баталарға ие болады десеңші!
22 Сонымен, екі мақаланы қорытындылайтын болсақ, бізде Ехобаны шын жүректен, бүкіл жан-тәнімізбен, барлық ақыл-ойымызбен сүюге себептер жетіп артылатынын көрдік. Жақынымызға сүйіспеншілік көрсетудің жолдары да жетерлік. Сүйіспеншілік қасиетін Құдайға әрі жақынымызға танытсақ, біз Исаның сөздерін жерге тастамағанымызды көрсетеміз. Ал ең бастысы, сүйіспеншілікке толы Әкеміз Ехобаның көңілінен шығатын боламыз.