Басқарушы кеңестен хат
Қымбатты бауырластар!
Сендерге хат жазу қандай ғанибет! Біз сендерді сарқылмас сүйіспеншіліктерің мен жанқиярлықтарың үшін мақтағымыз келеді. Сендер мына “Жылнамадан” өткен жылғы қызметте қаншалықты қайырымдылық жасалғанын білесіңдер. Өткен қызмет жылында керемет жетістіктерге қол жеткіздік: адамдарды Ехобаға жақындауға шақыра отырып, ізгі хабарды уағыздауға және оларды оқытуға тағы да миллиардтаған сағаттар жұмсадық. Тамаша Құдай Көктегі Әкемізбен бірге еңбек ету біз үшін керемет мәртебе емес пе!? (1 Қор. 3:9).
Біз әлі де алдағы атқарылатын істерге көз жүгірте отырып, Киелі кітапта жазылғандай Құдайдың адамдары іспетті әрі қарай да құлшына және сеніммен еңбектене беретіндеріңе сенімдіміз. Мысалы, елші Пауыл Патшалықтың мүдделері үшін мүмкіндігінше тиімді қызмет атқаруға дайын болды. Ол Ефес қаласынан Қорынттағы мәсіхшілер қауымына алғашқы хатын қызметінің соңғы жылдары жазса керек. Өзінің алдағы жоспарлары туралы ол былай деді: “Ефес қаласында алғашқы өнім мейрамына дейін болмақпын, өйткені осында өнімді еңбек етуіме есік айқара ашық, бірақ қарсыластарым да аз емес” (1 Қор. 16:8, 9).
Пауыл Македония мен Қорынтқа сапарын жоспарлап қойған болатын. Бірақ, ол Ефесте біраз уақыт қалса, тағы да өнімді еңбек етуге мүмкіндік болатынын көрді. Пауыл парасаттылық танытты: Ол Патшалықтың мүддесі үшін көп нәрсе істеуге мүмкіндігі бар екенін түсініп, жоспарын өзгертті. Олар үшін қызметке “үлкен есік” ашылды және Пауыл осы мүмкіндікті пайдаланғысы келді.
Пауылды үлкен жұмыстар күтіп тұрды: Оған ізгі хабарды жариялау мен Ефестегі қауымға қамқорлық жасау жауапкершіліктері жүктелді. Кейінірек, Пауыл осы қауымның ақсақалдарына былай деп жазды: “Ел алдында және жеке үйлерде уағыз айтып, тәлім беріп жүргенде сендерге пайдалы болатын еш нәрсені қалдырмай, бәрін түгел айттым”. Яһудилер мен гректерге: “күнәларыңа өкініп, Құдайға бет бұрып, Иеміз Исаға сеніңдер” — дедім (Ел. іс. 20:20, 21).
Сондай-ақ қымбатты бауырластар, сендердің де көпшіліктерің алдарыңда ашылған мүмкіндіктерді пайдаландыңдар. Өткен қызмет жылында шамамен 798 938 бауырластарымыз ізашарлық қызмет атқару үшін өздерінің істерін ретке келтірді. Кейбіреулерің миссионерлік қызметпен алыс елдерге сапар шектіңдер. Сендер ізгі хабарды құлшына жариялап, қауымды қатайтып жатырсыңдар. Ал кейбіреулерің шет тілін үйреніп, сол жерде тұрып жатқан шетелдіктерге ізгі хабарды жеткізудесіңдер. Басқалары тағайындалмаған аумақтарда немесе жариялаушылар жетіспейтін жерлерде қызмет етуде. Кейбіреулер ізгі хабарды жариялауда “үлкен есіктің” мектепте, жұмыста, сондай-ақ тиімді куәлік етуге мүмкіндік болған жағдайларда, мысалы, сым тетік арқылы сөйлескенде ашылғанын мәлімдеді. Құдайдың барлық қызметкерлері жас-кәрісі демей, бар ынталарымен куәлік етуге және Киелі кітаптағы шындықты қайда болмасын барлық адамдармен бөлісуге мүмкіндік іздейтінін бүкіләлемдік есеп көрсетіп отыр.
Ехобаның сендердің талпыныстарыңды көретініне және жоғары бағалайтынына әрқашан сенімді болыңдар. Киелі кітапта былай делінген: “Құдай әділетсіз емес. Ол жасаған игі істеріңді және адамдарына берген, әлі де беріп жатқан көмектерің арқылы Өзіне де көрсеткен сүйіспеншіліктеріңді ешқашан есінен шығармайды” (Ев. 6:10). Шын Құдай туралы қайда және қашан куәлік ету керек екенін байқауға тырысыңдар. Бәлкім, біреу уағыздау қызметіне қатысу мүмкіндігін арттыра алатын шығар. Біз бәріміз де қызметімізді одан да тиімді атқаруға тырысуымыз керек.
Ізгі хабарды жариялауда біздің қарсылықтарға кезігетініміз сөзсіз. Естеріңе түсіріңдерші, Пауыл алдынан ашылған “үлкен есік” туралы жазғаннан кейін, “қарсыластар көп” деген болатын. Олар ашық түрде Пауылға қарсылық көрсеткен немесе қулықпен оған тор құрған еврейлер мен басқа халықтардың өкілдері болатын (Ел. іс. 19:24—28; 20:18, 19).
Бүгін де жағдай мүлде өзгерген жоқ. Осы заманның ақыры таяп келеді, сондықтан күшейіп жатқан қарсылықтар бізді таңқалдырмайды. Шайтан әлі де ‘қатты ашулы’ және ол қаһарын алдымен Құдайдың қызметшілеріне төгеді (Аян 12:12). “Осы дүниенің билеушісі” Шайтан екенін ешқашан ұмытпаңдар. Иса өзінің шәкірттеріне былай деді: “Егер де осы дүниелік болсаңдар, ол сендерді өз адамдары ретінде жақсы көрер еді. Бірақ осы дүниелік емессіңдер, керісінше, Мен сендерді күнәкар дүниенің ішінен таңдап алдым. Сондықтан да ол сендерді жек көреді” (Жох. 14:30; 15:19).
Біз әлдебіреудің Құдайға деген сенімімізден немесе қызметтегі құлшынысымыздан айыруына жол бермеуге белімізді бекем будық. Біз алдағы уақытта да ашық түрдегі қарсылықтар мен опасыздықтарға кезігетінімізді түсінеміз. Сонда да Ехоба белгілеген уақытта Исаның Шайтан мен оның сыбайластарын жоятынына берік сенім білдіре отырып, Патшалық туралы ізгі хабарды әрі қарай да жариялай береміз. Қарсыластары Пауылға тиым сала алмады. Олар Ехобаның бүгінгі қызметшілеріне де тиым сала алмайды. Шайтанның ашуы және әлемнің жек көруі қызметшілерінің арасындағы Ехобаның рухының мықты әрекетін тоқтатуға дәрменсіз. Ізгі хабарды жариялаушылардың санының 6 304 645-ке жеткендігін көру қандай қуанышты! Бұл — осы уақытқа дейінгі ең жоғарғы сан.
Біз сендердің әрі қарай да Ехобаның керемет Патшалығының мүддесі үшін еңбектене берулеріңе тілектеспіз. Сендермен Ехоба Құдайға “бір кісідей” бірігіп қызмет ете отырып, өзіміздің сүйіспеншілігімізді жолдаймыз (Соф. 3:9).
Бауырластарың,
Ехоба Куәгерлерінің Басқарушы кеңесі