“Қанағат ет жастай алған қосағыңды”
“Қанағат ет жастай алған қосағыңды. Балам, өзге әйелмен әуестіктің қажеті не?” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 5:18, 20)
1, 2. Ерлі-зайыптылар арасындағы махаббатты неге Құдайдың жарылқауы деуге болады?
КИЕЛІ КІТАП жыныстық қатынас туралы ашық айтады. Нақыл сөздер 5:18, 19-дан былай деп оқимыз: “Құдайым жарылқай көрсін “бұлағыңды”, Қанағат ет жастай алған қосағыңды: Ол еліктей сұлу, тау ешкідей әсем, Үнемі ләззат тап кеудесінен, Мас бола бер махаббатына лайым”.
2 Мұндағы ‘бұлақ’ сөзі жыныс құштарлығын қанағаттандыратын нәрсеге нұсқайды. Оның жарылқанған болып есептелуінің себебі ерлі-зайыптылар арасындағы махаббат пен төсек ләззаты Тәңірдің сыйы болып табылады. Алайда мұндай жақындасу тек ерлі-зайыптылар арасында ғана болу керек. Сондықтан да ежелгі Исраил патшасы әрі Нақыл сөздерді жазушы Сүлеймен: “Балам, өзге әйелмен әуестіктің қажеті не? Басқаның кеудесін құшқаннан табасың не?”— деп риторикалық сұрақ қойған (Нақыл сөздер 5:20).
3. а) Көп неке қандай өкінішті жайтты бастан кешуде? ә) Құдай азғындыққа қалай қарайды?
3 Үйлену тойында жас жұбайлар бір-бірін сүюге және бір-біріне адал болуға салтанатты түрде ант береді. Сөйтсе де көп неке азғындықтың кесірінен ойран болуда. Мысалы, 25 зерттеу жұмысына талдау жасаған бір зерттеуші “Әйелдердің 25%, ал еркектердің 44% некеден тыс жыныстық қатынасқа барыпты” деген қорытынды жасады. Елші Пауыл: “Алданбаңдар: азғындар, жалған тәңірлерге құлшылық етушілер, неке адалдығын бұзушылар, нәпсіқұмарлар, еркекжанды еркектер... үшін Құдай Патшалығында орын жоқ!”— деген (Қорынттықтарға 1-хат 6:9, 10). Олай болса, азғындықтың Құдайдың көз алдында ауыр күнә екендігінде дау жоқ. Шынайы мәсіхшілер неке адалдығын бұзудан сақ болуға тиіс. Онда ‘некеге құрметпен қарап, жар төсегін былғамауға’ не көмектеседі? (Еврейлерге 13:4)
Алдампаз жүректен сақтан
4. Некедегі шынайы мәсіхшілер өздері аңдамай некеден тыс романтикалық қатынасқа қалай баруы мүмкін?
4 Бүгінгі құлықтылық жағынан құлдыраған ортада ‘ұдайы күнә жасаудың орайын іздеп, көздерімен әйелдерді ішіп-жейтін’ адамдар көп (Петірдің 2-хаты 2:14). Олар әдейі некеден тыс романтикалық қатынас іздейді. Кейбір елдерде әйелдердің көбісі жұмыс істейді. Еркектер мен әйелдердің бірге жұмыс істеуі жұмыстағы орынсыз махаббаттың дамуына қолайлы жағдай жасайды. Сонымен қатар Интернет беттері де тіпті тым ұяң адамдардың өзіне өзгелермен өте жақын достық қатынас орнатуды жеңілдетіп отыр. Некедегілердің көбісі өздері аңдамай сондай тұзақтарға түсіп жатады.
5, 6. Бір мәсіхші әйел қандай қауіпті жағдайға тап болды және бұдан қандай сабақ аламыз?
5 Мари (оны солай атайық) атты бір мәсіхші әйелдің қалай азғындық жасауға шақ қалғанын көрейік. Оның Ехоба Куәгері емес күйеуі отбасына сүйіспеншілік аса танытпайтын. Мари осыдан біраз жылдар бұрын күйеуінің әріптесін кездестірген кезді есіне алады. Ол айтарлықтай сыпайы болатын. Тіпті кейінірек Маридің дініне қызығушылық білдіреді. “Ол сондай жақсы, күйеуімнен мүлдем басқаша адам еді”,— дейді Мари. Содан көп кешікпей Мари мен әлгі кісінің бір-біріне көңілі кетеді. Мари: “Мен азғындыққа барған жоқпын. Ол Киелі кітап жайлы білгісі келеді ғой. Мүмкін, мен оған көмектесе алатын шығармын”,— деп ойлаған.
6 Мари ғашықтық сезімі азғындыққа апармай тұрғанда, есін жияды (Ғалаттықтарға 5:19—21; Ефестіктерге 4:19). Оның ар-ұжданы оянып, болған жайтты түзетуге кіріседі. Маридің мысалы ‘адам жүрегі құрық бойламас қулыққа толы болып және мүлдем бұзылғанын’ көрсетеді (Еремия 17:9). Киелі кітап бізге: “Ең бастысы, таза сақта жүрегіңді”,— деп ескертеді (Нақыл сөздер 4:23). Мұны қалай істей аламыз?
‘Зерделі жан бас сауғалар’
7. Әлдекімге некедегі қиыншылықтарына көмектескенде, Киелі кітаптағы қандай кеңеске жүгінген дұрыс?
7 “Сенімімде берікпін деп санайтын әркім күнәға батудан сақ болсын!”— деп жазды елші Пауыл (Қорынттықтарға 1-хат 10:12). Ал Нақыл сөздер 22:3-те: “Зерделі жан қатер көріп бас сауғалар”,— делінген. Өзіңе тым сенімді болып: “Маған ештеңе де болмайды”,— деп ойлағанша, қиындықтар тудыруы мүмкін жағдайларды көре білгенің жөн. Мысалы, некесінде ауыр қиындықтарға кезігіп жатқан қарсы жынысты біреудің сырласы болудан қаш (Нақыл сөздер 11:14). Некедегі қиыншылықтары жайлы, ең дұрысы, жұбайымен, некелерінің бақытты болғанын қалайтын өзімен жынысы бір толысқан мәсіхшімен, я болмаса ақсақалдармен сөйлесу екенін айт (Титке 2:3, 4). Қауым ақсақалдары бұған қатысты жақсы үлгі көрсетеді. Ақсақалға мәсіхші әйел бауырласпен жеке сөйлесу керек болса, ол мұны Патшалық Сарайы сияқты көпшілік бар жерде істейді.
8. Жұмыс орнында сақ болу үшін не істеген дұрыс?
8 Жұмыс орнында не басқа жерде болсын, әлдекімге тым жақындатып жіберетін жағдайлардан қаш. Мысалы, қарсы жынысты адаммен жұмыстан кейін қосымша жұмыс істеу азғырылуға әкеп соғуы мүмкін. Некеде тұрғандықтан сөзіңмен де, жүріс-тұрысыңмен де басың бос еместігін анық көрсетуің керек. Құдайға ұнамды болғың келгендіктен, қылымсып, әдепсіз киініп не сәнденуіңмен өзіңе орынсыз көңіл аудартқың келмейтіні анық (Тімотеге 1-хат 4:8; 6:11; Петірдің 1-хаты 3:3, 4). Жұмыс орнында жұбайыңның және балаларыңның суреттері көрінетін жерде тұрғаны өзіңе де, басқаларға да сен үшін не маңызды екенін есіңе салып тұрар еді. Басқалардың өзіңе қырындауына себеп бермеу немесе біреу қырындаса, оған шыдап отыра бермеу шешіміңе берік бол (Әйүп 31:1).
“Өзің сүйетін әйелмен бірге рахатқа бөленіп жүре бер”
9. Қандай жайттар романтикалық қарым-қатынасты күшейтіп жіберуі мүмкін?
9 Жүректі сақтау үшін тек қауіпті жағдайлардан қашу жеткіліксіз. Ерінің не зайыбының басқа біреуге көңілі кетсе, бұл олардың бір-бірінің қажеттіліктеріне мұқият еместігін көрсетуі мүмкін. Бәлкім, күйеуі әйелін елеп-ескермейтін шығар немесе әйелі күйеуін үнемі сынап-мінейтін болар. Сөйтіп жүргенде басқа бір адамның бойынан, мейлі оны жұмыс орнында немесе тіпті мәсіхшілер қауымында кезіктірсін, жұбайында жоқ қасиеттерді байқағандай болар. Көп кешікпей олардың араларында қандай да бір жақындық пайда болып, ажырай алмастай күшейіп кетуі мүмкін. Бұл байқатпай бірінен кейін біріне ұласқан жайттар Киелі кітаптағы: “Әр адам өз құмарлықтарына елігіп, торға түсіп, азғырылады”,— деген сөздердің ақиқаттығын растайды (Жақып 1:14).
10. Ерлі-зайыптылар қалай қарым-қатынастарын нығайта алады?
10 Ерлі-зайыптылар мысалы, жақсы көру, дос болу не қиын сәттерде демеу болу сияқты қажеттіліктерін қанағаттандыруды некеден тыс жерден іздегенше, араларындағы сүйіспеншілікке толы қарым-қатынасты нығайтуға күш салулары керек. Олай болса, уақытты бірге өткізіп, бір-біріңе жақындай түсіңдер. Жұбайыңа кезінде не үшін ғашық болғаның жайлы ойлан. Қазір жан жарың болып отырған сол адамға деген ыстық сезімге қайта бөленуге тырыс. Бірге өткізген қуанышты сәттерді еске түсір. Жағдайды айтып, Құдайға дұға ет. Забур жыршысы Дәуіт Ехобаға: “Уа, Құдайым, жүрегімді тазартып, Рухымды берік қылып, жаңарта гөр”,— деп жалынған (Забур 50:12). Ендеше, ‘аспан астында Құдай өзіңе сыйлаған күндеріңде өзің сүйетін әйелмен [немесе күйеуіңмен] бірге рахатқа бөленіп жүре беруге’ бел бу (Екклесиаст 9:9).
11. Некені берік етуде білімнің, даналық пен қырағылықтың рөлі қандай?
11 Некені берік ету үшін білімнің, даналық пен қырағылықтың маңыздылығын ескермеуге болмайды. Нақыл сөздер 24:3, 4-те: “Даналықпен үй салынар, Парасатпен [“қырағылықпен”, ЖД] берік болар, Білгірлікпен [“біліммен”, ЖД] үйдің іші Әр түрлі әсем дүниеге толар”,— делінген. Бақытты үй-ішін толтыратын әсем дүниелердің ішінде сүйіспеншілік, адалдық, Құдай алдындағы қорқыныш пен сенім сияқты қасиеттер бар. Бұл қасиеттерді дамыту үшін Құдай жайлы білім керек. Демек, жұбайлардың екеуі де Киелі кітапты тыңғылықты зерттеулері керек. Ал даналық пен қырағылық қаншалықты маңызды? Күнделікті қиыншылықтарды шеше білу үшін даналық, яғни Киелі кітаптағы білімді қолдана білу қабілеті, қажет. Қырағы адам жарының ойы мен сезімін түсіне біледі (Нақыл сөздер 20:5). Ехоба Сүлеймен арқылы: “Балам, даналығымды қабылда, Ұлағатты [“қырағы ететін”, ЖД] сөздерімді тыңда”,— дейді (Нақыл сөздер 5:1).
‘Ауыртпалық көргенде’
12. Ерлі-зайыптылардың қиыншылықтарға кезігетіні неге таңғалдырмайды?
12 Кемелді неке жоқ. Тіпті Киелі кітап ерлі-зайыптылардың ‘өмірде көп ауыртпалық көретінін’ айтады (Қорынттықтарға 1-хат 7:28). Уайым-қайғы, ауру, қудалау мен басқа да жайттар некеде тұрғандарға ауыртпалық түсіруі мүмкін. Алайда қиыншылықтар туғанда, Ехобаға ұнамды болуға ұмтылатын адал жұбайлар олардың шешімін бірге іздеулері қажет.
13. Ерлі-зайыптылар өздерін қай жағынан тексеріп көргендері жөн?
13 Ал егер некедегі қиын жағдай жұбайлардың бір-бірімен дұрыс қарым-қатынас жасай алмағандықтарынан туындайтын болса ше? Онда оларды шешу үшін күш салу қажет. Мысалы, жағымсыз сөз айту отбасына біртіндеп еніп, ал қазір қалыпты жайтқа айналып кеткен болуы мүмкін (Нақыл сөздер 12:18). Алдыңғы мақалада айтылғандай, бұл жақсылыққа апармайды. Киелі кітаптағы нақыл сөзде: “Ұрысқақ, ызақор әйелмен тұрғанша, Оңаша тұрған артық айдалада”,— делінген (Нақыл сөздер 21:19). Осындай некедегі әйел өзінен: “Мінезімнің кесірінен күйеуіме менің жанымда болу қиын ба?”— деп сұрауына болады. Ал күйеулерге болса Киелі кітап былай дейді: “Әйелдеріңді сүйіп, оларға қатаң болмаңдар!” (Қолостықтарға 3:19) Егер сен күйеу болсаң, өзіңнен: “Мен мейірімсіздік танытып жүрген жоқпын ба? Осының кесірінен әйелім жұбанышты басқа жерден іздегісі келіп тұра ма?”— деп сұра. Әрине, азғындықты еш ақтауға болмайды. Десе де, осындай қайғылы жайттың орын алуы мүмкін екенін ескерсек, проблемаларды ортаға салып, ашық сөйлескен дұрыс емес пе?
14, 15. Сырттан жұбаныш іздеу неге некедегі қиыншылықтарды шешудің жолы емес?
14 Жұбаныш іздеп өзге біреумен махаббат құру — некедегі қиыншылықтарды шешудің жолы емес. Мұндай қатынас не нәрсеге апарып соғады? Жаңа әрі әлдеқайда жақсы некеге ме? Кейбіреулер солай ойлауы мүмкін. Олар: “Оның бойында мен көргім келетін қасиеттер бар ғой”,— дейтін шығар. Алайда бұл — жаңсақ ой, өйткені өз жан серігін тастамақшы болған, немесе саған жұбайыңды тастатпақшы болған, адам некенің қасиетті екеніне еш мән бермейді. Ал ондай адаммен құрған неке әлдеқайда жақсы болады деп күту ақылға қонбайды.
15 Жоғарыда аталған Мари өз қылығының неге апарып соғатыны жайлы, соның ішінде өзін де, өзге біреуді де Құдайдың ықыласынан айыруы мүмкін екенін, байыппен ойлап көрді (Ғалаттықтарға 6:7). “Мен күйеуімнің әріптесіне деген сезімімді тексере бастадым,— дейді ол.— Оның шындықты білуіне мүмкіндігі болған күнде де, мен оған кедергі болып жатқанымды түсіндім. Күнә жасалса, бәріміз де зардабын тартар едік және басқаларды сүріндірер едік” (Қорынттықтарға 2-хат 6:3).
Талпындырушы ең зор күш
16. Құлықтылық тазалықты сақтамаудың кейбір салдары қандай?
16 Киелі кітап: “Азғын әйелдің тілінен бал тамады, Сөздері майдан да жұмсақ болады. Бірақ оның кесірі ащы жусандай, Соңы өткір болар екі жүзді семсердей”,— деп ескертеді (Нақыл сөздер 5:3, 4). Құлықтылық тазалықты сақтамаудың салдары адам айтқысыз ауыр болуы мүмкін. Оның ішінде ар-ұжданның мазалауы, жыныстық жолмен жұғатын аурулар мен жұбайының тартатын жан азабы бар. Әрине, осылардың өзі неке адалдығын бұзуға апаратын жолға түспеуге себеп болып табылады.
17. Некеде адалдықты сақтауға талпындыратын ең зор күш қандай?
17 Неке адалдығын бұзу дұрыс емес екендігінің негізгі себебі — некеге бастама Беруші және жыныс қабілетін берген Ехоба мұны айыптайды. Малахи пайғамбар арқылы ол: “Мен зинақорларды... әшкерелеуге барамын”,— дейді (Малахи 3:5). Ехоба бәрін де көріп тұратыны жайында Нақыл сөздер 5:21-де: “Адамның күллі ісі Тәңірдің көз алдында, Ол баға береді пенденің бар жолына”,— делінген. Расында да, “Оның көз алдында барлығы ашық та айқын көрініп тұр. Біз Оның алдында есеп беруге тиіспіз” (Еврейлерге 4:13). Демек, некеде адалдықты сақтауға талпындыратын ең зор күш — опасыздық жасау құпия күйінде қалса да, оның тәндік және қоғамдағы салдары болмашы боп көрінсе де, кез келген азғын әрекет Ехобамен қарым-қатынасымызды бұзатынын түсіну.
18, 19. Жүсіп пен Потифардың әйелі жайлы оқиғадан қандай сабақ аламыз?
18 Рубасы Жақыптың ұлы Жүсіптің мысалынан Құдаймен тату болып қалуды қалау — азғындық жасамауға талпындыратын ең зор күш екенін көруге болады. Перғауын уәзірі Потифардың көңілінен шыққан Жүсіп оның үйінде беделді қызметке тағайындалады. Ол сондай-ақ “дене бітімі келісті келбетті жігіт еді”, сондықтан Потифардың әйелінің көзіне түспей қалмайды. Ол күнде Жүсіпті еліктіруге тырысады, бірақ мұнысынан ештеңе шықпайды. Неге Жүсіп оның ұсыныстарынан бас тартты? Киелі кітапта былай делінген: “Жүсіп одан бас тартып: — Қожайыным өзіңізден басқа ештеңені де билігімнен айырған жоқ. Ал сіз оның жұбайысыз ғой! Сонда мен қалайша сондай ауыр қылмыс жасап, Құдайдың көз алдында күнәға батпақпын?!”— дейді (Жаратылыс 39:1—12).
19 Үйленбеген Жүсіп өзге біреудің әйелімен жақындасудан бас тартып, пәктігін сақтап қалды. Нақыл сөздер 5:15-те үйленген ер адамдарға: “Суын ішіп, шөліңді бас өз “құдығыңнан”, Ләззат тап өз “бұлағыңның кәусарынан”,— делінген. Олай болса, сырттағы біреуге аңдамай ғашық болып қалудан сақтан. Өз некеңдегі сүйіспеншілікті нығайтуға барынша күш сал және некеде қандай қиындыққа кезіксең де, оларды шешуге тырыс. Ендеше, “қанағат ет жастай алған қосағыңды” (Нақыл сөздер 5:18).
Не білдіңдер?
• Мәсіхші қалай аңдамай романтикалық қатынастың құрығына ілігіп қалуы мүмкін?
• Жұбайың емес біреумен романтикалық қатынастан сақтануға не көмектеседі?
• Бастарына қиыншылықтар түскенде, ерлі-зайыптылар не істеулері керек?
• Неке адалдығын сақтауға талпындыратын ең зор күш не?
[18-беттегі сурет]
Өкінішке қарай, жұмыс орны жұмыстағы орынсыз махаббатқа қолайлы жағдай жасауы мүмкін