Олар ‘тәндеріндегі шаншылып түйрелу азабына’ төтеп берді
“Тәніме “шаншылып түйрелу азабы” бұйырылды: шайтанның хабаршысы ұрып-соғып қатты қинайды” (2 ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 12:7).
1. Бүгінгі күні адамдар қандай қиыншылықтарға кезігуде?
ҚАНДАЙ да бір қиыншылықты бастан кешіп жүрсіңдер ме? Егер олай болса, сендер жалғыз емессіңдер. Қазіргі ‘қиын-қыстау күндері’ адал мәсіхшілер қатты қарсылық пен отбасындағы кикілжің, ауру-сырқау, қаржы-қаражат тапшылығы, қамығу мен жақын адамының өлімі сияқты, сондай-ақ тағы да басқа қиыншылықтардан жапа шегуде (2 Тімотеге 3:1—5). Кей елдерде соғыс пен азық-түліктің тапшылығы көп адамдардың өміріне қауіп төндіруде.
2, 3. ‘Шаншылып түйрелу азабынан’ туған қиыншылықтардың салдарынан қандай бұрыс көзқарас пайда болуы мүмкін және неге мұндай көзқарас қауіпті?
2 Мұндай қиыншылықтар, әсіресе бірнешеуі бірден кезігер болса, адамның қатты еңсесін түсіреді. Нақыл сөздер 24:10-да (ЖД) айтылған сөздерге көңіл аударыңдаршы: “Бақытсыздыққа ұшыраған күні еңсең түсетін болса, дәрменсіз боласың”. Иә, қиыншылыққа кезіккенде ұнжырғамыздың түсуі бізді аса қажетті қажыр-қайраттан айырып, ақырына дейін шыдауға деген шешімімізді әлсіретеді. Қалайша?
3 Еңсеміздің түсіңкі болуы бізді дұрыс көзқарастан айырады. Мысалы, түймедей проблеманы түйедей етіп, өзімізді аяй бастауымыз мүмкін. Тіпті кейбіріміз: “Неге мені мұндай нәрсеге душар еттің?” — деп, Құдайға ашына жалбарынатын болармыз. Мұндай бұрыс көзқарас адамның жүрегіне орнығып алатын болса, оны қуаныштан айырып, көңілін қобалжытады. Құдайдың қызметшісінің ұнжырғасы түскені соншалық, ‘сенімнің ізгілікті мүддесі үшін жан сала күресуді’ доғаруы да мүмкін (1 Тімотеге 6:12).
4, 5. Қалайша кейбір жағдайларда біздің қиыншылықтарға ұшырауымызға Шайтанның қатысы болады, сөйтсе де біз не нәрсеге сенімдіміз?
4 Әрине, бізді қиыншылықтарға ұшыратып отырған Ехоба Құдай емес (Жақып 1:13). Біз кейбір қиыншылықтарға Құдайға адал болуға тырысып жүргеніміз үшін ғана ұшырауымыз мүмкін. Негізінде Ехобаға қызмет ететіндердің барлығы Құдайдың бас жауы Шайтан Ібілістің нысанасына айналады. Өзіне қалған аз уақыт аралығында “күнәкар дүниенің” зұлым “тәңірі” Ехобаны сүйетіндерге Оның еркін орындатпау үшін жанталасуда (2 Қорынттықтарға 4:4). Шайтан біздің дүниежүзілік бауырластығымызды мүмкіндігінше көбірек қайғы-қасіретке ұшыратуды қалайды (1 Петір 5:9). Әрине, басымызға түскен қайғы-қасіреттің барлығына Шайтан кінәлі деуге болмайды, сөйтсе де қиыншылыққа кезіккенде, бізді одан әрі әлсірете түсу үшін, ол мұны өз мүддесі үшін қолданады.
5 Шайтан немесе оның қолданатын тәсілдері қаншалықты күшті болса да, біз оны жеңіп шыға аламыз! Неге біз бұған сенімді бола аламыз? Өйткені біз үшін Ехоба Құдай күресуде. Ол өз қызметшілері Шайтанның зымиян ниеттерінен беймәлім болмауы үшін қам жеген (2 Қорынттықтарға 2:11). Құдай Сөзінде шынайы мәсіхшілердің басына түскен қиыншылықтар жөнінде көп мәлімет жазылған. Елші Пауылдың кезіккен қиыншылығына қатысты Киелі кітапта “шаншылып түйрелу азабы” деген сөз тіркесі қолданылған. Неге? Құдай Сөзінде осы тіркестің қалай түсіндірілетінін қарастырып көрейік. Сонда қиыншылықтарға төтеп беру үшін біз ғана Ехобаның көмегіне мұқтаж емес екендігімізді көреміз.
Қиыншылықтардың ‘шаншылып түйрелу азабына’ ұқсайтындығының себебі
6. Пауыл ‘тәнге “шаншылып түйрелу азабы” ’ туралы айтқанда, нені меңзеген және оған ‘шаншылып түйрелген’ не болуы мүмкін?
6 Көптеген қиыншылықтарды басынан кешірген Пауыл, Құдайдың киелі рухының жетелеуімен былай деп жазды: “Тәніме “шаншылып түйрелу азабы” бұйырылды: шайтанның хабаршысы ұрып-соғып қатты қинайды. Бұл мені өр көкіректеніп кетуден сақтамақ” (2 Қорынттықтарға 12:7). Пауылдың тәніне ‘шаншылып түйрелген’ не болды екен? Тәнге терең шаншылған нәрсе қатты ауыртады. Бұл метафора Пауыл қандай да бір қасіреттен — тәндік не сезімге қатысты, я болмаса екеуінен де жапа шеккен деген ой тудырады. Пауыл көз ауруынан немесе басқа да тәндік аурулардан жапа шексе керек. Не болмаса Пауылдың тәніне ‘шаншылып түйрелген’ оның елші және уағыздаушы, әрі тәлімгер ретіндегі беделіне күмән келтірген адамдар болуы да мүмкін (2 Қорынттықтарға 10:10—12; 11:5, 6, 13). Оның тәніне ‘шаншылып түйрелген’ не нәрсе болса да, одан құтылу мүмкін емес еді, сондықтан Пауыл оған шыдау керек болатын.
7, 8. а) “Қатты қинайды” деген тіркес нені білдіреді? ә) Не себепті бүгінгі күні өзіміз жапа шегіп жүрген ‘шаншылып түйрелу азабымен’ күресудің маңызы зор?
7 ‘Шаншылып түйрелу азабының’ үнемі Пауылды ‘қатты қинағанын’ ескере кетелік. Бір қызығы, Пауыл қолданған грек етістігі “саусақтардың сүйектері” деген сөзден шыққан. Бұл сөз Матай 26:67-де тура мағынада, ал 1 Қорынттықтарға 4:11-де ауыспалы мағынада қолданылады. Аталмыш тармақтарда “жұдырықтап ұру” деген ой берілген. Шайтан Ехобаны және оның қызметшілерін өлердей жек көретіндіктен, “шаншылып түйрелу азабы” Пауылды үнемі қатты қинағанда, Ібілістің қуанышында шек болмағанына біз күмәнданбаймыз. Бүгінгі күні біз ‘шаншылып түйрелу азабынан’ жапа шеккенде де, ол тап солай қуанады.
8 Сол себепті Пауыл сияқты, біз де, осындай ‘шаншылып түйрелу азабына’ қалай төтеп беруге болатынын білуіміз керек. Бұл біз үшін өлім мен өмірге қатысты сұрақ қой! Мынаны ұмытпаңдар: Ехоба біздің ешкім еш нәрседен жапа шекпейтін жаңа дүниеде мәңгі өмір сүргенімізді қалайды. Құдай біздің осы керемет сыйға қол жеткізуімізге көмектесіп, өзінің киелі Сөзінде көптеген мысалдар берген, солар арқылы ол адал қызметшілерінің тәндегі “шаншылып түйрелу азабына” төтеп бере алатындығын көрсетеді. Олар өзіміз сияқты қарапайым, кемелсіз адамдар болған. Үлкен ‘бұлт секілді тобырдың’ арасындағы мұндай мысалдар бізге ‘алдымыздағы “жарысты” қажырлылықпен аяқтауға’ көмектеседі (Еврейлерге 12:1, сілтемені қара). Олардың басына түскен қиыншылықтарға қалай төтеп бергендерінің үстінен ой жүгірткеніміз, Шайтан қолданатын кез келген ‘шаншылып түйрелу азабына’ біздің де төтеп бере алатындығымызға деген сенімімізді күшейтеді.
Мепібосеттің “шаншылып түйрелу азабы”
9, 10. а) Мепібосет ‘шаншылып түйрелу азабына’ қалай душар болған? ә) Қалай Дәуіт Мепібосетке мейірімділік көрсетті және біз оған қалай еліктей аламыз?
9 Дәуіттің досы Жонатанның ұлы Мепібосетті еске алайықшы. Әкесі Жонатан мен атасы Саулдың өлімі туралы хабар келіп жеткенде, Мепібосет бес жасар болатын. Мепібосеттің бағушысы қатты абыржиды. “Сонда бағушы әйел оны ала сала қаша жөнеледі. Осылай асығыс қашып бара жатқанда, ол құлап түседі де, майып болып қалады” (2 Патшалықтар 4:4, СА). Мүгедек болып қалған Мепібосет бала күнінен-ақ ‘шаншылып түйрелу азабынан’ көп жапа шексе керек.
10 Бірнеше жылдар өткен соң, Дәуіт патша Жонатанды қатты сүйгендіктен, Мепібосетке мейірімділік көрсетеді. Дәуіт оған Саулға тиесілі жердің бәрін қайтарып беріп, Саулдың қызметшісі Сибаға сол жерлерді өңдеуді тапсырады. Сонымен қатар Дәуіт Мепібосетке: “Сен әрдайым менің дастарқанымнан тамақ жейтін боласың”,— дейді (2 Патшалықтар 9:6—10). Дәуіттің жасаған мейірімділігі мен қайырымдылығы Мепібосеттің жанына жұбаныш болып, қандай да бір шамада оның ауруының қасіретін жеңілдеткені сөзсіз. Біз үшін қандай керемет сабақ десеңші! Біз де тәнге ‘шаншылып түйрелу азабынан’ жапа шегіп жүргендерге мейірімді болуымыз керек.
11. Сиба Мепібосет жөнінде не дейді және мұның өтірік екенін біз қайдан білеміз? (Сілтемені қараңдар.)
11 Кейінірек Мепібосеттің басқа бір ‘шаншылып түйрелу азабынан’ жапа шегуіне тура келді. Дәуіт ұлы Абессаломның жасаған көтерілісінің салдарынан Иерусалимнен қашып кеткен уақытта, Мепібосеттің қызметшісі Сиба Дәуіт патшаға келіп, оны қаралайды. Сиба Дәуітке Мепібосет сатқындық жасап, өзі патша болуға үміттеніп, Иерусалимде қалып қойды дейдіa. Дәуіт Сибаның өтірігіне сеніп қалып, Мепібосеттің бар мал-мүлкін соған береді! (2 Патшалықтар 16:1—4).
12. Болған оқиға Мепібосетке қалай әсер етті және ол бізге қандай керемет үлгі қалдырды?
12 Алайда Мепібосет Дәуітпен кездескенде, шын мәнінде не болғанын айтып береді. Мепібосет Дәуітке қосылуға дайындалып жүргенде, Сиба оны алдап, орнына өзі кетіп қалады. Дәуіт әділдік орнатты ма? Жартылай. Ол жер мен мал-мүлікті екеуіне бөліп береді. Бұл оқиға Мепібосет үшін тағы да бір “шаншылып түйрелу азабы” болуы мүмкін. Оның қатты көңілі қалды ма? Дәуіттің қабылдаған шешімі әділетті емес деп қарсылық білдіріп, оған қарсы шықты ма? Жоқ, ол кішіпейілділік танытып, патшаның еркіне көнді. Ол болған оқиғаның жақсы жағына көбірек көңіл бөліп, Исраилдің заңды патшасының аман қалғанына қуанды. Мепібосет мүгедек екендігіне, өтіріктің құрбаны болғанына, сонымен қатар көңілінің қалғанына қарамастан, қиыншылықтарға қалай төтеп беруге болатынына қатысты бізге керемет үлгі қалдырды (2 Патшалықтар 19:24—30).
Нехемия қиыншылықтарға төтеп берді
13, 14. Нехемия Иерусалимнің қабырғаларын қалпына келтіру үшін қайта оралғанда қандай қиыншылықтарға кезікті?
13 Б. з. б. V ғасырда қабырғалары күйреп қалған Иерусалим қаласына келгенде, Нехемияның жаны қалай күйзелгенін ойлап көріңдерші. Нехемия қаланың мүлдем қорғансыз, ал қайта оралған яһудилердің абыржуда екенін көрді. Оның үстіне, олардың арасында тәртіп жоқ болатын, әрі олар Ехобаның алдында таза емес еді. Артақсерікс патша Нехемияға Иерусалимнің қабырғаларын қалпына келтіру жөнінде жарғы бергенмен, Нехемия көп ұзамай көрші елдердің әкімдері бұл жарғының орындалуына барынша қарсыласып жатқанын көрді. “Исраил ұлдарының игілігінің қамын жейтін адам келгеніне олар қатты наразы болды” (Нехемия 2:10, СА).
14 Исраилдіктердің жат жерлік жаулары Нехемия бастаған жұмысты тоқтату үшін, қолдарынан келгеннің бәрін істейді. Олардың қоқан-лоқы салуы, алдап-арбауы мен қулық-сұмдығы, сондай-ақ Нехемияны жігерден айыру үшін жіберілген тыңшылардың тәсілдері оған “шаншылып түйрелу азабы” іспетті әсер еткен. Жауларының қастық іс-әрекеттеріне ол төтеп бере алды ма? Иә! Нехемия толықтай Құдайға арқа сүйегендіктен, қамықпады. Ақырында Иерусалимнің қабырғалары қалпына келтірілгенде, бұл Ехобаның оған сүйіспеншілік көрсетіп, қолдап отырғанының керемет дәлелі болды (Нехемия 4:1—12; 6:1—19).
15. Яһудилердің арасындағы қандай проблемалар Нехемияның жанына қатты батқан?
15 Сонымен қатар яһудилердің басшысы ретінде Нехемия Құдайдың халқының арасында да көптеген қиыншылықтарға кезікті. Бұл қиыншылықтар Нехемия үшін жанына қатты батқан “шаншылып түйрелу азабы” іспетті еді, өйткені олар исраилдіктердің Ехобамен қарым-қатынасына нұқсан келтіретін. Бай яһудилер халықтан үлкен өсім алатын болғандықтан, кедей бауырлары оларға қарыздарын, ал парсы үкіметіне салықтарын төлеу үшін жерлерінен айырылып, тіпті балаларын құлдыққа сатуға мәжбүр болады (Нехемия 5:1—10). Яһудилердің көбісі діни демалыс күнін ұстанбайтын, леуіліктерге қамқорлық көрсетпейтін және ғибадатханадағы қызметті қолдамайтын. Сонымен қатар кейбіреулері “азоттық, аммондық және моабтықтардан” әйел алған. Нехемия бұған қалай қапаланды десеңші! Бірақ осындай ‘шаншылып түйрелу азабының’ ешқайсысы оны берілуге мәжбүрлей алмады. Ол әрқашан Құдайдың әділ заңдарын құлшына қорғайтын. Нехемияға ұқсап, біз де, өзгелердің әділетсіз істерінің бізді Ехобаға деген қызметімізден алыстатуына жол бермелік (Нехемия 13:10—13, 23—27, СА).
Өзгелер де ‘шаншылып түйрелу азабына’ төтеп берген
16—18. Ысқақ, Рабиға, Ханна, Дәуіт және Ошиялар отбасындағы қандай ауыр жағдайларды бастан кешкен?
16 Киелі кітапта “шаншылып түйрелу азабы” іспетті қиыншылықтарға төтеп берген басқа да көптеген адамдардың мысалдары бар. Осындай қиыншылықтардың бірі — отбасындағы проблемалар. Есаудың екі әйелі ата-енесі “Ысқақ пен Рабиғаға үлкен уайым әкелді”. Тіпті Рабиға ‘хеттік әйелдердің кесірінен өмірім уайымға толы’ деді (Жаратылыс 26:34, 35; 27:46). Сондай-ақ Ханна мен оны бедеу болғандықтан ‘кекетіп-мұқатып, ренжіте беретін’ Пәнананы есімізге түсірейікші. Олар үйде жалғыз қалған кезде, Ханна мұндай күйді көп рет басынан кешсе керек. Пәнана Ханнаны өзгелердің көзінше де ренжітетін, бәлкім, ол мұны мейрам кезінде отбасымен Шилоға барғанда, туыстары мен жора-жолдастарының көзінше істейтін болса керек. Сол кезде “шаншылып түйрелу азабы” Ханнаның жанына барынша қатты бататын (1 Патшалықтар 1:4—7).
17 Бойын қызғаныш билеген Саул патшадан қашып жүрген Дәуіттің басына не күй түскенін ойлап көріңдерші. Дәуіт жан сауғалап Ен-Геди шөліндегі үңгірлерде өмір сүрген, оған тік жарларға шығып, қатерлі жолдармен жүруге тура келген. Мұндай әділетсіздік оның жанына батса керек, өйткені ол қайын атасы Саулға ешқандай жамандық істеген жоқ қой. Сөйтсе де Саулдың іштарлығының кесірінен Дәуіт бірнеше жыл бойы жасырынып жүруге мәжбүр болды (1 Патшалықтар 24:14, 15; Нақыл сөздер 27:4).
18 Ал Ошия пайғамбардың қандай ауыр жағдайды басынан кешіргенін көз алдарыңа елестетіп көріңдерші. Оның әйелі азғындыққа салынып кеткен болатын. Әйелінің азғындығы Ошияның жүрегіне қадалған “шанышқыдай” болған болар. Ал азғын жолда жүріп, әйелі екі бала туып алғанда ше, Ошия қатты қиналса керек! (Ошия 1:2—9).
19. Миха пайғамбар қандай қуғынға ұшыраған?
19 ‘Шаншылып түйрелу азабының’ тағы бір түрі — қудалану. Миха пайғамбардың басынан өткен оқиғаны қарастырып көрелік. Әділетсіз патша Ахаб өзін жалған пайғамбарлармен қоршап алып, олардың ұятсыз өтірігіне сеніп жүргенін көріп, Миханың әділетті жүрегі азап шеккен. Миха Ахабқа олардың аузындағы “жалған рух” туралы айтқанда, сол жалған пайғамбарлардың басшысы не істеді екен? Ол ‘Миханың жағынан салып жіберді’! Ғалақадтағы Рамотты қайтара алмайтыны туралы Ехобаның сөзін естігенде, Ахабтың әрекеті одан да жаман болды. Ахаб Миханы абақтыға жауып, тамақты аз беруді бұйырады (3 Патшалықтар 22:6, 9, 15—17, 23—28). Еремияның да қалайша жауыздықпен қудаланғанын естеріңе түсіріңдерші (Еремия 20:1—9).
20. Нағима қандай ‘шаншылып түйрелу азабынан’ жапа шекті және ол қандай сыйға ие болды?
20 Жақын адамның өлімі ‘шаншылып түйрелу азабына’ теңеуге болатын тағы да бір жағдай. Нағиманы күйеуі мен екі ұлының өлімі қайғыға батырады. Әлі де қайғысынан арылмаған ол Бетелхемге қайтады. Ол жора-жолдастарына өзін Нағима емес, ащы, қайғылы дегенді білдіретін Мара деп атауды өтінеді. Сөйтсе де ақырында табанды болғаны үшін Ехоба оған батасын беріп, немере сыйлайды. Нағиманың сол немересі Мәсіхтің түп атасы болады (Рут 1:3—5, 19—21; 4:13—17; Матай 1:1, 5).
21, 22. Әйүп қандай қиыншылықтарға ұшырады және ол бұған қалай қарады?
21 Күтпеген жерден жанындай жақсы көрген он баласының қаза болуы, Әйүпке қалай ауыр тигенін ойлап көріңдерші. Сондай-ақ ол бар мал-мүлкі мен қызметшілерінен де айырылды. Ол үшін кенеттен өмір бар мәнін жоғалтқандай болып көрінді. Әйүп осындай қасіреттен есін жинап болмай жатып, Шайтан оны ауруға шалдықтырады. Бәлкім, Әйүп мұндай аурудан аман қалмайтын шығармын деп ойлаған болар. Ауруының жанына батқаны соншалық, Әйүп өлімді қасіреттен құтылудың жолы деп ойлайды (Әйүп 1:13—20; 2:7, 8).
22 Алайда мұнымен оның қасіреті аяқталмайды. Қайғы мен қасірет басқан әйелі Әйүпке келіп: “Құдайды балағатта да, өле қал!” — деп айғайлайды. ‘Шаншылып түйрелу азабына’ тең қандай ауыр сөздер десеңші! Бұдан кейін, үш досы келіп, көңілін сұраудың орнына, екіжүзділікпен айтылған сөздер жаудырады. Олардың ойынша, Әйүп жасырын күнәлар жасап, солардың салдарынан қасірет шегіп жатыр-мыс. Олардың мұндай жаңсақ ойлары, ‘шаншылып түйрелу азабын’ Әйүптің тәніне батырған үстіне батыра түседі. Әйүптің мұндай қиыншылықтарға не үшін ұшырап жатқанын, сондай-ақ осының барлығынан кейін өзінің аман қалатынын да білмегенін ұмытпалық. Сөйтсе де “осының барлығында Әйүп аузынан шыққан сөзімен күнә жасаған жоқ” (Әйүп 1:22; 2:9, 10; 3:3; 14:13; 30:17). Әйүп күтпеген жерден көптеген ‘шаншылып түйрелу азабына’ ұшыраса да, әділдік жолынан таймады. Бұл бізді қалайша жігерлендіреді десеңші!
23. Осы мақалада әңгімеленген Құдайға адал адамдар “шаншылып түйрелу азабы” іспетті қиыншылықтарға ненің арқасында төтеп бере алған?
23 Жоғарыда келтірілген мысалдар Құдайдың қызметшілерінің бастарына түсіп жүрген барлық қиыншылықтарды қамтымайды. Киелі кітапта мұндай мысалдар көп. Сол Құдайға адал адамдардың барлығының өздерінің “шаншылып түйрелу азабы” болған, әрі оларға сонымен күресуге тура келген. Олар қандай қиыншылықтарға кезікпеді десеңші! Десе де, олардың барлығын бір нәрсе біріктіреді: олардың ешқайсысы Ехобаға қызмет етуін доғарған жоқ. Өмірдің тауқыметіне қарамастан, олар Ехобаның берген күшінің арқасында Шайтанды жеңіп шықты. Қалайша? Келесі мақаладан біз осы сұраққа жауап аламыз және “шаншылып түйрелу азабы” іспетті кез келген қиыншылықтарға қалай төтеп беруге болатынын көреміз.
[Сілтеме]
a Мұндай атаққұмарлық Мепібосет іспетті адамгершілігі мол, әрі кішіпейіл адамның мінезіне тән емес-тін. Әкесі Жонатанның адал мінезін оның жақсы білгендігінде сөз жоқ. Жонатан Саул патшаның ұлы болса да, Дәуітті Исраилдің тағайындалған патшасы ретінде мойындаған (1 Патшалықтар 20:12—17). Мепібосеттің Құдайдан қорқатын әкесі, әрі Дәуіттің адал досы Жонатан өзінің балғын баласын патшалық билікті көксеуге үйретпесе керек-ті.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Не себепті басымыздан өткізіп жүрген қиыншылықтарды ‘шаншылып түйрелу азабына’ теңеуге болады?
• Мепібосет пен Нехемияның “шаншылып түйрелу азабы” іспетті қандай қиыншылықтарды бастарынан өткізулеріне тура келген?
• Жоғарыда әңгімеленген ‘шаншылып түйрелу азабына’ ұшыраған адамдардың мысалдарының қайсысы сендерге ерекше әсер етті және неге?
[9-беттегі суреттер]
Мепібосет мүгедек екендігіне, өтіріктің құрбаны болғанына, сонымен қатар көңілінің қалғанына қарамастан, төтеп берген
[10-беттегі сурет]
Нехемия жаулары қудалағанда берік болып, төтеп берген