Алға басқандарың көрінсін
“Осыларды орындап, өзіңді соған арна; бәрі де бұдан сенің алға басуыңды көре алсын” (1 ТІМОТЕГЕ 4:15).
1. Жемістің пісіп, жеуге жарап қалғанын қалай білуге болады?
ӨЗДЕРІҢ жақсы көретін жемісті: алма, алмұрт, шабдалы немесе басқасын көз алдарыңа елестетіп көріңдерші. Оның пісіп, жеуге жарап қалғанын біле аласыңдар ма? Иә, әрине. Оның хош иісі, түсі мен жұмсақтығы — өздеріңді рақатқа бөлейтін бір мезет күтіп тұрғанын айтады. Бәлкім, кішкене тістеп көріп, тамсана таңдай қағатын боларсыңдар. Қандай шырынды! Қандай тәтті! Рақат!
2. Адамның рухани толысқандығы қалай байқалады және бұл оның өзгелермен қарым-қатынасына қалай әсер етеді?
2 Осындай қарапайым, бірақ көңіліңді қош ететін мысалдың өмірдің басқа салаларында да теңеулері бар. Мысалы, жемістің піскенін білдіретін белгілері бар болғаны іспетті, адамның рухани толысқанының да белгілері бар. Адам парасаттылық, түсінушілік, даналық және тағы сол сияқты қасиеттерді танытатын болса, біз оның рухани толысқанын білеміз (Әйүп 32:7—9). Ойы мен іс-әрекеттерінде осындай қасиеттерді танытатын адаммен қарым-қатынаста болу, бірге жұмыс істеу, әрине, жағымды сезімге бөлейді (Нақыл сөздер 13:20).
3. Исаның өзі өмір сүрген уақыттағы адамдарды суреттеген сөздері олардың толысқандығына қатысты нені көрсетті?
3 Басқа жағынан алып қарайтын болсақ, адам ересек-ақ болуы мүмкін, бірақ сөзі мен іс-әрекеттері оның эмоционалдық және рухани жағынан толыспағанын көрсетуі ықтимал. Мысалы, Иса Мәсіх өзі өмір сүрген уақыттағы бір беткей адамдар туралы былай деген: ‘Жақия пайғамбар келгенде кәдімгі тамақтарды ішіп-жемеді. Олар оны “жынды” дейді. Ал Мен, көктен келген Билеуші, кәдімгі тамақтарды ішіп-жеймін. Сонда олар: “Мынау тамақ жеп, шарап ішуді жақсы көреді” дейді’. Сол адамдар ересек болғанмен, Исаның айтуынша, “бала” сияқты әрекет еткен, олар толыспаған болатын. Сондықтан Иса сөзін былай деп жалғады: “Алайда даналық өзінен туған істермен ақталады” (Матай 11:16—19).
4. Алға басқанымызды және толысқанымызды қалай көрсетуге болады?
4 Исаның сөзіне қарағанда, адамның нағыз дана екенін — ал бұл болса толысқандықтың белгісі — оның іс-әрекеті мен сол іс-әрекеттерінің нәтижесінен білуге болады. Бұл мәселеде Пауылдың Тімотеге берген кеңесі көңіл қоюға тұрарлық. Тімотенің қандай мақсаттарға талпынуы керек екенін тізіп өткеннен кейін, ол былай деді: “Осыларды орындап, өзіңді соған арна; бәрі де бұдан сенің алға басуыңды көре алсын” (1 Тімотеге 4:15). Иә, мәсіхшінің толыса бастағаны анық ‘көрінеді’ немесе айқын байқалады. Мәсіхшінің толысуы жарқыраған нұр сияқты, бұл қасиетті — іште тежеп қалу немесе жасырып қою мүмкін емес (Матай 5:14—16). Сондықтан, алға басқанымызды және толысқанымызды көрсетуге көмектесетін басты екі жайтты қарастырып көрелік: 1) білімімізді, түсінігіміз бен даналығымызды молайту; 2) киелі рухтың жемісін таныту.
Сенімдегі және тура білімдегі бірлік
5. Толысу деген сөзге қандай анықтама беруге болады?
5 Сөздіктердің көпшілігінде толысу — әбден толып жетілу, есею, қойылған талаптарға тура сай келу деп суреттеледі. Жоғарыда айтылғандай, жеміс табиғи өсу циклінен өтіп, яғни, оның түрі, түсі, иісі мен дәмі белгілі бір деңгейге жеткен соң, піскен болып есептеледі. Демек, толысу — жоғары сапалы болу, аяқталу, тіпті кемеліне келу дегенмен мағыналас (Ишая 18:5; Матай 5:45—48; Жақып 1:4).
6, 7. а) Ехобаны Өзіне мінажат еткендердің рухани толысқаны қатты қызықтыратындығын неден көруге болады? ә) Рухани толысу не нәрсемен тығыз байланысты?
6 Ехобаны Өзіне мінажат ететіндердің бәрінің рухани толысқаны қатты қызықтырады. Осыны жүзеге асыру үшін ол мәсіхшілер қауымына керемет сыйлар берген. Елші Пауыл Ефестегі мәсіхшілерге былай деп жазған: “Біз бұдан былай толқынның тәлкегіне түскен, адамдардың қулығы, ойдан шығарылған нәрселермен алдап-арбауы арқылы әрбір ағымдағы ілімге ілесіп кететін сәби іспетті болмауымыз үшін, бәріміз сенімде және Құдай Ұлына қатысты тура білімде бірлікке жетпейінше, ересек адамның толысуына, Мәсіхтің кемелдігіне тән даму дәрежесіне жетпейінше, [Ол оларды]: қасиеттілерді түзету, қызмет ету және Мәсіхтің рухани денесін өсіру үшін — біреулерін елші, біреулерін пайғамбар, тағы басқаларын ізгі хабарды уағыздаушы, енді біреулерін бақташы және тәлімгерлер ретінде берді” (Ефестіктерге 4:11—14, ЖД).
7 Пауыл бұл тармақтарда, Құдайдың қауымға мұндай жомарт сыйларды беру мақсатының басты себебі олардың барлығының ‘сенімде және тура білімде бірлікке’, “ересек адамның толысуына” және ‘Мәсіхтің кемелдігіне тән даму дәрежесіне’ жетулері керек екенін айтып түсіндірді. Сонда ғана біз рухани сәби іспетті, жалған ой-пікірлер мен ілімдердің “тәлкегіне” түспейміз. Бұдан біз мәсіхшінің толысу үшін алға басқаны мен ‘сенімде және Құдай Ұлына қатысты тура білімде бірлікте’ болуының бір-бірімен қаншалықты тығыз байланыста екендігін көріп отырмыз. Пауылдың берген кеңесінде ерекше көңіл аударуға тұрарлық бірнеше жайттар бар.
8. Сенім мен тура білімде “бірлік” сақтау үшін не қажет?
8 Біріншіден, ‘бірлік’ сақтау үшін толысқан мәсіхші сенім мен білімге қатысты сұрақтарда бауырластарымен толық келісушілікте болуы керек. Ол Киелі кітапты түсіну жөнінде әңгіме қозғалғанда ол табан тіресіп өзінің жеке ойы мен өз пікірін дәлелдеп жатпайды. Ол Ехоба Құдайдың Өзінің Ұлы Иса Мәсіх арқылы және ‘адал да саналы қызметшісі’ арқылы ашып жатқан шындығына толығымен сенім артады. Егер біз мәсіхшілердің басылымдарында, қауым кездесулері мен конгрестерде “уақтылы” берілетін рухани ас-суды үздіксіз қабылдап жүрген болсақ, сенімде және тура білімде бауырластарымызбен “бірлік” сақтап жүргенімізге күмәнданбасақ та болады (Матай 24:45).
9. Ефестіктерге арналған хатында Пауыл “сенім” деген сөзді қай мағынада қолданғанын түсіндіріп беріңдерші.
9 Екіншіден, ‘сенім’ деген сөз әрбір мәсіхшінің жеке нанымдарына емес, бәріміздің бірге сеніп жүрген нәрселерімізге, оның ‘кеңдігі мен көз жеткісіздігіне, тереңдігі мен биіктігіне’ қатысты (Ефестіктерге 3:18; 4:5; Қолостықтарға 1:23; 2:7). Егер мәсіхші барлығына толық сенбей, ‘сенімнің’ қандай да бір бөлігін ғана қабылдайтын болса, бауырластарымен қалай бірлікте болмақ? Бұл дегеніміз, Киелі кітаптың негізгі ілімін ғана білуді, яғни, шындықты үстіртін немесе шала білуді, қанағат етуімізге болмайтындығын білдіреді. Керісінше, Құдай Сөзін тереңірек зерттеу үшін өзінің ұйымы арқылы Ехобаның беріп отырғанының бәрін қолдану қажет. Біз Құдайдың еркі мен ниетін мүмкіндігінше тура, әрі толық түсінуге тырысуымыз керек. Бұл үшін Киелі кітапты және оған негізделген басылымдарды оқуға, сондай-ақ зерттеуге уақыт табуымыз керек, Құдайдан көмек пен басшылық сұрап дұға етуіміз, мәсіхшілердің жиналыстарына үзбей қатысуымыз керек, сонымен қатар Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздап, шәкірттер дайындауымыз керек (Нақыл сөздер 2:1—5).
10. Ефестіктерге 4:13-тегі “бәріміз... жетпейінше” деген сөздердің мағынасы қандай?
10 Үшіншіден, Пауыл осы үш мақсатты көрсеткенде “бәріміз... жетпейінше” деген сөздерді қолданған. Бір Киелі кітап анықтамалығында “бәріміз” деген сөздің “әрқайсысы бөлек-бөлек емес, бәрі бірге” екендігіне меңзейтіндігі айтылған. Басқаша айтқанда, бүкіл бауырластықпен бірге мәсіхші ретінде толысу үшін, әрқайсысымыз қолдан келген нәрсенің бәрін істеуіміз керек. “Киелі кітап Түсіндірмесі” еңбегінде былай делінген: “Бүкіл дене дамымаса оның бір мүшесі өздігінен дами алмайтыны сияқты, жападан-жалғыз ешкім рухани толыса алмайды” (The Interpreter’s Bible). Пауыл Ефестегі мәсіхшілерге “Құдайдың бүкіл халқымен бірге” сенімді толықтай түсінуге талпынуы керек екендіктерін естеріне салған болатын (Ефестіктерге 3:18ә).
11. а) Рухани толысу деген нені білдірмейді? ә) Рухани толысу үшін не істеу керек?
11 Пауылдың сөздерінен рухани толысу дегеніміз жай ғана миымызды білімге толтырып, көп оқығандықты білдірмейтіндігі анық көрінеді. Толысқан мәсіхші — біліктілігімен өзгелерді таң-тамаша қылатын адам емес. Киелі кітапта: “Әділдердің жолы — түс болғанша бірте-бірте жарқырай түсіп, сәулесін шашатын күн сияқты” (Нақыл сөздер 4:18, СА). Иә, “бірте-бірте жарқырай” түсетін адам емес, “жол”. Құдай Сөзіне қатысты түсінік анағұрлым анықтала түсуде, әрі мұны өзінің халқына ашып жатқан Ехобаның өзі; егер біз осындай түсінікпен қатарласа жүруге тырысатын болсақ, рухани өсеміз. Бұл жағдайда, қатарласа жүру дегеніміз, алға жылжуды білдіреді, ал бұл болса барлығымыздың да қолымыздан келетін іс (Забур 96:11; 118:105).
‘Киелі рухтың жемісін’ танытыңдар
12. Неге рухани толысуға талпынғанда киелі рухтың жемісін танытқанның маңызы зор?
12 Әрине “сенімде және... тура білімде бірлікке” талпынғанымыздың маңызы зор, бірақ өміріміздің әрбір саласында Құдайдың киелі рухының жемісін танытқанымыздың да маңыздылығы кем емес. Неге? Өйткені өзіміз білгендей, толысу — бұл іште тежеп қалу немесе өзгелерден жасырып қою мүмкін емес қасиет. Оның өзгелерге пайдасын тигізетін немесе өзгелерге игі әсер ететін анық байқалатын белгілері бар. Рухани толысуға талпыну дегеніміз жай ғана мәдениетті, не болмаса тәрбиелі болып көрінуге тырысуды білдірмейді. Егер біз Құдайдың киелі рухының басшылығына еріп рухани өсетін болсақ, ойымыз бен іс-әрекетімізде керемет өзгерістер болады. Елші Пауыл: “Киелі Рухпен өмір сүріңдер, сонда ескі күнәкар болмыстарыңның қалауы іске аспайды”,— деген болатын (Ғалаттықтарға 5:16).
13. Қандай өзгеріс адамның рухани толысқанының айқын белгісі болып табылады?
13 Бұдан кейін Пауыл “күнәкар болмысымыздан туындайтын” көптеген және “белгілі” ‘қылықтарды’ атап шықты. Адам Құдайдың талаптарының қаншалықты бағалы екендігін түсінбейінше, осы дүниеде қалыптасқан әдет бойынша өмір сүреді, бәлкім, ол Пауыл атап өткендерінің кейбірімен айналысып, сол қасиеттердің кейбірін танытқан да болар: “Жеңіл жүріс, азғындық пен ұстамсыздық; жалған тәңірлерге табынушылық пен сиқыршылық; қаскөйлік, ұрыс-керіс, қызғаныш, ашу-ыза, жеке бастың абыройын ойлау, ала ауыздық туғызу, жік салу, күншілдік, кісі өлтіру, маскүнемдік, жүгенсіздік және сол сияқтылар” (Ғалаттықтарға 5:19—21). Ал, адам рухани толыса бастағанда бірте-бірте ‘күнәкар болмыстан туындайтын қылықтардан’ арылып, ‘киелі рухтың жемісін’ таныта бастайды. Сырттан байқалатын осындай өзгеріс адамның рухани толысуға бет алғанының айқын белгісі болып табылады (Ғалаттықтарға 5:22).
14. “Күнәкар болмыстан туындайтын қылықтар” және ‘киелі рухтың жемісі’ деген сөздерді түсіндіріп беріңдерші.
14 Осы екі сөзге, яғни “күнәкар болмыстан туындайтын қылықтар” және ‘киелі рухтың жемісі’ дегенге көңіл бөлейікші. “Қылықтар” — адамның іс-әрекетінің нәтижесі. Басқаша айтқанда, Пауыл күнәкар болмыстан туындайтын қылықтар ретінде атап өткен істер — адамның саналы түрде жасаған талғамының немесе күнәкар тәнінің оған әсер етуінің нәтижесі (Римдіктерге 1:24, 28; 7:21—25). Ал басқа жағынан, ‘киелі рухтың жемісі’ деген сөз аталып өтілген қасиеттердің адамның бойында оның, былайша айтқанда, жаңа адамның кейпіне ену немесе өзін-өзі жетілдіру барысындағы күш салуының арқасында емес, оған Құдайдың киелі рухының әсер етуінің арқасында пайда болатынына меңзейді. Жақсы күтім көрсетілген ағаштың жеміс бере бастайтыны іспетті, адам да, оның өміріне киелі рух кедергісіз еркін әсер етсе, сол рухтың жемісін таныта бастайды (Забур 1:1—3).
15. Неге ‘киелі рухтың жемісін’ құрайтын қасиеттердің бәріне бірдей көңіл аударғанның маңызы зор?
15 Көңіл қоюға тұрарлық тағы бір жайт — аталып өтілген жақсы қасиеттердің барлығын сипаттау үшін Пауылдың “жеміс” деген сөзді қолдануы. Өзімізге қалағанын таңдап алатындай, рух көптеген жемістер бермейді. Пауыл атап өткен қасиеттердің — сүйіспеншілік, қуаныш, тыныштық, шыдамдылық, қайырымдылық, кең пейілділік, сенімділік, ілтипаттылық, ұстамдылық — бәрі бірдей маңызды, әрі бәрі біріге отырып мәсіхшінің жаңа тұлғасын сипаттайды (Ефестіктерге 4:24; Қолостықтарға 3:10). Мінезіміздің, сондай-ақ белгілі бір нәрсеге деген бейімділігіміздің арқасында, бәлкім, аталмыш қасиеттердің кейбіреулері біздің бойымызда анағұрлым анығырақ байқалатын болар. Алайда Пауыл атап өткен қасиеттердің барлығына бірдей назар аударғанның маңызы зор. Солай етер болсақ, біз Мәсіхке анағұрлым көбірек еліктейтін боламыз (1 Петір 2:12, 21).
16. Не себепті біз мәсіхші ретінде рухани толысуға талпынамыз және бұл мақсатқа қалай жетуге болады?
16 Пауылдың сөздерінде маңызды сабақ бар: мәсіхші ретінде толысуға талпынудағы біздің мақсатымыз жан-жақты білім алу мен білікті болу емес, ондағы мақсатымыз бойымызда жақсы қасиеттер дамыту да емес. Біздің мақсатымыз — Құдай рухының өмірімізге еш кедергісіз әсер етуіне мүмкіндік беру. Ойымыз бен іс-әрекетімізді Құдай рухының басшылығына қай шамада бағындырар болсақ, сол шамада рухани толысамыз. Бұл мақсатқа қалай жетуге болады? Құдай рухының жүрегіміз бен ақыл-парасатымызға әсер етуіне мүмкіндік беруіміз керек. Ол үшін үнемі мәсіхшілердің кездесулеріне қатысып, түсініктемелер берген дұрыс. Сонымен қатар біз үнемі Киелі кітапты оқып, оның үстінен ой жүгіртіп, өзгелермен қатынасқанда және қандай да бір таңдау жасағанда немесе шешім қабылдағанда ондағы принциптерді басшылыққа алуымыз керек. Осылай етер болсақ алға басқандығымыздың анық көрінетіндігінде сөз жоқ.
Жетістіктерге жету арқылы Құдайды мадақтаңдар
17. Біздің алға басуымыз көктегі Әкемізді мадақтаумен қалай байланысты?
17 Егер біздің алға басқандығымыз көрініп тұратын болса, бұл біздің емес, көктегі Әкеміз Ехобаның даңқын арттырып, мадақтайтын болады. Өйткені біз Ехобаның арқасында ғана рухани толыса аламыз. Өлетін күні түнде Иса шәкірттеріне былай деген болатын: “Егер мол жеміс берсеңдер, Менің шәкірттерім боласыңдар. Сол арқылы Әкемнің ұлылығы анық көрінеді” (Жохан 15:8). Исаның шәкірттері киелі рухтың жемісін танытуларымен де, қызмет еткенде Патшалықтың жемісін әкелулерімен де Ехобаны мадақтаған (Елшілердің істері 11:4, 18; 13:48).
18. а) Бүгінгі күні қуанышқа бөлейтін қандай егін ору науқаны жүріп жатыр? ә) Осы науқанға қатысты қандай сұрақтар көтеріледі?
18 Бүгінгі күні Ехоба дүние жүзі бойынша рухани егінді ору науқанына қатысып жүрген халқына батасын беруде. Қазіргі уақытта бірнеше жыл бойы қатарынан шамамен 300 000 адам өздерін Ехобаға арнап, мұнысын суға шомылдыру рәсімінен өтуімен паш етуде. Бұл бізді қуантады, сондай-ақ, әрине, Ехобаның да жүрегін қуантады (Нақыл сөздер 27:11). Алайда әрі қарай да Ехобаны қуантып, оны мадақтай беру үшін жаңадан қосылғандардың ‘негіздері Мәсіхте болып, терең тамыр жайып, өсе берулері, өздері үйренген сенімді мықтап ұстана’ берулері керек (Қолостықтарға 2:6, 7). Бұл сұрақта Құдайдың халқы үшін екі қырлы мәселе бар. Бір жағынан, егер сендер жақында ғана шомылдыру рәсімінен өткен болсаңдар, алға басқандарыңды ‘бәрі де көру’ үшін, барынша күш салып жүрсіңдер ме? Екінші жағынан, сендер қандай да бір уақыттан бері шындық жолында жүрген болсаңдар, жаңадан қосылғандардың рухани игілігінің қамын жеу жауапкершілігін мойындарыңа аласыңдар ма? Екі жағдайда да рухани толысуға талпынудың қаншалықты маңызды екендігі анық көрінеді (Філіпіліктерге 3:16; Еврейлерге 6:1).
19. Алға басқандарың көрінетін болса, сендер үшін қандай мүмкіндіктер ашылады және қандай баталарға ие боласыңдар?
19 Алға басқандары көрінуі үшін бар күшін салып жүргендерді керемет баталар күтіп тұр. Тімотені рухани толысуға шақырғаннан кейін Пауылдың не дегенін еске алайықшы: “Өзіңе де, үйретіп отырған іліміңе де мұқият ықылас аудар. Осыларды ұдайы атқара бер, сонда өзіңді және тыңдаушыларыңды күнәның ықпалынан аман сақтайтын боласың” (1 Тімотеге 4:16). Алға басқандарың көріну үшін бар ынталарыңды салар болсаңдар, сендер де Құдайдың есімін мадақтап, оның беретін баталарына қуанатын боласыңдар.
Естеріңде ме?
• Рухани толысу неден білінеді?
• Не нәрсені білу және түсіну адамның толысқандығын көрсетеді?
• Қалайша адамның ‘киелі рухтың жемісін’ танытқандығы оның рухани өскендігін көрсетеді?
• Толысуға талпынар болсақ, біздің алдымызда қандай сұрақтар көтеріледі?
[24-беттегі сурет]
Жемістің піскендігі анық көрінеді
[25-беттегі сурет]
Ашылып жатқан шындықпен қатарласа жүретін болсақ, біз рухани өсеміз
[26-беттегі сурет]
‘Киелі рухтың жемісін’ танытуға бізге дұға көмектеседі