Құдай бізді игі істеріміз үшін ғана емес, рақымының арқасында сақтайды
“Сенімдерің арқылы құтқарылдыңдар... Сондықтан игі істерімнің арқасында құтқарылдым деп ешкім мақтанбасын” (ЕФЕСТІКТЕРГЕ 2:8, 9).
1. Өз жетістіктеріне келгенде мәсіхшілердің басқа адамдардан қандай айырмашылығы бар және неге?
БҮГІНДЕ адамдар өз жетістіктеріне ерекше назар аударады және оларына мақтануға бейім келеді. Ал мәсіхшілер ондай емес. Олар жетістіктеріне, тіпті шынайы ғибадат үшін атқарған істерінің өзіне, шектен тыс назар аудармайды. Олар Ехоба халқының атқарып жатқан ісіне қуанғанымен, жеке өздерінің қосқан үлестеріне назар аударып, көзге түсуге тырыспайды. Мәсіхшілер Ехобаға қызмет еткенде, атқарған істерден гөрі дұрыс ниеттің анағұрлым маңызды екенін түсінеді. Ақырында, мәңгілік өмірді сыйға алатындар оған игі істерінің арқасында емес, сенімдері мен Ехобаның рақымының арқасында ие болады (Лұқа 17:10; Жохан 3:16).
2, 3. Пауыл нені мақтан тұтқан және неге?
2 Елші Пауыл бұл жайтты жақсы білген. Ехобадан “шаншылып түйрелу азабынан” құтқаруды үш рет өтінген соң, Ехоба оған: “Менің рақымым саған жетер: күшсіз жағдайыңда Менің құдіретім толықтай іске аса алады”,— деп жауап қатады. Ехобаның шешімін кішіпейілдікпен қабыл алған Пауыл: “Сондықтан Мәсіхтің құдіретінің бойымда орнығуы үшін азаптан арылтуды сұраудың орнына күшсіздігіме қуана-қуана мақтанамын”,— деген. Біз Пауылдың кішіпейілдігіне еліктегіміз келеді (Қорынттықтарға 2-хат 12:7—9).
3 Мәсіхшілік ісін керемет атқарғанымен, Пауыл жетістіктерге өзінің ерекше қабілеттерінің арқасында жетпегенін түсінген. Ол кішіпейілдікпен: “Оның адамдарының ең лайықсызы болсам да, Тәңірдің рақымымен Мәсіхтің шексіз зор рухани байлығы туралы басқа халықтарға уағыздау үлесіме тиді”,— деп айтқан (Ефестіктерге 3:8). Бұл сөздерден мақтаншақтық пен тәкаппарлықтың нышаны да байқалмайды. “Құдай тәкаппарларға қарсы тұрады, ал кіші пейілділерге рақымын шашады” (Жақып 4:6; Петірдің 1-хаты 5:5). Пауылдың үлгісіне еліктеп, өзімізді бауырластарымыздан төмен санаймыз ба?
“Басқаларды өздеріңнен жоғары қойыңдар!”
4. Неге кейде басқаларды өзімізден жоғары қою қиын болуы мүмкін?
4 Елші Пауыл мәсіхшілерге: “Жеке басының абырой-атағын ойлайтын менмен емес, кіші пейіл болып, басқаларды өздеріңнен жоғары қойыңдар!”— деп кеңес берген (Філіпіліктерге 2:3). Бұлай ету, әсіресе жауапты қызмет атқаратын болсақ, қиынға түсетін шығар. Сондай-ақ осы дүниеде кеңінен тараған бақталастық рухы өзімізге қандай да бір дәрежеде әсер етсе де, бұл біз үшін қиын болуы мүмкін. Мүмкін, бала кезімізде бізге бауырларымыздан немесе сыныптастарымыздан қалыспау керек деп үйреткен шығар. Мүмкін, бізді үнемі мектептің бетке ұстар спортшысы немесе ең үздік студенті болуға талпындырған шығар. Әрине, кез келген игі іске жан сала ұмтылғанымыз мақтауға тұрарлық. Алайда мәсіхшілер мұндай істерге өздеріне көңіл аудару үшін емес, өзіне де, басқаларға да толық пайда әкелу үшін талпынады. Бірақ үнемі қатардың алды болуға талпыну қауіпті. Неге?
5. Егер жүгендемесе бақталастық рухы неге әкелуі мүмкін?
5 Егер жүгендемесе, бақталастық немесе өзімшілдік рухы адамды өзгелерді сыйламайтын, тәкаппар етуі мүмкін. Ол басқалардың қабілеттері мен артықшылықтарына қызғана қарай бастауы ықтимал. Нақыл сөздер 28:22-де: “Ашкөз [“күншіл”, ЖД] адам баюға асықса да, Жоқшылыққа ұшырарын аңғармайды”,— деп жазылған. Ол тіпті тәкаппарлықпен лайықты болмаса да, қандай да бір жауапкершілікке ұмтылуы мүмкін. Өз әрекетін ақтау үшін ол күңкіл шығарып, басқаларға мін тағып, мәсіхшілерге жараспайтын іске бара бастауы мүмкін (Жақып 3:14—16). Қалай болған күнде де, оған өзімшіл болып кету қаупі төніп тұрады.
6. Киелі кітапта бақталастық рухқа қатысты қандай ескерту жазылған?
6 Сондықтан Киелі кітап мәсіхшілерге: “Жеке басымызды қастерлеп, бір-бірімізді ашуландырып, күндеуге жол бермейік!”— деп кеңес береді (Ғалаттықтарға 5:26). Бірінші ғасырда кейбір мәсіхшілер осындай рухтың құрбаны болған болса керек. Елші Жохан оларға: “Мен қауымға жазып жібердім, бірақ олардың басшысы болуға тырысып жүрген Диотреф бізді мойындамайды. Сондықтан барған кезде оның істегендерінің бәрін есіне саламын”,— деген. Мәсіхшілердің мұндай жағдайға душар болғаны қандай өкінішті! (Жоханның 3-хаты 9, 10).
7. Бүгінгі бақталастық кең тараған дүниеде мәсіхші жұмыс орнында неден аулақ болғысы келеді?
7 Әрине, мәсіхші бақталастықтан бойын мүлдем аулақ ұстай алады деп ойлау қисынсыз. Мысалы, жұмыс орнында оның басқа адамдармен немесе өзіндегідей тауарлар шығаратын, болмаса өзіндегідей қызмет көрсететін кәсіпорындармен экономикалық бәсекелеске түсуі мүмкін. Тіпті мұндай жағдайларда да, мәсіхші өз жұмысын ілтипаттылықпен, сүйіспеншілікпен және басқалардың жағдайын ескере отырып атқарғысы келеді. Ол заңсыз немесе мәсіхшіге тән емес әрекеттер жасамайды және бақталастық әрі теке тірес рухымен танымал адамға айналудан аулақ болады. Ол не істесе де, бәрінен де асып түсуді өмірдегі басты нәрсе деп қарастырмайды. Осы дүниедегі істерге қатысты осындай болу керек болса, өміріміздің рухани саласына келгенде осылай деуге одан да берік негіз бар емес пе?!
‘Өзін басқалармен салыстырмасын’
8, 9. а) Неге мәсіхші ақсақалдардың өздерін басқа ақсақалдармен салыстыруларына негіз жоқ? ә) Неге Петірдің 1-хаты 4:10-дағы сөздер барлық мәсіхшілерге қатысты?
8 Мәсіхшілер ғибадат етуге қатысты келесі тармақта жазылғандай көзқарас танытулары керек: “Әркім өз іс-әрекетін тексерсін, сонда өзін басқалармен салыстырмай, жетістіктерін мақтан ете алады” (Ғалаттықтарға 6:4). Қауым ақсақалдары өздерінің бәсекелестер емес екенін біле отырып, бір-бірімен қызметтесіп, бір адамдай иық тіресе әрекет етеді. Олар бүкіл қауымның игілігі үшін әрқайсысының үлес қоса алатынына қуанады. Осылайша олар кері әсер ететін бақталастықтан бойларын аулақ ұстайды және қауымның басқа мүшелеріне ауызбіршіліктің жақсы үлгісін көрсетеді.
9 Жасы үлкен болғандықтан, тәжірибелері немесе туа біткен қабілеттері болғандықтан, кейбір ақсақалдар басқаларға қарағанда епті немесе көреген болуы мүмкін. Сондықтан ақсақалдар Ехобаның ұйымында әр түрлі міндеттер атқарады. Олар өздерін басқалармен салыстырмайды, керісінше: “Тәңір рақым етіп сыйлаған алуан түрлі рухани дарындарыңды жақсылап қолдана отырып, әрқайсыларың қабылдаған дарыныңмен бір-біріңе адал қызмет етіңдер”,— деген кеңесті естерінде ұстайды (Петірдің 1-хаты 4:10). Негізінде, бұл тармақ Ехобаның барлық қызметшілеріне қатысты, себебі қандай да бір шамада бәріміз де тура білімді сыйға алғанбыз және бәріміздің де мәсіхшілер қызметіне қатысатын артықшылықтарымыз бар.
10. Ехоба қасиетті қызметімізді қандай кезде ғана қабыл алады?
10 Ехоба үшін атқарған қасиетті қызметіміз басқалардан асып түсу үшін емес, сүйіспеншілікпен және адалдықпен атқарғанда ғана оған ұнамды болады. Сондықтан шынайы ғибадатты қолдау үшін жасаған істерімізге дұрыс қарауымыз керек. Адамның ішкі ниетіне ешкім тура баға бере алмайды, ал Ехоба ‘жүрек түкпірін сынайды’ (Нақыл сөздер 24:12; Патшалықтар 1-жазба 16:7). Олай болса, өзімізден: “Сенім жетелейтін істерді қандай ниетпен атқарып жүрмін?”— деп сұрап тұрғанымыз абзал (Забур 23:3, 4; Матай 5:8).
Сеніміміз жетелейтін істерімізге деген дұрыс көзқарас
11. Игі істерімізге қатысты қандай сұрақты қарастырған орынды?
11 Ехобаның ықыласына ие болу үшін ең бастысы дұрыс ниет болу керек болса, сеніміміз жетелейтін істерімізге қаншалықты көңіл аударғанымыз дұрыс? Қызметімізді дұрыс ниетпен атқаратындықтан, не істегеніміз және қанша істегеніміз туралы есеп берудің шынымен қажеті бар ма? Бұл — өте орынды сұрақ, себебі істерімізден гөрі сандарға көбірек назар аударғымыз келмейді немесе жақсы есеп мәсіхші ретінде атқарған ісіміздің басты көрсеткішіне айналғанын қаламаймыз.
12, 13. а) Неліктен қызметіміз туралы есеп береміз? ә) Уағыздау ісіміз туралы дүниежүзілік есепті қарағанда не себепті қуанамыз?
12 “Ехобаның еркін орындау үшін ұйымдасқанбыз” кітабында не айтылғанына назар аударыңдаршы: “Иса Мәсіхтің алғашқы шәкірттері уағыздау ісінің қалай жүріп жатқаны туралы мәліметтерге ерекше ден қойған (Марқа 6:30). Елшілердің істері кітабында Алғашқы өнім мейрамында киелі рух 120 шәкіртке қонғаны туралы айтылады. Одан кейін шәкірттердің саны 3 000-ға, кейін 5 000-ға жетеді (Елшілердің істері 1:15; 2:5—11, 41, 47; 4:4; 6:7). Осы өсім туралы хабар шәкірттерді сондай керемет жігерлендірсе керек!” Бүгінде де Ехоба Куәгерлері дәл осы себеппен Исаның: “Құдай Патшалығы туралы осы Ізгі хабар барлық ұлттарға паш етілу үшін күллі әлемге уағыздалатын болады. Содан кейін бұл заманның ақыры келеді”,— деп айтқан сөздеріне сәйкес дүние жүзі бойынша атқарылып жатқан іс жөнінде тура есеп жинауға тырысады (Матай 24:14). Бұл мәліметтер танаптағы істің қандай қарқынмен жүріп жатқанын білуге көмектеседі. Олар уағыздау ісі алға жылжу үшін қай жерге көмек керек екенін және қандай әдебиет қанша мөлшерде қажет екенін көрсетеді.
13 Осылайша уағыздау ісі туралы мәліметтің арқасында Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздау тапсырмамызды тиімдірек атқара аламыз. Оның үстіне, басқа елдердегі бауырластарымыз атқарып жатқан іс туралы естігеніміз бізді жігерлендірмей ме? Дүние жүзі бойынша болып жатқан өсім бізді қуанышқа бөлеп, қызметке көбірек күш салуға талпындырады және Ехобаның батасын алып жатқанымызға көзімізді жеткізеді. Осы дүниежүзілік есепке өз үлесімізді қосқанымызды білу неткен тамаша! Бұл есеппен салыстырғанда біздің қосқан үлесіміз көп емес, бірақ Ехоба оны байқамай қалмайды (Марқа 12:42, 43). Есіңде болсын, сенің есебіңсіз бұл дүниежүзілік есеп толық болмайды.
14. Ехобаға ғибадат етуге уағыздау мен тәлім беруден басқа тағы не жатады?
14 Әрине, Куәгердің есебінен оның Ехобаға бағышталған қызметші ретінде атқарған ісінің көбісі көрінбейді. Мысалы, есепке жүйелі түрде Киелі кітапты жеке зерттеу, қауым кездесулеріне бару және оған қатысу, қауымдарда атқаратын жауапкершіліктер, мұқтаж бауырластарға көрсеткен көмек, дүниежүзілік Патшалық ісіне қаржылай көмек көрсету және т. б. нәрселер кірмейді. Демек, уағыздауға деген құлшынысымызды әлсіретіп алмай, оны сақтау үшін уағыздау ісі туралы есеп бергеніміз пайдалы болғанымен, оған деген көзқарасымыз дұрыс болу керек. Біз оған мәңгілік өмірге жолдама болатын рухани рұқсатнама немесе құжат ретінде қарамауымыз керек.
“Игі істерге ынталы”
15. Жай ғана істердің өзі бізді сақтап қала алмаса да, неге олардың болғаны маңызды?
15 Жай ғана игі істердің өзі бізді сақтап қала алмаса да, олардың болғаны маңызды екені түсінікті нәрсе. Мәсіхшілердің “Өзінің меншікті, игі істерге ынталы халқы” деп аталғандарының және ‘Өзара сүйіспеншілік көрсетіп, игілік істеуге қозғау салуға’ шақырылғанының себебі де сол (Титке 2:14; Еврейлерге 10:24). Одан да маңыздысы, тағы бір Киелі кітап жазушысы Жақып: “Жансыз тәннің өлі екеніндей, әрекетсіз сенім де өлі”,— деп жазған (Жақып 2:26).
16. Істерімізден де маңызды не бар, бірақ біз неден абай болуымыз керек?
16 Игі істердің өзі маңызды шығар, бірақ оларды істеуге талпындыратын ниеттеріміз одан да маңызды. Сондықтан анда-санда пейілімізді тексеріп тұрғанымыз даналыққа жатады. Ешбір адам басқаның ішкі ниетін дәл біле алмайтындықтан, басқаларды айыптаудан абай болуымыз керек. Киелі кітап: “Басқа Біреудің қызметшісін айыптауға қандай қақың бар?!”— деп сұрақ қояды да: “Қызметшісін ақтау не айыптау — Иесінің ісі”,— деп жауап береді (Римдіктерге 14:4). Ехоба бәрінің де Иесі және оның тағайындаған биі Иса Мәсіх ісімізге ғана қарап емес, сондай-ақ ниеттерімізді, мүмкіндіктерімізді, сүйіспеншілігімізді және берілгендігімізді ескере отырып, бізге үкім шығарады. Елші Пауылдың: “Сен кінәратсыз жұмысшы — Құдайдың шынайы сөзін дұрыс үйретуші ретінде Оған ұнамды болуға жан сала ұмтыл!”— деген сөздеріне сәйкес, мәсіхшілер атқаруға тиіс істі орындап жүрген-жүрмегенімізге Ехоба мен Иса Мәсіх қана тура баға бере алады (Тімотеге 2-хат 2:15; Петірдің 2-хаты 1:10; 3:14).
17. Игі істерге жан сала ұмтылғанымызбен, неге Жақып 3:17-дегі сөздерді есте сақтағанымыз жөн?
17 Ехоба қолымыздан келмейтін істі талап етпейді. Жақып 3:17-ге сәйкес, “көктен келген даналық”, сондай-ақ “парасатты” (ЖД). Істерімізді дұрыс атқара отырып, Ехобаға осы жағынан еліктегеніміз даналыққа жатпай ма? Сондықтан өзімізден немесе бауырластардан қолдан келмейтін іс талап еткеніміз дұрыс болмайды.
18. Игі істеріміз бен Ехобаның рақымына қатысты дұрыс көзқарас ұстансақ, не нәрсеге үміттене аламыз?
18 Сеніміміз жетелейтін істеріміз бен Ехобаның рақымына деген дұрыс көзқарас ұстансақ, Ехобаның шынайы қызметшілерінің белгісі болып табылатын қуанышымызды сақтап қаламыз (Ишая 65:13, 14). Өзіміздің қанша үлес қоса алатынымызға қарамастан, Ехобаның халқына үйіп-төгіп беріп жатқан баталарына қуана аламыз. ‘Өтініштерімізді Құдайға сиынып, тілекпен, шүкіршілікпен білдіре’ отырып, одан игі істерге жан сала ұмтылуымызға көмектесуін сұраймыз. Сонда ‘Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы жүректеріміз бен ой-саналарымызды Мәсіх Исада сақтайтынына’ сенімді болуымызға болады (Філіпіліктерге 4:4—7). Игі істеріміздің ғана емес, Ехобаның рақымының арқасында аман қалатынымызды білуден жұбаныш пен жігер ала алатынымыз неткен тамаша!
Түсіндіріп бере аласыңдар ма? Неге мәсіхшілер...
• өз жетістіктеріне мақтанбайды?
• бақталастық рух танытудан аулақ болады?
• уағыздау ісі жөнінде есеп тапсырады?
• бауырластарды айыптаудан аулақ болады?
[24, 25-беттердегі суреттер]
Ақсақалдар қауымның игілігі үшін әрқайсысының үлес қоса алатынына қуанады
[26, 27-беттердегі суреттер]
Сенің есебіңсіз дүниежүзілік есеп толық болмайды