Ехоба отбасының басын қосып жатыр
“Киелі рух арқылы иемденген бірліктеріңді... сақтап қалуға барынша ұмтылыңдар” (ЕФЕС. 4:3).
ҚАЛАЙ ТҮСІНДІРІП БЕРЕР ЕДІҢ?
Ниеті орындалу үшін Ехоба қандай шара қолданды?
Қалайша “бірлігімізді сақтап қалуға барынша ұмтыла” аламыз?
Бір-бірімізге “мейірімді болуға” не көмектеседі?
1, 2. Ехобаның жер мен адамзатқа қатысты ниеті қандай?
ОТБАСЫ. Бұл сөзді естігенде, ойыңа не келеді? Жылы ұя ма? Бақыт па? Ауызбірлік пе? Қанатың қатайып, тәлім-тәрбие алған және ойыңды ашық айта алатын орта ма? Егер отбасың ұйыған айрандай болса, ойыңа осындай нәрселер келетіні шүбәсіз. Отбасы атаулыға бастау берген — Ехоба Құдай (Ефес. 3:14, 15). Ол көк пен жердегі жаратылыстарының өздерін қауіпсіз сезінгенін, бір-біріне сенгенін, әрі шынайы бірлікте тұрғанын қалайды.
2 Адам ата мен Хауа ана күнә жасағаннан кейін адам баласы Құдай отбасының мүшелері болудан қалды. Алайда Ехоба о бастағы ниетінен айнымады. Ол Адам мен Хауаның ұрпақтары жұмақ орнаған жерді толтырып, оны мекендесін деген ойын міндетті түрде жүзеге асырады (Жар. 1:28; Ишая 45:18). Бұл үшін ол қажеттінің бәрін істеді. Бірлік тақырыбына жазылған Ефестіктерге арналған хатта Ехоба жасаған шаралардың кейбірі туралы айтылады. Осы хаттың бірнеше тармағын қарастырып, Ехобаның жаратылыс атаулыны біріктіруге қатысты ниетін біз қалай қолдай алатынымызды көрейік.
ЕХОБА ҚОЛДАНҒАН ШАРА
3. Ефестіктерге 1:10-да Құдайдың қандай шарасы туралы айтылады және мұның бірінші сатысы қашан басталды?
3 Ехоба әрдайым ниетіне сай әрекет етеді. Құдай көк пен жердегі жаратылыстарын бір отбасы етіп біріктіруге қатысты ниетін жүзеге асыра бастады. Бұл үшін ол бір шара қолданды (Ефестіктерге 1:8—10 оқы). Бұл шара екі сатыдан тұрады. Біріншісі — майланғандарды көкте Иса Мәсіхтің қол астында өмір сүруге дайындау. Б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамынан бастап Ехоба Мәсіхпен бірге көкте билік ететін адамдарды жинай бастады (Ел. іс. 2:1—4). Мәсіхтің төлем құрбандығының негізінде майланғандар әділ деп жарияланғандықтан, олар енді “Құдайдың балалары” екендерін біледі (Рим. 3:23, 24; 5:1; 8:15—17).
4, 5. Құдайдың жаратылыс атаулыны біріктіруге қатысты шарасының екінші сатысы қандай?
4 Құдай шарасының екінші сатысы — Мәсіх Патшалығының қол астында жұмақ орнаған жерде өмір сүретін адамзат қоғамын дайындау. Бұл қоғамды әуелі “ұлы жамағат” құрайды (Аян 7:9, 13—17; 21:1—5). Ал Мәсіхтің мыңжылдық патшалығының тұсында оларға қайта тірілген миллиардтаған адам қосылады (Аян 20:12, 13). Сол кезде біздің бірлігіміз қандай айқын болмақ десеңші! Ал мыңжылдықтың соңында “жердегілер” ақырғы сынақтан өткізіледі. Сол кезде адал болып қалғандар “Құдай балаларының” қатарына қосылады (Рим. 8:21; Аян 20:7, 8).
5 Бүгінгі күні Құдайдың көктегілер мен жердегілерді біріктіруге қатысты шарасы жүріп жатыр. Ал біз Ехобаның осы шарасына қалай үлес қосып жатырмыз?
БІРЛІКТІ САҚТАУҒА БАРЫНША ҰМТЫЛЫҢДАР
6. Мәсіхшілердің араласып тұру керектігіне қатысты Жазбаларда не айтылған?
6 Жазбаларда мәсіхшілерге жиналып тұру керектігі айтылған (Қор. 1-х. 14:23; Евр. 10:24, 25). Бірақ біз бір уақытта сауда орталығына баратын не спорт алаңында жиналатын адамдар сияқты емеспіз. Шынайы бірлік әлдеқайда көп нәрсені білдіреді. Мұндай ынтымаққа Ехобаның нұсқауларын ұстану және киелі рухтың бізді қалыптастыруына жол беру арқылы жетеміз.
7. Пауылдың бірлікті сақтауға қатысты кеңесіне қалай құлақ аса аламыз?
7 Мәсіхтің төлем құрбандығының арқасында әділ деп жарияланғандықтан, Ехоба майланғандарды ұлдары, ал басқа қойларды достары ретінде қарастырады. Алайда осы зұлым дүниенің ақыры келгенше арамызда түсініспеушіліктер болып тұрады (Рим. 5:9; Жақ. 2:23). Сондықтан да Киелі кітап “бір-біріңе төзімділік танытыңдар” деп шақырады. Ал біз бауырластармен бірлікте тұру үшін не істей аламыз? Бізге “әрдайым кішіпейіл, жұмсақ” болу керек. Оның үстіне, Пауыл: “Киелі рух арқылы иемденген бірліктеріңді өзара тату болып, сақтап қалуға барынша ұмтылыңдар”,— деген (Ефестіктерге 4:1—3 оқы). Бұл үшін біз Құдай рухының әсер етуіне және бойымызда жемісін дамытуына жол беруіміз керек. Рухтың жемісі келіспеушіліктерді шешуге көмектеседі, ал тәннің істері болса, әрқашан алауыздық туғызады.
8. Тәннің істері бірлікті қалайша бұзады?
8 “Тәннің істері” бірлікті қалай бұзатынын көрейік (Ғалаттықтарға 5:19—21 оқы). Азғындық жасаған адам Ехобадан, қауымнан ажырайды. Неке адалдығын бұзғаны адамды балалары мен жұбайынан ажыратуы мүмкін. Арам істер адамның Құдаймен және жақындарымен қарым-қатынасына кері әсер етеді. Екі затты желімдеп көрген адамдар сол заттардың бір-біріне жақсы жабысуы үшін екеуі де таза болу керектігін біледі. Ал әдепсіздік жасайтын адам Құдай заңдарын аяқ асты етеді. Тәннің басқа да істері адамдарды бір-бірінен және Құдайдан ажыратады. Ехоба бұл істерді жек көреді.
9. Бауырластармен бірлікті сақтап қалуға барынша ұмтылып жүрген-жүрмегенімізді қалай анықтай аламыз?
9 Ендеше әрқайсымыз өзімізден былай деп сұрайық: “Мен бауырластармен бірлікті сақтап қалуға барынша ұмтылып жүрмін бе? Біреумен келіспеушілік туса не істеймін? Достарымнан қолдау табу үшін болған жағдайды өзгелерге жаямын ба? Келіспеушілікті шешуге күш салудың орнына, оны ақсақалдарға артып қоямын ба? Біреудің маған реніші бар екенін білсем, одан қашқақтап жүремін бе?” Осындай әрекеттер жасайтын болсақ, Ехобаның баршаны Мәсіхтің қол астына жинауға қатысты ниетін қолдайтынымызды көрсетер ме едік?
10, 11. а) Бауырластармен тату болу қаншалықты маңызды? ә) Өзгелермен тату болу үшін әрі Ехобаның батасына кенелу үшін не істеуіміз керек?
10 Иса былай деді: “Егер құрбандық орнына сый-тартуыңды алып келгенде, бауырласыңның саған реніші бар екені сол жерде есіңе түссе, сыйыңды сонда қалдыр да, барып, алдымен онымен татулас. Содан кейін ғана қайтып келіп, сый-тартуыңды ұсын... мәселеңді тезірек шеш” (Мат. 5:23—25). Жақып “әділдіктің жемісін әкелетін тұқым татуластырушылардың игілігі үшін татулық орнаған жерде себілетінін” айтқан (Жақ. 3:17, 18). Демек, татулық жоқ жерде әділдік те болмайды.
11 Бір мысалды қарастырып көрейік. Бір есепке сай, соғыс болған елдердің кейбірінде миналардың кесірінен егіншілер жерлерінің үштен бір бөлігін өңдей алмай отыр. Мина жарылғанда, егіншілер танаптарын тастап кетеді, ауылдар табыс көзінен айырылады, ал қалалар азық-түліксіз қалады. Сол сияқты егер қандай да бір жағымсыз қасиеттеріміз бауырластармен тату болуға кедергі жасайтын болса, әрі қарай рухани өсуіміз қиын болады. Олай болса, бізге өзгеру керек. Егер кешіруге асық болсақ және өзгелердің игілігін ойлайтын болсақ, өзгелермен тату боламыз әрі Ехобаның батасына кенелеміз.
12. Ақсақалдар бізге бірлікте тұруға қалай көмектеседі?
12 Оның үстіне, “сый ретінде берілген адамдар” қауымның бірлігіне көп үлес қоса алады. Олар бізге “сенім жағынан... бірлікке” жетуге көмектесу үшін берілген (Ефес. 4:8, 13). Бізбен бірге қызметтес болып, сондай-ақ Киелі кітапқа негізделген кеңес бергенде, ақсақалдар мәсіхшілік болмысымызды жақсартуға көмектеседі (Ефес. 4:22—24). Ақсақалдар кеңес бергенде, Ехоба оларды қолданып сені жаңа дүниедегі өмірге дайындап жатқанын ұмытпа. Ақсақалдар, біреуге кеңес бергенде ниеттерің игі екені көрініп тұрсын (Ғал. 6:1).
“БІР-БІРІҢЕ МЕЙІРІМДІ БОЛЫҢДАР”
13. Ефестіктерге 4:25—32 тармақтардағы кеңеске құлақ аспаудың салдары қандай болар еді?
13 Ефестіктерге 4:25—29 тармақтарда қандай жүріс-тұрыстан аулақ болуымыз керектігі нақты айтылған. Бізге өтірік айтпау, ашуға берілмеу, жалқау болмау және жаман сөздер айтпау керек. Қайта, жақсы да тыңдаушыларды нығайтатын сөздер айту керек. Бұл кеңеске құлақ аспайтын адам Құдай халқының бірлігін сақтап тұрған киелі рухты ренжітеді (Ефес. 4:30). Бірлігімізді сақтау үшін Пауылдың келесі сөздеріне де құлақ асқанымыз маңызды: “Әрқилы өшпенділік, ашу, ыза, айқайласу, қорлық сөздер және бүкіл жамандық атаулыдан арылыңдар! Қайта, бір-біріңе мейірімді де барынша жанашыр болыңдар. Құдай өздеріңді Мәсіх арқылы кеңпейілмен кешіргендей, сендер де бір-біріңді солай кешіріңдер” (Ефес. 4:31, 32).
14. а) Неліктен Пауыл “мейірімді болыңдар” деп кеңес берді? ә) Мейірімді болуға не көмектеседі?
14 Пауыл “бір-біріңе мейірімді болыңдар” деп кеңес берді, өйткені кейде біз мейірімділік танытпай кетуіміз мүмкін әрі оны көбірек танытуды үйренуіміз керек. Өзгенің сезімін өзіміздікінен жоғары қоюды үйренгеніміз қаншалықты маңызды десеңші! (Філіп. 2:4). Бәлкім, айтқымыз келетін нәрсе өзгелерге күлкілі болатын не бізді ақылды етіп көрсететін шығар. Бірақ оны айтқанымыз мейірімділікке жата ма? Егер ойланып барып сөйлейтін болсақ, өзгелерге мейірімділік танытатын боламыз.
ОТБАСЫНДА СҮЙІСПЕНШІЛІК ПЕН ҚҰРМЕТ ТАНЫТУДЫ ҮЙРЕНЕЙІК
15. Ефестіктерге 5:28-де Пауыл Мәсіхтің қауыммен қарым-қатынасының қай қырына меңзеген?
15 Киелі кітапта Мәсіхтің қауыммен қарым-қатынасы күйеудің әйелімен қарым-қатынасына теңеледі. Мәсіхтің үлгісі күйеудің әйеліне қалай басшылық етуі, сүйіспеншілік танытуы және қамқорлық көрсетуі керектігін түсінуге көмектеседі. Ал әйел Мәсіхке қарап, күйеуіне бағынышты болуы керектігін ұғады (Ефес. 5:22—33). Пауыл “тап солай, күйеулер әйелдерін өз тәніндей сүюлері керек” дегенде, “тап солай” деп не нәрсеге меңзеді? (Ефес. 5:28). Осыдан бұрын Пауыл: “Мәсіх те қауымды сүйді, әрі сол үшін өмірін қиды. Осылайша оны Құдай сөзімен жуып-тазартып, қасиетті етті”,— деді. Демек, Ехобаның баршаны Мәсіхтің қол астына жинауға қатысты ниетіне үлес қосу үшін, отағасы отбасын рухани жағынан қамтамасыз етуі керек.
16. Ата-аналардың отбасында Ехоба жүктеген жауапкершіліктерін орындағандары қандай нәтиже береді?
16 Ата-аналардың Ехоба өздеріне жауапкершілік жүктегенін есте ұстағандары жөн. Өкінішке қарай, бүгінде көп адам “бауырмалдықтан жұрдай” (Тім. 2-х. 3:1, 3). Көптеген әкелер бала тәрбиесіне немқұрайды қарайды. Ал бұл өз кезегінде балаларына кері әсер етеді, әрі олардың ренішін тудырады. Пауыл болса мәсіхші әкелерге: “Балаларыңды ызаландырмаңдар, керісінше, Ехоба айтқандай тәрбиелеп, оның ақыл-кеңесін беріп өсіріңдер”,— деп кеңес берген (Ефес. 6:4). Расында да, сүйіспеншілік танытуды және құрмет көрсетуді балалар өз үйінде үйренбесе, қайдан үйренеді? Балаларын осыған баулитын ата-аналар Ехобаның баршаны біріктіруге қатысты ниетін қолдайтындарын көрсетеді. Олар ашуларын жүгендей білсе, дауыс көтеріп сөйлеуден әрі қорлық сөздер айтудан аулақ болса, балаларына сүйіспеншілік пен құрмет танытуды үйретеді. Осылайша оларды Құдайдың жаңа дүниесіндегі өмірге дайындайды.
17. Ібіліске тойтарыс бере алу үшін не істеуіміз керек?
17 Мынаны естен шығармайық: әлемнің тыныштығын бірінші болып бұзған Шайтан біздің Құдай еркін орындауға деген талпынысымызға барынша кедергі жасайды. Адамдар ажырасқанда, некесіз бірге тұрып жатқанда және бір жынысты адамдардың некелескенін мақұлдағанда Шайтанның көңілін семіртеді. Бірақ біз бұл дүниенің өмір салтын үлгі етпейміз. Біздің үлгіміз — Мәсіх (Ефес. 4:17—21). Сондықтан Ібіліс пен жын перілерге қарсы тұра алу үшін “Құдай берген қару-жарақпен түгел жабдықталуымыз” қажет (Ефестіктерге 6:10—13 оқы).
“СҮЙІСПЕНШІЛІК ЖОЛЫМЕН ЖҮРІҢДЕР”
18. Біздің мәсіхшілік ынтымағымыздың сыры неде?
18 Арамыздағы бірліктің сыры — сүйіспеншілік. Бір Иемізге, бір Құдайға және бір-бірімізге деген зор сүйіспеншілігіміз “бірлігімізді өзара тату болып, сақтап қалуға барынша ұмтылуға” талпындырады (Ефес. 4:3—6). Иса осындай сүйіспеншілік туралы дұға айтқан: “Олар үшін ғана емес, солардың сөзі арқылы маған сенгендер үшін де өтінемін: барлығы біртұтас болсын. Әке, сенің менімен, менің сенімен бірлікте болғанымдай, бұлар да бізбен бірлікте болсын... Сен мені қалай сүйсең, бұлар да өзгелерді солай сүю үшін әрі олармен бірлікте болуым үшін, оларға есіміңді аштым және аша беремін” (Жох. 17:20, 21, 26).
19. Сен не істеуге бел будың?
19 Егер бойыңдағы қандай да бір кемшілікпен күресіп жүрсең, сүйіспеншілік сені забур жыршысы сияқты: “Жүрегімді нығайтшы”,— деп дұға етуге талпындырсын (Заб. 85:11). Бізді сүюші Әкеміз бен бауырластарымыздан ажыратуға тырысатын Ібіліске бар күшімізбен қарсы тұрайық. Үйде, қызметте және қауымда Құдайға сүйікті балалары ретінде еліктеп, сүйіспеншілік жолымен жүруге барынша ұмтылайық (Ефес. 5:1, 2).
[29-беттегі сурет]
Ол сый-тартуын құрбандық орнының қасында қалдырып, бауырласымен татуласуға барады
[31-беттегі сурет]
Ата-аналар, балаларыңа құрмет танытуды үйретіңдер