Күйеулер, Мәсіхтің басшылығын мойындаңдар
“Әрбір еркектің басы — Мәсіх” (ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 1-ХАТ 11:3).
1, 2. а) Жақсы күйеу деп қандай адамды айтуға болады? ә) Некеге бастау берген Құдай екенін мойындау неге маңызды?
ЖАҚСЫ күйеу деп қандай адамды айтар едіңдер? Ақылды әрі күшті адамды ма, әлде жақсы табыс табатын адамды ма? Жоқ әлде әсіресе әйелі мен бала-шағасына сүйіспеншілікпен әрі мейіріммен қарайтын күйеуді ме? Осы соңғы жайтқа келер болсақ, көпшілігі бұлай ете бермейді, өйткені оларға осы дүниенің рухы мен адамдар орнатқан нормалар қатты әсер етеді. Себебі олар некеге Бастау берушінің, ‘[еркектің] қабырғасынан әйел жасап, оны Адамға алып келген’ Құдайдың, басшылығын мойындамайды және оған бағынбайды (Жаратылыс 2:21—24).
2 Иса Мәсіх некеге бастау берген Құдай екені жайлы Киелі кітаптағы осы оқиғаны растап, өз заманындағы айыптаушыларға былай деген болатын: “Сендер Жаратқан Иенің әуел бастан-ақ “адамды бірін еркек, бірін әйел қылып” жаратқанын оқымап па едіңдер? Сол кезде ол былай деген: “Сондықтан еркек әке-шешесін тастап, әйеліне қосылады, сөйтіп екеуі біртұтас болады”. Осылайша олар енді екеу емес, біртұтас. Сонымен Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын!” (Матай 19:4—6) Демек, некенің баянды болуының кілті некеге бастау берген Құдай екенін әрі бақыт Құдай Сөзіндегі нұсқауларды қолдануға байланысты екенін мойындауда жатыр.
Жақсы күйеу болуға не көмектеседі?
3, 4. а) Иса неке жайлы неге жақсы біледі? ә) Исаның бейнелі әйелі кім және күйеулер әйелдеріне қалай қараулары керек?
3 Жақсы күйеу болуға Исаның айтқан сөздерін зерттеу әрі оған еліктеу көмектеседі. Оның некеге қатысты білімі жетіп-артылады, өйткені алғашқы адам жұбы жаратылып, некелері құрылғанда, ол бар болатын. Ехоба Құдай оған: “Біз Өзімізге рухани жағынан ұқсас адамдарды жаратайық”,— деді (Жаратылыс 1:26). Иә, бұл жерде Құдай әлі ешкім де, ешнәрсе де жаратылмай тұрғанда пайда болған, әрі “оның жанында шебер жұмысшысы” болған тұлғаға сөйлеп тұр еді (Нақыл сөздер 8:22—30, ЖД). Ол — “Құдайдың жаратылысының Бастауы”. Иса “жаратылыс атаулыдан бұрын”, тіпті әлем жаратылмай тұрып, бар болатын (Қолостықтарға 1:15, сілтемеде; Аян 3:14, сілтемеде).
4 Иса ‘Құдайдың тоқтысы’ деп аталады, сондай-ақ күйеу ретінде бейнеленеді. Бірде періште: “Жүр, мен саған “Қалыңдықты” — “Тоқтының үйленетін әйелін” көрсетейін”,— деген (Жохан 1:29; Аян 21:9). Бұл қалыңдық, немесе әйел, кім? ‘Тоқтының әйелі’ — Мәсіхтің киелі рухпен майланған, көкте өзімен бірге билік ететін адал ізбасарларынан тұратын мәсіхшілер тобы (Аян 14:1, 3). Олай болса, жерде болған кезінде Исаның сол шәкірттеріне қалай қарағаны күйеулер үшін үлгі болып табылады.
5. Иса кімдер үшін үлгі болып табылады?
5 Рас, Киелі кітапта Иса барлық ізбасарлары үшін үлгі ретінде көрсетіледі. Біз былай деп оқимыз: “Мәсіхтің Өзі бізге бола азап шегіп, үлгі қалдырды, сондықтан Оның ізімен жүруіміз керек” (Петірдің 1-хаты 2:21). Алайда ол әсіресе ер кісілер үшін үлгі болып табылады. Киелі кітапта: “Әрбір еркектің басы — Мәсіх, әйелдің басы — күйеуі, ал Мәсіхтің басы — Құдай”,— делінген (Қорынттықтарға 1-хат 11:3). Мәсіх — еркектің басы болғандықтан, күйеулер оған еліктеулері қажет. Демек, отбасы баянды да бақытты болу үшін басшылық принципі қолданылуы керек. Бұл үшін күйеулер әйелдеріне Исаның өзінің бейнелі әйеліне, майланған шәкірттеріне, сүйіспеншілікпен қарағанындай қарағандары жөн.
Некедегі қиыншылықтарды қалай шешуге болады?
6. Күйеулер әйелдеріне қалай қараулары керек?
6 Бүгінгі аумалы-төкпелі дүниеде күйеулердің Исаның шыдамдылық, сүйіспеншілік пен әділ принциптерді берік ұстануға қатысты көрсеткен үлгісіне еліктегендері әсіресе маңызды (Тімотеге 2-хат 3:1—5). Исаның қалдырған үлгісіне нұсқап, Киелі кітап былай дейді: ‘Сол сияқты сендер, күйеулер, бұдан былай да [әйелдеріңе] білімге сай қараңдар!’ (Петірдің 1-хаты 3:7, ЖД). Иә, күйеулер некедегі қиындықтарды білімге жеңдіре білулері керек. Иса қиындықтарға дәл осылай төтеп берген. Ол ешбір адам баласы кезікпеген ауыр сынақтарды бастан кешті. Бірақ бұларға Шайтан мен оның жын-перілері және осы зұлым дүние жауапты екенін ол білген (Жохан 14:30; Ефестіктерге 6:12). Иса басына түскен сынақтарға ешқашан таңғалмаған, сондықтан ерлі-зайыптылар да ‘өмірлерінде көп ауыртпалық көрсе’, бұған таңданбаулары керек. Киелі кітап некеде осындай қиындықтар болатынын ескертеді (Қорынттықтарға 1-хат 7:28).
7, 8. а) Күйеулер әйелдеріне ‘білімге сай қарау’ керек дегенге не жатады? ә) Неге әйелдер құрметке лайық?
7 Киелі кітап күйеулерге әйелдеріне ‘білімге сай қарап, оларды аса нәзік ыдыстай әйел заты ретінде құрметтеу’ керектігін айтады (Петірдің 1-хаты 3:7, ЖД). Құдай Сөзінде, жалпы алғанда, ер кісілер әйеліне өрескелдікпен үстемдік ететіні алдын ала айтылған. Ал Құдайдың ықыласына ие болғысы келетін күйеу бұлай етпей, әйелін құрметтейді (Жаратылыс 3:16). Ол күшін ешқашан оған зақым келтіру үшін қолданбайды, қайта, әйеліне аса құнды заттай қарағысы келеді. Сондай-ақ оған ылғи сый-құрмет көрсетуімен сезімдерін ескереді.
8 Неге күйеулер әйелдерін құрметтегендері дұрыс? Бұған Киелі кітап: “Себебі Құдай рақым етіп сыйлаған мәңгілік өмірді сендермен бірге олар да иемденеді. Тәңірге сиынған кездеріңде ештеңе кедергі болмас үшін де осылай істеңдер!”— деп жауап береді (Петірдің 1-хаты 3:7). Ехоба өзіне қызмет ететін ер кісіні өзіне ғибадат етіп жүрген әйел адамнан артық санамайтынын күйеулер түсіну керек. Құдайдың ықыласына лайық болған әйелдер ер кісілермен бірдей мәңгілік өмір сыйына ие болады: тіпті олардың көбісі “еркек пен әйелдің арасында айырмашылық” болмайтын көктегі өмірге ие болады (Ғалаттықтарға 3:28). Сондықтан күйеулер адамды Құдай алдында құнды ететін — оның еркек не әйел заты, күйеу немесе әйел яки бала болғандығы емес — оған адалдығы екенін есте сақтаулары қажет (Қорынттықтарға 1-хат 4:2).
9. а) Петірдің сөзіне сай, неліктен күйеулер әйелдерін құрметтеулері керек? ә) Иса әйелдерге қалай құрмет көрсетті?
9 Күйеуі әйелін құрметтеуі қажет екендігіне елші Петірдің мына соңғы сөздері баса назар аударады: “Тәңірге сиынған кездеріңде ештеңе кедергі болмас үшін де осылай істеңдер”. Мұндай кедергі қаншалықты қауіпті болуы мүмкін десеңші! Күйеуі әйелін құрметтемейтін болса, ежелгі Құдайдың кейбір немкетті қызметшілерімен болғандай, оның дұғалары Құдайға жетпейді (Еремияның зары 3:43, 44). Сондықтан үйленген немесе үйленбекші болып жүрген мәсіхші ер адамдардың Исаның әйелдерді қалай қадірлегенін зерттегендері даналық болар еді. Иса әйелдерді өзімен бірге қызмет етіп жатқан адамдардың қатарында көруге қуанышты болған, сондай-ақ оларға мейіріммен және құрметпен қараған. Бір жолы ол тіпті ең ғажайып шындықты әйелдерге ашып, мұны ер кісілерге жеткізуді тапсырды! (Матай 28:1, 8—10; Лұқа 8:1—3)
Иса — әсіресе күйеулер үшін үлгі
10, 11. а) Неге күйеулердің Исаның үлгісін зерттегені әсіресе маңызды? ә) Күйеулер әйелдеріне сүйіспеншіліктерін қалай көрсетулері қажет?
10 Жоғарыда айтылғандай, Киелі кітапта күйеудің әйелімен қарым-қатынасы Мәсіхтің өз “қалыңдығымен”, яғни майланған ізбасарларының қауымымен, қарым-қатынасымен салыстырылады. Онда: “Мәсіхтің сенушілер қауымының Басы болғаны сияқты, еркек — әйелдің “басы”,— делінген (Ефестіктерге 5:23). Бұл сөздер күйеулерді Исаның өз ізбасарларына қалай басшылық еткенін зерттеуге талпындыру керек. Осылай етсе ғана олар Исаның үлгісіне дұрыс еліктей алады және Иса сияқты әйелдеріне басшылық беріп, сүйіспеншілік пен қамқорлық көрсете алады.
11 Киелі кітап мәсіхшілерді былай деп шақырады: “Күйеулер, Мәсіх қауымды қалай сүйсе, сендер де әйелдеріңді солай сүйіңдер: Мәсіх қауым үшін жанын қиды!” (Ефестіктерге 5:25) Осының алдыңғы тарауында “қауым” “Мәсіхтің рухани денесі” деп аталған. Бұл рухани дененің ер кісілерден де, әйелдерден де тұратын көп мүшесі бар, әрі бұлардың бәрі де дененің үйлесімді қызмет етуіне ықпал етеді. Ал Иса, әрине, “сенушілер қауымының, яғни Оның рухани денесінің Басы” (Ефестіктерге 4:12; Қолостықтарға 1:18; Қорынттықтарға 1-хат 12:12, 13, 27).
12. Иса өзінің бейнелі денесіне қалай сүйіспеншілік көрсетті?
12 Иса бейнелі денесіне, яғни “қауымға”, деген сүйіспеншілігін әсіресе оның болашақ мүшелерінің қамын ойлаумен көрсетті. Мысалы, шәкірттері шаршағанда, оларға: “Маған еріп оңаша бір жерге барып, біраз тынығып демалыңдар!”— деді (Марқа 6:31). Исаның өлімге кесілерден бірнеше сағат бұрынғы қызметін сипаттай келе, елшілерінің бірі: “Өз адамдарын [яғни, бейнелі денесінің мүшелерін] өте жақсы көргендіктен, Иса оларға деген сүйіспеншілігін ақырына дейін ісімен де толық көрсетті”,— деп жазды (Жохан 13:1). Иса күйеулерге әйелдеріне қалай қарау керектігіне қатысты қандай керемет үлгі қалдырды!
13. Күйеулер әйелдерін қалай сүю керек?
13 Исаның күйеулерге қалдырған үлгісі жайлы тағы айта отырып, елші Пауыл оларға былай деді: “Жұбайларын өз тәніндей жақсы көру — күйеулердің міндеті. Әйелін сүйген өзін де сүйеді. Ешкім де өз тәнін жек көрмейді, қайта, оған нәр беріп, баптап күтеді, Иеміз де қауымды солай қамқорлайды”. Сосын: “Әрқайсың әйеліңді өзіңдей сүюге тиістісің”,— деп қосты (Ефестіктерге 5:28, 29, 33).
14. Күйеу өзінің кемелсіз денесіне қалай қарайды және бұл әйеліне қалай қарау керектігіне қатысты нені көрсетеді?
14 Пауылдың осы сөздері жайлы ойланып көрейікші. Ақыл-есі дұрыс ер адам өз денесін әдейі жарақаттай ма? Ол сүрініп саусағын ұрып алса, сол үшін аяғын ұра ма? Әрине, жоқ! Күйеу достарының алдында өз қадірін кетіріп немесе қателіктерін жайып сала ма? Әрине, олай етпейді. Онда әйелі қателік жіберіп қойса, неге оны тілімен шағуы немесе бұдан да сорақысы — оны ұрып-соғуы керек екен? Күйеулер өз бастарын ғана емес, әйелдерін де ойлаулары керек (Қорынттықтарға 1-хат 10:24; 13:5).
15. а) Шәкірттері әлсіздік танытқанда, Иса не істеді? ә) Осы мысалдан қандай сабақ алуға болады?
15 Өлер алдындағы түні Иса шәкірттерінің қамын қалай ойлағанын көрейік. Сол түні олар пендешілікке салынып, әлсіздік танытқан болатын. Иса олардан дұға етуді қайта-қайта өтінгеніне қарамастан, Гетсимани бағында олар үш рет ұйықтап қалады. Кейін, аяқ астынан, оларды жасақшылар қоршап алады. Сонда Иса олардан: “Кімді іздеп жүрсіңдер?”— деп сұрайды. Олар: “Назареттік Исаны”,— деп жауап береді. “Мен Солмын”,— дейді Иса. Өлер ‘уақыты’ келіп қалғанын білген ол: “Егер Мені іздеп жүрсеңдер, онда мыналарға тиіспеңдер, кете берсін!”— дейді. Иса әрдайым шәкірттерінің — бейнелі қалыңдығының бөлігінің — игілігін ойлайтын, сондықтан оларды құтқарудың жолын іздеді. Исаның шәкірттеріне қалай қарағанын зерттей отырып, күйеулер әйелдеріне қалай қарау керектігіне қатысты көптеген принциптерді табады (Жохан 18:1—9; Марқа 14:34—37, 41).
Иса сүйіспеншілігін құр сезіммен көрсеткен жоқ
16. Иса Мартаға қалай қараған, алайда оны қалай түзетті?
16 Киелі кітапта Иса өзін жиі қонақ ететін “Мартаны, оның сіңлісі мен Елазарды жақсы көргені” айтылған (Жохан 11:5). Дегенмен де Марта ас әзірлеуге тым көп көңіл бөліп, Исаның өзінен рухани тәлім алуға аз уақыт бөлгенде, Иса оған кеңес беруден тартынған жоқ. Ол: “Марта, Марта, сенің уайымың да, бейнетің де көп. Ал керегі бір-ақ нәрсе ғой”,— деді (Лұқа 10:41, 42). Мартаны жақсы көретіні көрініп тұрғандықтан, оған Исаның кеңесін қабыл алу жеңіл болғаны сөзсіз. Тап солай күйеулер де әйелдеріне мейіріммен, сүйіспеншілікпен қарап, сөз таңдап сөйлеулері керек. Бірақ түзету керек болғанда, Иса сияқты ашық болған жөн.
17, 18. а) Қалай Петір Исаға қарсылық білдіре бастады және неге ол түзетуді қажет етті? ә) Күйеудің қандай жауапкершілігі бар?
17 Тағы бірде Иса елшілеріне Иерусалимге баруға тиісті екенін, ол жерде ‘рубасылар, басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдерінен көп азап шегіп, өлтіріліп, бірақ содан кейінгі үшінші күні қайтадан тірілуі’ керектігі жайында айтады. Сонда Петір оны жеке былайырақ алып шығып: “Құдай сақтасын, Мырза, ондай нәрсе басыңызға түсе көрмесін!”— деп қарсылық білдіре бастайды. Бұл жерде Петірдің сезімге беріліп айтып тұрғаны анық. Оны түзету қажет еді. Сондықтан Иса оған: “Менен аулақ кет әзәзіл! Маған тұзақ құрып жатырсың: сен Құдайдың емес, адамның қалауын ойлап тұрсың”,— дейді (Матай 16:21—23).
18 Иса жаңа ғана Құдайдың еркін айтқан болатын: ол көп азап шегіп, өлтірілуі керек еді (Забур 15:10; Ишая 53:12). Сондықтан Петірдің Исаға қарсылық білдіре бастағаны дұрыс емес-тін. Иә, бәріміз де кейде қажет ететініміз сияқты, Петір де өзін түзетуді керек етті. Отағасы ретінде күйеудің отбасы мүшелерін, соның ішінде әйелін де, түзетуге құқы да, жауапкершілігі де бар. Оған беріктік қажет болғанымен, мейіріммен, сүйіспеншілікпен түзетуі керек. Иса Петірге мәселені дұрыс көре білуге көмектескені сияқты, күйеулер де кейде әйелдеріне осылай көмектесулері қажет. Мәселен, әйелінің киімі не әшекейлері, я болмаса боянғаны Жазбалардағы қарапайым үлгіден ауытқи бастап, түзетуді қажет етсе, күйеулер бұған мейіріммен көңіл бұрулары керек (Петірдің 1-хаты 3:3—5).
Шыдамды болудың маңыздылығы
19, 20. а) Елшілердің арасында қандай дау туды, ал Иса не істеді? ә) Исаның әрекеті қаншалықты нәтижелі болды?
19 Егер күйеулерге қандай да бір кемшілікті түзету керек болса, кемшілік бірден түзеле қалады деп күтпегендері дұрыс. Исаға елшілерінің көзқарасын түзету үшін біраз уақыт бойы күш салу керек болды. Мысалы, олардың арасында бақталастық туып, мұнысы Исаның қызметінің соңына таман тағы да байқалды. Олар қайсысының жолы ең үлкен деп дауласқан (Марқа 9:33—37; 10:35—45). Екінші рет болған осындай оқиғадан кейін көп кешікпей, Иса соңғы Құтқарылу мейрамын олармен жеке тойлауды ұйымдастырады. Сол кезде өздеріне қорлық санап, ешқайсысы да өзгелердің шаң аяқтарын жуу рәсімін бірінші боп орындай қоймайды. Мұны Иса істеп, сосын, оларға: “Мен сендерге... үлгі көрсеттім”,— дейді (Жохан 13:2—15).
20 Исанікі сияқты кішіпейіл көзқарас танытатын күйеуімен әйелі қуана қызметтес болып, оған қолдау көрсетуі әбден мүмкін. Тек шыдамдылық қажет. Сол Құтқарылу күнінің түнінде біраз уақыттан соң елшілер арамыздағы қайсымыздың жолымыз үлкен деп тағы дауласа кетеді (Лұқа 22:24). Адамның көзқарасы мен жүріс-тұрысын өзгерту үшін көбінесе уақыт қажет, әрі бұл — біртіндеп болатын нәрсе. Десе де мұның оң нәтиже беретіні неткен қуаныш! Елшілердің жағдайында да осылай болған.
21. Бүгінгі қиыншылықтарды ескерсек, күйеулер нені ұмытпаулары керек және олар не істеулері қажет?
21 Бүгінде неке бұрын-соңды болмағандай қиындықтарға кезігуде. Көп адамдар неке антын бұзуда. Ендеше, күйеулер, некенің қайдан бастау алғаны жайлы ой жүгіртіңдер. Оған бастау берген әрі осы құрылымды ойластырған бізді сүюші Ехоба Құдай екенін ұмытпаңдар. Ол Ұлы Исаны біздің Құтқарушымыз ретінде ғана емес, күйеулерге үлгі болсын деп те жіберді (Матай 20:28; Жохан 3:29; Петірдің 1-хаты 2:21).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Некеге Құдай бастау бергенін мойындау неге маңызды?
• Күйеулер әйелдеріне сүйіспеншіліктерін қандай жолдармен көрсете алады?
• Исаның шәкірттерімен қарым-қатынасын көрсететін қандай мысалдар күйеулерге басшылық етуде үлгі болу керек?
[9-беттегі сурет]
Иса шаршаған шәкірттерінің қамын ойлады
[10-беттегі сурет]
Күйеулер әйелдеріне кеңес бергенде, мейірімді болып, сөздерді жақсы таңдай білулері керек
[12-беттегі сурет]
Неге күйеулер Исаның әйелдерге қалай қарағанын зерттегендері жөн?